Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі (бұдан әрі – серіктестік) мемлекеттік қатысу үлесіне иелік ету және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне берсін.
2. Ғылыми зерттеулер жүргізу және мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды әдістемелік қамтамасыз етуді жүргізу серіктестік қызметінің негізгі нысанасы болып айқындалсын.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы, Білім және ғылым, Дін істері және азаматтық қоғам министрліктері осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
4. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 4 қыркүйектегі № 537 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар
1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
"Астана қаласы" деген бөлім:
мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-183-жолмен толықтырылсын:
"21-183. "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге және өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:
"Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне" деген бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне
375. "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетіне
375-1. "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".".
3. "Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 қазандағы № 594 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 50, 321-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі туралы ережеде:
Министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесi мынадай мазмұндағы бірінші кіші бөліммен толықтырылсын:
"Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі
"Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі".".