"Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 мамырдағы № 285 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 5, 93-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларында:

      2-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) мекенжай анықтамасы – жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден шығарылуын, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алынуын (тіркелуін), сондай-ақ бір мекенжай бойынша тіркелген адамдар туралы мәліметті растайтын құжат;";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Ішкі көшіп-қонушының тұрғылықты жері бойынша тіркеу, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алу (тіркеу) тұрғын үйдің меншік иесiнiң (жалға берушінің) жазбаша берген келiсiмiмен не электрондық-цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық нысанда жүзеге асырылады.

      Тіркеуге меншік иесінің (жалға алушының) меншік құқығын растау үшін уәкілетті орган мекенжайдың тіркеу коды (МТК) бойынша "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұрғын үйге меншік құқығы пайда болуының негіздерін растайтын меншік иесі туралы мәліметтер ақпараттық жүйелерден алады.

      Тұрғылықты, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу тұрғын үйлерде, пәтерлерде, саяжай құрылыстарында, бау-бақша серіктестіктерінде, кооперативтерде, жатақханаларда, қонақ үйлерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, профилакторийлерде, емдеу мекемелерінде, интернат-үйлерінде, пансионаттарда, қарттар үйлерінде, сондай-ақ адамдар тұру (болу) үшін пайдаланылатын ғимараттар мен үй-жайларда жүзеге асырылады.";

      6-тармақтың 3) және 4) тармақшалары алып тасталсын;

      8-тармақ алып тасталсын;

      10-тармақтың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ішкі көшіп-қонушының тұрғылықты жері бойынша тіркеу мекенжайын, уақытша болатын (тұратын) жерi бойынша есепке алынған (тіркелген), сондай-ақ бір мекенжай бойынша тіркелген адамдар туралы мәліметті растайтын құжат мекенжай анықтамасы болып табылады. Бір мекенжай бойынша тіркелген адамдар туралы мәліметтерді растайтын мекенжай анықтамасы тұрғын үй иелеріне беріледі.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев