"Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 маусымдағы № 364 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 5, 93-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларында:

      2-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ішкі көшіп- қонушыларды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден шығаруды, сондай-ақ уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алуды (тіркеуді) жүзеге асыратын мемлекеттік орган;";

      4) және 5) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) жақын туыстар – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер;

      5) мекенжай анықтамасы – жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден шығарылуын, сондай-ақ уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алынуын (тіркелуін) растайтын құжат;";

      мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:

      "6) уақытша болатын (тұратын) жер – тұрғылықты жер болып табылмайтын және адам уақытша болатын (тұратын) мекенжайы бар ғимарат, үй-жай не тұрғынжай.";

      3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Ішкі көшіп-қонушыларды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алуды (тіркеуді) мыналар жүзеге асырады:

      Қазақстан Республикасының азаматтарын – жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша Мемлекеттік корпорация немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері;

      халықтың көші-қоны саласындағы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды – жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері арқылы.

      Ішкі көшіп-қонушыны тіркеу орны оның заңды мекенжайы болып табылады.

      4. Ішкі көшіп-қонушының тұрғылықты жері бойынша тіркеу, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алу (тіркеу) олардың белгіленген тәртіппен тұрғын үйді жеке меншікке сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға, оның ішінде жалға алу (жалдау) мен қосымша жалға алу шарты бойынша алғанын растайтын, сондай-ақ "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжаттардың негізінде, сондай-ақ тұрғын үйдiң меншiк иесiнiң (жалға берушінің) жазбаша келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.

      Тұрғылықты, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу тұрғын үйлерде, пәтерлерде, саяжай құрылыстарында, бау-бақша серіктестіктерінде, кооперативтерде, жатақханаларда, қонақ үйлерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, профилакторийлерде, емдеу мекемелерінде, интернат-үйлерінде, пансионаттарда, қарттар үйлерінде, қызметтік ғимараттар мен үй-жайларда жүзеге асырылады.";

      5-тармақта:

      бірінші және екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Тұрғылықты жерi бойынша тiркеуге, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алуға (тіркеуге):

      1) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында мемлекет ішінде қоныс аударатын, сондай-ақ шет елдерден тұрақты тұруға немесе уақытша келген Қазақстан Республикасының азаматтары;";

      6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Тіркелуге жататын ішкі көшіп-қонушылар, республикадан тыс жерлерден келген Қазақстан Республикасының азаматтары жаңа тұрғылықты жеріне, уақытша болатын (тұратын) жеріне келген күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (16 жасқа дейінгі балалар – туу туралы куәлік);

      2) тұрғын үй иесінің не сенім білдірілген адамның (тұрғын үй иесінің не сенім білдірілген адамның қатысуы қажет) жеке басын куәландыратын құжат және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша (қызметтік ғимараттарда және үй-жайларда тіркеген кезде – ұйым (мекеме) әкімшілігінің тіркеу туралы қолдаухаты) өтініш білдірген адамды тұрақты не уақытша тіркеуге тұрғын үй иесінің не сенім білдірілген адамның жазбаша келісімі.

      Тұрғын үй иесін өзіне тиесілі тұрғын үйге тіркеу кезінде оның тіркелуге жазбаша келісімі ұсынылмайды;

      3) тіркеуге құқығын растау үшін меншік иесінің белгіленген тәртіппен тұрғын үйді жеке меншігіне сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға алғанын, оның ішінде жалға алу (жалдау), қосымша жалға алу шарты бойынша алғанын куәландыратын, сондай-ақ "Мекенжай тізілімі" ақпараттық жүйесінде шығарылған мекенжайды тіркеу коды болмаған кезде оған "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжат.

      Белгіленген тәртіппен тұрғын үйді меншігіне сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға алғаны туралы куәландыратын, сондай-ақ "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжаттар туралы мәліметті уәкілетті орган "Мекенжай тізілімі" және "Жылжымайтын мүлік тізілімі" ақпараттық жүйелерінен уәкілетті лауазымды адамдардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында алады;

      4) тұрғылықты жері бойынша тіркелгені үшін мемлекеттік баждың (мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар растайтын құжаттарды ұсынады) төленгені туралы түбіртек.

      Республикадан тыс жерлерден тұрғылықты тұруға келген Қазақстан Республикасының азаматтары паспортын, бұрын тұрған елінен есептен шыққанын растайтын құжатты не бұрын тұрған елінің құзыретті органы берген азаматтығының жоқтығы туралы анықтаманы ұсынады.

      Бұрын тұрған елінен есептен шыққанын растайтын құжаты, азаматтығы жоқтығы туралы анықтама болмаған кезде, азамат бұрын тұрған елінен көрсетілген құжаттардың бірі сұратылған (алынған) кезеңге уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеледі.

      7. Босқындар уәкiлеттi органның аумақтық бөлімшелерінде тiркелу үшiн бес күндік мерзiмде осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Мынадай:

      1) республикадан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен;

      2) сот тұрғын үйді пайдалану құқығынан айырылған деп таныған;

      3) тіркеуден шығарылатын адамның қатысуынсыз және оның жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрғын үй, ғимарат немесе үй-жай иесінің өтініші бойынша;

      4) қайтыс болған;

      5) шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға бұрын берілген рұқсат күшін жойған кезде ішкі көшіп-қонушылар тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылуға тиіс.";

      10-тармақта:

      екінші және үшінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ішкі көшіп-қонушыларды тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тіркеуден шығару, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алу (тіркеу) "Халықты құжаттандыру және тіркеу" тіркеу пункті" және "Шетелдіктерді құжаттандыру және тіркеу" тіркеу пункті" ақпараттық жүйелеріне мәліметтерді енгізу және оларды "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер базасына беру арқылы жүзеге асырылады.

      Ішкі көшіп-қонушыларды жаңа тұрғылықты жері бойынша тіркеу, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алу (тіркеу) кезінде ақпараттық жүйеде бұрынғы мекенжайы бойынша тіркеуден алу бір мезгілде жүзеге асырылады.";

      бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ішкі көшіп-қонушының тұрғылықты жері бойынша тіркеу мекенжайын, уақытша болатын (тұратын) жерi бойынша есепке алынған (тіркелген) мекенжайын растайтын құжат мекенжай анықтамасы болып табылады.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Бір айдан астам мерзімге уақытша болу (тұру) үшін келген ішкі көшіп-қонушыларды ішкі істер органдары тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығармай келген күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алады.

      Уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алу (тіркеу) уақытша тіркеу болып табылады.

      Уақытша тіркеу бір айдан бастап бір жылға дейінгі мерзімге жүзеге асырылады.

      Қызметтік міндеттерін орындау, оқуда болуы тұрғылықты жерінен тыс жерде ұзақ тұруымен (бір жылдан астам) байланысты адамдар (растайтын құжат болған кезде) тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығармай міндеттерін орындау үшін қажетті бүкіл мерзімге есепке алынады.

      16 жасқа толмаған балалар, адамдардың тыныс-тіршілігін шектейтін организм функцияларының тұрақты бұзылуынан денсаулығында кінәрат бар емдеу мекемелеріндегі азаматтар, вахталық әдіспен жұмыс істейтін адамдар, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алынуға (тіркелуге) жатпайды.

      Уақытша болатын жерінен мәлімделген мерзімінен бұрын кеткен кезде адамдарды уақытша тіркеуден шығару тұрғын үй, ғимарат немесе үй-жай иесінің (сенім білдірілген адамның) не ішкі көшіп-қонушының өтініші бойынша ресімделеді.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев