"Үздік педагог" атағын иеленушіге сыйақы төлеу қағидаларын және оның мөлшерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі № 204 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 698 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.08.2023 № 698 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Педагог мәртебесі туралы" 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Үздік педагог" атағын иеленушіге сыйақы төлеу қағидалары бекітілсін.

      2. "Үздік педагог" атағын иеленушіге 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы белгіленсін.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 14 сәуірдегі
№ 204 қаулысымен
бекітілген

"Үздік педагог" атағын иеленушіге сыйақы төлеу қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Үздік педагог" атағын иеленушіге сыйақы төлеу қағидалары "Педагог мәртебесі туралы" 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және "Үздік педагог" атағын иеленушіге (бұдан әрі – иеленуші) сыйақы төлеу тәртібін айқындайды.

      2. Сыйақы білім беру саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) аталған мақсаттарға тиісті қаржы жылына көзделген бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі, ол иеленушінің ағымдағы шотына бір рет аударылады.

      3. Сыйақы 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.

2. "Үздік педагог" атағын иеленушіге сыйақы төлеу тәртібі

      4. Конкурс нәтижелері жарияланған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде иеленуші сыйақы алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      2) иеленушінің таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банктерде ашылған ағымдағы шот нөмірі туралы мәліметтер.

      5. Құжаттар толық және дұрыс болған жағдайда құжаттар түскен күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде иеленушінің ағымдағы шотына сыйақыны аудару жүргізіледі.