"Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 34) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К.Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 17 қазандағы № 1108 қаулысымен бекітілген |
Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.02.2022 № 56 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – "Азаматтық қорғау туралы" Заң) 94-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою жөнінде шаралар қабылдау, нарыққа реттеушілік әсер ету, босқындарға көмек көрсету, гуманитарлық көмек көрсету, басқа мемлекеттік органдардың теңгеріміне беру үшін шығару жағдайларын қоспағанда, жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ағымдағы баға – сату объектісінің аукцион барысында қалыптасатын бағасы;
2) алғашқы баға – осы Қағидалардың 13-тармағына сәйкес айқындалатын сату объектісінің бағасы;
3) аукцион – электрондық форматта тізілімнің веб-порталын пайдалана отырып өткізілетін, қатысушылар өздерiнiң ұсыныстарын жария түрде мәлiмдейтiн сауда-саттық нысаны;
4) аукцион залы – аукционды өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін тізілім веб-порталының бөлімі;
5) аукцион нөмірі – электрондық цифрлық қолтаңба болған кезде қатысушыға аукционға қатысу үшін берілетін нөмір;
6) бағаны көтеру аукционы – бастапқы бағасы алдын ала жарияланған қадаммен арттырылатын аукцион әдiсi;
7) бағаны төмендету аукционы – бастапқы бағасы алдын ала жарияланған қадаммен төмендетiлетiн аукцион әдiсi;
8) бастапқы баға – сату объектісі бойынша аукцион немесе жабық тендер басталатын баға;
9) ең төменгі баға – сату объектісін одан төмен бағаға сатуға болмайтын баға;
10) жабық тендер – қатысушылардың шектеулi тобы қатысатын тендер;
11) жеңiмпаз – сату объектісі үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынған аукционға немесе жабық тендерге қатысушы;
12) кепілдік жарна – жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға аукционға немесе жабық тендерге қатысу үшін сату объектісінің бастапқы бағасының 15 %-ы мөлшерінде енгізетін, бірақ 30000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын ақша сомасы;
13) қатысушы – аукционға немесе жабық тендерге қатысу үшiн белгiленген тәртiппен тiркелген жеке немесе заңды тұлға;
14) материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервке салу (бұдан әрі – салу) – материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервте сақтау үшiн қабылдап алу;
15) мемлекеттік материалдық резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымы (бұдан әрі – ведомстволық бағынысты ұйым) – мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
16) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – атқарушылық және бақылау функцияларын, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервтің жүйесіне басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
17) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операция жүргізу жоспары (бұдан әрі – операция жүргізу жоспары) – мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды жеткізуді, сақтауды және шығаруды регламенттейтін құжат;
18) мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерi (бұдан әрі – сақтау пункттері) – мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сақтауды және сақтауға байланысты қызметтер көрсетудi шарт негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
19) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – бірыңғай оператор) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған, өзіне мемлекеттік мүлікті ұйымдастыру мен есепке алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыру бойынша міндеттер жүктелген заңды тұлға;
20) сату бағасы – аукцион немесе жабық тендер нәтижесінде белгіленген сату объектісінің түпкілікті бағасы;
21) сатушы – мемлекеттік материалдық резерв саласындағы өткізу функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі;
22) сатып алушы – сатып алу-сату шартын жасасқан аукцион немесе жабық тендер жеңiмпазы;
23) сауда-саттық – мүлікті сату түрі;
24) сатып алу-сату шартының идентификаторы – тізілімнің веб-порталы беретін сатып алу-сату шартының бiрегей нөмiрі;
25) сату объектісі – аукционға немесе жабық тендерге өткізуге қойылатын мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының бірлігі немесе олардың тобы;
26) тізілімнің веб-порталы – мемлекеттік мүлік тізілімінің (бұдан әрі – тізілім) сату объектілері туралы электрондық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;
27) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
28) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі.
3. Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару тізілімнің веб-порталында аукцион нысанындағы сауда-саттық жолымен операция жүргізу жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
Егер объектіні сату ұлттық қауіпсіздікке әсер етсе және отандық өндірісті дамытуды шетелдік ұйымдарға тәуелді етіп қойса, броньнан шығару тәртібімен материалдық құндылықтарды мемлекеттік материалдық резервтен шығару сату объектісін Қазақстан Республикасының аумағында дайын отандық өнімге дейін қайта өңдеу шартымен жабық тендер өткізу арқылы жүзеге асырылады.
Жабық тендер өткізу арқылы мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2-тарау. Аукционды, жабық тендерді өткізуге дайындық
4. Аукциондарды, жабық тендерлерді ұйымдастыру үшін сатушы мынадай құрамда комиссия құрады:
1) уәкілетті органның ведомство (бұдан әрі – ведомство) басшысы немесе оны алмастыратын адам (комиссия төрағасы);
2) ведомство басшысының орынбасары немесе оны алмастыратын адам;
3) ведомствоның мемлекеттік материалдық резервінің материалдық құндылықтарын шығару жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
4) ведомствоның мемлекеттік резервінің материалдық құндылықтарын есепке алуға және бақылауға жауапты ведомствоның құрылымдық бөлімшесінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
5) ведомствоның жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын есепке алуға және бақылауға жауапты ведомствоның құрылымдық бөлімшесінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
6) ведомствоның бухгалтерлік қызметінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
7) ведомствоның заң қызметінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
8) ведомстволық бағынысты ұйымның басшысы немесе басшысының орынбасары немесе оны алмастыратын адам;
9) ведомстволық бағынысты ұйымның технологиялық бөлімінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
10) ведомствоның мемлекеттік материалдық резервінің материалдық құндылықтарын шығару жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің жұмыскері (комиссия хатшысы).
5. Комиссия төрағасы комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.
6. Комиссияның ұйымдастыру қызметін комиссияның хатшысы қамтамасыз етеді. Комиссияның хатшысы комиссияның мүшесі болып табылмайды және комиссия шешімдер қабылдаған кезде дауыс бермейді.
7. Комиссияның отырыстары комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі және комиссияның қатысқан мүшелері, оның төрағасы, оның орынбасары және комиссияның хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Комиссия мүшесі болмаған жағдайда комиссия отырысының хаттамасында оның болмау себебі көрсетіледі.
8. Комиссия шешімдері қатысып отырған комиссия мүшелерінің жалпы санынан қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
9. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) өз жұмысының регламентiн әзiрлейдi, оны сатушының басшысы бекітеді;
2) сату объектілерін айқындайды;
3) сату объектісін аукционнан, жабық тендерден алып тастау туралы шешім қабылдайды.
10. Сатушының функциялары:
1) броньнан шығару тәртібімен шығарылатын жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарына бағалау жүргізуді қамтамасыз ету;
2) аукциондарды, жабық тендерлерді дайындауды және өткізуді жүзеге асыру;
3) аукциондарды ұйымдастыру және өткізу барысын бақылауды жүзеге асыру;
4) аукцион, жабық тендер жеңімпазымен сатып алу-сату шарттарын жасасу және оның орындалуын бақылау;
5) жабық тендерге қатысушылардың құжаттарын олардың талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарау және оларды сауда-саттыққа жіберу;
6) аукциондарды, жабық тендерлерді ұйымдастыруға және өткізуге қажет басқа да іс-шараларды жүргізу болып табылады.
11. Бірыңғай оператор тізілім веб-порталының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ аукционға, жабық тендерге қатысушылардың кепілдік жарналарын қабылдайды.
Бірыңғай оператор:
1) кепілдік жарнаны аударуға өтінімді тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдалана отырып сатушы қол қойған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде аукционда, жабық тендерде жеңген қатысушының кепілдік жарнасын республикалық бюджетке аударады;
2) кепілдік жарналарды қайтаруға өтініштерді тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдалана отырып қатысушылар қол қойған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде аукциондардың, жабық тендерлердің басқа қатысушыларына кепілдік жарнаны қайтарады.
12. Аукционды, жабық тендерді өткiзуге дайындық мынадай тәртiппен жүзеге асырылады:
1) сату объектісі айқындалады;
2) осы Қағидалардың 18-тармағына сәйкес сату объектісі бойынша қажеттi материалдарды жинау жүргiзiледi;
3) сату объектісінің алғашқы бағасы айқындалады;
4) әрбiр сату объектiсiнiң сатылу нысандары мен әдiсi айқындалады;
5) аукциондарды, жабық тендерлерді өткізу мерзiмі белгiленедi;
6) аукционды, жабық тендерді өткiзу туралы хабарлама жарияланады;
7) кепiлдiк жарналар қабылданады;
8) қатысушыларды тiркеу жүргiзiледi.
13. Сату объектісінің алғашқы бағасы сату объектісінің теңгерімдік құны немесе ол жүргізілген жағдайда бағалау негізінде айқындалады.
14. Броньнан шығару тәртібімен шығарылатын жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтары Қазақстан Республикасының бағалау қызметі саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен бағалауға жатады.
15. Сату объектісі операция жүргізу жоспары қабылданған немесе объект операция жүргізу жоспарына енгізілген сәттен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде бірінші аукционға, жабық тендерге шығарылады.
Аукцион, жабық тендер өтпеген деп танылған жағдайда әрбір келесі аукцион, жабық тендер сату объектісі сатылғанға немесе оны аукционнан, жабық тендерден алып тастағанға дейін әрбір күнтізбелік 20 (жиырма) күн сайын жүзеге асырылады.
16. Сатушы аукцион, жабық тендер өткiзiлетiнi туралы хабарламаны ол өткiзiлгенге дейiн кемiнде күнтізбелік 15 (он бес) күн бұрын тізілімнің веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.
17. Аукцион, жабық тендер өткізу туралы хабарламада мынадай мәліметтер қамтылады:
1) аукционның, жабық тендердің өткiзiлетiн күнi және уақыты;
2) аукционның, жабық тендердің нысаны мен әдiсi;
3) сату объектісінің атауы, көлемі, алғашқы бағасы қамтылған сату объектісі туралы мәліметтер;
4) сату объектісінің бастапқы және ең төменгі (бағаны төмендету аукционы өткiзiлген кезде) бағалары;
5) кепілдік жарнаның мөлшері мен оны аудару үшін банк деректемелері;
6) өтiнiмдердi қабылдау мерзімі;
7) аукционды, жабық тендерді өткiзу тәртібі, оның ішінде аукционға, жабық тендерге қатысуды ресімдеу, аукцион, жабық тендер жеңімпазын анықтау шарттары туралы;
8) сатушының телефоны мен орналасқан жерi;
9) сату объектісі туралы қосымша ақпарат, оның ішінде сату объектісін шығару мерзімі және орналасқан жері, қосылған құн салығының есебі.
18. Аукцион, жабық тендер өткізу туралы хабарлама жарияланғанға дейiн сатушы тізілімнің веб-порталына әрбір объект бойынша мынадай құжаттардың:
1) материалдық құндылықтардың құнын бағалау туралы есептің (бар болса);
2) материалдық құндылықтардың жай-күйі туралы түсінікті қамтамасыз ететін материалдық құндылықтардың кемінде 3 дана фотосуретінің;
3) сәйкестікті растау саласындағы құжаттың (бар болса);
4) сатып алу-сату шарты жобасының электрондық көшiрмелерінің енгізілуін қамтамасыз етеді.
Хабарлама жарияланғаннан кейiн сатушы тізілімнің веб-порталы арқылы барлық қалаушылардың сату объектісі туралы ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
19. Аукционға, жабық тендерге қатысу үшін кепілдік жарна бірыңғай оператордың деректемелеріне енгізіледі.
Кепілдік жарнаны қатысушы не қатысушының атынан кез келген жеке немесе заңды тұлға енгізеді.
Кепілдік жарнаны енгізу кезінде төлем мақсатына қатысушының жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН) немесе бизнес сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – БСН) көрсетіледі.
20. Қатысушыларға кепiлдiк жарнаның кез келген санын енгiзуге жол беріледі.
21. Аукционда, жабық тендерде жеңген және сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушының кепiлдiк жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша тиесілі төлемдер есебіне жатқызылады.
Егер кепілдік жарнаның сомасы сату бағасынан артық болса, онда бірыңғай оператор тізілімнің веб-порталында сатушы мен сатып алушы сатып алу-сату шартын жасасқан күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жеңімпазға айырмасын қайтарады.
22. Кепiлдiк жарна:
1) жеңiмпазға – сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға не сатып алу-сату шартына қол қоймаған жағдайда;
2) сатып алушыға – сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда қайтарылмайды.
Қалған барлық жағдайда кепілдік жарналар аукционға, жабық тендерге қатысушы жеке немесе заңды тұлға тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдалана отырып қол қойған жарнаны қайтару туралы өтініште көрсетілген деректемелерге қайтарылады.
23. Аукционға, жабық тендерге қатысушыларды тіркеу хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және аукцион, жабық тендер басталғанға дейін 5 (бес) минут бұрын аяқталады, олар өткен соң қатысушылар берген өтінімдерін кері қайтара алмайды.
24. Аукционға, жабық тендерге қатысу үшін мыналарды:
1) жеке тұлғалар үшін: ЖСН, тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);
2) заңды тұлғалар үшін: БСН, толық атауын, бірінші басшының тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);
3) кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейдегі банктегі есеп айырысу шотының деректемелерін;
4) байланыс деректерін (пошта мекенжайы, телефоны, факс, е-mail) көрсете отырып, тізілімнің веб-порталында алдын ала тіркеу қажет.
Жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген кезде қатысушы аукционға, жабық тендерге қатысуға өтінімді тіркегенге дейін тізілімнің веб-порталына енгізілген деректерді өзгертеді.
25. Аукционға, жабық тендерге қатысушы ретінде тіркелу үшін осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қатысушының ЭЦҚ қойылған аукционға, жабық тендерге қатысуға өтінімді (бұдан әрі – өтінім) тізілімнің веб-порталында тіркеу қажет.
Жабық тендерге қатысушылар сауда-саттық шартымен келісуді қамтитын өтінімді және сауда-саттықты өткізу туралы хабарламада көрсетілген қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың электрондық (сканерленген) көшірмелерін қоса бере отырып, тізілімнің арнайы бөлінген веб-парақшасында электрондық конвертке жүктелетін баға ұсынысын тіркейді.
26. Сатушыға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, аукционды, жабық тендерді дайындау және оны өткізудің бүкіл кезеңінің ішінде аукционға, жабық тендерге қатысушыларға қатысы бар ақпаратты жариялауға жол берілмейді.
27. Өтінім тіркелгеннен кейін тізілімнің веб-порталы 3 (үш) минут ішінде өтінім берілген сату объектісі бойынша кепілдік жарнаның түсуі туралы мәліметтердің тізілімнің дерекқорында болуы тұрғысынан автоматты түрде тексеру жүргізіледі.
Қатысушының осы Қағидалардың 24 және 25-тармақтарында көрсетілген талаптарды сақтамауы, сондай-ақ бірыңғай оператордың есеп айырысу шотына аукционды, жабық тендерді өткізу туралы хабарламада көрсетілген кепілдік жарнаның аукцион, жабық тендер басталғанға дейін 5 (бес) минут бұрын түспеуі тізілім веб-порталының өтінімді қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылады.
Тізілімнің дерекқорында бірыңғай оператордың есеп айырысу шотына кепілдік жарнаның түскені туралы мәліметтер болған жағдайда тізілімнің веб-порталы өтінімді қабылдау және сату объектісі бойынша аукцион, жабық тендер нәтижелері айқындалғанға дейін кепілдік жарна сомасын бұғаттауды жүзеге асырады, сондай-ақ қатысушыларды аукционға, жабық тендерге жібереді. Тізілімнің дерекқорында бірыңғай оператордың есеп айырысу шотына кепілдік жарнаның түскені туралы мәлімет болмаған жағдайда тізілімнің веб-порталы қатысушының өтінімін кері қайтарады.
Тізілімнің веб-порталы автоматты тексеру нәтижелері бойынша тізілімнің веб-порталында көрсетілген қатысушының электрондық мекенжайына өтінімді қабылдау не өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы электрондық хабарлама жібереді.
28. Аукцион, жабық тендер өткізілгенге дейін қатысушы материалдық құндылықтардың сапалық жай-күйі мен техникалық регламент талаптарына және стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкестігі бойынша сараптама жүргізе алады. Мұндай сараптаманы жүргізуге байланысты шығыстар қатысушыға жүктеледі.
Сараптамаға арналған материалдық құндылықтардың көлемін сәйкестікті растау жөніндегі аккредиттелген заңды тұлға айқындайды.
Сараптама жүргізу үшін қатысушы:
1) сатушыға сынама алу үшін сараптама жүргізуге қажетті материалдық құндылықтардың атауы және орналасқан жері қамтылған хатты;
2) материалдық құндылықтардың техникалық регламенттерде немесе стандарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін растау бойынша рәсімдерді жүргізу үшін материалдық құндылықтардың қажетті мөлшерін ұсыну туралы сәйкестікті растау жөніндегі аккредиттелген заңды тұлғаның хатын;
3) сараптамаға арналған материалдық құндылықтардың көлемі үшін ақы төленгені туралы төлем тапсырмасының түпнұсқасын немесе нотариалды түрде расталған көшiрмесiн ұсынады.
Сараптамаға арналған материалдық құндылықтардың көлемі үшін ақы сату объектісінің алғашқы бағасына қарай есептеледі және республикалық бюджетке енгізіледі.
Сараптамаға арналған материалдық құндылықтардың көлемі үшін төлем алынғаннан кейін сатушы мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруға наряд жазып береді.
Наряд негізінде қатысушы сараптама жүргізу үшін материалдық құндылықтарды алады.
Материалдық құндылықтардың сапалық жай-күйі мен техникалық регламент және стандарттау жөніндегі құжаттарда қауіпсіздікке қойылатын талаптарға сәйкестікті бағалау бойынша сараптама Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
29. Тізілімнің веб-порталы аукционды өткізу басталғанға дейін кемінде 5 (бес) минут бұрын электрондық өтінімді кері қайтарған қатысушының аукцион нөмірін жояды.
30. Сату объектісін аукционнан, жабық тендерден алып тастау үшін:
1) сату объектісін немесе оның бөлігін "Азаматтық қорғау туралы" Заңның 90-бабында көзделген мақсаттарда пайдалану;
2) осы Қағидалардың 28-тармағына сәйкес сату объектісінің немесе оның бөлігінің сапалық жай-күйі мен техникалық регламент талаптарына және стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкестігі бойынша сараптама жүргізу;
3) сату объектісіне немесе оның бөлігіне қатысты операция жүргізу жоспарының өзгеруі;
4) сату объектісінің немесе оның бөлігінің Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеуі;
5) сату объектісінің немесе оның бөлігінің жетіспеушілігін анықтау;
6) сату объектісінің немесе оның бөлігінің жойылуы немесе бұзылуы негіз болып табылады.
Сату объектісін аукционнан, жабық тендерден алып тастау аукцион, жабық тендер басталарға дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын тізілімнің веб-порталында жүзеге асырылады.
3-тарау. Аукцион өткiзу
31. Аукцион сауда-саттықтың екі әдісімен өткізіледі: бағаны көтеру немесе бағаны төмендету.
Бағаны көтеру аукционын өткiзу кезiнде сату объектісінің бастапқы бағасы сату объектісінің алғашқы бағасына тең болады.
Бағаны төмендету аукционын өткiзген жағдайда бастапқы баға алғашқы бағаны 3-ке (үш) тең жоғарылатушы коэффициентке көбейту жолымен айқындалады.
32. Сату объектісі бірінші сауда-саттыққа аукционға бағаны көтеру әдісі қолданыла отырып шығарылады.
Сату объектісі екінші сауда-саттыққа аукционға бағаны төмендету әдiсi қолданыла отырып, алғашқы бағаның елу пайызы мөлшеріндегі ең төмен баға белгіленіп шығарылады.
Сату объектісі үшінші және кейінгі сауда-саттыққа аукционға бағаны төмендету әдiсi қолданыла отырып, ең төмен баға белгіленбей шығарылады.
33. Аукционға жіберілген қатысушыға тізілімнің веб-порталы беретін аукцион нөмірі бойынша аукцион залына кіруге рұқсат беріледі.
Аукционға қатысушылар аукцион басталғанға дейін бір сағат ішінде аукцион залына ЭЦҚ мен аукцион нөмірін пайдалана отырып кіреді. Аукцион сату объектісінің бастапқы құнын аукцион залында автоматты түрде орналастыру жолымен аукционды өткізу туралы хабарламада көрсетілген Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша басталады.
34. Аукцион залында аукцион Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбі мен жұма аралығында өтеді. Аукцион Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден бастап сағат 17:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі, бұл ретте аукцион Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-ден кешіктірмей басталады.
35. Егер бағаны көтеру аукционы аяқталатын сәтте сағат 17:00-де аукцион жеңімпазы айқындалмаса, онда сату объектісін сатып алуға өзінің ниетін растаған соңғы қатысушы жеңімпаз деп танылады және осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілді деп танылады.
Егер бағаны төмендету аукционы аяқталатын сәтте сағат 17:00-де аукцион жеңімпазы айқындалмаса, онда осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілмеді деп танылады.
36. Егер аукцион басталған сәтте сату объектісі бойынша аукцион залында қатысушы болмаса, осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілмеді деп танылады.
37. Бағаны өзгерту қадамы былайша белгіленеді:
1) сату объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 20000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезінде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 10 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгiленедi;
2) сату объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 20000 еселенгеннен бастап 50000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезінде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 7 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгiленедi;
3) сату объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 50000 еселенгеннен бастап 100000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезде өзгерту қадамы 5 пайыз мөлшерінде белгiленедi;
4) сату объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 100000 еселенгеннен бастап 250000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 2,5 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді;
5) сату объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 250000 еселенгеннен бастап 500000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 1 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді;
6) сату объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 500000 еселенген мөлшерінде және одан жоғары болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 0,5 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді.
38. Аукцион төменде көрсетілген екі әдістің бірі бойынша жүргізіледі.
39. Бағаны көтеру аукционы:
1) егер аукцион залында аукцион басталған сәттен бастап 20 (жиырма) минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі осы Қағидалардың 37-тармағына сәйкес белгіленген қадамға бастапқы бағаны арттыру жолымен сату объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, онда осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілмеді деп танылады;
2) егер аукцион залында аукцион басталған сәттен бастап 20 (жиырма) минут ішінде қатысушылардың бірі осы Қағидалардың 37-тармағына сәйкес белгіленген қадамға бастапқы бағаны арттыру жолымен сату объектісін сатып алу ниетін растайтын болса, онда бастапқы баға белгіленген қадамға артады;
3) егер бастапқы немесе ағымдағы баға артқаннан кейін 20 (жиырма) минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі ағымдағы құнды арттыру жолымен сату объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, онда сату объектісін сатып алу ниетін соңғы растаған қатысушы жеңімпаз болып танылады және осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілді деп танылады.
Сату объектісі бойынша бағаны көтеру аукционы қатысушылардың бірі ұсынған ең жоғары бағаға дейін жүргізіледі.
40. Бағаны төмендету аукционы:
1) егер аукцион басталған кезден бастап 2 (екі) минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі аукционда сату объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, онда сату объектісінің бастапқы бағасы осы Қағидалардың 37-тармағына сәйкес белгіленген қадамға азаяды;
2) егер баға азайғаннан кейін 2 (екі) минут ішінде қатысушылардың бірде-біреуі сату объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, онда сату объектісінің соңғы жарияланған бағасы белгіленген қадаммен азаяды.
Жарияланған баға бойынша сату объектісін сатып алу ниетін бірінші болып растаған қатысушы бағаны төмендету аукционының жеңімпазы болып танылады және осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілді деп танылады;
3) егер сату объектісінің бағасы белгіленген ең төменгі мөлшерге жетсе және қатысушылардың бірде-бірі сату объектісін сатып алу ниетін растамаса, онда аукцион өткізілмеді деп танылады.
41. Осы Қағидалардың 35-тармағының екінші бөлігінде, 36-тармағында, 39-тармағының 1) тармақшасында және 40-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жағдайларда сатушы тізілімнің веб-порталында қалыптастыратын аукционның өткізілмегені туралы актіге қол қояды.
42. Әрбір сатылған сату объектісі бойынша аукцион нәтижелері сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамамен ресімделеді, оған сатушы және жеңімпаз ЭЦҚ пайдалана отырып, аукцион өткiзiлген күнi тізілімнің веб-порталында қол қояды.
43. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама аукцион нәтижелерін және жеңімпаз бен сатушының сату бағасы бойынша сатып алу-сату шартына қол қою міндеттемесін белгілейтін құжат болып табылады.
44. Аукцион барысында аукционға қатысуға кедергі болатын техникалық ақаулар туындаған кезде қатысушыға:
1) тізілім веб-порталымен орнықты байланыс жоғалған кезден бастап 30 секунд ішінде аукционға қатысушының мониторында бірыңғай оператордың байланыс деректері бар электрондық хабарламаны шығару жолымен хабарлайды;
2) бұл туралы бірыңғай оператордың байланыс деректері бойынша телефон немесе электрондық хабарлама арқылы дереу хабарлайды.
45. Бірыңғай оператор техникалық ақаулықтар фактісін тіркейді және олар тізілім веб-порталы тарапынан болған кезде ақпаратты тізілім веб-порталында орналастыру жолымен аукционға қатысушылардың барлығын хабардар етеді.
46. Қатысушының компьютерлік және/немесе телекоммуникация жабдығының техникалық ақаулары болғанда аукцион жалғаса береді.
47. Аукционды жүргізуге немесе аукционды жүргізу рәсіміне кедергі болатын осы Қағидалардың 44-тармағында көрсетілген тізілім веб-порталының техникалық ақаулар фактісі болған жағдайда бірыңғай оператор бұл туралы сатушыға жазбаша түрде хабарлайды және аукционды техникалық ақау жойылған күннен кейін келесі жұмыс күніне ауыстырады және осы аукционның жалғасатын күні мен уақыты туралы ақпаратты тізілімнің веб-порталында орналастыру және тізілімнің веб-порталында көрсетілген қатысушының электрондық мекенжайына электрондық хабарлама жіберу арқылы аукционға қатысқан қатысушыларды алдын ала міндетті түрде хабардар етеді.
4-тарау. Жабық тендер өткізу
48. Сатушы операция жасау жоспары бекітілгеннен кейін 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасын және сақтау көлемдерін әзірлеуге қатысқан мүдделі мемлекеттік органдарға (бұдан әрі – мүдделі мемлекеттік органдар) номенклатура өзгерген кезде броньнан шығарылған материалдық құндылықтардың тізбесін жолдайды.
49. Мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, күнтізбелік 15 (он бес) күннен аспайтын мерзімде осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген ереженің негізінде жабық тендер өткізу қажеттігі туралы негізделген қорытынды жібереді.
Қорытындыны алғаннан кейін уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару кезінде сату объектісін жабық тендерге қою туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді.
50. Қазақстан Республикасының Үкіметі сату объектісін жабық тендерге қою туралы шешім қабылдағаннан кейін сатушы мүдделі мемлекеттік органдарға әлеуетті қатысушылардың (сатып алушылардың) тізбесін ұсыну туралы сұрау салу жібереді.
Мүдделі мемлекеттік органдар 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде сатушыға сату объектісіне қатысты "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыруға рұқсаты (хабарламасы) бар әлеуетті қатысушылардың (сатып алушылардың) тізбесін ұсынады.
Әлеуетті қатысушылардың (сатып алушылардың) ұсынылған тізбесі негізінде сатушы тізілімнің веб-порталы арқылы жабық тендерге қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын барлық шарттарымен және талаптармен жабық тендерге қатысуға шақыру жібереді.
51. Сату объектісін жабық тендерге қойған кезде сату объектісінің бастапқы бағасы Қазақстан Республикасының бағалау қызметі саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен сату объектісін бағалау негізінде айқындалады.
52. Сату объектісі алғашқы сауда-саттыққа бағаны көтеру әдісін қолданып, жабық тендерге шығарылады.
53. Жабық тендер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбі-жұма аралығында тізілімнің веб-порталында өтеді. Жабық тендер Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден 13:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі.
54. Сату объектісі екінші және кейінгі сауда-саттыққа жабық тендерге бағаны төмендету әдiсi қолданыла отырып, алғашқы бағаның елу пайызы мөлшеріндегі ең төмен баға белгіленіп шығарылады.
55. Қатысушы жабық тендердің барлық шарттарын орындаған және талаптарға сәйкес келген жағдайда, сату объектісі жалғыз қатысушыға ол жабық тендердегі бірінші сауда-саттықта бастапқы бағадан кем болмайтын баға ұсынған кезде сатылуы мүмкін.
Қатысушы жабық тендердің барлық шарттарын орындаған және талаптарға сәйкес келген жағдайда сату объектісі жалғыз қатысушыға жабық тендердегі бірінші және кейінгі сауда-саттықтарда сатылуы мүмкін.
Егер жабық тендер өтпеді деп жарияланса, сатушы тізілімнің веб-порталында қалыптастырылатын тендердің өткізілмегені туралы актіге қол қояды.
56. Жабық тендерге қатысуға өтінімдерді ашу сауда-саттықты өткізу туралы хабарламада көрсетілген күн мен уақыт келгенде тізілімнің веб-порталы арқылы автоматты түрде жүргізіледі.
57. Жабық тендерге қатысуға өтінімдерді сатушы қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын, жабық тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген талаптарға сәйкес келетін қатысушыларды айқындау мақсатында тізілімнің веб-порталында қарайды.
Ескерту. 57-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.07.2023 № 623 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.58. Сату объектiсi үшiн ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңiмпаз деп танылады. Егер жабық тендерде екi және одан көп қатысушының ұсынысы бірдей ең жоғары бағаны қамтитын болса, онда осы қатысушылардың арасында қатысушылардың басқа өтінімдерінен өтінімі бұрын қабылданған қатысушы жабық тендердің жеңімпазы болып танылады.
59. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамада:
1) себебі көрсетіліп, қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын талаптарға сай келмейтін қатысушылардың тізімі;
2) жабық тендерге қатысушылардың баға ұсыныстарын тізілімнің веб-порталы автоматты түрде салыстыратын, қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын талаптарға сай келетін қатысушылардың тізімі;
3) сату объектісі үшін ең жоғары баға ұсынған жеңімпаз көрсетіледі.
Ескерту. 59-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.07.2023 № 623 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.60. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттаманы тізілімнің веб-порталы қалыптастырады, оған жабық тендер өткізілген күні сатушы мен жабық тендердің жеңімпазы ЭЦҚ пайдалана отырып қол қояды.
Ескерту. 60-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.07.2023 № 623 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.61. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама жабық тендердің нәтижелерін және жеңімпаз бен сатушының сату объектісін сатып алу-сату шартына қол қою міндеттемелерін тіркейтін құжат болып табылады.
5-тарау. Сатып алу-сату шарты
62. Сатып алу-сату шарты тізілімнің веб-порталында электрондық форматта жасалады және сатушы мен сатып алушы ЭЦҚ пайдалана отырып, сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қойған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күннен аспайтын мерзімде қол қояды. Шартта оны жасасудың негiзi ретiнде сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға сiлтеме көрсетіледі.
Сатушы сатып алушыға сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қойған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күннен аспайтын мерзімде сатып алу-сату шартының жобасын қол қоюға ұсынады.
63. Жеңімпаз сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға не сатып алу-сату шартына белгіленген мерзімде қол қоймаған жағдайда сатушы ЭЦҚ пайдалана отырып, тізілімнің веб-порталында қалыптастырылатын сауда-саттық нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қояды және бұл сату объектісі күшін жойған аукцион, жабық тендер шарттарымен аукционға, жабық тендерге қайтадан шығарылады.
64. Аукционда, жабық тендерде жеңген тұлға сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоймаған кезде өзі енгізген кепілдік жарнасын жоғалтады және сатушыға нақты келтірілген залалды өтейді.
65. Кепілдік жарна алына отырып, сатып алу-сату шарты бойынша сату бағасын сатып алушы сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде бірыңғай оператордың есеп айырысу шотына енгізеді, бұл ретте төлем мақсатында сатып алушы сатып алу-сату шартының идентификаторын көрсетеді.
66. Төлемнiң мерзiмi өткен жағдайда сатушының шартты бiржақты тәртiппен бұзуына және сатып алушыдан iс жүзiндегi зиянды және тұрақсыздық айыбын өтеуді талап етуіне жол беріледі.
Бұл жағдайда сату объектісі күшін жойған аукцион, жабық тендер шарттарымен қайта өтетін аукционға, жабық тендерге қайтадан шығарылады.
67. Материалдық құндылықтарды беру сатып алу-сату шарты бойынша сату бағасы толық төленген жағдайда жүргізіледі.
68. Ведомстволық бағынысты ұйымнан немесе сақтау пунктінен материалдық құндылықтарды беру уәкілетті орган бекіткен тәртіппен жазылатын наряд негізінде жүзеге асырылады.
69. Материалдық құндылықтарды беру қабылдау-беру актiсi бойынша ресімделеді.
Қабылдау-беру актісіне сатушы және ведомстволық бағынысты ұйымның немесе сақтау пунктінің басшысы, бас бухгалтері, материалдық жауапты адамы қол қояды.
Ведомстволық бағынысты ұйым немесе сақтау пункті мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығарған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей қабылдау-беру актісін сатушыға жібереді.
Қабылдау-беру актісіне қол қою туралы мәліметтерді сатушы қабылдау-беру актісінің түпнұсқасын сатушы алған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тізілімнің веб-порталына енгізеді.
70. Қол қойылған қабылдау-беру актісі туралы мәліметтерді сатушы тізілімнің веб-порталына енгізген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде бірыңғай оператор сату бағасын республикалық бюджеттің кірісіне аударады.
71. Сатып алушы қабылдау-беру актісіне қол қоймаған жағдайда сатушы тізілімнің веб-порталында қалыптастырылатын сауда-саттық нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қояды және осы сату объектісі аукционға, жабық тендерге қайта шығарылады.
72. Сатушы мен сатып алушы көрсетілген шарт бойынша қабылдаған міндеттемелерін толық және тиісінше орындаған жағдайда сатып алу-сату шарты орындалды деп саналады.
Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидаларына қосымша |
Нысан
Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару бойынша аукционға, жабық тендерге қатысуға өтінім
1. Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару бойынша аукцион, жабық тендер өткізу туралы жарияланған хабарламаны қарап және Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) танысып,
_______________________________________________________________________
(жеке тұлғаның тегі, аты әкесінің аты (бар болса) немесе заңды тұлғаның атауы және заңды тұлға басшысының немесе сенімхат негізінде әрекет ететін өкілінің тегі, аты әкесінің аты (бар болса)
20__ жылғы "___" ___________ мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында болатын аукционға, жабық тендерге қатысуды қалайды.
2. Мен (біз) аукционға, жабық тендерге қатысу үшін сату объектісі бойынша аукцион, жабық тендер нәтижелері айқындалғанға дейін тізілімнің веб-порталы бұғаттайтын кепілдік жарнаны енгіздім (енгіздік):
Р/с | Сату объектісінің атауы | Сату объектісі үшін кепілдік жарнаның сомасы, теңге |
1. | ||
2. | ||
Жиыны |
3. Қатысушыға қойылатын талаптарға менің (біздің) сәйкес келмегенім (келмегеніміз) анықталған жағдайда мен (біз) аукционға, жабық тендерге қатысу құқығынан айырылатыныммен (айырылатынымызбен), мен (біз) қол қойған сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама және сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылатынымен келісемін (келісеміз).
4. Мен (біз) аукцион, жабық тендер жеңімпаз(дар)ы болып танылған жағдайда өзіме (өзімізге) сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға ол өткізілген күні қол қоюға және ол өткізілген күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күннен аспайтын мерзімде сатып алу-сату шартына қол қоюға міндеттеме аламын(з).
5. Мынадай:
1) сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға ол өткізілетін күні қол қоймаған;
2) сатып алу-сату шартына белгіленген мерзімде қол қоймаған;
3) сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелерді мен (біз) орындамаған және/немесе тиісінше орындамаған жағдайларда мен (біз) енгізген кепілдік жарна сомасының қайтарылмайтынына және мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор оны республикалық бюджет кірісіне жіберетініне келісемін (келісеміз).
6. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамамен бірге осы өтінімнің сатып алу-сату шарты жасалғанға дейін қолданылатын шарт күші бар.
7. Өзім(із) туралы мынадай мәліметтерді ұсынамын(ыз):
Заңды тұлға үшін:
Атауы ________________________________________________________
БСН __________________________________________________________
Басшының тегі, аты әкесінің аты (бар болса) ________________________
Мекенжайы: ___________________________________________________
Телефон (факс) нөмірі: __________________________________________
Кепілдік жарнаны қайтару үшін банк деректемелері:
ЖСК _________________________________________________________
БСК __________________________________________________________
Банктің атауы __________________________________________________
Кбе ___________________________________________________________
Кепілдік жарнаны төлеген тұлғаның ЖСН/БСН______________________
Жеке тұлға үшін:
Тегі, аты әкесінің аты (бар болса) _________________________________
ЖСН _________________________________________________________
Паспорт деректері ______________________________________________
Мекенжайы: ___________________________________________________
Телефон (факс) нөмірі:___________________________________________
Кепілдік жарнаны қайтару үшін банк деректемелері:
ЖСК _________________________________________________________
БСК __________________________________________________________
Банктің атауы __________________________________________________
Кбе ___________________________________________________________
Кепілдік жарнаны төлеген тұлғаның ЖСН/БСН _____________________
Өтінім берушінің ЭЦҚ деректері;
Өтінім берушінің ЭЦҚ қол қойған күні және уақыты.
Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында 20__ж. "__" ____ ____ сағат ____ минутта қабылданды.
Қатысушының аукциондық нөмірі _____________________.