Азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау жөніндегі істерді қарау кезінде соттардың заңнаманы біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 28, 31-баптарына және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 317-бабының екінші бөлігіне сәйкес азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы іс оның отбасы мүшелерінің, прокурордың, қоғамдық бірлестіктердің, қорғаншылық және қамқоршылық органы мен басқа да мүдделі тұлғалардың арызы бойынша басталуы мүмкін.
Осы санаттағы істер бойынша арыз берушілер отбасы мүшелері (жұбайы (зайыбы), ата-аналары, балалары және басқа да адамдар) болып табылады. Арыз беруші–жеке тұлғалардың субъектілік құрамы отбасылық және туыстық қатынастағы адамдармен шектелмейтінін соттар ескеруі тиіс.
Жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар мүдделі болып танылады, себебі олар АПК-нің 8-бабының екінші бөлігіне сәйкес заңда көзделген жағдайларда басқа тұлғалардың немесе тұлғалардың белгісіз бір тобының бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау туралы арыз беріп, сотқа жүгінуге құқылы және олар үшін адамды хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау жеке және мүліктік құқықтардың туындауына, оларды тоқтатуға немесе өзгертуге әкеп соғады.
2. Азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы арыз АПК-нің 148-бабының талаптарын нысаны мен мазмұны бойынша сақтаумен қатар АПК-нің 318-бабының нормаларына сәйкес келуі тиіс екендігін соттардың ескергендері жөн.
Арызда адамды хабарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау арыз берушіге қандай мақсатта қажет болғаны, сонымен қатар адамның хабарсыз кеткенін растайтын мән-жайлар немесе хабарсыз кеткен адамға өлiм қатерi төнген немесе оның жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын мән-жайлар көрсетілуі тиіс. Әскери іс-қимылдарға байланысты хабарсыз кеткен әскери қызметшілерге немесе өзге де азаматтарға қатысты арызда әскери қимылдардың аяқталған күні көрсетіледі.
Арыз беруші осы талаптарды орындамаған жағдайда, АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес арыздың кемшіліктері түсіндіріліп, АПК-ге сәйкес келтіру үшін қайтарылуы тиіс.
Осы санаттағы істер жалпы юрисдикциядағы соттарға соттылығы бойынша жатады және ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады. Арыз арыз берушінің тұрғылықты жері бойынша немесе хабарсыз кеткен азаматтың соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша берілуі мүмкін.
3. АПК-нің 319-бабының бірінші бөлігіне сәйкес судья хабарсыз кеткен адам туралы мәліметтер бере алатын адамдар тобын және істі дұрыс шешу үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтауға міндетті.
Арыз беруші берген ақпараттың көлеміне қарай, істің нақты мән-жайларын негізге ала отырып, судья тиісті ұйымдардан хабарсыз кеткен адамның соңғы белгілі болған тұрғылықты жері мен жұмыс орны, туған жері, хабарсыз кеткен адамның ата-анасы мен жақын туыстарының тұрғылықты жері бойынша мәліметтер сұратады.
Соттар ішкі істер органдарынан азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы адамдарға қатысты олардың тіркелуі, оларға қатысты іздестіру істерінің болуы туралы мәліметтерді талап еткені; уәкілетті органнан зейнетақы мен жәрдемақы алғаны туралы, дербес зейнетақы шоттарындағы ақша қаражаттарының болуы және қозғалысы туралы мәліметтерді сұратқаны; әділет органдарынан тегін, атын, әкесінің атын өзгерткені туралы; құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органнан осы адамдардың сотталғандардың, қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылғандардың, іздестіру жарияланғандардың қатарында болуы туралы; денсаулық сақтау органдарынан емделуден өткендігі туралы; ұлттық тасымалды жүзеге асыратын ұйымдардан жолақы билеттерін сатып алғаны туралы мәліметтерді; сотқа арыз берілген жылдың алдында бір жыл бұрын хабарсыз кеткен адамның мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініш бергені туралы, сонымен қатар жоғалған адам туралы өзге де ақпараты, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс шығуы, азаматтықты ауыстыруы, қайтыс болуы, оған қатысты атқарушылық іс жүргізудің болуы туралы мәліметтері бар өзге де уәкілетті органдардан мәліметтерді сұратқаны жөн.
Соттардың Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдар және өзге де органдар ақпараттық алмасу жүйесіне (ҚАОАОЖ) "Төрелік" автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі (ААТЖ) арқылы сұрау салуды жүзеге асырғандары жөн.
4. Судья істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда істі қозғау туралы жарияланымды жүзеге асыру жөніндегі АПК-нің 319-бабы екінші бөлігінің ережелерін ескере отырып:
арыз берушінің істі қозғау туралы жарияланымды бұқаралық ақпарат құралдарында (аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі, Интернет желісінде, телевизияда) жариялауды өз есебінен жүргізетінін көрсетуге;
жарияланым орналастырылуы тиіс бұқаралық ақпарат құралдарын көрсетіп, жарияланым жүзеге асырылатын мерзімді анықтауға міндетті.
Соттар жарияланымға қойылатын мынадай процестік заңнама талаптарын бұлжытпай орындау қажеттігін ескергендері жөн:
жарияланым мазмұны АПК-нің 319-бабы екінші бөлігі 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының ережелеріне сәйкес келуі тиіс;
жарияланым құқықтық актілерді ресми жариялау құқығын белгілеген тәртіппен алған мерзімді баспа басылымдарында, уәкілетті органда есепке қою рәсімінен өткен интернет ресурстарда, Қазақстан Республикасының барлық аумағында және арыз берушінің болатын жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тиісінше таратылатын немесе шығарылуын жүзеге асыратын (эфирге шығу) телеарналарда қазақ тілінде, сонымен қатар орыс тілінде орналастырылуы тиіс.
Істі сот талқылауына дайындау туралы судьяның ұйғарымын орындау тәртібімен арыз беруші жарияланымды сот белгілеген мерзімде орналастыруға және жарияланымның жүзеге асырылғаны туралы дәлелді сотқа ол орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынуға міндетті.
Сот көрсеткен қандай да бір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымды растайтын дәлелдемелер болмаған жағдайда, арыз АПК-нің 279-бабының 12) тармақшасына сәйкес қараусыз қалдырылуға жатады.
Егер істі сот талқылауына дайындау барысында арыз беруші мүлікті қорғау және басқару үшін қамқоршыны тағайындау туралы өтінішхатпен жүгінсе, судья АПК-нің 155, 156-баптарының қағидалары бойынша тиісті ұйғарым шығарады.
5. Соттар азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы істі шешу барысында азаматтық іс жүргізу тәртібімен (құқық туралы даулар, заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы арыздар және т.б.) қаралуы тиіс өзге де талаптарды біріктіріп қарауға құқылы емес.
6. Азаматтың тұрғылықты жерінде ол туралы мәліметтердің бір жыл бойы болмауы оны хабарсыз кетті деп танудың қажетті шарты болып табылады.
Азаматтың жоқ болу мерзімін оның елді мекеннен кету күнінен емес, ол туралы соңғы мәліметтер алған кезден бастап есептеген жөн.
Соңғы мәліметтер алынған күн жоқ азаматтың жазбаша хабарламасы, телефонограммасы, электрондық хабарламасы ұсынылып немесе басқа тәсілмен өзге көзден не куәлардың айғақтарымен расталуы мүмкін.
Соңғы мәліметтер алынған күнді анықтау мүмкін болмаған жағдайда, жоқ адам туралы соңғы деректер алынған айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнi, ал бұл айды анықтау мүмкiн болмаған жағдайда келесi жылғы бiрiншi қаңтар хабар-ошарсыз кетудiң басталған күнi деп есептеледi. (АК-нің 28-бабының 2-тармағы).
7. Қайтыс болған адамдардың отбасыларына қатысты "Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы № 126 Заңының нормалары тиісінше хабарсыз кеткен немесе қайтыс болды деп жарияланған адамдардың да отбасыларына қолданылады (Заңның 13-бабының 6-тармағы).
АК-нің 170-бабына сәйкес хабарсыз кеткен адамның атына берілген, сонымен қатар оның өзі берген сенімхаттың қолданысы тоқтатылады.
Хабарсыз кетті деп танылған азаматтың жұбайының азаматтық хал актілерін тіркеу органы арқылы оңайлатылған тәртіппен некені бұзуға құқығы бар ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасы).
8. Азаматтың белгілі бір уақытта және белгілі бір жағдайларда қайтыс болғаны туралы деректер болған кезде, соттар азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы емес, қайтыс болу фактісін анықтау туралы мәселені шешуі тиіс.
Қайтыс болу фактісін анықтау адамның соңғы болған жері туралы қандай да бір мәліметтердің жоқтығы белгілі бір уақыт кезеңін күтуді талап етпейді.
9. Азаматты қайтыс болды деп жариялау үшін оны хабарсыз кетті деп алдын ала тану талап етілмейді, сондықтан азаматты хабарсыз кетті деп тану туралы арызды қарау барысында сот АК-нің 31-бабының 1-тармағында көзделген шарттар болған кезде оны арыз берушінің келісімімен қайтыс болды деп жариялауға құқылы.
Азаматты қайтыс болды деп жариялау шарттары мыналар:
оның тұрғылықты жерінде ол туралы үш жыл бойы, ал егер өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда алты ай бойы деректердің болмауы;
көрсетілген мерзім ішінде азаматтың тұрған жері туралы мәліметтерді алмау және қабылданған шараларға қарамастан оның тірі екендігін анықтау мүмкіндігінің жоқтығы болып табылады.
Заң соғыс қимылдарына байланысты хабарсыз кеткен азаматты қайтыс болды деп жариялау жағдайларын айқындайды: ол соғыс қимылдары аяқталған күннен бастап кемінде екi жыл өткеннен кейiн қайтыс болды деп жариялануы мүмкiн (АК-нің 31-бабының 2-тармағы).
АК-нің 31-бабының 3-тармағына сәйкес қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күн қайтыс болды деп жарияланған адамның қайтыс болған күнi болып есептеледi. Өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда хабарсыз кеткен адамды қайтыс болды деп жариялаған кезде сот бұл адамның шамамен қаза тапқан күнiн оның қайтыс болған күнi деп тануы мүмкiн.
10. Хабарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адам келген немесе оның тұратын жері анықталған жағдайда, сот мүдделі адамның, хабарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адамның немесе прокурордың арызы бойынша жаңа шешіммен алдыңғы шығарған шешімінің күшін жояды. Жаңа істі қозғау талап етілмейді. Арыз сотқа түскен күнінен бастап бір айлық мерзімде сот отырысында қаралады.
Мұндай шешім мүліктен қорғаншылық алу және азаматтардың хал актілерін тіркеу кітабындағы оның қайтыс болғаны туралы жазбаны жою үшін негіз болып табылады.
Қайтыс болды деп жарияланған адамның тірі оралуынан туындайтын жағдайлар АК-нің 32-бабында көзделген.
11. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауына, оған жүктелген заңдық міндеттерді орындаудан жалтаруына байланысты қасақана жасырынып жүрген немесе іздестірудегі адам хабарсыз кетті деп немесе қайтыс болды деп танылуы мүмкін емес. Осыған байланысты соттар осы адамның іздестіруде болуын, Қазақстан Республикасынан тыс шыққанын және оның жоқ болуының басқа да мән-жайларын анықтауы, бұл ретте арыз берушілердің теріс пиғылды әрекеттерінің, оның ішінде жеңілдіктер мен өзге де материалдық игіліктер алуға бағытталған әркеттерінің жолын кесуі тиіс.
12. Шешімнің қарар бөлігінде хабарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адамның тегінен, атынан және әкесінің атынан басқа оның туған күні мен жерін, жеке сәйкестендіру нөмірін көрсету қажет.
Соттың шешімінде адамның хабарсыз кеткендігі басталатыны туралы деректер, яғни азамат хабарсыз кетті деп есептелетін күн көрсетілуі тиіс.
Азаматты хабарсыз кетті деп тану туралы шешім заңды күшіне енгеннен бастап сот актісінің көшірмесі хабарсыз кеткен адамның мүлкі орналасқан жері бойынша оның мүлкіне қорғаншылық тағайындау үшін қорғаншылық және қамқоршылық органына жіберіледі.
13. Мыналардың:
1) "Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты өлді деп жариялау туралы істер бойынша сот тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1968 жылғы 25 қыркүйектегі № 9 нормативтік қаулысының;
2) "Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты өлді деп жариялау туралы істер бойынша сот тәжірибесі туралы" Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының 1968 жылғы 25 қыркүйектегі № 9 нормативтік қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы № 14 нормативтік қаулысының;
3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 6 нормативтік қаулысы 1-тармағының;
4) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысы 1-тармағының;
5) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7 нормативтік қаулысы 1-тармағының күші жойылды деп танылсын.
14. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданытағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Ж. Асанов |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, Жалпы отырыс хатшысы |
Г. Әлмағамбетова |