"Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 127 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 шiлдедегi № 448 қаулысы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2020 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 127 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, 2020 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін қолданыста болады және ресми жариялануға тиіс.";

      2. 2020 жылғы 1 қазаннан бастап 31 желтоқсанды қоса алғанға дейінгі кезеңде мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда қолданыста болады деп белгіленсін.

      3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен (келісу бойынша), орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      4. Осы қаулы 2020 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 16 шілдедегі
№ 448 қаулысына
қосымша

Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі (бұдан әрі – тәртіп) "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және оның қолданылуы кезеңінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың арнайы тәртібін айқындайды.

      Осы тәртіппен реттелмеген өзге де қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.

      2. Осы тәртіпте пайдаланылатын ұғымдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамасына және қолданыстағы өзге де заңнамасына сәйкес қолданылады.

      3. Арнайы тәртіпті қолдану арқылы мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен құрылған Мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) айқындаған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жағдайларында жүзеге асырылады.

      4. Арнайы тәртіпті қолдану арқылы мемлекеттік сатып алуды жоспарлау, осы тәртіптің 2-бөлімінде көзделген мемлекеттік сатып алуды қоспағанда, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      Бұл ретте мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына өзгерістер енгізу саны бойынша шектеулерді көздейтін мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың талаптары осы тәртіпте көзделген сатып алуға қолданылмайды.

      5. Арнайы тәртіпті қолдану арқылы мемлекеттік сатып алу бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылады.

      6. Комиссия, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары бойынша Сатып алу бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қойылатын өлшемшарттарды және (немесе) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін айқындайды.

      7. Осы тәртіптің 6-тармағында көзделген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі мемлекеттік сатып алу веб-порталында (бұдан әрі – веб-портал) жарияланады.

      8. Әлеуетті өнім берушінің "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабында көзделген шектеулері болған жағдайда өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқығы жоқ.

2. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру

      9. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу Комиссия айқындаған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған жағдайларда жүзеге асырылады.

      10. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу веб-порталда белгіленген форматтық-логикалық бақылау ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      11. Осы тәртіптің 9-тармағында көзделген жағдайда бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші Заңның 4-бабының 1) және 7) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттарын сақтай отырып, өнім берушіні айқындайды және онымен веб-портал арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасады.

      12. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мақсатында веб-портал арқылы әлеуетті өнім берушіге мемлекеттік сатып алу туралы шарттың қол қойылған (электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған) жобасын жібереді.

      13. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына әлеуетті өнім беруші оны веб-портал арқылы алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды (электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырады).

      14. Егер әлеуетті өнім беруші осы тәртіптің 13-тармағында белгіленген мерзім ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына қол қоймаған (электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырмаған) жағдайда тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын басқа әлеуетті өнім берушіге жіберуге құқылы.

      15. Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы растаған веб-порталда техникалық ақаулар туындаған жағдайда веб-портал арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жөніндегі талаптар қолданылмайды.

      16. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Бұл ретте мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және аванс енгізу жөніндегі талап бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.

      17. Осы бөлімнің веб-порталды пайдалану бөлігіндегі талабы Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.