Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйе мекемелерінің аумағында арнайы техникалық жабдықты пайдалану кезінде өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 25 шілдедегі № 431 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 758 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 01.09.2023 № 758 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 14-10) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйе мекемелерінің аумағында арнайы техникалық жабдықты пайдалану кезінде өзара іс-қимыл жасау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 25 шілдедегі
№ 431 қаулысымен
бекітілген

Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінің аумағында арнайы техникалық жабдықты пайдалану кезінде өзара іс-қимыл жасау қағидалары

      1. Осы Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінің аумағында арнайы техникалық жабдықты пайдалану кезінде өзара іс-қимыл жасау қағидалары "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 14-10) тармақшасына сәйкес әзірленді және арнайы техникалық жабдықты қолданатын қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) мекемелермен байланыс операторларының өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.

      2. Радиосигналды бұғаттауға не абоненттік құрылғыларды санкциясыз пайдалануды анықтауға және (немесе) оның жолын кесуге бағытталған техникалық реттеу саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай келетін арнайы техникалық жабдық (бұдан әрі – АТЖ) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) мекемелері (бұдан әрі – мекеме) аумақтарының шегінде оларды күзетуді қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.

      3. Мекеме АТЖ-ды орнату және қолданысқа енгізу туралы ұялы байланыс операторларын жазбаша хабардар етеді.

      4. Байланыс операторлары мекемелердің аумағында АТЖ орнату және қолдану кезінде мекемелерге консультациялық-техникалық жәрдемдесуді қамтамасыз етеді.

      5. Байланыс операторлары міндетті техникалық талаптарға (мекемелер қалалық елді мекендерде орналасқан кезде – - 60 dBm, ауылдық жерлерде орналасқан кезде – - 70 dBm) сәйкес мекемелердің аумақтарындағы радиосигналдың таралуын азайту және өз желілерінің сәулелену деңгейіне қол жеткізу мақсатында, меншікті байланыс желілерін оңтайландыруды жүргізеді.

      6. Байланыс операторлары мекеме аумағынан тыс жердегі АТЖ туындататын өз желілерінің немесе соңғы абоненттік құрылғылары (өз еркімен немесе байланысты қолданушылардың шағымы бойынша) жұмыстарындағы кедергілерді анықтаған кезде бұл туралы мекемені үш жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде хабардар етеді.

      7. Байланыс операторларынан мекеме аумағынан тыс жерде өз желісінің жұмысында кедергінің анықталғаны туралы хабарлама алғаннан кейін мекеме үш жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде кедергілерді жою бойынша жұмыс жүргізеді.

      8. Кедергілерді жою жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін АТЖ-ды пайдалануға қайта қосу мекеменің және байланыс операторларының өкілдері қол қоятын кедергілерді жою туралы актінің негізінде жүргізіледі.

      9. Орнатылған АТЖ-ды бөлшектеу немесе жаңғырту кезінде мекеме ол туралы байланыс операторларын жазбаша нысанда хабардар етеді.

      10. Байланыс операторлары мекемеден АТЖ-дың бөлшектенгені немесе жаңғыртылғаны туралы хабарлама алғаннан кейін қажет болған жағдайда мекеменің аумағына радиосигналдардың таралуын азайту мақсатында меншікті байланыс желілерін оңтайландыруды жүргізеді.