"Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 4) тармақшасына және 134-бабы 2-тармағының 5-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-практикалық орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-практикалық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі – кәсіпорын) қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган болып;
2) кәсіпорын қызметінің негізгі нысанасы протездік-ортопедиялық және есту протездік көмек көрсету саласындағы қызметті жүзеге асыру болып белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорынның жарғысын бекітуге енгізсін;
2) кәсіпорынның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
4. "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлiгінiң кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 8, 46-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ережеде:
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және оның ведомствосының қарамағындағы ұйымдардың тiзбесiнде:
"1. Қазыналық кәсіпорындар" деген бөлімде:
реттік нөмірі 1-жол алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 3-бөліммен толықтырылсын:
"3. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын
Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-практикалық орталығы.".
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б. Сағынтаев |