Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" акционерлік қоғамын құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1725 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 46, 441-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын одан әрі дамыту мақсатында және "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-5-бабының 1-тармағына, "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
"1-1. Қоғам тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы оператор болып белгіленсін.";
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қоғам қызметінің негізгі бағыттары:
1) тұрғын үй қорын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты талдау;
2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында энергетикалық ресурстардың тиімді пайдаланылуын насихаттау;
3) тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың электрондық ақпараттық ресурстарының жұмыс істеуін және қалыптастырылуын әдіснамалық қамтамасыз ету;
4) "Дербес деректерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарды сақтай отырып, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттандыру объектілерінен алынған электрондық ақпараттық ресурстарды орталықтандырылған түрде жинау, талдау және сақтау, олардың сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз ету;
5) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы үздік халықаралық практикаларды енгізуді әдіснамалық қамтамасыз ету;
6) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру;
7) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жаңа, энергия үнемдейтін технологияларды енгізу жөніндегі іс-шараларды іске асыру;
8) коммуналдық көрсетілетін қызметтерді үйге ортақ есепке алу жабдықтарын лизингке беру;
9) жеке және заңды тұлғаларды кондоминиум объектісін басқару және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау мәселелері бойынша ақпараттық және әдіснамалық қолдау жөніндегі анықтамалық қызметті ақысыз негізде ұйымдастыру болып белгіленсін.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |