2016 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Сот сараптамасының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 1403 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 83-84, 724-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) арнаулы ғылыми білім құралдарымен қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық сараптамалар мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыру кәсіпорын қызметінің негізгі нысаны болып белгіленсін.».
2. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот медицинасы орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының жарғысына өзгерістерді бекітуге ұсынуды;
2) әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулы 2016 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов