"Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 2

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 14 тамыздағы № 595 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 27-28, 168-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларында:

      24-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Қазақстан Республикасының немесе оның әкімшілік-аумақтық бірлігінің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар туындаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның резервтерінен өзге де көзделмеген шығындарға ақша қажеттілігі болған жағдайларда, тиісті мемлекеттік орган бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға тиісті негіздемелермен және есептеулермен бірге ақша бөлу туралы өтінішхат ұсынады. Бұл ретте тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бірлігінің құны негізделеді, ал жеке тұрғын үй құрылысын күрделі жөндеуді қоспағанда, күрделі (қалпына келтіру) жөндеу бойынша және бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға мыналар:

      1) жобалық (жобалау-сметалық) құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы;

      2) бюджеттік бағдарламалар әкімшісі (бірінші басшысы не бірінші басшы уәкілеттік берген тұлға) бекіткен нысаналы бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілерді (ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды) салуға арналған техникалық-экономикалық негіздеме немесе жобалау-сметалық құжаттама;

      3) сұратылатын сомаға тапсырыс беруші бекіткен және жобалаушы қол қойған жиынтық сметалық есептеулер, жұмыс түрлері бойынша жергілікті сметалар;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да құжаттар міндетті түрде болуы қажет.";

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте жеке тұрғын үй құрылысын күрделі жөндеу бойынша қажетті құжаттама Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес ұсынылады.".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин