"Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 437 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі № 192 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 13 шiлдедегi № 560 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 13.07.2023 № 560 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 437 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 32, 288-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы";

      көрсетілген қаулымен бекітілген жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшері осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 3 сәуірдегі
№ 192 қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 4 мамырдағы
№ 437 қаулысымен
бекітілген

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлері

      Атқарушылық іс жүргізу шеңберінде істің санатына байланысты төленетін жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы мынадай тәртіппен белгіленеді:

      1) мүліктік (ақшалай) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін мынадай сомалар бойынша:

      60 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 25 пайызы мөлшерінде;

      60 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 20 пайызы мөлшерінде;

      300 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 15 пайызы мөлшерінде;

      1 000 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 10 пайызы мөлшерінде;

      5 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 8 пайызы мөлшерінде;

      10 000 АЕК-тен 20 000 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 5 пайызы мөлшерінде;

      20 000 АЕК-тен жоғары болса - өндіріп алу сомасының 3 пайызы мөлшерінде;

      2) мүліктік емес (ақшалай емес) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін:

      шығару және (немесе) үйге орналастыру, борышкерді белгілі бір әрекеттер жасауға және (немесе) оларды жасаудан тартынуға міндеттеу туралы атқарушылық құжаттар бойынша - жеке тұлғалардан 50 АЕК, заңды тұлғалардан 100 АЕК;

      талап қоюды қамтамасыз ету, мүлікті тыйым салудан босату және өзге атқарушылық құжаттар бойынша - жеке тұлғалардан 20 АЕК, заңды тұлғалардан 40 АЕК;

      3) мерзімді төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар үшін:

      алименттерді өндіріп алу және жарақаттанудан немесе денсаулықты өзге де зақымдаудан келтірілген зиянды өтеу туралы, өндіріп алу сомасының 1 АЕК мөлшерінде тоқсан сайын.

      Пайда болған берешекті өндіріп алу кезінде жеке сот орындаушының қызметіне ақы төлеу осы жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерінің 1) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескертпе: өндіріп алу сомасы - атқарушылық құжатта көрсетілген ақшалай талаптың не өндіріп алушының мәжбүрлеп орындатуға ұсынған ақшалай талабы бөлігінің мөлшері;

      АЕК - "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен жыл сайын белгіленетін айлық есептік көрсеткіш.