"Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына, "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" 2012 жылғы 1 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 2) және 16) тармақшаларына және "Магистральдық құбыр туралы" 2012 жылғы 22 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының жарғысын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 1418 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 77-78, 1149-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының жарғысында:
49-тармақ мынадай мазмұндағы 15-3) тармақшамен толықтырылсын:
"15-3) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылатын жобалар шеңберінде Қордың тобына кірмейтін заңды тұлғаларға қамтамасыз етусіз несие (қарыз) беру туралы шешімдер қабылдау;"
2. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының "Baiterek Venture Fund" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қоғам):
1) қарыз сомасы – 40 150 000 000 (қырық миллиард бір жүз елу миллион) теңге;
2) купондық сыйақы – жылдық 0,01%;
3) облигацияларды өтеу күні – талап етілгенге дейін, бірақ 15 жылдан аспайды;
4) купон төлеу – жылдық төлемдер;
5) нысаналы мақсаты – "Сарыарқа" магистральдық газ құбырын салу жобасын қаржыландыру шарттарында қоғамның облигацияларын сатып алу жолымен қамтамасыз етусіз қарыз беруі мақұлдансын.
3. "Сарыарқа" магистральдық газ құбырын салу жүзеге асырылсын.
4. Қазақстан Республикасының Энергетика, Ұлттық экономика, Қаржы, Инвестициялар және даму министрліктері "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) және "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) бірлесіп, осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |