"Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры" акционерлiк қоғамының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ететiн нормалар мен лимиттердi белгiлеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 13 сәуірдегі № 195 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 2 қазандағыі № 637 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 528 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 30.06.2023 № 528 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры" акционерлiк қоғамының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ететiн нормалар мен лимиттердi белгiлеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 13 сәуірдегі № 195 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. "Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қоры" акционерлiк қоғамының (бұдан әрi – Қор) қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ететiн мынадай нормалар мен лимиттер:

      Қор резервiнiң есептi жылдан кейiнгi жылдың 1 қаңтарына есептелетiн ең төменгi мөлшерi провизия мөлшерiнiң кемiнде он проценті мөлшерiнде белгiленсiн. Қор қызметiнiң нәтижесiнде мүмкiн болатын тәуекелдердi жабу үшiн қалыптастырылатын және оның қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ететiн Қор резервi Қордың активтерi мен провизиясының айырмасы ретiнде айқындалады;

      Қордың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінде ашылған банктік шотындағы ақшаның ай сайынғы инвестицияланбайтын қалдығының есепті айдан кейінгі айдың басындағы ең төменгі мөлшері есепті айдың алдындағы айда "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген әлеуметтік төлемдер сомасының бір жарым еселенген мөлшерінен кем емес, бірақ 100000000 (бір жүз миллион) теңгеден төмен емес мөлшерде белгіленсін.".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2020 жылғы 1 мамырдан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин