Өнеркәсiп саласындағы қызметті лицензиялаудың кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 1033 қаулысы.

      "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті тау-кен және химия өндірістерін пайдалану жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын лицензиар;

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын лицензиар;

      3) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздігі комитеті тау-кен және химия өндірістерін пайдалану жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруді өтініш берушінің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бөлігінде келісуді жүзеге асыратын орган;

      4) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті тау-кен және химия өндірістерін пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруді өтініш берушінің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі бөлігінде келісуді жүзеге асыратын орган болып айқындалсын.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.09.2021 № 685 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Өнеркәсiп саласындағы қызметті лицензиялаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 1796 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 8, 179-құжат);

      2) "Өнеркәсiп саласындағы қызметті лицензиялаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 1796 қаулысына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 8 қазандағы № 1066 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 58, 803-құжат).

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов