Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 18.08.2022 № 571 қаулысымен.
"Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңы 24-1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жолаушыларға және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарға, олардың алып жүретін заттарына, оның ішінде қол жүгі мен багажына тексеріп қарауды жүргізу қағидалары мен оған қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрi | К. Мәсімов |
|
Жолаушыларға және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарға, олардың алып жүретін заттарына, оның ішінде қол жүгі мен багажына тексеріп қарауды жүргізу қағидалары мен оған қойылатын талаптар
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жолаушыларға және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарға, олардың алып жүретін заттарына, оның ішінде қол жүгі мен багажына тексеріп қарауды жүргізу қағидалары мен оған қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Заңының 24-1-бабына сәйкес әзірленді.
Қағидалар оларға қатысты тексеріп қарау жүргізілмейтін адамдардың Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тізбесін қоспағанда, жолаушыларға және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарға (бұдан әрі – келушілер), олардың алып жүретін заттарына, оның ішінде қол жүгі мен багажына тексеріп қарауды жүргізу тәртібі мен талаптарын айқындайды.
Осы Қағидалар жолаушыларға және азаматтық авиация саласындағы көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарға, олардың алып жүретін заттарына, оның ішінде қол жүгі мен багажына тексеріп қарауды жүргізуге қолданылмайды, оны жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы заңнамасымен реттеледі.
Тексеріп қараудың мақсаты көлік инфрақұрылымы объектілерінің, жолаушылар мен келушілердің терроризмге қарсы қорғалуын және олардың қауіпсіздігінің тиісті деңгейінің сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
Жолаушыларды және келушілерді, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарау Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдардың тізбесінде белгіленген заттар мен құралдарды заңсыз алып өтуін болғызбау үшін жүзеге асырылады.
Тексеріп қарау деп тексеру, оның ішінде көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдарды сәйкестендіру және/немесе табу мақсатында техникалық немесе басқа да құралдарды қолдану жолымен тексеру түсініледі.
2. Тексеріп қарауды көлік қызметі субъектісінің қызметкерлері не күзет қызметтерін көрсету жөнінде шарт жасасқан кезде күзет қызметі субъектісінің қызметкерлері жүргізеді.
3. Жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарауды ұйымдастыру көлік қызметі субъектілеріне жүктеледі.
4. Тексеріп қарау жүргізілетін көлік инфрақұрылымы объектілерінің тізбелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
5. Жолаушылар мен келушілер, олардың алып жүретін заттары, оның ішінде қол жүгі мен багажы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 611 Жарлығымен (бұдан әрі – Жарлық) бекітілген Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі қағидаларында белгіленген қатер деңгейіне байланысты тексеріп қарауға жатады.
Дипломатиялық почта тексеріп қарауға жатпайды. Дипломатиялық почтаны құрайтын барлық орындарда олардың сипаттамаларын көрсететін көрнекті сыртқы белгілері болуы тиіс.
6. Жарлықтың 4-тарауына сәйкес Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында немесе өңірлері мен елді мекендерінің аумақтарында террористік қауіптіліктің мынадай деңгейлері:
бірқалыпты ("сары") – терроризм актісі (актілері) жасалуының нақты мүмкіндігі туралы растауды талап ететін ақпарат болған кезде;
жоғары ("қызғылт сары") – терроризм актісі (актілері) жасалуының нақты мүмкіндігі туралы расталған ақпарат болған кезде;
шекті ("қызыл") – жасалған терроризм актісі туралы ақпарат, сондай-ақ терроризм актісін (актілерін) қайталап жасау немесе террористік тұрғыдан осал объектілерге бір мезгілде террористік шабуылдар жасау мүмкіндігі туралы расталған ақпарат болған кезде белгіленуі мүмкін.
7. Көлік инфрақұрылымы объектісінде тексеріп қарауды ұйымдастырудың жай-күйі туралы мәліметтер таралуы шектеулі қызметтік ақпарат болып табылады.
2. Тексеріп қарауды жүргізу тәртібі
8. Террористік қауіптіліктің қандай да бір қауіп деңгейі жарияланбағанда не қауіптің бірқалыпты ("сары") деңгейі жарияланған жағдайда жолаушыларды және келушілерді, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын ішінара тексеріп қарау жүргізіледі.
Ішінара тексеріп қарау қағидаты тексеріп қарау техникалық құралдарымен инфрақұрылым объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдардың болу мүмкіндігінің контурлары және өзге де белгілерінің табылуына қарамастан көлік инфрақұрылымы объектілерінде тексеріп қарау пункті қызметкерлерінің күдігін тудыратын жолаушылар мен келушілерге, олардың алып жүретін заттарына, оның ішінде қол жүгі мен багажына қолданылады.
Тексеріп қарау пункті деп осы Қағидаларда жолаушыларды және келушілерді, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарауды жүргізу үшін арнаулы жабдықталған орындар түсініледі.
9. Қауіптің жоғары ("қызғылт сары") және шекті ("қызыл") деңгейі жарияланған кезде барлық жолаушылар мен келушілер, олардың алып жүретін заттары, оның ішінде қол жүгі мен багажы тексеріп қарауға жатады.
10. Тексеріп қарауды жүргізетін адамдар жолаушылар мен келушілерге қатысты ілтипатты және сыпайы болуға және олардың ар-намысына тиетін іс-қимылдарға жол бермеуге міндетті.
11. Мүгедектігі бар жолаушылар мен келушілерді тексеріп қарау кезектен тыс жүргізіледі.
12. Көлік қызметі субъектісі қызметкерлерінің не күзет қызметі субъектісі қызметкерлерінің (бұдан әрі – тексеріп қарау қызметкерлері) функциялары тексеріп қарау пунктінде мынадай тәртіппен бөлінеді:
1) № 1 тексеріп қарау қызметкері жолаушылар мен келушілердің жеке басын куәландыратын құжаттарды тексереді (қауіптің жоғары ("қызғылт сары") және шекті ("қызыл") деңгейі жарияланған кезде); жолаушылар мен келушілерді олардың тексеріп қарау пунктінде жиналып қалуын болдырмайтын тәртіппен тексеріп қарауға жібереді; тасымалдауға тыйым салынатын заттар мен құралдарды көрсетуді ұсынады; жолаушылар мен келушілерді стационарлық металл іздегіш (металл детектор) арқылы өту үшін жібереді; өзінде бар металл құралдарды, электрондық немесе электр құрылғыларын, фото-, киноаппаратураны алып шығуды ұсынады; рентгендік-телевизиялық құрылғының конвейерінде алып жүретін қол жүгін, багажды және өзге де құралдарды орналастыруды ұсынады, ондағы заттардың дұрыс орналастырылуын қарайды, конвейердің тиелуін реттейді, № 2 тексеріп қарау қызметкерін рентгендік-телевизиялық құрылғының конвейерін тоқтату қажеттілігі туралы хабардар етеді; қажет болған кезде жолаушыларды жеке тексеріп қарауға қатысады;
2) № 2 тексеріп қарау қызметкері рентгендік-телевизиялық құрылғының көлеңкелі суреті бойынша багаждың ішіндегісін анықтайды, қажет болған кезде қол жүгі мен багажды қолмен тексеріп қарау туралы шешім қабылдайды;
3) № 3 тексеріп қарау қызметкері № 2 тексеріп қарау қызметкерінің шешіміне сәйкес жолаушының не келушінің қатысуымен қол жүгі мен багажын қолмен тексеріп қарауды жүргізеді, оны жүргізген кезде жарылғыш заттарды, қаруды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне алып кіруге тыйым салынған басқа заттар мен құралдарды алып өтуі үшін пайдаланылуы мүмкін термостар, радио- және телеаппаратура, алып жүретін компьютерлер, радиотелефондар, көлемі үлкен ойыншықтар, қолшатырлар, жіңішке таяқтар, кітаптар, торттар, қалыпты нан және басқа да құралдар мен заттарды, сондай-ақ мүгедектердің кресло-арбаларын тексеріп қарауды жүргізеді, тексеріп қаралған қол жүгіне, багажға және олардың жолаушыға не келушіге тапсырылуына бақылауды жүзеге асырады, қажет болған кезде жолаушылар мен келушілерді жеке тексеріп қарауға қатысады;
4) № 4 тексеріп қарау қызметкері стационарлық металл іздегішті (металл детекторды) жолаушылар мен келушілердің айналып өтіп кетуіне жол бермей, оның жұмыс істеп кетуін бақылайды; портативті (қол) аспаппен жұмыс істейді, қажет болған кезде жолаушылар мен келушілерді жеке тексеріп қарауды жүргізеді; тексеріп қараудан өтпеген жолаушылар мен келушілерді көлік инфрақұрылымы объектілеріне жібермейді.
Стационарлық металл іздегіштің (металл детектордың) сигналы пайда болған жағдайда № 4 тексеріп қарау қызметкері:
1) жолаушыға не келушіге оның киіміндегі немесе денесіндегі металл заттарды үстелге қойып, стационарлық металл іздегіш (металл детектор) арқылы қайтадан өтуін ұсынады;
2) портативті (қол) аспаптың көмегімен жолаушыда не келушіде металл заттары бар жерлерді анықтайды;
3) егер жолаушыны не келушіні, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын қайталап тексеріп қарау кезінде көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдар табылмаса, жолаушыны не келушіні көлік инфрақұрылымы объектісіне өткізеді.
Тексеріп қарау қызметкерлерінің және (немесе) тексеріп қарау пункттерінің саны жолаушылар ағынына не террористік қауіптіліктің жарияланған деңгейіне қарай көлік инфрақұрылымы объектілері басшыларының шешімі бойынша ұлғайтылуы мүмкін. Бұл жағдайда № 1, 2, 3 және 4 тексеріп қарау қызметкерлерінің функциялары тексеріп қарауды жүргізу үшін іс жүзінде тартылған қызметкерлер саны арасында бөлінеді.
13. Тексеріп қарау кезінде қолданылатын техникалық тексеріп қарау құралдарымен көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдардың болу мүмкіндігінің контурлары және өзге де белгілері табылған кезде жолаушылар мен келушілерді, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарауды қоса алғанда, оларды жеке тексеріп қарау жүргізіледі.
14. Жеке тексеріп қарау көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдарды табу үшін қажетті шектерде жүзеге асырылады.
Жеке тексеріп қарауды тексеріп қаралатын адаммен жынысы бір адамдар санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалардың талаптарына жауап беретін арнайы бөлінген үй-жайларда жүргізеді.
Бір үй-жайда бір мезгілде бірнеше адамды жеке тексеріп қарауға тыйым салынады.
15. Жеке тексеріп қарауды жүргізген кезде жолаушыға не келушіге:
1) өзіндегі көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдарды және металл заттарды көрсетуді;
2) тексеріп қарауды қолмен және (немесе) портативті (қол) аспаптың көмегімен жүргізу үшін аяқ киімін, сыртқы киімін, бас киімін, белбеулерін, белдіктерін және жолаушының не болмаса келушінің үстіндегі өзге де құралдарын шешуді ұсынады.
Жасын шектеу және/немесе ағзаның функционалдық бұзылуы салдарынан жеке тексеріп қарауды жүргізу кезінде қажет қимылдарды орындай алмайтын адамдар заңды өкілдерінің қатысуымен тексеріліп қаралады немесе оларға тексеріп қарау қызметкерлері көмек көрсетеді.
16. Жеке тексеріп қарау кезінде багаж бен қол жүгін оларды тексеріп қарауға берген жолаушы не келуші ашады. Қол жүгі мен багаж бос болғанға дейін ішіндегісі бір қабатынан соң бір қабаты шығарылып, басып көріледі, содан соң бос қол жүгі мен багажды қолмен көтеріп және оның салмағының тең болуы тексеріледі. Егер қол жүгі мен багаждың салмағы бірқалыпты бөлінбеген немесе бос қол жүгі мен багаж үшін тым үлкен деген күдік туындаса, онда қол жүгі мен багаждың өзін тыйым салынған заттардың жасырылуы тұрғысында тексеріп қарау және ол рентгендік-телевизиялық құрылғының көмегімен тексеріп қарауға тартылады. Астарына, ішкі әрлеуіне, тігістеріне, шеттерінің үлкен қалпақты жалғағыш шпилькалармен жабылуына, қапсырмалардың бекітпелеріне ерекше назар аударылады.
17. Жеке тексеріп қарау нәтижелері актімен ресімделеді. Актіде оның жасалған күні мен орны, актіні жасаған тексеріп қарау қызметкерінің тегі мен аты-жөні, жеке тексеріп қаралған жолаушы не келуші туралы мәліметтер, жеке тексеріп қарау кезінде анықталған көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдардың түрі, саны, өзге де сәйкестендіру белгілері туралы мәліметтер не олардың болмағандығы туралы белгі көрсетіледі. Жеке тексеріп қарау актісіне оны жасаған тексеріп қарау қызметкері, жеке тексеріп қаралған жолаушы не келуші және жеке тексеріп қарауды жүргізу кезінде қатысқан тексеріп қарау қызметкерлері қол қояды. Жеке тексеріп қаралған жолаушы не келуші актіге қол қоюдан бас тартқан жағдайда онда тиісті жазба жасалады. Жеке тексеріп қарау актісінің көшірмесі жеке тексеріп қаралған жолаушыға не келушіге тапсырылады.
18. Қол жүгінде және (немесе) багажда қарудың, жарғыш құрылғының немесе жарылғыш заттардың бір бірлігі табылған кезде қарудың немесе жарылғыш заттың, жарғыш құрылғының қосымша бірліктерін табу үшін тексеріп қарау жалғастырылады.
Тексеріп қарау пунктінің қызметкерлеріне көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған, табылған заттар мен құралдарға қатысты қандай да бір іс-қимылдарды дербес орындауға рұқсат етілмейді.
19. Тексеріп қарау барысында көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған, жоғары қауіптілікті білдіретін (қару, оқ-дәрілер, жарғыш құрылғылар) заттар мен құралдар табылған кезде тексеріп қарауды жүзеге асыратын қызметкерлер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген, көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдарды сақтауға және ұстауға тиісті рұқсаты болған жағдайларды қоспағанда, оларды алу және тиісті рәсімдерді жүргізу, сондай-ақ олар табылған жолаушыға не келушіге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешім қабылдау үшін арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін шақырады.
20. Егер жолаушыны және оның алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарау кезінде көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдар табылмаса, осындай тексеріп қарау жүргізілетін көлік инфрақұрылымы объектісінің әкімшілігі жолаушының билеті бар қатынаспен немесе кезекті осындай қатынаспен жөнелтілуін қамтамасыз ететін қажетті шаралар қолдануға, ал жолаушы тасымалдаудан бас тартқан жағдайда, билетті немесе оның пайдаланылмаған бөлігінің құнын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен өтеуге міндетті.
21. Тексеріп қараудан, жеке тексеріп қараудан жалтаратын жолаушылар не келушілер көлік инфрақұрылымы объектісіне жіберілмейді, бұл туралы тиісті акт жасалады.
3. Тексеріп қарауды жүргізуге қойылатын талаптар
22. Көлік қызметінің субъектілері қамтамасыз етуге тиіс тексеріп қарауды жүргізген кезде көлік инфрақұрылымы объектілеріне қойылатын талаптар:
1) жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келуші адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарау пункттерінің (бұдан әрі – тексеріп қарау пункттері) болуы;
2) санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалардың талаптарына жауап беретін жеке тексеріп қарауды жүргізуге арналған үй-жайдың (бөлменің) болуы;
3) ақпарат күнтізбелік 15 күн бойы сақталатын бейнебақылау және бейнежазу жүйесінің болуы.
23. Тексеріп қарау пункттері мыналармен:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарау кезінде қолданылатын техникалық құралдарға қойылатын талаптарға сәйкес келетін техникалық құралдармен;
2) бейнебақылау жүйелерімен;
3) қол жүгі мен багажды тексеріп қарауды жүргізуге арналған үстелдермен;
4) рентгендік-телевизиялық қондырғылармен тексеріп қарау мақсатында тексеріп қаралатын адамдардың заттары мен құралдарын орналастыруға арналған пластикалық, көзбен көруге болатын сыйымдылықтармен;
5) тексеріп қараудан өткен жолаушылар мен келушілердің тексеріп қараудан өтпеген жолаушылармен және келушілермен байланысын болдырмау үшін қоршаулармен;
6) көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдардың тізбесі туралы ақпараты бар стенділермен жабдықталады.
24. Көлік қызметі субъектілері көлік инфрақұрылымы объектілерінің тексеріп қарау бөлімшелері туралы ережені, олардың ұйымдық құрылымының схемасын, тексеріп қарау пункттері мен жеке тексеріп қарауды жүргізуге арналған үй-жайлар (бөлмелер) көрсетілген көлік инфрақұрылымы объектісінің аумағы жоспарының схемасын әзірлейді және бекітеді.
25. Тексеріп қарау қызметкерлерін оларға тән емес функционалдық міндеттерді орындау үшін тартуға жол берілмейді.