"Пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағиданы бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 10 ақпандағы № 123 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 қыркүйектегі № 1047 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағиданы бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 10 ақпандағы № 123 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 19, 234-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидада:
      63-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «63. Жер қойнауын пайдаланушының көмірсутекті таңдап алудың жобалау құжаттарындағы нормаларды бұзуына жол берілмейді. Нақты жылдық өндіру көлемі жобадағы көрсеткіштен он пайыздан артық болмауы тиіс және бұл жағдайда ұңғымалардың жобадағы жұмыс тәртібін сақтау және жобалау құжаттарындағы пайдалану объектісін игеру бойынша мыналарды орындау шарты қойылады:
      пайдалану қорын бұрғылау жөніндегі бағдарламалар;
      агентті айдау көлемі мен құрамы;
      өндіруді қарқындату жөніндегі іс-шаралар.».
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 
 

      Қазақстан-Республикасының
      Премьер-Министрі

К. Мәсімов