"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1165 қаулысына толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 28 маусымдағы № 387 қаулысы.

      "China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd" Қытай компаниялары консорциумы көшбасшысының "Beijing State – Owned Assets Management Co., Ltd" компаниясын "Integra Construction KZ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ауыстыру жөніндегі бастамасын назарға ала отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1165 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 83-84, 607-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі:

      мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:

      "8. 2015 жылғы 31 тамызда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі негіздемелік келісімге сәйкес "Астана LRT" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі "Астана қаласының жаңа көлік жүйесі. LRT (әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейінгі учаске)" жобасын іске асыру аясында сатып алатын тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер.".

      2. Астана қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев