Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 613 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыру бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 24 қыркүйектегі
№ 613 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыру

      1. "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 5, 60-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету ережесінде:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      1-тармақта:

      1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) шекті жол берілетін шығыстар үлесі – көпбалалы отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне проценттік қатынасы;

      2) көпбалалы отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда көпбалалы отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;";

      3) тармақша алып тасталсын;

      5) тармақша алып тасталсын;

      2, 3, 3-1 және 3-2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге арналған шығыстарға ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлеген шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      3. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі. Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерiн және тәртiбiн республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi өкiлдi органдары айқындайды.

      3-1. Көпбалалы отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      3-2. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі";

      4-тармақта бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Көпбалалы отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш береді және мынадай құжаттарды қоса береді:";

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) көпбалалы отбасының табысын растайтын құжаттар. Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртiбiн тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті орган айқындайды;";

      3) және 4) тармақшалар алып тасталсын;

      9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ай сайынғы жарналар туралы шоттар;";

      12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстар туралы шот.";

      екінші және үшінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді. Меншік құқығында (Қазақстан Республикасы бойынша) тұрғын үйдің болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші ақпараттық жүйелер арқылы алады.

      Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) қайта өтініш берген кезде осы Ереженің 4-5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, отбасының табыстарын растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстардың шоттарын ғана ұсынады.";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Тұрғын үй көмегін төлеу".

      2. "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1420 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 5, 88-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидаларында:

      2-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      5) "тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сай келетін жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме);";

      5-тармақтың екінші бөлігінде:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;";

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Заңның 68-бабының 1-1), 1-2), 2), 3), 4), 5), 7), 8), 10) және 11) тармақшаларында көрсетілген, тұрғынжай беру туралы өтінішпен жүгінердің алдындағы соңғы он екі айда жиынтық орташа айлық кірісі отбасының әрбір мүшесіне шаққанда республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары.

      Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициент мүгедек балаларға қолданылмайды;";

      7-1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-1. Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарды, көпбалалы отбасыларды қоспағанда, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайларды (жаңадан пайдалануға берілген немесе тұрғындар босатқан) немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайларды бөлек тізімдер бойынша бөлуді ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары, оның ішінде тұрғынжайды бөлудің орталықтандырылған есепке алу бағдарламасын пайдалана отырып, бөлек тізімдердің, сондай-ақ егер Заңда немесе Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, осы Қағидалардың 6-2-тармағында көрсетілген мемлекеттік кәсіпорында және (немесе) мемлекеттік мекемеде, мемлекеттік органдарда есепте тұрған тұрғынжайға мұқтаж адамдар тізімдерінің санына пропорционалды түрде жүргізеді.".

      3. "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 856 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 59, 815-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларында:

      2-тармақта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;";

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 2-1), 3), 4), 5), 6), 8), 9), 11), 12) тармақшаларында көрсетілген, тұрғынжай беру туралы өтінішпен жүгінердің алдындағы соңғы он екі айда жиынтық орташа айлық кірісі отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын Қазақстан Республикасының азаматтары есепке қойылады. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициент мүгедек балаларға қолданылмайды;";

      3-тармақта:

      1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

      2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;";

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;";

      8-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Азаматтарды есепке қою үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына (бұдан әрі – портал) мынадай құжаттар ұсынылуы қажет (ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды азаматтардан талап етуге жол берілмейді):";

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы тармақта көрсетілген құжаттардың мәліметтерін жаңарту, өзгерту немесе толықтыру үшін өтініш беруші Мемлекеттік корпорацияға не портал арқылы осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті, сондай-ақ осы тармақта көзделген қажетті құжаттарды негіздер туындаған не ұялы телефонға sms-хабарлама алған сәттен бастап береді.";

      11, 11-1 және 11-2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжай беру үшiн есепке қоюдан мынадай негіздер бойынша бас тартылады:

      1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттарының және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;

      2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің Заңда және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 19-1-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.

      11-1. Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарылмайды.

      11-2. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжай алуға бірінші кезекте Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар құқылы. Мемлекеттік қордан тұрғынжайларды (жаңадан пайдалануға берілген немесе тұрғындар босатқан) немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайларды бөлу кезінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайлардың немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлардың жалпы санының кемінде жиырма проценті бөлінеді.".

      4. "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 40, 585-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-1-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін айқындайды.";

      2-тармақта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) мемлекеттік тұрғын үй қоры – коммуналдық тұрғын үй қорына, мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорына не мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорына тиесілі және республикалық немесе коммуналдық мүлік құрамына кіретін тұрғынжайлар;";

      5) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сай келетін жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме);

      6) тұрғынжайды жекешелендіру – Заңға сәйкес жүзеге асырылатын, азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғынжайларды меншігіне сатып алуы";

      12) және 13) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) тұрғынжайды жалдау шарты – оған сәйкес жалдауға беруші жалдаушыға тұрғынжайды немесе оның бір бөлігін ақы төлеп пайдалану құқығын беретін шарт;

      13) жалдаушы – тұрғынжайды жалдау шартындағы тұрғынжайды немесе оның бір бөлігін пайдалануға алушы тарап;";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк мекемелердің қызметкерлері мен судьялар, егер олар мемлекеттiк қызметте, бюджеттiк ұйымдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда немесе судья лауазымында (мемлекеттiк сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қоса алғанда) кемiнде он жыл (жиынтығында) жұмыс iстесе, сондай-ақ егер еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша:

      1) ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы;

      2) одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;

      3) зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұратын қызметтiк тұрғынжайды қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.

      Қызметтiк тұрғын жай берілген қызметкер қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.

      Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы ретінде қызметтік тұрғын үйлер берілген Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастар, егер олар қызметтік тұрғын үйде кемінде бес жыл тұрған болса, өздері тұратын қызметтiк тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.

      2013 жылғы 1 қаңтарға дейін күнтiзбемен есептегенде он және одан да көп жыл әскери қызметте болған әскери қызметшiлер мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілген қызметтiк тұрғын жайды осы Қағидаларда көзделген шарттарда және тәртiппен (жабық және оқшауландырылған әскери қалашықтарда, шекара бөлімшелерінде және өзге де жабық объектілерде орналасқан тұрғынжайларды қоспағанда) жекешелендiруге құқылы.

      2013 жылғы 1 қаңтарға дейін күнтiзбемен есептегенде он бес және одан да көп жыл әскери қызметте болған әскери қызметшiлер күнтiзбемен есептегенде әскери қызметтiң жиырма жылы өткеннен кейiн қызметтiк тұрғын үйдi өтеусiз жекешелендiруге құқылы.";

      7-тармақта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Тұрғынжай берілген Ұлы Отан соғысының ардагері қайтыс болған жағдайда, оны тегін алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді;";

      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған әскери қызметшілерді және қызметкерлерді қоспағанда, күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшiлер, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;";

      9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген ішкі істер органдарының қызметкерлері және теріс себептер бойынша қызметтен шығарылғандарды қоспағанда, қызметтен шығарылған және күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген қызметкерлер, сондай-ақ күнтiзбемен есептегенде он және одан да көп жыл еңбек сiңiрген және мүгедек балаларды асырап-бағып отырған қызметкерлер құқылы. Ішкі істер органдарының берілген қызметтік тұрғын жайды жекешелендіруге құқығы бар зейнеткері қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді;";

      10-тармақша алып тасталсын;

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды қоспағанда, коммуналдық тұрғын үй қорынан халықтың әлеуметтік осал топтарына берiлетiн тұрғынжайды жалдаушы Заңда көзделген шарттармен және осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендіру тәртібі";

      14-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Өтініш беруші "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) не "электрондық үкімет" веб-порталына (бұдан әрі – портал) жекешелендіру тәртібімен тұрғынжайларды меншікке сатып алу үшін тұрғын үй комиссиясының қарауына мынадай құжаттарды ұсынады:";

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) жалдау шартының не тұрғынжай ордерінің көшірмесі;";

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жеке басын куәландыратын құжаттардың, некеге тұру немесе некені бұзу туралы (2008 жылғы 1 маусымнан кейін), қайтыс болу туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), балалардың тууы туралы куәліктерінің мәліметтері (2007 жылғы тамыздан кейін), меншік құқығында оларға тиесілі тұрғынжайдың (Қазақстан Республикасы бойынша) бар-жоғы туралы мәліметтер, отбасының барлық мүшелерінің мекенжайы туралы мәліметтер, басқа адамдарды көрсетілетін қызметті алушының отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімі, көрсетілетін қызметті алушының халықтың әлеуметтік осал топтарына жататынын растайтын құжаттардың мәліметтері отбасының барлық мүшелеріне көрсетілетін қызметті берушіге "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден беріледі.

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Тұрғын үй комиссиясы тұрғынжайды жекешелендіруден мынадай негіздер бойынша дәлелді бас тартады:

      1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттарының және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;

      2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Заңда және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 19-1-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.";

      17-тармақ алып тасталсын.