"Сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру ережесін, Жеке және заңды тұлғалардың (филиалдар мен өкілдіктердің), сондай-ақ дара кәсіпкерлердің сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру және бұрын берілген құжаттарын қайта ресімдеу үшін өтініш жасау ережесін бекіту турал

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 қазандағы № 649 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 758 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 01.09.2023 № 758 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру ережесін, Жеке және заңды тұлғалардың (филиалдар мен өкілдіктердің), сондай-ақ дара кәсіпкерлердің сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру және бұрын берілген құжаттарын қайта ресімдеу үшін өтініш жасау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 22 мамырдағы № 406 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 16, 180-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) көрсетілген қаулымен бекітілген Сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру ережесінде:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жеке немесе заңды тұлға (филиал мен өкілдік) үшін сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру белгілі бір жеке немесе заңды тұлғаға (филиал мен өкілдікке) қатысты мәліметтерді Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінде, мемлекеттік органдардың, "Астана" халықаралық қаржы орталығының (бұдан әрі – АХҚО) органдары мен өзге де мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелерінде сақтау үшін жүзеге асырылады.";

      5-тармақта:

      1) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) бірінші бөлік – 4 цифрдан тұрады және заңды тұлғаны, филиалдар мен өкілдіктерді немесе бірлескен кәсіпкерлік түріндегі (бұдан әрі – ЖК (Б)) қызметті жүзеге асыратын дара сан кәсіпкерді мемлекеттік (есептік) тіркеу не қайта тіркеу жылын (соңғы екі цифр) және айын немесе АХҚО-ның органдарын, олардың ұйымдарын және АХҚО-ның қатысушыларын заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер ретінде тіркеу не қайта тіркеу жылын (соңғы екі цифр) және айын қамтиды;";

      "4) төртінші бөлік – 5 цифрдан тұрады және заңды тұлғаның (филиалдар мен өкілдіктер) немесе ЖК (Б) жүйесіндегі реттік тіркеу нөмірін қамтиды;

      АХҚО органдарына, олардың ұйымдарына және АХҚО-ның қатысушыларына бірінші саннан, 90001 нөмірінен бастап 99999 нөмірін қоса алғанда реттік нөмір беріледі.";

      мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

      "6. Осы Ереженің 5-тармағы 4) тармақшасының екінші бөлігінде көзделген АХҚО органдары, олардың ұйымдары және АХҚО-ның қатысушылары үшін қалыптастырылатын бизнес-сәйкестендіру нөмірлерін АХҚО-ның тіркеуші органдары "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" 2015 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 3-бабының 1-2-тармағына сәйкес АХҚО Басқарушысы айқындайтын АХҚО-ның сәйкестендіру нөмірлері тізілімін жасау, жүргізу және пайдалану тәртібіне сәйкес береді.";

      2) көрсетілген қаулымен бекітілген Жеке және заңды тұлғалардың (филиалдар мен өкілдіктердің), сондай-ақ дара кәсіпкерлердің сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру және бұрын берілген құжаттарды қайта ресімдеу үшін өтініш жасау ережесі:

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Осы Ереже "Астана" халықаралық қаржы орталығының (бұдан әрі – АХҚО) органдарына, олардың ұйымдары мен АХҚО-ның қатысушыларына қатысты қолданылмайды.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев