"География институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысу үлесін сыйға тарту шарты бойынша жеке меншіктен республикалық меншікке қабылдау және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің "География және су қауіпсізд

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы № 753 қаулысы.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 13) тармақшасына, "Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "ҚазҰТЗУ" КеАҚ) "География институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – серіктестік) қатысу үлесінің 100 (жүз) пайызын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы ұсынысы қабылдансын.

      2. Осы қаулының 1-тармағында көзделген серіктестіктің қатысу үлесі республикалық меншікке қабылданғаннан кейін серіктестік жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "География және су қауіпсіздігі институты" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – қоғам) етіп қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      3. Қоғам қызметінің негізгі нысанасы географиялық ғылымдар, геоэкология, құрлық гидрологиясы, республиканың табиғи-шаруашылық жүйелері мен су шаруашылығы кешендерінің су ресурстары гидрохимиясы саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу, Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігі саласындағы зерттеулер және трансшекаралық бассейндердің су жүйелерінің орнықтылығын қамтамасыз ету, халықаралық орталықтар – ЮНЕСКО аясында Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының (2-санаттағы) және БҰҰ аясында Халықаралық суды бағалау орталығының жұмыстарын ұйымдастыру болып айқындалсын.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) "ҚазҰТЗУ" КеАҚ-мен (келісу бойынша) бірлесіп осы қаулының 1-тармағынан туындайтын шараларды қабылдасын;

      2) мыналарды:

      қоғамның жарғысын бекітуді;

      Қазақстан Республикасының әділет органдарында қоғамды мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттарға қол қоюға, қаржы-шаруашылық қызметті жүзеге асыруға және қоғамның органдары құрылғанға дейін үшінші тұлғалар алдында оның мүдделерін білдіруге уәкілетті тұлғаны сайлауды;

      қоғамның Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қоғам акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқығын беруді қамтамасыз етсін.

      5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар бекітілсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 11 қазандағы
№ 753 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Алматы қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 123-156-жолмен толықтырылсын:

      "123-156. "География және су қауіпсіздігі институты" АҚ".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті" деген бөлім:

      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 222-39-8-жолмен толықтырылсын:

      "222-39-8 "География және су қауіпсіздігі институты" АҚ".

      3. "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 шілдедегі № 700 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 27, 290-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесi:

      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 29-жолмен толықтырылсын:

      "29. География және су қауіпсіздігі институты".

      4. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 19.08.2022 № 581 қаулысымен.