"Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 127 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 667 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 127 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2020 ж., № 10-11, 78-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен (келісу бойынша), орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 16 қазандағы
№ 667 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 20 наурыздағы
№ 127 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі (бұдан әрі – тәртіп) "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және дағдарыс жағдайлары кезеңінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың арнайы тәртібін айқындайды.

      Осы тәртіпте реттелмеген өзге қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.

      2. Осы тәртіпте пайдаланылатын ұғымдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына және өзге де қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

      3. Арнайы тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алу дағдарыс жағдайлары кезеңінде:

      1) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен құрылған Мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) айқындаған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде мемлекеттік материалдық резерв тауарларын, көрсетілетін қызметтерін сатып алу;

      2) Комиссия айқындаған әлеуетті өнім берушілерден, оның ішінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      3) жергілікті қамтуды дамыту саласындағы уәкілетті орган ұсынған мәліметтер негізінде отандық тауар өндірушілерден тауарларды сатып алу жағдайларында жүзеге асырылады.

      4. Осы тәртіптің 3-бөлімінде көзделген мемлекеттік сатып алуды қоспағанда, арнайы тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алуды жоспарлау мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      Бұл ретте мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына өзгерістер енгізу саны бойынша шектеулерді көздейтін талаптары осы тәртіпте көзделген сатып алуға қолданылмайды.

      Осы тәртіп аясында 2021 жылға арналған мемлекеттік сатып алудың алдын ала жоспарын қолдануға жол берілмейді.

      5. Арнайы тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алу мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады:

      1) баға ұсыныстарын сұрату;

      2) бір көзден алу;

      3) конкурс.

      Тапсырыс беруші осы тәртіпке сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін айқындайды.

      Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жағдайда тапсырыс беруші осы тәртіпке сәйкес не "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 13-бабына сәйкес конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімді дербес қабылдауға құқылы.

      6. Отандық тауар өндірушілер – әлеуетті өнім берушілердің және (немесе) олар өндіретін тауарлардың тізбесін баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін жергілікті қамтуды дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      7. Комиссия, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары бойынша:

      1) бір көзден алу тәсілімен сатып алу жүзеге асырылатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қойылатын өлшемшарттарды және (немесе) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін;

      2) тапсырыс берушілер тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді бір көзден алу тәсілімен, оның ішінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде сатып алатын әлеуетті өнім берушілерге қойылатын өлшемшарттарды және (немесе) әлеуетті өнім берушілерді айқындайды.

      Бұл ретте сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жеті жүз елу мың еселенген мөлшерінен асатын бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде мемлекеттік сатып алу бойынша әлеуетті өнім берушілерді айқындауды Комиссия Қазақстан Республикасының Президентімен және Премьер-Министрімен келісу бойынша жүзеге асырады;

      3) мемлекеттік сатып алу конкурс тәсілімен жүзеге асырылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын өлшемшарттарды және (немесе) жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін айқындайды.

      8. Осы тәртіптің 6 және 7-тармағында көзделген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі мемлекеттік сатып алу веб-порталында (бұдан әрі – веб-портал) жарияланады.

      9. Әлеуетті өнім берушінің Заңның 6-бабында көзделген шектеулер болған жағдайда өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқығы жоқ.

      10. Жеңімпаздар деп айқындалған әлеуетті өнім берушілер төтенше жағдай енгізу салдарынан туындаған, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған немесе өнім беруші шарттық міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайларда тапсырыс беруші мұндай әлеуетті өнім берушілерді немесе өнім берушілерді сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу және оларға айыппұл санкцияларын қолдану жөнінде шараларды қолданбайды.

      Төтенше жағдай енгізу салдарынан туындаған, шарттық міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда тапсырыс беруші өнім берушіні аталған фактілер туралы хабардар еткен күннен бастап үш жұмыс күні өткен соң мемлекеттік сатып алу туралы шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.

      Мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша төлем осы мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелер орындалған күннен бастап бес жұмыс күнін қоса алғаннан аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес туындаған немесе туындайтын қатынастар бойынша тапсырыс берушілер заңнамада белгіленген тәртіппен осы тармақтан туындайтын шараларды қабылдайды.

      11. Заңның 47-бабының талаптары Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес электрондық мемлекеттік аудит шеңберінде шағым беруді қоспағанда, осы тәртіпке сәйкес сатып алынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.

      Бұл ретте тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.

2. Мемлекеттік сатып алуды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен ұйымдастыру және өткізу

      12. Осы тәртіптің 6-тармағында көзделген тауарларды мемлекеттік сатып алу жергілікті қамтуды дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындаған әлеуетті өнім берушілер арасында баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың талабы осы тәртіптің 3-бөліміне, сондай-ақ Заңның 39-бабының 3-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.

      13. Тапсырыс беруші баға ұсыныстарын табыс ету мерзімі аяқталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей веб-порталда қазақ және орыс тілдерінде өткізілетін мемлекеттік сатып алу туралы мынадай мәліметтерді орналастырады:

      1) бөлінген сомаларды көрсете отырып, өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауардың саны;

      2) сатып алынатын тауардың қысқаша сипаттамасы;

      3) тауарды жеткізу орны;

      4) тауарды жеткізудің талап етілетін мерзімдері;

      5) әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарын беруді бастау және аяқтау мерзімі;

      6) техникалық ерекшелігі көрсетілген мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасы.

      14. Әлеуетті өнім беруші осы тәртіпте көзделген мәліметтерді қамтитын бір ғана баға ұсынысын береді, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге жол берілмейді.

      Әлеуетті өнім берушілердің берілген баға ұсыныстарын оны беру мерзімі өткенге дейін кері қайтарып алуына жол беріледі. Бұл ретте баға ұсыныстарын табыс ету мерзімі аяқталғанға дейін оны енгізілген өзгерістермен бірге қайта ұсынуға жол беріледі.

      15. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысын беруі мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасында көзделген, оның ішінде тауарды карантин, сондай-ақ төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты шектеулер аймағындағы тапсырыс берушінің әкімшілік-аумақтық бірлігіне жеткізуге байланысты талаптарды сақтай отырып, тауарды жеткізуді жүзеге асыруға келісім білдіру нысаны болып табылады.

      16. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысына тауарды жеткізуге байланысты барлық шығыстар енгізіледі.

      17. Әлеуетті өнім беруші баға ұсынысын тапсырыс берушіге веб-портал арқылы мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган бекітетін Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына (бұдан әрі – Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары) 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хабарландыруда көрсетілген баға ұсыныстарын қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 9-00-ден 18-00-ге дейін береді.

      18. Веб-портал баға ұсынысын берген әлеуетті өнім берушіге тиісті хабарламаны автоматты түрде жібергеннен кейін баға ұсынысы қабылданды деп есептеледі.

      19. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысын:

      1) ол осы тауарды сатып алу үшін бөлінген сомадан асып түскен;

      2) Заңның 6-бабы 1-тармағының 1), 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда веб-портал автоматты түрде қабылдамайды.

      Баға ұсыныстарын өзге негіздер бойынша автоматты түрде қабылдамауға жол берілмейді.

      20. Баға ұсыныстарын беру мерзімі өткеннен кейін веб-портал баға ұсыныстарын автоматты түрде салыстыруды және баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындысын шығаруды жүргізеді.

      21. Ең төмен баға ұсынысын берген әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.

      22. Екінші орын алған әлеуетті өнім беруші ең төмен баға ұсынысынан кейінгі баға негізінде айқындалады.

      23. Егер ең төмен баға ұсынысын бірнеше әлеуетті өнім беруші ұсынған болса, баға ұсынысы басқа әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарынан бұрын түскен әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.

      24. Заңның 45-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші мен әлеуетті өнім беруші арасында оның баға ұсынысына қатысты веб-портал арқылы не веб-порталды қолданбай өзге де тәсілдермен келіссөздер жүргізуге жол берілмейді.

      25. Егер баға ұсыныстарын беру мерзімі ішінде әлеуетті өнім берушінің бір ғана баға ұсынысы, оның ішінде осы тәртіптің 19-тармағында көзделген негіздер бойынша баға ұсыныстарын веб-портал автоматты түрде қабылдамағаннан кейін берілсе, мұндай мемлекеттік сатып алуды веб-портал автоматты түрде өткізілмеді деп таниды және тапсырыс беруші осы баға ұсынысын берген әлеуетті өнім берушіден бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады. Бұл ретте жасалған шарттың бағасы әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысынан аспауға тиіс.

      26. Егер баға ұсыныстарын беру мерзімі ішінде, оның ішінде осы тәртіптің 19-тармағында көзделген негіздер бойынша баға ұсыныстарын веб-портал автоматты түрде қабылдамағаннан кейін әлеуетті өнім берушілердің бірде-бір баға ұсынысы берілмесе, мұндай мемлекеттік сатып алуды веб-портал автоматты түрде өткізілмеді деп таниды және тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада көзделген тәсілмен жүзеге асырады.

      27. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттама олар өткізілгеннен кейін Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша автоматты түрде веб-порталда орналастырылады.

      28. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу және орындау мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылады.

      Бұл ретте өтінімді қамтамасыз етуді енгізу, мемлекеттік сатып алу туралы шартты және авансты орындау жөніндегі талап баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.

      Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау кезінде шетелде өндірілген тауарларды жеткізуге жол берілмейді.

3. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру

      29. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу:

      1) Комиссия айқындаған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      2) Комиссия айқындаған әлеуетті өнім берушілерден, оның ішінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      3) Комиссия айқындаған мемлекеттік материалдық резерв тауарларын, көрсетілетін қызметтерін сатып алу жағдайларында жүзеге асырылады.

      30. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу веб-порталда белгіленген форматтық-логикалық бақылау ескеріліп жүзеге асырылады.

      Сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жеті жүз елу мың еселенген мөлшерінен асатын бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылған жағдайларда мемлекеттік сатып алу веб-порталында әлеуетті өнім берушілерге Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен қаржылық орнықтылықтың сәйкестігі туралы талап белгіленеді.

      31. Осы тәртіптің 29-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші Заңның 4-бабының 1) және 7) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттарын сақтай отырып, өнім берушіні айқындайды және онымен веб-портал арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасады.

      32. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мақсатында әлеуетті өнім берушіге веб-портал арқылы қол қойылған (электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған) мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасын жібереді.

      33. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасына әлеуетті өнім беруші оны веб-портал арқылы алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды (электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырады).

      34. Егер әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына осы тәртіптің 33-тармағында белгіленген мерзім ішінде қол қоймаса (электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырмаса), тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын басқа әлеуетті өнім берушіге жіберуге құқылы.

      35. Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы растаған веб-порталда техникалық іркілістер туындаған жағдайда веб-портал арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жөніндегі талаптар қолданылмайды.

      36. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Бұл ретте мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және авансты енгізу жөніндегі талап бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.

      37. Осы бөлімнің веб-порталды пайдалану бөлігіндегі талабы Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.

4. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру

      38. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу Комиссия айқындаған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбесіне енгізілген жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жағдайларында жүзеге асырылады.

      39. Заңның 9-бабы 1-тармағының 5) тармақшасын қоспағанда, әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптары мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес белгіленеді.

      Бұл ретте егер конкурсқа (лотқа) бөлінген сома республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жиырма мың еселенген мөлшерінен асатын болса, әлеуетті өнім берушіге Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен әлеуетті өнім берушінің қаржылық орнықтылығы түріндегі біліктілік талабы қойылады.

      40. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау, конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру, сондай-ақ конкурс жеңімпазын айқындау конкурстық құжаттамада көзделген әрбір лот бойынша жүзеге асырылады.

      Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға тиісті біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келетін конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді қарау қорытындылары бойынша айқындалған әлеуетті өнім берушілер қатысады.

      41. Конкурстық құжаттама мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес әзірленеді.

      Бұл ретте Заңда белгіленген конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау және алдын ала рұқсат беру рәсімдері осы тәртіпте көзделген конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде қолданылмайды.

      42. Конкурстық құжаттаманы тапсырыс берушінің бірінші басшысы не оның міндетін атқарушы тұлға не жауапты хатшы немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де лауазымды тұлға бекітеді.

      Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы әзірлеген конкурстық құжаттаманы мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының бірінші басшысы не оның міндетін атқарушы тұлға бекітеді.

      Конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды, бірақ кемінде үш адамды құрайды.

      43. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы конкурстық құжаттама бекітілген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік сатып алу веб-порталында конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландырудың мәтінін орналастыруға міндетті.

      44. Әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға өтінімдер беруінің соңғы күнінің мерзімі мемлекеттік сатып алу веб-порталында конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың мәтіні орналастырылған күннен бастап кемінде үш жұмыс күні болуға тиіс.

      Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қайтадан жүзеге асырылған жағдайда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінімдер берудің соңғы күніне дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын қайтадан мемлекеттік сатып алуды өткізуге байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалу мерзімін ұзартуды қоспағанда, өткізілмеген конкурстың конкурстық құжаттамасының өзгермеуі шартымен конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асыру туралы хабарландырудың мәтінін мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруға міндетті.

      Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қайтадан жүзеге асырылған және конкурстық құжаттамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда мемлекеттік сатып алу осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес жүргізіледі.

      45. Конкурсқа қатысуға өтінім мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес беріледі.

      Бұл ретте егер конкурсқа (лотқа) бөлінген сома республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жиырма мың еселенген мөлшерінен асатын болса, өтінімді қамтамасыз етуді енгізу туралы талап сатып алуға қолданылмайды.

      Әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қабылдау Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 9-00-ден 18-00-ге дейін жүзеге асырылады.

      Әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімі:

      1) әлеуетті өнім беруші бұрын осы конкурсқа қатысуға өтінім берген;

      2) конкурсқа қатысуға өтінім мемлекеттік сатып алу веб-порталына осы конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін келіп түскен;

      3) конкурстық баға ұсынысы осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан асып кеткен;

      4) Заңның 6-бабы 1-тармағының 1), 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген;

      5) егер ағымдағы жылы мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттардың сомасы мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінің деректеріне сәйкес өткен жылдың алдындағы соңғы үш жылдағы әлеуетті өнім берушінің табыстарынан (айналым қаражатынан) екі есе көп болғанда мемлекеттік сатып алу веб-порталы автоматты түрде қабылдамауға тиіс.

      Конкурсқа қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім берушілерге конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттама орналастырылған күннен бастап бір жұмыс күні өткен соң басқа әлеуетті өнім берушілердің осы конкурсқа қатысуға өтінімдерін қарауға қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

      Әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінім беруі оның конкурстық құжаттаманың талаптары мен шарттарына сәйкес жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге, оның ішінде карантин, сондай-ақ төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты шектеулер аймағындағы тапсырыс берушінің әкімшілік-аумақтық бірлігінде жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге келісімін білдіру нысаны болып табылады.

      46. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауды біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындау мақсатында конкурстық комиссия жүзеге асырады.

      47. Әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттама ресімделеді, оған конкурстық комиссияның төрағасы және барлық мүшелері, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысы конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау туралы шешім қабылданған күні қол қояды.

      48. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімді, егер онда ұсынылған өтінімнің мәнін қозғамай түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер болса, конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келетін ретінде қарайды.

      49. Әлеуетті өнім беруші, егер:

      1) ол және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігер (бірлесіп орындаушы) Заңда және Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған негіздер бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп айқындалса;

      2) ол Заңның 6-бабының талаптарын бұзған болса;

      3) оның конкурсқа қатысуға өтінімі осы тәртіпте көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада айқындалған негіздер бойынша конкурстық құжаттаманың талаптары мен шарттарына сәйкес келмейді деп айқындалса, конкурсқа қатысуға жіберілмейді (конкурсқа қатысушы деп танылмайды).

      50. Егер әлеуетті өнім беруші осы тәртіптің 49-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша конкурсқа қатысуға жіберілмесе, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамада конкурсқа қатысуға өтінімді қабылдамауға негіз болған растайтын мәліметтер мен құжаттарды көрсете отырып, мұндай әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімін қабылдамау негіздемесі көрсетіледі.

      51. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша конкурстық комиссия әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға өтінімдерді беру мерзімі өткен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындайды және конкурсқа қатысушылар деп таниды.

      Материалдық және еңбек ресурстарының болуы бөлігінде біліктілік талаптары белгіленген жағдайда өтінімді қарау мерзімі әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға өтінімдерді беру мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күнін құрайды.

      52. Конкурстық құжаттамада төленген салық көрсеткіші түрінде конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттар көзделеді.

      Жоғарыда көрсетілген өлшемшарттың болғаны үшін шартты жеңілдікті айқындау және оның мөлшері Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      53. Конкурстық баға ұсынысы конкурсқа қатысуға өтінімді біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарау қорытындылары бойынша мемлекеттік сатып алу веб-порталы автоматты түрде ашады.

      54. Мемлекеттік сатып алу веб-порталы конкурсқа қатысушылардың шартты бағаларын автоматты түрде салыстырады және ең төмен шартты баға негізінде конкурс жеңімпазын айқындайды.

      Конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру қорытындылары бойынша екінші орын алған конкурсқа қатысушы ең төмен шартты бағадан кейінгі баға негізінде айқындалады.

      Шартты бағалар тең болған кезде жеңімпазды (конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру қорытындылары бойынша екінші орын алған конкурсқа қатысушыны) тану шарттары Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      55. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы конкурстық комиссияның барлық мүшелерін және конкурсқа қатысуға өтінім берген барлық әлеуетті өнім берушілерді электрондық пошта арқылы бір мезгілде хабардар ете отырып, мемлекеттік сатып алу веб-порталы автоматты түрде қалыптастырады және орналастырады.

      56. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамада мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:

      1) қабылданбау себептері егжей-тегжейлі сипатталған, оның ішінде олардың біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келмейтінін растайтын мәліметтер мен құжаттарды көрсете отырып, конкурсқа қатысуға өтінімдері қабылданбаған әлеуетті өнім берушілер туралы;

      2) Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған өзге де мәліметтер.

      57. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай негіздердің бірі бойынша:

      1) конкурсқа қатысуға ұсынылған өтінімдер болмағанда;

      2) конкурсқа қатысуға екеуден аз өтінім ұсынылғанда;

      3) егер конкурсқа қатысуға бірде-бір әлеуетті өнім беруші жіберілмесе;

      4) егер конкурсқа қатысуға бір әлеуетті өнім беруші жіберілсе, өткізілмеді деп танылады.

      58. Егер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылса, тапсырыс беруші мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы;

      2) конкурстық құжаттаманы өзгерту және конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы;

      3) осы тәртіптің 59-тармағында көзделген жағдайларда бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы.

      59. Егер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өтпеді деп танылса, тапсырыс беруші:

      1) конкурсқа қатысуға ұсынылған өтінімдер болмаған (бұл ретте бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақыру жіберілетін әлеуетті өнім берушіні тапсырыс беруші айқындайды);

      2) конкурсқа қатысуға екеуден аз өтінім ұсынылған жағдайларда (бұл ретте бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақыру конкурсқа қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім берушіге жіберіледі, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағасы конкурсқа қатысуға өтінімде көрсетілген әлеуетті өнім берушінің конкурстық баға ұсынысынан аспауға тиіс) бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға құқылы.

      Өткізілмеген конкурстар бойынша бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу мемлекеттік сатып алу веб-порталында белгіленген форматтық-логикалық бақылауды ескере отырып жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген және әлеуетті өнім беруші 2) тармақшасында көзделген бір көзден алу шартын жасасудан бас тартқан жағдайларда тапсырыс беруші қаржылық орнықтылыққа сәйкестігі бойынша талап қоймай әлеуетті өнім берушілерге бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақыру жібереді.

      60. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу және орындау мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.

      Бұл ретте егер конкурсқа (лотқа) бөлінген сома республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жиырма мың еселенген мөлшерінен асатын болса, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, авансты, сондай-ақ Заңның 26-бабына сәйкес соманы (бар болса) енгізу жөніндегі талап сатып алуға қолданылмайды.