"Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы № 6

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 1 қарашадағы № 695 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 622 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.07.2023 № 622 қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз!

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы № 615 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 41, 520-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасында:

      мынадай мазмұндағы 12-1, 13-1-тармақтармен толықтырылсын:

      "12-1. Жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің мүлкін есептен шығару аудандық маңызы бар қалалар, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің тиісті аппараттарымен келісім бойынша жүргізіледі.";

      "13-1. Жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарының мүлкін есептен шығару аудандық маңызы бар қалалар, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің тиісті аппараттарымен келісім бойынша жүзеге асырылады.";

      15-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Комиссия үш данада жасаған мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкін есептен шығару актілері күнтізбелік жеті күн ішінде осы Қағиданың 10, 11, 12, 12-1, 13 және 13-1-тармақтарына сәйкес мынадай құжаттармен қоса келісуге жіберіледі:".

      2. Осы қаулы халық саны екі мың адамнан астам аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, халық саны екі мың және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев