"Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің "Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – серіктестік) етіп қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.
2. Серіктестік қызметінің негізгі түрлері:
1) орталық мемлекеттік және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін бағалауды ұйымдастырушылық, сараптамалық-талдамалық, әдіснамалық сүйемелдеу және оған қатысу;
Ескерту. 1) тармақша 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі – осы қаулының 5-тармағымен.
2) бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін қалыптастыру және оны ұйымдастырушылық, әдіснамалық сүйемелдеу;
Ескерту. 2) тармақша 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі – осы қаулының 5-тармағымен.
3) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау, экономика, қаржы, мемлекеттік басқару саласындағы ғылыми, талдамалық және өзге де зерттеулер жүргізу, консультациялық (консалтингтік) қызметтерді көрсету;
4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау, экономика, қаржы, мемлекеттік басқару саласында ақпараттық-талдамалық және сарапшылық қызметтер көрсету;
5) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау кадрларын даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ экономика, қаржы, мемлекеттік басқару саласында оқыту курстарын өткізу;
6) мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдардың білімін растау болып айқындалсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетімен (келісу бойынша) бірлесіп Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) серіктестік жарғысын бекітуді және оның "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамында мемлекеттік тіркелуін;
2) серіктестіктің мемлекеттік қатысу үлесін иелену және пайдалану құқықтарын Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне беруді;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
4. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
5. Осы қаулының 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларын қоспағанда, осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2019 жылғы 19 желтоқсандағы № 935 қаулысымен бекітiлген |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар
1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
"Нұр-Сұлтан қ." деген бөлім:
мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 107-11-жолмен толықтырылсын:
"107-11. "Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы" ЖШС".
2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесі:
мынадай мазмұндағы бөліммен толықтырылсын:
"Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне:
406. "Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі".
3. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 59-60, 555-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ережеде:
97), 98), 98-1), 99) және 339-67) тармақшалар алып тасталсын.