РҚАО-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі.
2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 40-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Сот бойынша ақталған адамға, қылмыстық істі тоқтату туралы соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде келтірілген мүліктік зиянды төлеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1218 қаулысымен бекітілген |
Сот бойынша ақталған адамға, қылмыстық істі тоқтату туралы
соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған
күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қылмыстық процесті
жүргізетін органның заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде
келтірілген мүліктік зиянды төлеу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Сот бойынша ақталған адамға, қылмыстық істі тоқтату туралы соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде келтірілген мүліктік зиянды төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 38, 39, 40-баптарына сәйкес әзірленді және қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде келтірілген мүліктік зиянды өтеу үшін төлем төлеу тәртібін айқындайды.
2. Заңсыз ұстап алынған, күзетпен ұсталған, үйқамақта ұсталған, лауазымынан уақытша шеттетілген, арнайы медициналық ұйымға орналастырылған, сотталған, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған, жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген жағдайда:
1) сот бойынша ақталған адамның, сол сияқты өздеріне қатысты қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауы, іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 32-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 32-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жәбірленушінің шағымының болмауы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 32-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 32-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жекеше айыптаушы айыптаудан бас тартқан не коммерциялық немесе өзге де ұйымның немесе уәкілетті органның басшысы адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы арызды кері қайтарып алған кезде, егер жасаған іс-әрекеті үшін қылмыстық жауаптылықтың күшін жоятын заң қолданысқа енгізілген болса не Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты осы қылмыстық іс бойынша қолданылуға жататын, іс-әрекеттің қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралануы оған байланысты болатын заңды немесе өзге де құқықтық актіні конституциялық емес деп таныған жағдайда, егер адамға қатысты соттың нақ осы айыптау бойынша заңды күшіне енген үкімі не соттың қылмыстық қудалаудың мүмкін еместігін белгілейтін, күші жойылмаған қаулысы болса, егер адамға қатысты қылмыстық қудалау органының нақ осы күдік бойынша қылмыстық қудалауды тоқтату туралы күші жойылмаған қаулысы болса, адамға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған күдіктінің, айыпталушының, сотталушының;
2) егер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген мән-жайлардың жоқтығына қарамастан, қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайлар анықталған кезден бастап сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылмаса, өздеріне қатысты қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 32-бабының екiншi және үшінші бөлiктерiнде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жәбірленушінің шағымының болмауынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 32-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша жекеше айыптаушы айыптаудан бас тартқан не коммерциялық немесе өзге де ұйымның немесе уәкілетті органның басшысы адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы арызды кері қайтарып алған кезде тоқтатылуға жататын адамдардың;
3) егер ол жасаған іс-әрекеттері үшін жазаның қолданылуын қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтіп кетуіне орай жойса, бірақ қылмыстық қудалауды болдырмайтын мән-жайлар анықталған кезден бастап тоқтатылмаса және ондай адамдардың қылмыстық iстi тоқтатуға келiсуіне қарамастан, қылмыстық қудалау заңсыз жалғастырылса, рақымшылық жасау актiсiнің негізінде өздеріне қатысты қылмыстық iс тоқтатылуға тиіс адамдардың;
4) жасаған әрекетiнiң саралануы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң оны жасағаны үшiн сезiк келтiрiлу немесе айыптау кезiнде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексімен ұстауға немесе күзетпен ұстауға жол берiлмейтiн одан жеңiлiрек қылмыс үшiн жауаптылықты көздейтiн бабына өзгерген не осы бап бойынша неғұрлым жеңiл жаңа жаза тағайындалған немесе үкiмнен айыптаудың бөлiгi алып тасталған және осыған байланысты жазасы төмендетiлген жағдайда, сол сияқты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын немесе тәрбиелiк ықпал ету мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы соттың заңсыз шешiмi бұзылған жағдайларда қамауға алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған, ұсталған немесе күзетпен ұсталған адамның. Қамауға алудың немесе бас бостандығынан айырудың iс жүзiнде өтелген мерзiмi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң кiнәлi адам жасаған әрекет жаңадан сараланған бабында көзделген қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның ең жоғары мөлшерiнен асатын бөлiгiнде заңсыз өтелген болып саналады;
5) заңды негiзсiз тиiстi мерзiмiнен артық қамауда ұсталған, сол сияқты қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу барысында iс жүргiзуге мәжбүр етудiң кез келген өзге де шараларына заңсыз ұшыраған адамдардың;
6) оларға қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген, кейін сот тәртібімен заңсыз деп танылған адамдардың мүліктік зиянды өтетуге құқығы бар.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.06.2017 № 350 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.04.2018 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.02.2023 № 103 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.3. Азамат қайтыс болған жағдайда, мүліктік зиянды өтету құқығы белгiленген тәртiппен оның мұрагерлерiне, ал төленуi тоқтатыла тұрған зейнетақылар мен жәрдемақыларды алу бөлiгiнде отбасының асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақымен қамтамасыз етiлетiн адамдар тобына жататын мүшелерiне ауысады.
4. Осы Қағидалардың 2-тармағында көзделген жағдайларда келтiрiлген мүлiктiк зиян:
1) олар айырылған жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды, өзге де қаражаттар пен табыстарды;
2) соттың үкiмi немесе өзге де шешiмi негiзiнде заңсыз тәркiленген немесе мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылған мүлiктi;
3) соттың заңсыз үкiмiн орындау үшiн өндiрiп алынған айыппұлдарды; заңсыз әрекеттерге байланысты адам төлеген сот шығындары мен өзге де сомаларды;
4) заң көмегін көрсету үшiн адам төлеген сомаларды;
5) қылмыстық қудалау салдарынан шегілген өзге де шығыстарды өтеудi қамтиды.
2. Сот бойынша ақталған адамға, қылмыстық істі тоқтату туралы
соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған
күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қылмыстық процесті
жүргізуші органның заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде
келтірілген мүліктік зиянды төлеу тәртібі
5. Қылмыстық процесті жүргізуші орган ақтау үкімінің, сот шешімдерінің немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы, өзге де заңсыз шешімдердің күшін жою немесе өзгерту туралы қаулының көшірмелерін мүдделі адамға табыс етеді немесе пошта арқылы жолдайды. Бір мезгілде мүдделі адамға мүліктік зиянды өтеу тәртібі түсіндірілген хабарлама жіберіледі. Мүліктік зиянды өтетуге құқығы бар қайтыс болған адамның мұрагерлерінің, туыстарының немесе асырауындағыларының тұратын жері туралы мәліметтер болмаған кезде, оларға хабарлама қылмыстық процесті жүргізетін органға өтініш жасаған күннен бастап бес тәуліктен кешіктірілмей жіберіледі.
Егер осы Қағидалардың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген адамдар (бұдан әрі – адамдар) ақтау үкімінің, сот шешімдерінің немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы, өзге де заңсыз шешімдердің күшін жою немесе өзгерту туралы қаулының көшірмелерін алмаған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізуші органға жүгінеді, ол көрсетілген құжаттарды оларға дереу табыс етеді.
6. Мүліктік зиянды өтеу тәртібі түсіндірілген хабарлама (бұдан әрі – хабарлама) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалады.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.04.2018 № 191 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).7. Хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде адамдар үкім шығарған, қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы қабылдаған сотқа, не адамның тұрғылықты жері бойынша сотқа, не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату не өзге де заңсыз шешімдердің күшін жою немесе өзгерту туралы қаулы қабылдаған органның орналасқан жері бойынша мүліктік зиянды өтеу туралы өтініш береді. Егер жоғары тұрған сот қылмыстық істі тоқтатса немесе үкімді өзгертсе, мүліктік зиянды өтеу туралы өтініш үкімді шығарған сотқа жіберіледі.
Кәмелетке толмағанның атынан мүліктік зиянды өтеу туралы өтінішті оның заңды өкiлi беруге құқылы.
Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.04.2018 № 191 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).8. Өтінішке:
1) адамдардың мүліктік зиянды өтетуге құқығын растайтын процестік шешімдердің көшірмелері (ақтау үкімінің, сот шешімдерінің немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы, өзге де заңсыз шешімдерді жою немесе өзгерту туралы қаулылардың көшірмелері);
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) өтініш берушінің банктік шотының деректемелері;
4) келтірілген мүліктік зиянды растайтын құжаттар қоса беріледі.
9. Қажет болған жағдайларда, осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген мүліктік зиян туралы есептерді жүргізу үшін сот қаржы органдары мен әлеуметтік қорғау уәкілетті органдарына сұрау салу жібереді, олар сұрау салулар келіп түскен күнінен бастап он бес тәулік ішінде орындайды.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.04.2018 № 191 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).10. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 13.04.2018 № 191 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
11. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 13.04.2018 № 191 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
12. Заңды күшіне енген мүліктік зиянды өтеу үшін төлемдер жүргізу туралы сот қаулысы немесе осы зиянның сомасын өндіру туралы сот шешімі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 204 бұйрығымен бекітілген Заңсыз соттау, қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тарту, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға, үйқамаққа алуды, ешқайда кетпеу туралы қолхат беруді заңсыз қолдану, қамаққа алу немесе түзеу жұмыстары түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолдану, психиатриялық немесе басқа да емдеу мекемесіне заңсыз орналастыру салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сот актілерін мемлекеттік бюджет есебінен орындау қағидаларына сәйкес орындалады.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.04.2018 № 191 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).Хабарлама үлгісі
________________________________________________________________
(қылмыстық процесті жүргізуші органның бланкісі)
Мүліктік зиянды өтеу тәртібін түсіндіру туралы ХАБАРЛАМА
Ескерту. Қағидалар қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 13.04.2018 № 191 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Күні _________ №________________
Адамның А.Ә.Т._____________________________________________________
Облыс______________________________________________________________
Қала_______________________________________________________________
Аудан______________________________________________________________
Мекенжайы, телефон_________________________________________________
Сізге Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 38-40-баптарына сәйкес қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-әрекеттерінің салдарынан келтірілген зиянды өтетуге құқылы екендігіңізді хабарлаймыз.
ҚПК 39-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарды ҚПК 4-тарауында көзделген тәртіппен осы хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде ұсынуға болатынын хабарлаймыз. Осы мерзім дәлелді себептермен өтіп кеткен жағдайда ол мүдделі адамдардың өтініші бойынша сотта қалпына келтірілуі мүмкін.
ҚПК 40-бабының 3-бөлігі негізінде Сіз ҚПК 39-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардың (ақтау үкімінің немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату, өзге де заңсыз шешімдердің күшін жою немесе өзгерту туралы қаулылардың көшірмелері) көшірмелерін алған кезде Сіздің үкім шығарған, қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы қабылдаған сотқа не адамның тұрғылықты жері бойынша сотқа не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату не өзге де заңсыз шешімдердің күшін жою немесе өзгерту туралы қаулы қабылдаған органның орналасқан жері бойынша мүліктік зиянды өтеу туралы өтініш беруге құқығыңыз бар.
Егер жоғары тұрған сот қылмыстық істі тоқтатса немесе үкімді өзгертсе, мүліктік зиянды өтеу туралы талап үкімді шығарған сотқа жіберіледі. Кәмелетке толмағанның атынан мүліктік зиянды өтеу туралы талапты оның заңды өкiлi беруге құқылы.
Қылмыстық процесті жүргізетін
органның лауазымды адамы ___________________________ А.Ә.Т.
(қолы)