Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 25-26, 139-құжат) мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген "Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидалары:
мынадай мазмұндағы 6-1-тараумен толықтырылсын:
"6-1-тарау. Экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау шарттары
87-1. Осы тараудың күші қолданылатын, осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларында қызметін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша сыйақы мөлшерлемесі субсидиялауға жатады.
87-2. Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау 2020 жылғы 31 тамызға дейін (қоса алғанда) берілген банктердің/лизингтік компаниялардың кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша, сондай-ақ 2020 жылғы 31 тамызға дейін (қоса алғанда) мақұлданған кредиттік желілер шеңберінде берілетін кредит қаражатына қатысты жүзеге асырылады.
2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2021 жылғы 15 наурызға (қоса алғанда) дейінгі кезеңде сыйақы мөлшерлемесі мен өтеу мерзімі ұлғайтылмай қайта қаржыландырылған, бірақ 2020 жылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша қолданыстағы кредиттер/лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидиялауға жатады.
Кредит 2020 жылғы 31 тамызға дейін (қоса алғанда) толық өтелген жағдайда субсидиялауға жол берілмейді.
Экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау берілген кредиттің/лизингтің ескіру мерзімі есепке алынбай жүзеге асырылады.
87-3. 2020 жылғы 16 наурыздағы жағдай бойынша (қоса алғанда) негізгі борыш және/немесе есептелген сыйақы бойынша 180 күннен астам (қоса алғанда) мерзімге мерзімі өткен берешегі бар кредиттер/лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидиялауға жатпайды.
87-4. Субсидиялау шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мөлшерде жүзеге асырылады, бұл ретте номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 6%-ын кәсіпкер төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды.
Бұл ретте мемлекеттің номиналды сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мөлшері мынадай болады:
1) шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі кредиттік шарт/лизингтік мәміле бойынша төлемдерді 2020 жылғы 31 тамызға дейін (қоса алғанда) төлеген жағдайда, 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2020 жылғы 31 тамызға дейін (қоса алғанда) кредит бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесі мен 6 (алты) пайыз арасындағы айырма;
2) 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2021 жылғы 15 наурызға дейін (қоса алғанда) кредит бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесі мен 6 (алты) пайыз арасындағы айырма, бірақ 12 %-дан аспайды.
2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап (қоса алғанда) 2021 жылғы 15 наурызға дейін (қоса алғанда) шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің номиналды сыйақы мөлшерлемесі 18 %-дан асатын кредиттік шарттары/лизингтік мәмілелері, оның ішінде 2020 жылғы 16 наурыздан бері төлемдерді төлеу жүзеге асырылмаған кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша номиналды мөлшерлемені банк/лизингтік компания 18 %-ға дейін төмендетуге (қайта құрылымдауға) тиіс.
87-5. Экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша субсидиялау мерзімі 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2021 жылғы 15 наурызға дейін (қоса алғанда) 12 айды құрайды.
Кредиттік шарт/лизингтік мәміле 2020 жылғы 16 наурыздан кейін жасалған кезде субсидиялау мерзімі кредиттік шарт/лизингтік мәміле жасалған күннен бастап 2021 жылғы 15 наурызға дейін (қоса алғанда) есептеледі.
87-6. Банк кредиттер бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесін төлеу бойынша кейінге қалдыруды ұсынған кезде субсидиялауға көзделген қаражатты қаржы агенттігі банкке аударады және берілген кейінге қалдыру кезеңі аяқталғаннан кейін пайдаланылатын болады. Бұл ретте егер төтенше жағдай немесе шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин кезеңіне есептелген сыйақы сомасы берілген кейінге қалдыру шеңберінде 2021 жылғы 15 наурыздан кейінгі кезеңге ауыстырылса, онда мұндай кейінге қалдырылған төлемдер берілген кейінге қалдыру кезеңіне субсидиялануға жатады.
87-7. Егер 2020 жылғы 16 наурыздан бастап осы қаулы күшіне енген күнге дейінгі кезеңде қарыз алушы кредит бойынша төлемдерді төлеген жағдайда осы кезеңге есептелген субсидиялау сомасы кредитті өтеу кестесіне сәйкес кейінгі кезеңдерде есептелген сыйақы бойынша берешекті өтеуге жіберіледі. Қарызды өтеу мерзімі өткеннен кейін субсидиялаудың пайдаланылмаған сомасы болған кезде бұл сома қарыз алушыға төленеді.
2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап осы қаулы күшіне енген күнге дейінгі кезеңде кредит өтелген жағдайда 2020 жылғы 16 наурыздан бастап кредитті өтеу күніне дейінгі кезең үшін сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бір бөлігінің сомасы қарыз алушыға төленеді.
87-8. Номиналды сыйақы мөлшерлемесінің мемлекет субсидиялайтын бір бөлігін ай сайын есептеу үшін кредиттік шарт/лизингтік мәміле бойынша ағымдағы айдың соңғы жұмыс күніне қолданылатын пайыздық мөлшерлеме пайдаланылатын болады.
87-9. Экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша банк/лизингтік компания 2020 жылғы 30 қазанға дейін (қоса алғанда) қаржы агенттігіне:
1) кредит/лизингтік мәміле бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау үшін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің тізбесін;
2) осы Субсидиялау қағидаларына 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш-сауалнаманың көшірмесін ұсынады.
87-10. Экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын қаржы агенттігінің уәкілетті органы банк/лизингтік компания ұсынған тізбеге сәйкес құжаттар топтамасы бар ақпарат келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.
87-11. Қаржы агенттігі мақұлдаған экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары бойынша банк/лизингтік компания банктік қарыз шартын/банктік қарыз шартына қосымша келісім жасасады, онда сыйақы сомасын субсидияланатын және субсидияланбайтын бөлікке бөле отырып, төлемдер кестесін және қаржы агенттігінің талаптарына сәйкес қосымша ақпаратты көрсетеді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі және банк/лизингтік компания қол қойған банктік қарыз шарты/банктік қарыз шартына қосымша келісім төлемдерді жүзеге асыру үшін қаржы агенттігіне жіберіледі.
Қаржы агенттігі банк/лизингтік компания берген банктік қарыз шартына/банктік қарыз шартына қосымша келісімге кестеге сәйкес өткен кезең үшін өтеуге арналған сомаларды ескере отырып, қаржы агенттігінің банктегі/банк-төлем агентіндегі шоттарына қаражат аударуды жүргізеді (қажет болған кезде).
87-12. Экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау үшін қаржы агенттігіне қаражат аударуды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган қаржы агенттігінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған арнайы шотына қаражат аударуға арналған шартқа сәйкес жүзеге асырады.
87-13. Экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша осы Қағидалардың 32-тармағының үшінші бөлігінде және 38-тармағында көзделген талаптар қолданылмайды.";
осы қаулыға қосымшаға сәйкес 9-қосымшамен толықтырылсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Экономиканың ең көп зардап шеккен секторларының тізбесі
Р/с № | ЭҚЖЖ | Қызмет түрлері |
1 | 2 | 3 |
1. | 45.11.2 | Сауда алаңы 2000 ш.м. аз сауда объектілерінде автомобильдерді және жеңіл автокөлік құралдарын бөлшек саудада сату |
2. | 45.11.3 | Сауда алаңы 2000 ш.м. астам (2000 ш.м. және одан үлкен) сауда объектілерінде автомобильдерді және жеңіл автокөлік құралдарын бөлшек саудада сату |
3. | 45.20 | Автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу |
4. | 45.32.1 | Сауда алаңы 2000 ш.м. аз сауда объектілерінде автомобильдерге арналған бөлшектерді, тораптар мен керек-жарақтарды бөлшек саудада сату |
5. | 45.32.2 | Сауда алаңы 2000 ш.м. астам (2000 ш.м. және одан үлкен) сауда объектілерінде автомобильдерге арналған бөлшектерді, тораптар мен керек-жарақтарды бөлшек саудада сату |
6. | 47 | Автомобильдер мен мотоциклдер саудасынан басқа, бөлшек сауда (дәріханаларды және азық-түлік өнімдерін, сусындар мен темекі бұйымдарын бөлшек саудада сатуды қоспағанда) |
7. | 49.4 | Жүк автомобиль көлігінің қызметі және көшу бойынша қызметтер ұсыну |
8. | 51.10 | Әуе жолаушылар көлігінің қызметі |
9. | 52.23.2 | Әуежайлар қызметі |
10. | 55.10 | Қонақ үйлердің және тұруға арналған ұқсас орындардың қызметтерін ұсыну |
11. | 56.10 | Мейрамханалар қызметі және тамақ өнімдерін жеткізу жөніндегі қызметтерді ұсыну |
12. | 58.2 | Бағдарламалық қамтылымды шығару |
13. | 59.14 | Кинофильмдерді көрсету жөніндегі қызмет |
14. | 62.01 | Компьютерлік бағдарламалау саласындағы қызмет |
15. | 68.20 | Меншікті немесе жалға алынған жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару (дәріханаларды және азық-түлік өнімдерін, сусындар мен темекі бұйымдарын бөлшек саудада сатуды қоспағанда, сауда желілері мен стационарлық сауда объектілері, меншікті жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару, коммерциялық үй-жайларды (сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда объектілері) жалға беру) |
16. | 69.10 | Құқық саласындағы қызмет (заң консультанттары) |
17. | 70.22 | Коммерциялық қызмет мәселелері бойынша консультация беру және басқару мәселелері бойынша басқа да консультациялар беру |
18. | 71.20.1 | Санитариялық-эпидемиологиялық ұйымдардың қызметі |
19. | 79.1 | Туристік агенттіктер мен операторлардың қызметі |
20. | 85.10 | Мектепке дейінгі білім беру (жеке меншік мектепке дейінгі (бастауышқа дейінгі) білім беру) |
21. | 85.20 | Бастауыш білім беру (халықаралық мектептерді қоспағанда, жеке мектептер) |
22. | 85.3 | Орта білім беру (халықаралық мектептерді қоспағанда, жеке мектептер) |
23. | 86.10 | Аурухана ұйымдарының қызметі (жеке ұйымдар) |
24. | 86.10.3 | Санаторийлік-курорттық ұйымдардың қызметі |
25. | 86.2 | Дәрігерлік практика және стоматология саласындағы қызмет (жеке ұйымдар) |
26. | 90.04 | Концерттік және театр залдарының қызметі |
27. | 93.13 | Фитнес-клубтардың қызметі |
28. | 96.01 | Тоқыма және үлбір бұйымдарды жуу және (химиялық) тазалау |
29. | 96.02 | Шаштараз және сұлулық салондарының қызмет көрсетуі |