"Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазқұрылысжүйесі" акционерлік қоғамы жарғылық капиталында мемлекеттің жүз пайыз қатысу үлесі бар "Қазқұрылысжүйесі" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – серіктестік) қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.
2. Серiктестiк қызметiнiң негiзгi бағыттары Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы мен оның ведомстволарының өздеріне жүктелген функцияларды жүзеге асыруына ықпал ететін объектілерге инжинирингтік қызметтер көрсету және олардың құрылысы болып белгiленсiн.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасымен (келісім бойынша) бірлесіп:
1) серіктестіктің жарғысын бекітуді және оны Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасына серіктестіктің мемлекеттік қатысу үлесін иелену және пайдалану құқығын беруді;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
"Астана қаласы" деген бөлімдегі реттік нөмірі 21-60-жол мынадай редакцияда жазылсын:
"21-60. "Қазқұрылысжүйесі" ЖШС";
2) "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:
"Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы" деген бөлімдегі реттік нөмірі 238-8-жол мынадай редакцияда жазылсын:
"238-8. "Қазқұрылысжүйесі" ЖШС".
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б.Сағынтаев |