Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 22 қыркүйектегі № 1000 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының мәдени саясатының
тұжырымдамасы туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітсін;
      2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      3. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар:
      1) өз қызметінде Тұжырымдаманы басшылыққа алсын және оны іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;
      2) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қабылданатын құжаттарының Тұжырымдамамен сәйкес келуін қамтамасыз етсін.
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2014 жылғы "  "   
№ Жарлығымен     
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасының мәдени саясатының
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ МАЗМҰНЫ

      1. Кіріспе
      2. Қазақстан Республикасында мәдениет саласын дамытудың жалпы пайымы
      2.1. Ағымдағы ахуалды талдау
      2.2. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасының қажеттілігіне негіздеме
      2.3. Ұлттың мәдени коды
      3. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттары
      3.1. Мақсаты мен міндеттері
      3.2. Жалпы тәсілдер
      3.3. Негізгі қағидаттар
      3.4. Халықаралық мәдени кеңістікке ықпалдасу
      4. Қазіргі заманғы мәдени кластерлер
      4.1. Шығармашылық кластерлер
      Мұражайлар ғылым мен зерттеу қызметін дамытудың тірек орталықтары ретінде
      Қорық-мұражайлар
      Әдебиет, кітап шығару мен кітапхана ісі
      Бейнелеу өнері, дизайн және сәулет
      Театр, музыка, хореография және цирк өнері
      Кино индустриясын қазіргі заманғы мәдени кеңістіктің аса маңызды кластері ретінде дамыту
      4.2. Мәдени-туристік кластерлер
      «Астана – Еуразия жүрегі» кластері
      «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы» кластері
      «Шығыс Қазақстан – Алтай маржаны» кластері
      «Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек Жолын жаңғырту» кластері
      «Батыс Қазақстан – Каспий қақпалары» кластері
      5. Іске асыру кезеңі мен күтілетін нәтижелер, нысаналы индикаторлар
      6. Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

«Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды»
Н.Ә. Назарбаев

1. Кіріспе

      Қазақстан Республикасының мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді.
      Жаңа мәдени саясаттың стратегиялық доминантасы Мемлекет басшысы ұсынған, Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен Қазақстан Республикасының әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына ойдағыдай қол жеткізуге жұмылдыруға үндейтін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы болып табылады.
      Бүгінгі күні мәдениет пен мәдени әлеуетті дамыту әлем халқы мен мемлекеттерінің көпшілігінің аса маңызды даму басымдықтарының қатарына кіреді. Мәдениеттің даму деңгейі, ұлттық және әлемдік мәдени мұраны сақтап қалу мен байытуды, сапалы мәдени құндылықтардың жасалуын, таратылуы мен қолданылуын, жемісті мәдени алмасу мен тұлғаның рухани-шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетуін қамтамасыз ететін, тиімді жұмыс істейтін мәдени институттар инфрақұрылымы мен тетіктерінің болуы табыстың аса маңызды критерийлерінің бірі болып табылады.
      Табысты мемлекеттің мәдени саясаты жасампаз құндылықтық бағдарларды қалыптастыру негізінде қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталады және қоғам мен мемлекеттің тіршілік әрекетінің барлық маңызды аспектілерін дамытудың сапалы өлшемі болып табылады.
      Мәдениет саласындағы жетістіктер ведомстволардың, мәдениет мекемелерінің жұмыстарымен, статистиканың сандық көрсеткіштерімен және белгілі есімдермен ғана өлшенбейді. Бүгінде мәдениет – тұлғаның рухани-эстетикалық дамуының, ұлттық бірлікті қалыптастырудың және елді әлемдік қоғамдастыққа ықпалдастырудың мықты құралы.
      Мәдениеттің рөлін ұғынуға деген қазіргі заманғы көзқарас тұлғаның, бизнестің және тұтас мемлекеттің табысқа қол жеткізу аспектілерінің бірі ретінде қоғамның шығармашылық белсендiлiкке деген көзқарасы өзгеріп жататын жаңа әлеуметтiк-мәдени ортаны қалыптастыру қажеттiлігiн негіздейді.
      Мұндай жағдайларда креативтік пен бәсекеге қабілеттілік алдыңғы шепке шығады. Мәдениет саласы экономика ресурстарының біріне, бизнес-бастамалар үшін тартымды инвестициялық салаға айналып келеді, бұл: кино индустриясы, анимация, цирк өнері, мұражай, концерт және театр қызметтері сияқты және т.б. өнердің жекелеген түрлері мен мәдениет ұйымдарын экономикалық тұрғыдан табысты (рентабельді) деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

2. Қазақстан Республикасында мәдениет саласын дамытудың
жалпы пайымы 2.1. Ағымдағы ахуалды талдау

      Саланың тарихи қалыптасқан және тәуелсіздік жылдары қарқынды дамыған инфрақұрылымы қазақстандық мәдениеттің одан әрі дамуы үшін негізгі тұғырнама қызметін атқарады.
      Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша 2014 жылғы 1 қаңтарға елде 62 театр, 4 185 кітапхана, 45 концерттік ұйым, 3 164 клуб үлгісіндегі мекеме, кино қою мен кинофильм шығаруды жүзеге асыратын 125 ұйым, 224 мұражай, 112 ойын-сауық және демалыс саябағы, 5 хайуанаттар бағы және 5 цирк бар. Оның ішінде 40 кітапхана, 198 клуб, 9 театр, 11 концерттік ұйым, кинопрокаттауды жүзеге асыратын 81 ұйым, 47 ойын-сауық және демалыс саябағы мен 1 мұражай жеке меншікте.
      Елімізде өзінің сәулеті бойынша бірегей «Қазақстан» орталық концерт залы, Орталық Азиядағы ең ауқымды «Астана Опера» опера және балет театры, елімізде мәдени мұраның маңызды құндылықтары жинақталатын ең ірі орынға айналатын Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы ашылды.
      Сала инфрақұрылымы жылына орта есеппен 90,5 миллионнан астам адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік және жеке меншік сектор үлесінің арақатынасы тиісінше 94,9 %-ды және 5,1 %-ды құрайды.
      Қазіргі бағыттардың, жанрлар мен стильдердің барлығы дерлік өз дамуын классикалық, халықтық және бұқаралық мәдениеттен алды. Қазақстандық музыка, бейнелеу, кино және театр өнері әртүрлі халықаралық өнер фестивальдарында, көрмелерде, форумдарда, биеннале мен байқауларда лайықты ұсынылды. Үздік өнер шеберлерінің әлем мәдениетінің ең айтулы алаңдарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндігі бар.
      Еліміздің театр алаңдарында жыл сайын 10 мыңнан астам спектакль қойылады, олардың 300-і отандық және шетелдік хореографтардың, балетмейстерлердің, режиссерлердің жаңа қойылымдары, «Тәуелсіздік толғауы» шығармашылық байқауларының шығармалары.
      Отандық кино индустриясы белсенді дамуда. «Қазақфильм» АҚ киностудиясында түрлі жанрлар мен форматтардағы фильмдерді түсіруге мүмкіндік беретін киноөндірістің қазіргі заманғы толық технологиялық тізбегі қамтамасыз етілген.
      Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың негізгі зияткерлік ресурсы болуға бағытталған ҚазҰЭК – Қазақ ұлттық электрондық кітапханасының қорын кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Электрондық каталогтың көлемі 18 000 библиографиялық жазбаны құрайды. Қашықтықтан пайдаланушылардың сұратуы бойынша жыл сайын кітаптардың е-көшірмелерін әзірлеуге орта есеппен 1 500 тапсырыс қабылданып, өңделеді.
      Шетелде қазақстандық мәдениетті танымал ету шеңберінде соңғы бірнеше жыл бойы Мәдениет күндері форматындағы іс-шаралармен ТМД-ның барлық дерлік елдері, Еуропа мен Азияның, Таяу Шығыстың жетекші елдері қамтылып келеді.
      «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында іс-шаралар кешені жүзеге асырылды, тарих пен мәдениеттің жаңа ескерткіштерінің ашылуы, маңызды тарихи-мәдени объектілерді консервациялау, реставрациялау және реконструкциялау, елдің мәдени мұрасын зерделеудің тұтас жүйесі үшін база құру соның нәтижесі болды.
      Тарих пен мәдениеттің отандық ескерткіштерін ауқымды түгендеу жүргізілді, республикалық (218 ескерткіш) және жергілікті (11 277) маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдері бекітілді.
      «Қазақтың дәстүрлі мың күйі», «Қазақтың дәстүрлі мың әні» және «Батырлар жыры» бірегей жобаларының шеңберінде халық шығармашылығының ең үздік үлгілері жүйелендірілді.
      Қазақстан халықаралық ынтымақтастық желісі бойынша мәдениет саласындағы негізгі конвенцияларды: 1972 жылғы Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияны, 2003 жылғы Материалдық емес мәдени мұраны (МеММ) қорғау туралы конвенцияны, 1954 жылғы Қарулы қақтығыстар болған жағдайда мәдени құндылықтарды қорғау туралы конвенцияны ратификациялады.
      ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне мәдениет ескерткіштері – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтері, сондай-ақ «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» табиғи мұра объектісі енгізілді. Жібек жолының Жетісу бөлігінің қазақстандық сегіз объектісі: Талғар, Қаялық, Қарамерген, Ақтөбе, Өрнек, Құлан, Қостөбе, «Ақыртас» археологиялық кешені «Жібек жолы: Чанань-Тянь-Шань дәлізі бағыттарының желісі» атты сериялық трансұлттық номинацияның құрамында ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне кірді.
      Тұтастай алғанда, саланың әлеуеті мейлінше жоғары, бұған көрсетілетін мәдени қызметтерді тұтынудың тұрақты өсу серпіні дәлел. Тек соңғы он жылда ғана театрларға бару көрсеткіші 35 %-ға артты, кітапханалардың тұрақты оқырмандарының саны 18 %-ға өсті, кинотеатрлардың көрермендер саны 5 есе ұлғайды.
      Алайда, жалпы сала көрсеткіштері қарқынды өскенімен, мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі мен беделі бұрынғысынша төмен күйінде қалып отыр. Сала қызметкерлерінің орташа айлық еңбекақысы республикадағы қызметтің барлық салалары бойынша осыған ұқсас көрсеткіштің 61-72 %-ын құрайды. Қызметтің көрсетілген түрі бойынша еңбекақы қоры елдегі жалпы еңбекақы қорының 1,3 %-ын құрайды. Мәдениет саласындағы жаңа жұмыс орындарын құру серпіні саланың жұмыспен қамтудың орташа республикалық көрсеткішінен артта қалғанын көрсетіп отыр.
      Ағымдағы ахуалды талдаудың негізінде саланың мынадай проблемаларын бөліп көрсетуге болады:
      1) атқарушы билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қабылдайтын шешімдерде тиімді үйлестірудің болмауы, сондай-ақ мәдениет ұйымдарының, әсіресе ауылдағы желісін дамытуда сақталып келе жатқан теңсіздік;
      2) мәдениет мекемелері желісін дамыту қажеттілігі мен бюджеттің оларды ұстау жөніндегі мүмкіндіктері арасында сәйкессіздік бар;
      3) жастар мен балалардың шығармашылық әлеуетін дамытудың жүйелі тәсілі жоқ;
      4) өнердің қазіргі заманғы бағыттары мен оның жаңа ағымдары тиісінше даму мен қолдау ала алмай келеді;
      5) ұлттық рухани құндылықтар мен бағдарларды жарқын көркемдік образдарда бейнелейтін заманауи өнер туындыларының жетіспеушілігі;
      6) ғылыми тәсілдің және өнер теориясы мен практикасында өзара байланыстың болмауы: көркемөнер білімін беру, өнертану, мұражай ісі, археология, реставрациялау, туризм, кино, театр шашыраңқы орналасқан және өзара келістірілмеген;
      7) мұражайлар мен қорық-мұражайлар ғылыми-зерттеу қызметін дамыту әлеуетін жеткілікті пайдаланбайды;
      8) меценаттық, демеушілік және волонтерлік институттары дамымаған, мәдениет саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің әлеуеті мардымсыз пайдаланылады;
      9) бос уақыт мәдениеті мен мәдени сервисті дамыту стратегиясы жоқ.
      Мәдениет саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық база заманауи инновация және ықпалдасу процестерің талаптарына толыққанды сәйкес келмейді, өңірлердің, моноқалалар мен шалғайдағы ауылдардың қажеттіліктерін ескермейді.
      Елімізде қолданыстағы шығармашылық білім беру жүйесінің музыка, балет, орындаушылық, бейнелеу өнері бойынша кадрлар даярлаудағы көрсеткіштері жоғары болғанымен, кино, анимация, сурет өнері, мүсін, графика, дизайн, декоративті-қолданбалы өнер, мұражай, реставрация, кітапхана ісі саласындағы мамандар тапшылығының спектрін түгел қамтымайды. Көркемөнер білімі оқытудың барлық деңгейлерінде шығармашыл мамандарды даярлауды жүйелі қайта құру талап етеді.
      Кадр тапшылығы «креативті» жаңа таптың – белсенді және бұқаралық әлеуметтік топтың пайда болуы мен дамуын тежеп отыр, мәселен, АҚШ-та оның үлесі қазірдің өзінде халықтың 30 %-ынан асады.
      Өнердің, мұражайтанудың және мәдениеттанудың барлық салаларында ғылымды дамыту жеке назар аударуды талап етеді. Бүгінде мұражай ісі, тарих, археология, этнография, реставрациялау, өнертану және мәдениеттану саласында ғылыми зерттеулерді жүргізудің үйлестірілген саясаты жоқтың қасы. Ғылыми және практикалық нәтижелерге, артефактілерге, тарихи-мәдени объектілерге тиісті түсінік берілмейді және құндылықтарды мұраға алу мен мәдени бірегейлікті қалыптастырудың қазіргі заманғы процестеріне ықпалдастырылмаған.
      Жастар мәдениетін, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын және көркемдік-эстетикалық білім беруді қолдау жүйесін дамытуға тиісінше көңіл бөлінбейді. Осы жағдай қоғамның, әсіресе жастардың шетелдік мәдени құндылықтар мен идеалдарына жаппай бағдарлануына себеп болды, бұл құндылықтар мен мәдени иммунитеттің орнықты шәкілін қалыптастыруға теріс әсер етеді.
      Эстетикалық талғамға, адамгершілікке тәрбиелеуге, отандық мәдениетке деген қызығушылық пен құрмет сезімін дағдыландыруға бағытталған балаларға арналған түрлі мәдени өнімдерді (оның ішінде анимациялық) шығару стратегиясы жоқ.
      Қазақстан мәдениеті мен өнерінің көптеген салаларының әріптестігі мен бәсекелестігі шарттарында әлемдік мәдени процеспен ықпалдасу әлеуеті толыққанды іске асырылмаған. Танымал имидждік жобаларды – халықаралық конкурстар мен фестивальдарды іске асыру, туристік трансұлттық бағыттар мен кластерлерді дамыту әлемдегі қазақстандық мәдениеттің мәртебесін нығайтуға ықпал ете алады және етуге тиіс.
      Зор мүмкіндіктер бола тұра, мәдениет және өнер саласындағы креативті индустриялар мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың әлсіз дамуы саланы дамытудың инновациялық тәсілін қалыптастыруға және мәдениет өнімдері мен көрсетілетін қызметтеріне кең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.

Мәдени саясаттың модельдері

      Мәдени саясат саласында әртүрлі жолдар мен тәсілдер бар және әрбір дамыған мемлекет қазіргі тарихи-мәдени тәжірибесіне, объективті саяси және экономикалық артықшылықтарға негізделетін өзінің бірегей стратегиясын басшылыққа алады.
      Мәдени саясаттың модельдері мынадай негізгі басымдықтарға бағдарланған: қолданыстағы мәдени құндылықтарды қорғау, мәдени шығармашылықты қолдау және ілгерілету, мәдени өмірді (ортаны) дамыту. Басқару (жоспарлау), қаржыландыру және заңнамалық қамтамасыз ету қазіргі заманғы дамыған және дамушы елдердің мәдени саясатының негізгі аспектілері болып табылады.
      Басқару модельдері:
      1) харизматикалық саясат – мемлекеттің күш-жігері құндылықтардың берік жүйесін құруға, жалпыұлттық және әлемдік маңызы бар имидждік жобаларды, шығармашылық ұйымдарды, ұжымдар мен тұлғаларды қолдауға бағдарланған;
      2) қолжетімділік саясаты – мемлекеттің негізгі күш-жігері элитарлық мәдениет пен өнерді ілгерілетуге, халықтың қалың бұқарасының арасында талғам мен жоғары эстетикалық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған;
      3) мәдени өзін-өзі көрсете білу саясаты – классикалық мәдени иерархия және эстетикалық санаттардың айқын болмауы, басты рөлді мәдени өзін-өзі сәйкестендіру мен өзін-өзі көрсетуге деген (этникалық, әлеуметтік, кәсіптік және т.б.) кез келген ұмтылыс атқарады.
      Мәдениет саласындағы кез келген басқару моделінің негізін елдің бірыңғай мәдени кеңістігін құруға мемлекеттің жоғары дәрежеде қатысу қағидаты айқындайды.
      Сонымен бірге, әлемдік практикада мәдениет саласын дамытудың айқын және әмбебап стандарттары мен оның табыстылығының критерийлері қалыптаспаған. Әрбір ел өзінің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін және стратегиялық перспективаларының пайымын ескере отырып, мәдени саясаттың міндеттері мен құралдар жиынтығын айқындайды.
      Дамыған елдердің мәдени саясатының заманауи бағытын сипаттайтын бірқатар жалпы әлемдік үрдістер бар, олардың ішіндегі ең маңыздылары:
      1) шығармашылыққа жәрдемдесу және шығармашылық бостандық генерациясы;
      2) мәдени мұраның сақталуын, ұлттық мәдениет пен тілдің қорғалуын қамтамасыз ету;
      3) халықтың барлық санаттарының мәдени өмірге қатысуына тең мүмкіндіктер жасау;
      4) жастардың, әсіресе балалардың шығармашылық жетілуі үшін жағдайлар жасау;
      5) қоғамның мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуын ықпалдастыру және басқалары болып табылады.
      Ұсынылған басқару модельдерінің әлемдік үздік практикаларының оң элементтерінің синтезі Қазақстан үшін маңызды. Мәдениет саласындағы серпінді дамып келе жатқан процестердегі мемлекет, қоғам және тұлға мүдделерінің теңдігін қолдау орнықты және табысты мемлекеттің мәдени саясатының неғұрлым оңтайлы қағидаты болып табылады.

Қаржыландыру модельдері

      АҚШ: мәдениетті мемлекеттік қолдаудың мықты идеологиялық негізі бар және «шабыт беретін мемлекет» ретінде белгілі. Қаржыландыруды гранттар, қорлар мен демеушілер қамтамасыз етеді. Мәдениет миссиясы америкалық құндылықтар жүйесі мен өмір салтын жаһандық ауқымдарда жылжытуды, АҚШ-тың дүние жүзіндегі демократияның, адам құқықтары мен бостандығының қорғаушысы ретіндегі ерекше имиджін қалыптастыруды қамтиды.
      Ресей: «2013 – 2020 жылдарға арналған мәдениет пен туризмді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы қолданылады, оның негізгі мақсаты – тұлға мен мемлекеттің рухани-адамгершілік дамуы, елдің бірыңғай мәдени кеңістігі мен көп ұлтты халықтың рухани бірлігін нығайту. Негізгі қаржыландыру көзі – федералдық бюджет. Тікелей қаржыландыру Ресейде бұқаралық мәдениет ұйымдарының орта есеппен 80 %-ға дейінгі кірісін қамтамасыз етеді. Жеке қайырымдылықтар, демеушілер мен меценаттар үшін салықтық жеңілдіктер пайда бойынша салық салынатын базаны мәдениет пен өнерді дамытуға жасалған қайырымдылық шамасына азайтудан көрініс табады. Бұл жағдайларда салық салынатын пайда кәсіпорындар үшін 5 %-ға дейін, ал банктер үшін – 3 %-ға дейін азайтылады. Ресейдің мәдени саясаты мәдениет пен оның әлеуметтік рөлінің ұлттық ұғымына негізделген.
      Қытай: мәдени саясаттың екі бағыты бар – мемлекет тарапынан қаржыландырылатын және бақыланатын дәстүрлі бағыт: идеология, көрсетілетін әлеуметтік мәдени қызметтер, шығармашылық, ғылыми зерттеулер, мәдени мұраны қорғау, сондай-ақ еркін бәсекелестік жағдайында мәдениет өнімдерін өндіретін мәдениет индустриясы. Мемлекеттік қаржыландыру инвестициялардың мемлекеттік емес нысандарымен үйлеседі: инвестициялауды көтермелеу, мәдениет саласындағы қаржы қорларын кеңейту, серпінді және жоғары технологиялы жобаларға мемлекеттік кредит беру және т.б. Үкімет мәдениетті дамыту қорын құру мен мәдениет саласындағы коммерциялық кәсіпорындар арқылы мәдени индустрия саласын қалыптастырудың тиімді тетігін құрды.
      Ұлыбритания және Канада: мемлекет ұлттық мәдениетті қолдау бойынша негізгі қаржылық ауыртпалықты өзіне алады, бұл ретте оны бөлуге қатыспайды – «ашық қол» қағидаты. Бұл функцияны тәуелсіз әкімшілік органдар жүзеге асырады, олар өз кезегінде қаржы қаражатын арнайы комитеттер мен сарапшылар топтарына береді. Корпоративтік демеушілік мәдениетті қаржыландырудың мемлекет күш-жігеріне барабар маңызды тетігін білдіреді.
      Германия: бюджеттік қаржыландыруды негізінен өңірлік және жергілікті биліктер жүзеге асырады, экономикалық еркіндіктің үстем мәні мойындалады. Мәдениет саласындағы саясат мемлекеттік қаржыландырумен қатар гранттық қолдау жүйесінің тетіктері дамыған жеке және қоғамдық қаржыландыруды қамтиды.
      Франция: мәдениетті қаржыландыруды орталық, өңірлік және жергілікті билік органдары мен біршама дәрежеде жеке сектор жүзеге асырады. Орталық органдар ұлттық деңгейдегі жобаларды іске асыру жөніндегі міндеттемелерді өздеріне алады. Мәдениет істері жөніндегі кеңестер жұмыс істейді.
      Швеция, Норвегия, Дания мәдениет саласында орталық деңгейдегі мықты әкімшіліктің болуына негізделген, ол мәдени саясаттың барлық қатысушыларының қызметінде, атап айтқанда өңірлік және жергілікті қоғамдастықтарда үйлестіруші рөлін атқарады.
      Аустрия: Аустрияда мәдениет ұйымдарын мемлекеттік субсидиялау 75 %-дан бастап 100 %-ға дейін. Франциядағы сияқты Аустрияда да мемлекеттік қаржыландыру негізгі үш: федералдық, өңірлік, муниципалдық деңгейде жүзеге асырылады.
      Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур: мәдени саясаттың шығыс азиялық нұсқасы әлеуметтік жауапкершілікті, әлеуметтік ұйымшылдықты қалыптастыру, қалаларды жаңғырту, қоршаған ортаны қорғау арқылы мәдениеттің әлеуметтік тартымды рөлін қайта жаңартуға сайып келеді. Мәдениет институттарына, шығармашылық индустрияларға, туризм көлемін ұлғайту мақсатында экономикалық бағдарланған жобаларды қолдауға зор мән беріледі.
      Әлемдік тәжірибені талдау мемлекеттің мүдделілігі мен мәдениет саласында сауатты құрылған саясат әлеуметтік тұрақтылыққа, құндылықтар жүйесін қалыптастыру мен оның сабақтастығына, отансүйгіштік пен ұлттық сәйкестікке ықпал ететінін, саланың инновациялық дамуы мен орнықты экономикалық өсуді ынталандыратынын көрсетті.
      Әлемдік үздік практикаларды ескерсек, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея және Сингапур сияқты елдердің үлгісі бойынша мәдениет саласындағы демеушілік пен меценаттықты қолдаудың пәрменді құқықтық тетіктерін құру Қазақстан үшін әсіресе өзекті.
      Қазіргі заманғы әлемдік тәжірибе икемді кластерлік құрылымдардың жоғары табыстылығын көрсетіп отыр. Серпінді бағыттарға дәлдеп шоғырлану жалпы саланы дамыту бағдарын белгілеуге мүмкіндік береді.
      Әлеуметтік маңызы бар жобалар мен коммерциялық емес салаларды – әсіресе Ресей, Қытай, Франция, Аустрия және т.б. үлгісі бойынша классикалық және академиялық өнерді мемлекеттік қаржыландыруды сақтап қалу да маңызды. Орталық органдар ұлттық деңгейдегі жобаларды іске асыру бойынша міндеттемелерді өздеріне алатын және мәдениет істері жөніндегі кеңестер жұмыс істейтін Францияның тәжірибесі оңтайлы болып табылады.

2.2. Қазақстан Республикасының мәдени саясатының ұзақ
мерзімді тұжырымдамасының қажеттілігіне негіздеме

      Соңғы онжылдықтарда біздің елімізде және әлемде болған өзгерістердің серпіні мен сипаты мәдени саланы қолдау мен дамытудың тәсілдері мен әдістерін қайта қарауды талап етеді.
      Жаһандану дәуірі әріптестік пен диалог арқылы индустриядан кейінгі қоғамға қарай қозғалуды қамтамасыз ететін жедел әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғыртудың аса маңызды факторы ретінде мәдениетті қоса алғанда, көптеген институттарды транформациялауға ықпал етті.
      Мәдени саясат ұлттық бірлікті қалыптастырудың неғұрлым тиімді құралдарының бірі болып табылады. Ол қоғамда мәдени өмір процестерін мемлекеттік қолдау және азаматтарды мәдениет құралдарымен тәрбиелеу жолымен жүзеге асырылады.
      Мәдени саясаттың жаңа моделін қалыптастырудың аса маңызды шарты қоғам мен мемлекеттің мүдделерін біріктіру болып табылады.
      Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһанданудың сын-қатерлері мен қауіптерінен қорғауды ғана емес, сонымен қатар әлемдік мәдени кеңістікте өзінің мәдени тауашасын жасауды да қажет етеді.

2.3. Ұлттың мәдени коды

      Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет ұлттың генетикалық кодының қалыптасқан тарихи-мәдени негізімен жаһандық мәдени диалогқа белсене қатысуы үшін барлық алғышарттарға ие. Ұлттың мәдени кодының негізгі құрамдас бөліктері мұра, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, тіл, отбасы, шаруашылық жүйелер (өмір салты), мерекелер болып табылады.
      Тіршілікке қабілетті мәдениет өзінің табиғи даму жолы мен өзгерістерін өз іргетасын сақтай отырып өтеді. Сәйкестік өз мәдениеті құндылығының тартымдылығы төмендеген және оны төл мәдениеттің рухани және адамгершілік құндылықтарының бастауынан адастыруға қабілетті басқасы алмастыра алатын жағдайда бұзылуы мүмкін.
      Қазіргі заманғы Қазақстанды мәдени дамытудың маңызды бағыттарының бірі мәдени мұраны сақтау, зерделеу және тарату болып табылады. Мәдени мұра – қоғамымыз бен мемлекетіміздің шоғырлануы мен ойдағыдай дамуының сарқылмас әлеуеті.
      Мемлекеттік мәдени саясат қоғамды рухани, мәдени, ұлттық біріктіруге және адамгершілігі мол, дербес ойлай білетін шығармашыл, жауапты тұлғаны қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
      Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мәдени мұраны тарату және ықпалдастыру технологиясы қазіргі заманғы ғылыми ізденістерден бастап мәдени туризмге дейін мәдени кластерлерді қалыптастыруға негіз болады. Кластерлерді дамыту катализаторы мәдени мұраны күнделікті тыныс-тіршіліктің, жанды және үнемі дамып отыратын дәстүрдің жаңа ұрпақ үшін өзекті ажырамас бөлігі етуге мүмкіндік беретін креативті индустриялар болып табылады.
      Тіл мәдениеттің негізгі элементі және ұлт пен оның бірлігін қалыптастырудың мүлтіксіз шарты болып табылады. Қазақ тілін сақтау және дамыту біздің мемлекетіміздің мәдени саясатының аса маңызды міндетін құрайды. Қазақстан мәдениетінің әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасуы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің үш тұғырлылығын көздейтін мемлекеттік тіл саясаты арқылы қамтамасыз етіледі.
      Әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер тыныс-тіршіліктің барлық салаларындағы адам әрекетінің ұрпақтан ұрпаққа берілетін орнықты жүйесі ретінде қайталанбас даралығын сақтайды және халықтың жан-дүниесін көрсетеді. Олардың өзгешелігі табиғи орта мен шаруашылық құрылыстың ерекшелігіне байланысты. Қазақ халқының материалдық және материалдық емес мәдениетінің элементтерін сақтау және ілгерілету қажет.
      Отбасы институтының арқасында ұрпақтар сабақтастығы қамтамасыз етіледі. Мәдени саясаттың аса маңызды міндеті қоғамдық санада адам өмірі мен қоғам амандығының кепілі ретінде отбасы құндылықтары ұғымын қалыптастыру болып табылады.
      Ұлттық мерекелерде бай әрі алуан түрлі дәстүрлер, салт-жоралғылар, әдет-ғұрыптар, ойын-сауықтар, ырымдар, ойындар, салтанаттар және т.б. топтастырылады. Жалпы халықтық, мемлекеттік мерекелерді атап өту қоғамдық сана-сезімді оң арнаға бұрып, мақтаныш пен отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыра отырып, шоғырландырушы фактор болып табылады.
      Ұлттық бейнелерді қалыптастыру, ұлтты ұйытуға қабілетті мерекелік іс-шаралар дәстүрлерін қалыптастыру үлкен рөл атқарады.
      Дәстүрлі құндылықтарды қолдау ұлттық сәйкестенуді айқындайтын адамгершілік бағдарларын қалыптастыру және дамыту тілді дамыту, мәдени-тарихи құндылықтарды, дәстүрлерді, ұлттық мерекелерді, дәстүрлі кәсіпшілік пен қолөнерді сақтау арқылы жүзеге асырылады.

3. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының жалпы тәсілдері
мен негізгі қағидаттары 3.1. Мақсаты мен міндеттері

      Мақсаттары: елдің біртұтас мәдени кеңістігін дамыту, қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ділі мен рухани биіктігін қалыптастыру, экономиканың сәтті дамуына және елдің халықаралық жағымды имиджін қалыптастыруға әсер ететін қазіргі заманғы мәдени кластерлер құру.
      Міндеттері:
      1) азаматтардың рухани-адамгершілік бағдарларын, қазақстандық жаңа отансүйгіштік пен орнықты құндылықтар жүйесін қалыптастыру;
      2) ұлттық саналуандылықты сақтау және Қазақстан халқы мәдениетін үйлесімді дамыту негізінде бүкілқазақстандық мәдени кеңістікті дамыту;
      3) отандық мәдениетті әлемдік мәдени кеңістікпен ықпалдастыру, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын елімізде және шет елдерде кеңінен ілгерілету, меншікті ұлттық брендтерді қалыптастыру;
      4) бәсекеге қабілетті мәдени ортаны және қазіргі заманғы мәдени кластерлерді қарқынды дамыту үшін жағдай жасау;
      5) тарихи-мәдени мұраны одан әрі сақтау және жаңа «Мәңгілік ел» мемлекеттік бағдарламасында танымал ету;
      6) өнердің барлық түрлері, жанрлары мен бағыттары – кино, анимация, әдебиет, көркем сурет және басқалар арқылы таратылатын қазіргі заманның үздік үлгілерін, атаулы тарихи оқиғалар мен артефактілерді, мәдени мұра мен дәстүрді білдіретін жарқын көркем бейнелер жасау;
      7) ішкі және сырттан келетін мәдени туризмді дамыту үшін елдің тарихи-мәдени ландшафтын кеңінен пайдалану.

3.2. Жалпы тәсілдер

      Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен «Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамаға» сәйкес ұзақ мерзімді дамудың жаһандық бағыттарына негізделген тәсілдер мен қағидаттар жүйесі негізінде жүзеге асырылатын болады.
      Мәдениетті дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізінде мынадай тәсілдер:
      1) мәдениеттің барлық бағыттарын дамытудың өзара байланыстағы жүйелілігі мен кешенділігі;
      2) мәдениеттің үдемелі дамуының тарихи сабақтастығы мен үздіксіздігі;
      3) негізділік пен басымдық;
      4) инклюзивтілік пен әлеуметтік бағдарлану;
      5) инновациялығы мен креативтілігі жатыр.
      Адами капитал, шығармашылық ресурс, жүйелі мемлекеттік қолдау мен бизнес-бастамалар бәсекеге қабілетті мәдени ортаны қарқынды дамытудың берік іргетасына айналуға тиіс, ол өз кезегінде экономикада, әлеуметтік және мәдени өмірде мемлекет пен қоғам табысының басты көрсеткіші болып табылады.

3.3. Негізгі қағидаттар

      Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру мынадай қағидаттарға негізделеді:
      1) жаһандық әлемде отандық мәдениеттің өзіндік болмысын және ұлттық сәйкестігін айқындайтын ұлттық мәдени мұраның басымдығы;
      2) мәдениетті өсу факторы және әлеуметтік дамудың қуатты ресурсы ретінде тану;
      3) елдің мәдени саналуандығын құрметтеу, полиэтникалық Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерін қолдау және дамыту;
      4) шығармашыл тұлға мен мәдени өзін-өзі көрсету нысандарының еркіндігі;
      5) жаңа институционалдық бірлестіктер, қазіргі заманғы мәдени кластерлер мен озық технологиялар базасында мәдени орта бірлігі.
      Бұл қағидаттар бәсекеге қабілетті жаңа мәдени ділді қалыптастыруға өзек болады, оның негізінде қалыптасқан құндылықтар жүйесі, шығармашылық белсенділік, сұранысқа ие мәдени өнімді жасауға қабілеттілік жатыр. Отандық мәдениет сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге шығуы және әлемде кеңінен танымал болуы тиіс.
      Бәсекеге қабілетті мәдени ортаны қалыптастыру үшін жағдайлар жасау мынадай тетіктердің үйлесуін болжайды:
      1) мәдениет саласында басқару жүйесін жетілдіру;
      2) өнер саласының бірыңғай білім беру кеңістігі;
      3) ғылымды дамыту, халықаралық зерттеу бағдарламаларын іске асыру;
      4) мәдениет саласында ақпараттық және инновациялық технологияларды кеңінен қолдану;
      5) қазіргі заманғы мәдени кластерлерді дамыту.
      Мәдениет саласындағы басқару жүйесін жетілдіру жеке инвестицияларды тарту практикасын, меценаттықты және басқаларды пайдалануды болжайды. Мәдениеттің институционалдық өрісін өзгерту, ұйымдар менеджментінің тиімділігін арттыру саланы терең жаңғыртуға ықпал ететін болады.
      Мәдени қоғамдастықты тарту және мәдениет саласындағы басқарушылық мәселелерді үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңес пен Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы уәкілетті органының жанынан салалар бойынша көркемдік кеңестер құру ұсынылады.
      Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңес мәдени саясатты іске асыру мәселелеріндегі басты консультативтік-кеңесші орган болмақ, оның құрамына депутаттар және Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, көрнекті шығармашыл тұлғалар, шығармашылық одақтар мен мәдениет ұйымдарының басшылары, сарапшылар, қоғам қайраткерлері және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері кіретін болады. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы уәкілетті органы болады.
      Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы уәкілетті органы жанынан театр, музыка және концерт қызметі, цирк өнері, киноиндустрия, мұражай ісі мен археология, бейнелеу өнері, сәулет пен дизайн, әдебиет және кітап басу бойынша көркемдік кеңестер құрылатын болады. Көркемдік кеңестер шығармашылық одақтармен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, жоғары көркемдік туындылардың бәсекеге қабілетті отандық өнімін және мәдениет пен өнер нысаналарын жасау мақсатында салалық кластерлер нысанында институционалдық бірлестіктердің қызметтерін үйлестіруді қамтамасыз ететін болады.
      Өңірлердің мәдени даму мәселелері Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңестің ұсынымдарын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде шешілуге тиіс.
      Басқарудың жаңа үйлестіруші құрылымының негізгі мақсаты – бұл репертуарды, гастрольдік қызметті қалыптастыруға, кадр саясаты мәселелерін шешуге бағытталған шоғырландырылған тұғырнамасы бар мәдени саясатты тиімді іске асыру.
      Мәдениет және өнер саласында жұмыс істеп тұрған қоғамдық Одақтарды, қауымдастықтарды, қорларды, үкіметтік емес ұйымдарды және т.с. жандандыру және жаңаларын құру қажет.
      Мемлекеттік құрылымдармен қатар, белгілі бір өкілеттіктер, нақты уәждемелер берілген және заңнамалық кепілдіктермен қорғалған әлеуметтік және бизнес-институттар, шығармашылық қауымдастықтар мәдени саясатты іске асыру субъектілері болуы тиіс.
      Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мемлекеттік қаржыландыруды инвестициялардың мемлекеттік емес нысандарымен үндестіре үйлестіруді пайымдайды. Мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың ықтимал тетіктері ретінде концессиялық модельдер мен схемалар қарастырылуы мүмкін, мұнда мемлекет объектінің негізгі қызмет бейінін сақтау шартымен, оны пайдалану құқығын жекеше бизнеске береді. Бұл мемлекеттік меншікте тұрған галерея, тарихи ғимарат немесе тарихи-мәдени ескерткіш болуы мүмкін.
      Әлеуметтік-мәдени саланы қолдау және дамыту мақсатында ұлттық компаниялар мәдениет ұйымдарымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуы қажет.
      Мәдениет саласындағы меценаттық пен демеушілікті ынталандыру тетіктерін жетілдіру мәселелерін әзірленіп жатқан «Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде қарастыру жоспарлануда.
      Өнер саласының бірыңғай білім беру кеңістігі.
      Қазіргі заманғы білім беру парадигмасы, ең алдымен, жасампаз тұлға мен жоғары рухани-адамгершілік және эстетикалық құндылықтарды шығарушыларды дамытуға бағдарлануға тиіс.
      Мәдениет саласында білім берудің үздіксіздік, сабақтастық, шығармашылық және кәсіптік құзыреттілік, дуальді оқыту қағидаттарына негізделген жаңа моделін қалыптастыру қажет.
      Францияда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда, Ресейде және басқа елдерде сәтті іске асырылып келе жатқан әлемдік практиканы ескере отырып, мәдениет пен өнер саласындағы мамандандырылған жетекші оқу орындары бейінді ведомствоның қарамағында болуға тиіс. Аталған тетік шығармашыл қызметкерлерді даярлауды қамтамасыз етуге және мемлекеттік мәдени-білім беру саясатының мәдениет және өнер саласындағы еңбек нарығының қажеттіліктеріне бағдарлануға мүмкіндік береді.
      Мәдениет саласындағы ақпараттық және инновациялық технологияларды кеңінен қолдану мәдени коммуникациялардың жаңа нысандарын дамытудың және бүкіл елдің мәдени кеңістігін біріктірудің маңызды факторы болып табылады. Қазіргі заманғы әлемнің феномені мәдениет өніміне кеңінен қолжетімділікті қамтамасыз ететін е-мәдениет болып табылады.
      Елді ауқымды әлеуметтік жаңғырту шеңберінде Мемлекет басшысы зияткерлік ақпаратқа қолжетімділіктің инновациялық нысандарын дамыту және Қазақ ұлттық электрондық кітапханасының қорын елеулі түрде кеңейту бойынша міндет қойды. Әлеуметтік маңызы бар басылымдар бағдарламасы бойынша шығарылған барлық кітаптар осы жүйеге енгізілуге тиіс. 2020 жылға дейін елдің кітапхана қорларын 100 % цифрландыруды қамтамасыз ету қажет.
      2025 жылға дейін виртуалды мұражайлар желісін құру және барлық мұражай қорларын, концерттік жазбаларды, материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұраның атаулы туындыларын электрондық форматқа көшіру жоспарлануда. Ақпаратқа қолжетімділікті еліміздің мәдени өмірін танымал бір ресурсқа шоғырландыруға мүмкіндік беретін «E-culture.kz» виртуалды жаңа порталын құру жолымен қамтамасыз етуге болады. Бұл Қазақстанның мәдениеті мен өнерін әлемдік кеңістікке ілгерілетудің және оларды кеңінен танымал ету мүмкіндігінің ең қолжетімді форматы болып табылады.
      Қазіргі заманғы мәдени кластерлерді дамыту. Мәдени ортаның бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте кластерлік құрылымдар арқылы қамтамасыз етіледі. Мәдени кластер – шығармашылық, білім мен ғылым, экономика және бизнес арасында өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін, бәсекеге қабілетті өнім жасайтын экономиканың шығармашылық секторы. Кластерлік тәсіл – бұл ең алдымен жекелеген өңірдің немесе саланың, сол сияқты тұтас мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа басқарушылық технология.
      Мәдени кластер экономикалық, корпоративтік, көркемдік, имидждік және технологиялық әсерді қамтамасыз етеді. Саланы дамытудың стратегиялық міндеттері мәдени кластерлерді қалыптастырудың екі: шығармашылық және мәдени-туристік бағытын айқындайды.

3.4. Халықаралық мәдени кеңістікке ықпалдасу

      Қазақстандық мәдениет жаһандық мәдени диалогтың белсенді қатысушысына айналуға тиіс, бұл бәсекеге қабілетті мәдени орта қалыптастырудың түйінді көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Халықаралық мәдениет ұйымдарымен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейту, жетекші шетелдік мәдени, зерттеу мен сараптау және білім беру институцияларымен бірлескен шығармашылық және зерттеу бағдарламаларын, мәдениет пен ғылымның және өнердің әртүрлі салаларын дамыту жөніндегі жобаларды әзірлеу мұндай диалогтың негізгі шарты болады.
      Елдің мұражай кластерін және «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына ұқсас тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша «Мәңгілік ел» бағдарламасын іске асыру ғылыми-зерттеу жұмысының әлеуетті базасына айналуы мүмкін. Осы жобаны іске асыру ұрпақтардың рухани сабақтастығы мен өзіндік сәйкестенуін қамтамасыз етеді.
      Бұл бағытта басты назар беделді шетелдік сарапшыларды, ғылыми-зерттеу институттары мен консалтингтік ұйымдарды тарта отырып, материалдық және материалдық емес мұраны одан әрі қорғауға және танымал етуге аударылады. Тарихи-мәдени мұраны қорғаудың, консервациялаудың, реставрациялау мен реконструкциялаудың әлемдік үздік практикаларын кеңінен қолдану өнертану мен мұражайтануды, тарихи, археологиялық, этнографиялық ғылымдарды сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Халықтық білім мен шеберлікті, амалдар мен тілді, жанұялық және рәсімдік-мерекелік өмірдің дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын беретін қоғамдастықтарды қолдау Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтауға мүмкіндік береді.
      Материалдық емес мәдени мұраның ұлттық тізілімін қалыптастыру, жүйелендіру және үнемі жаңартып тұру, Қазақстанның бүкіл өңірлерінде оның элементтеріне түгендеу жүргізу және материалдық емес мәдени мұра элементтерін ЮНЕСКО-ның тізіміне жаппай ілгерілету қажет. ЮНЕСКО, ИКОМОС (Ескерткіштер мен көрнекі орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңес), ТҮРКСОЙ (Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы), ИСЕСКО (Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымы) және тағы басқалар сияқты шетелдік жетекші ұйымдармен ынтымақтастық еліміздің тарихи-мәдени мұрасын қорғау және қалпына келтіру бойынша кешенді міндеттерді іске асыруға, отандық өнердің барлық бағыттарын дамытуға және оны мемлекетімізден тыс жерлерде белсенді түрде танымал етуге мүмкіндік береді.
      Көпжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен ел мүдделеріне сай неғұрлым маңызды шарттарға, конвенциялар мен келісімдерге қосылу саласында халықаралық құқықтық базаны кеңейтудің стратегиялық маңызы бар.
      Қазақстанның ЮНЕСКО-ның «Мәдени өзін-өзі таныту нысандарын қорғау және көтермелеу туралы» конвенциясына қосылуы мәдениеттердің өзара еркін іс-қимыл жасасуы, жақындасуы үшін, мәдениетаралық диалог саясатын ұлттық, сол сияқты халықаралық деңгейде де ілгерілетуге жағдай жасауға ықпал ететін болады.
      Нәтижесінде, Қазақстан әлемдік мәдениет пен өнерді, тарихи ғылымды, археология мен өнертануды дамыту орталықтарының біріне, кәсіптік шеберлікті арттыру мен шығармашылық өсудің жетекші халықаралық мектебіне айналуы мүмкін.
      Атап айтқанда, Астанада мәдениет саласындағы жаңа халықаралық ұйым – «Silk Road» мәдени даму жөніндегі Еуразиялық кеңесінің штаб-пәтерін ашу мүмкіндігі пысықталатын болады.

4. Қазіргі заманғы мәдени кластерлер 4.1. Шығармашылық кластерлер

      Шығармашылық кластерлер мәдениет пен өнердің жекелеген салаларын дамытуға, мәдени өнімдердің интерактивтік деңгейін арттыруға, қолайлы креативті орта қалыптастыруға, шығармашылық бірлестіктердің және жалпы мәдениет ұйымдарының бәсекелік артықшылықтарын нығайтуға ықпал етеді. Шығармашылық кластерлердің түрі тұжырымдамаға, пайда болу табиғаты мен бұл бірлестіктердің басым құрамдас бөліктеріне тәуелді. Кластерлік құрылымдарды қалыптастырудың негізгі екі тәсілі бар: біртекті, бұл тәсіл формальды әкімшілік-аумақтық шекарадан тыс саланың бір секторын біріктіру қағидатына негізделген, сондай-ақ көпбейінді, бұл тәсіл белгілі бір аумақтың (қаланың, ауданның, облыстың) шегінде оқшауланған. Елдің бірыңғай мәдени кеңістігін қалыптастыру бойынша алға қойылған міндеттердің ерекшелігін ескере отырып, қазіргі заманғы Қазақстанның екі тәсілді де пайдаланғаны жөн.
      Саланың біртектес секторларымен ұсынылған шығармашылық кластерлер мыналарды қамтиды: мұражай ісі; әдебиет, кітап басу және кітапхана ісі; бейнелеу өнері, дизайн мен сәулет; театр, хореография, музыка, орындаушылық және цирк өнері; кино индустриясы, анимация және ұлттық телевизия.

Мұражайлар ғылым мен зерттеу қызметінің тірек орталықтары
ретінде

      Қазіргі заманғы әлемде мұражай – бұл ғылым, білім, коммуникация, мәдени ақпарат пен шығармашылық инновациялар орталығы. Мұражай ісін реформалау шеңберінде 2020 жылға дейін мұражайлардың функцияларын мәдени-ағартушылық және имидж орталықтарына дейін кеңейту және ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара іс-қимыл жасау үшін (он тоғыз мұражай мен галереяны біріктіретін АҚШ-тың Смитсоновский институты, Санкт-Петербургтегі Эрмитаж, Париждегі Лувр үлгісі бойынша) жағдай жасау жоспарлануда. Осыған байланысты қор қоймаларының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері қаралатын болады.
      Мұражай ісі бойынша көркемдік кеңес құру ел мұражайларының жұмысын үйлестіруге, мұражайлар желісін нығайтуға, негізгі мұражай қорларын танымал ету және кеңінен таныстыру жүйесін қалыптастыруға, оларды ел ішінде және шет елдерде экспозициялауға, мұражайаралық ықпалдасуға жәрдемдеседі.
      Қазақстан мұражайлары тарихи-мәдени мұраны кеңінен танымал ету және қазіргі заманғы форматта түсіндіру мақсатында ғылыми мекемелердің, мұрағаттардың, кітапханалардың өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығының тірек орталықтарына айналуға тиіс.
      Барлық мұражай қорлары кеңінен қолжетімді, электрондық форматқа көшірілген және виртуалды кеңістікте ұсынылған болуға тиіс.
      Әлемдік құндылыққа ие артефактілерді жәдігерлеуге бағдарланған Қазақстанның жетекші мұражайларының көркемдік қорларын қалыптастыру тәсілдері жүйелі деңгейде қайта қаралуға тиіс. Шетелдік тәжірибе Луврдағы «Джоконда», Дрезден галереясындағы «Сикстин Мадоннасы», Туриндегі «Туринская плащаница» және т.б. сияқты әлемдік деңгейдегі теңдессіз туындылар мұражай кеңістігін қалыптастырудың өзегі болып табылатынын көрсетіп отыр, бұл мұражайларды жаппай туристер легін тартатын имидж орталығына айналдырады. Мұражайда бірегей артефактіні, халықаралық ауқымдағы тарихи жәдігерді кеңінен танымал ету осы жолдағы маңызды қадам болып табылады. Туристік ағындардың негізі көлемі мәдениет объектілеріне, мінәжат орындары мен тарихи-мәдени ландшафттарға баруға бағдарланғанын ескерсек, аталған басымдықтың тиімді қайтымы болатыны сөзсіз.

Қорық-мұражайлар

       Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорық-мұражайының, «Ежелгі Тараз ескерткіштері», «Әзірет-Сұлтан», «Есік», «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайларының; «Таңбалы», «Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайларының; «Жидебай-Бөрілі» Абай әдеби мемориалдық қорық-мұражайының жұмыс істеу тұжырымдамаларын да қайта қарау қажет.
      Бұл бірегей объектілер мәдени туризмнің әлемдік орталықтарына айналуға тиіс. Оларды дамыту бекітілген бас жоспарлардың негізінде жүзеге асырылатын болады және Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асырумен нақты үйлестірілетін болады.
      Өңірлік мұражайлар мен қорық-мұражайларды дамытудың бірыңғай стратегиясы әлемнің жетекші мұражайларымен және халықаралық ұйымдармен ғылыми және шығармашылық алмасуды қамтамасыз етеді.
      Қазақстан 2030 жылға дейін тарихи ғылымды, археология мен өнертануды дамытудың халықаралық орталықтарының біріне айналуға тиіс.

Әдебиет, кітап шығару мен кітапхана ісі

      Әдебиет – қоғамның рухани-құндылықтар бағдарын қалыптастыратын мәдениет салаларының бірі болған және солай болып қала береді. Мемлекеттік мәдени саясатты толыққанды іске асыру үшін қазіргі заманғы қоғамның және оның құндылық бағдарларының рухани ахуалының жарқын көрінісі болып табылатын қазақ әдебиетін одан әрі дамытуға көңіл аудару қажет.
      Осы бағытта әдебиет, кітап шығару және кітапхана ісі жөніндегі көркемдік кеңес жетекші рөл атқаруға тиіс, ол елімізде әдебиетті дамытудың негізгі тұжырымдарын белгілейді, үздік шығармашылық ресурстарды біріктіреді, жас дарындарды кеңінен іздеу мен тартуды қамтамасыз етеді.
      Қазақстандықтардың мәдени ментальділігін, отансүйгіштігін, жастар үшін құндылық пайымдары мен бағдарларын қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар әдебиетті басып шығару мемлекеттік мәдени саясаттың басымдығы болып табылады. Баспа қызметі саласындағы саясат жаңа заманның үздік үлгілерін, тарихи мұраны, оқиғаларды және тарих пен мәдениеттің ұлы тұлғаларының бейнелерін, қазіргі заман кейіпкерлерін балалар әдебиетін, классиканы, әлемдік, ұлттық поэзия мен проза антологиясын қоса алғанда, әдебиеттің барлық жанрлары мен бағыттарында бейнелейтін әдебиетке бағдарланатын болады.
      Қазақстан кітапханалары жинақталған қоғамдық бiлiмге кеңінен қол жеткізуді қазіргі заманғы қолайлы форматта қамтамасыз ететін көп функциялы, ақпараттық және демалыс орталықтарына айналуға тиіс. Қазіргі заманғы кітапхананың негізгі міндеті қоғамның ақпараттық мәдениетін, кітап оқуға, тілдерге, отандық тарих пен мәдениетке орнықты қызығушылығын қалыптастыру болып табылады.

Бейнелеу өнері, дизайн және сәулет

      Бейнелеу өнерін, декоративтік-қолданбалы өнерді, дизайнды, сәулетті шығармашылық кластерлер ретінде қарастыра отырып, олардың өнімдерінің ерекшелігі көпшіліктің санасында халықтың, уақыт пен елдің көрнекі бейнесі ретінде орын алатынын ескеру қажет. Бұл ерекшелік ұлттық мәдени брендтерді жасау мен ілгерілетуде негізгі нысандардың бірі болып табылады. Сәулет пен дизайн өнердің әлеуметтік маңызы бар түрлері бола отырып, елдің мәдени-тарихи ландшафты мен адамның тіршілік ету ортасының эстетикасын қалыптастырады, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени кеңістікті ұйымдастырады.
      Бейнелеу өнері, сәулет және дизайн жөніндегі көркемдік кеңес қызметі арт-кластерлерді ілгерілету шығармашылық арт-индустриялар үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруге, қазіргі заманғы өнер мен халық шығармашылығының жаңа бағыттарын қолдауға бағытталатын болады.

Театр, музыка, хореография, орындаушылық және цирк өнері

      Облыстық театрларды, концерт және цирк ұйымдарын қоса алғанда, мәдениет мекемелерін көркемдік кеңестер мен тиісті салалық мәдени кластерлерді дамытуға белсенді қатыстыру арқылы республикалық мәдени саясат орбитасына тарту стратегиялық оңтайлы қадам болмақ.
      Қазақстанның театр өнері бүкіл Қазақстанның театрлық дәстүрлерінің ықпалдасуы жағдайында өзіндік болмысын сақтай отырып дамуда. Қала және ауыл халқының театр өнеріне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, сондай-ақ қазақстандық үздік қойылымдарды халықаралық театр кеңістігіне ілгерілету мақсатында гастроль және фестиваль қызметін ұйымдастырудың жүйелі тәсілі қажет.
      Кәсіптік өсу, оның ішінде бүкіл әлем мойындаған сахналарда және елімізде әлемдік деңгейдегі сахна алаңдарын жасау үшін қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер жасау қажет.
      Осы бірлестіктердің институционалдық құрылымдары репертуар саясатын, гастрольдік қызметті үйлестіру, сахналық шеберлікті арттыру, кадрларды іріктеу мен даярлау саласындағы жүйелі мәселелерді орталықтандыра шешуді талап етеді. Осы тәсіл қолда бар ресурстарды шоғырландыруға және олардың қызметін барынша ұтымды етуге қол жеткізуге, дамудағы өңірлік айырмашылықтарды нивелирлеуге, кадрларды әлеуметтік қолдау тәсілдерін біріздендіруге мүмкіндік береді.
      2030 жылға қарай біздің еліміз кәсіптік шеберлікті жоғарылату мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мектебіне айналуға тиіс.
      Қазақстанның музыкалық мәдениетінің бай мұрасын сақтап қалу және дамыту үшін композиторлар мен дәстүрлі және классикалық музыка орындаушыларын, дарынды халық орындаушыларын қолдау жөнінде пәрменді шаралар қажет. Қазақи дәстүрлі музыка мәдениетінің түрлері мен жанрларын сақтау материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы халықаралық конвенцияны іске асыру шеңберіндегі басым міндет болып табылады.
      Классикалық би, сол сияқты халықтық би жанрларын қамтитын хореографиялық өнер би өнерінің заманауи үрдістеріне сай келетін өзіндік болмысын әсем қимылмен көрсету эстетикасында маңызды орын алады. Ұлттық хореография академиясының қызметі мен «Астана-балет» тәрізді жаңа ұжымдарды құру отандық хореографияны дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.

Кино индустриясын қазіргі заманғы мәдени кеңістіктің аса
маңызды кластері ретінде дамыту

      Біздің тарихымыз бен мәдениетімізді өзекті етудің және әлемдік кеңістікке ықпалдастырудың ең тиімді тәсілдерінің бірі кино өнері мен кино индустриясын дамыту, әлемнің жетекші кинокомпаниялары мен телеарналарын ынтымақтастыққа тарту саласында жатыр. Олардың тәжірибесі өндірістің дәл маманданғанын айғақтайды: Голливуд, Мосфильм – тек көркем фильмдер шығарады; ВВС, National Geographic, Discovery – сапалы деректі және ғылыми-танымдық фильмдерді түсіреді; Дисней және Союзмультфильм студиялары – анимациялық өнімдер шығаруға маманданған. Отандық кино өндірісінің тәсілдерін саралау және 2020 жылдан кейін деректі және анимациялық фильмдер шығару бойынша жеке «Kazakh Аnimation» мемлекеттік кино фабрикасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет.
      Ұлттық кинематограф қазіргі заманның үздік үлгілерін, еліміздің бірегей тарихи-мәдени мұрасын, тарихи оқиғалар мен ұлы тұлғаларды танымал етуге бағдарлануға тиіс. Отансүйгіштік пен төзімділікті қалыптастыру мәселелеріне баса назар аудару қажет. Отандық кинокомпаниялардың қоржынында әлемдік кеңістікте отандық тарихты, мәдениет пен өнерді танытатын жарқын көркем бейнелер жасайтын деректі және көркем фильмдердің ауқымды жобалары болуға тиіс. Қазақ хандығының тарихы, қазақ мемлекеттілігінің тарихы бойынша қазақ халқының тарихындағы жеке тұлғалар туралы сериалдар мен фильмдер түсіруді ұйымдастырған жөн. Көрнекті қайраткерлер мен тарихи оқиғаларды берудің жарқын және қазіргі заманғы көркем нысандары Қазақстан тарихын әлемдік түпмәтінге ұтымды енгізуге мүмкіндік береді.
      Анимацияны дамыту ерекше маңызды болып табылады. Құндылықтардың жағымды жүйесін ұлықтауға арналған мультфильмдер мен толық метражды мультипликациялық фильмдер «Kazakh Аnimation» кинофабрикасының негізгі өнімдеріне айналуға тиіс, олар ойын-сауық индустриясының брендтері және «темірқазық» жобалары болуға тиіс. Дисней Ленд үлгісі бойынша анимациялық көркем бейнелерден бастап, ойыншықтарға, кәдесыйларға, баспа өнімдеріне дейін және басқа да жарқын имидждік өнімдер жасау қажет.
      Ұлттық телевизия мәдени коммуникацияның жетекші нысаны ретінде. Телевизия қоғамның базалық рухани құндылықтарын кеңінен таратуға бағдарлануға тиіс. Дүниетаным мен мәдени ментальділікті қалыптастырудағы ауқымды әсерін ескерсек, ұлттық телевизия жалпы мәдени тұжырымдаманы қажет етеді. «Білім және Мәдениет», «Балапан» арналары бүкіл мәдени байлығымызды, әлемдік өнердің нысандары мен бағыттарының алуан түрін, үздік ұлттық дәстүрлер мен рухани бағдарларды қазіргі заманның жаңа форматында таратуда зор әлеуеті бар. Таралатын контентте ғылыми жетістіктер мен жаңалықтарды, археологияның, тарихтың және мәдениеттің бірегей ескерткіштері туралы мәліметтерді пайдалану қажет. Мысалы, Алтын адам және сақ артефактілері әлем жұртшылығының назарын түгелдей аудартуға қабілетті дүние жүзіне танымал бренд бола алады.

4.2. Мәдени-туристік кластерлер

      Мәдени-туристік кластерлерді дамыту өңірлердің мәдени ортасын қалыптастырудың жалпы стратегиясының бір бөлігі ретінде қаралады, бұл ауылдағы жаңа инфрақұрылымдық жобаларды ынталандырады, жастардың, балалардың және жергілікті мәдени қоғамдастықтардың шығармашылық белсенділігін, дәстүрлі кәсіпшілік пен қолөнердің қайта түлеуін қолдайды.
      Өңірдегі адами ресурстардың дамуына шынайы инвестициялар бола отырып, мәдени-туристік кластерлер кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырады, экономиканың шығармашылық секторын нығайтады, мәдени құндылықтарға қолжетімділіктегі теңсіздікті нивелирлейді және қала-ауыл желісі бойынша өнімді мәдени алмасуға ықпал етеді.
      Жергілікті атқарушы органдар аумақтардың шынайы әлеуеті және жекелеген аудандардың даму ерекшеліктері ескерілетін, өңірлік кластерлердің бірегей құрылымы айқындалатын инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы ахуал қалыптастыру жағдайларын қамтамасыз етуде басты рөл атқарады.
      Мәдени-туристік кластерлердің жоғары әлеуеті аумақтың тарихи-мәдени аумақтардың халықаралық имиджі мен оң әлеуметтік және экономикалық нәтижеге қол жеткізуге бағытталған инфрақұрылым құруда жатыр.
      Бұл аумақтардың танымал брендтерін, өңірлердің тарихи-мәдени имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
      Мәдени демалыс сервистік функцияны сақтай және жетілдіре отырып, өз мазмұнын өзгертеді. Мәдениет пен өнердің түрлі бағыттары бойынша әлемдік деңгейдегі ойын-сауық орталықтарын, экологиялық этно-саябақтар, мәдени қорықтар құру еліміздің толық мәдени ландшафтын қалыптастыру үшін база болып табылады.
      Туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасына бес туристік кластер айқындалған: Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан, олардың базистерінде мәдениет объектілері маңызды орын алады, бұл туристік және мәдени салалардың өзара іс-қимыл жасасуының маңыздылығын айқындайды.

«Астана – Еуразия жүрегі» кластері

      Астананың даму стратегиясының басты мақсаты қала тұрғындарының жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мен мәдени және шығармашылық жетістіктердің жоғары деңгейімен үйлесімді қоғам құру болып табылады.
      Астананың жоғары бәсекеге қабілеттілігінің түйінді аспектілерінің бірі елорданың қазіргі заманғы жоғары технологиялы мәдени инфрақұрылымы болып табылады, онда 7 театрды, 8 мұражайды, 27 кітапхананы, 7 кинотеатрды, 8 концерт ұйымын, циркті, 9 мәдениет және демалыс саябақтарын, галереяны және т.б. қамтитын республикалық деңгейдегі мәдениет объектілері шоғырланған.
      Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізудің,
2013 – 2022 халықаралық мәдениеттер жақындасуының онжылдығы бастамасының, Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ), Ислам Ынтымақтастық Ұйымына (ИЫҰ) мүшелілігінің, Астана экономикалық форумын ұйымдастырудың арқасында елорда танымал халықаралық брендке айналып келеді.
      «Астана Опера» жаңа опера және балет театры мен «Astana Ballet», Қазақстан тарихының ұлттық мұражайы және басқалар сияқты қазіргі заманғы шығармашылық ұжымдардың мүмкіндіктері Астананың жалпыға белгілі Мәскеудегі П.Чайковский атындағы халықаралық музыкалық конкурстың, Канн, Венеция, Берлин кинофестивальдерінің, Dance Open халықаралық балет фестивалінің, Вена балының, Ван Клиберн музыкалық фестивалінің және т.б. үлгісі бойынша халықаралық классикалық және қазіргі заманғы ірі өнер конкурстарын өткізу алаңқайына айналуына мүмкіндік береді.
      2020 жылға дейін «Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театрын құруды, «Astana World Theatre Festival» дүниежүзілік театр фестивалін, 24-ші Дүниежүзілік театр Конгресін (ITI-UNESCO) өткізуді және басқаларды қамтитын бірқатар ауқымды имидждік жобаларды өткізу мәселелері пысықталатын болады.
      Мүдделі жеке инвесторлар болған жағдайда елорданың маңайында «Этноауыл және қолөнершілер көшесі» жобасын іске асыру туралы мәселені қарастыруға болады, ал Шучье-Бурабай курорттық аймағы республикалық және халықаралық деңгейдегі имидждік концерттік іс-шараларды өткізуге арналған амфитеатрмен толықтырылуы мүмкін.
      ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралардың алдын ала тізіміне енгізілген тарихи-мәдени объектілерді белсенді дамыту перспективалы бағыт болып табылады: Тасмола мәдениетінің қорғандары, Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қорымдары және басқалары, сондай-ақ «Жібек жолы» сериялық трансұлттық номинациясына енгізілген объектілер.
      EXPO-2017 көрмесі Астананың мәдени имиджін халықаралық аренаға жылжытуға зор мүмкіндік ашады. Астана мен оның маңайы төл көшпелі мәдениеттің, сондай-ақ отандық шеберлердің орындауындағы ұлттық және әлемдік музыка, би, театр өнерінің үздік туындыларын таныстыру орталығына айналмақ. Көрме шеңберінде салынған павильондар мен кешендер елорданың мәдени инфрақұрылымын байыта түседі.

«Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы» кластері

      Алматының шығармашылық қала ретінде дамуы шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсету үшін оңтайлы ортаны қалыптастырады.
      Өзінің бай тарихы мен қалыптасқан дәстүрлері бар Алматы қаласының мәдени инфрақұрылымында 13 театр, 15 мұражай, 24 кинотеатр, 12 концерттік ұйым, 31 кітапхана, клуб үлгісіндегі 10 мекеме, хайуанаттар бағы, цирк, 6 мәдениет және демалыс саябақтары мен өзге де мәдениет объектілері орналасқан, олардың басым бөлігінің республикалық маңызы бар.
      Қалада жыл сайын өзін-өзі танытқан «Apple fest», «Оркестрлер парады», «Арт-алаң», «Алматы жүрегімде», «Arbat fest», «Халықаралық қуыршақтар карнавалы» және басқа да қалалық ірі мерекелер мен фестивальдер өтеді. Тәуелсіз жаңа мәдени институциялар – «Шебер» дизайн-шеберханалары қалыптасуда, тәуелсіз жаңа бастамалар – «Weekender» музыка фестивалі, «Откровение» жастар театр фестивалі, «Полифония» әдебиет фестивалі, «Дәм мерекесі» тамақ фестивалі және басқалар туындап, ойдағыдай іске асырылуда.
      Петроглифтері бар Таңбалы бірегей археологиялық ландшафты, ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра объектілерінің алдын ала тізіміне енгізілген Ешкіөлмес петроглифтері бар Жетісу Алатауының тізбегі, сондай-ақ Есік қорғаны мен «Жібек жолы» сериялық трансұлттық номинациясына енгізілген объектілер (Боралдай сақ қорғаны, Талғар, Қаялық, Қарамерген ежелгі қалашықтар) ерекше қызығушылық тудырады.
      Стоунхендждегі өнер фестивалінің үлгісі бойынша Таңбалы тастың ашық аспаны астындағы ежелгі ғибадатхананың мінәжат кеңістігін халықаралық фестивальдар (The Spirit of Tengri қазіргі заманғы этникалық музыка фестивалі) және мәдениет пен өнер форумдары өткізілетін жерге айналдыруға болады. Мұндай форматтағы айтулы іс-шаралар әлемдік ғылыми қоғамдастықты Алматының тарихи-мәдени объектілеріне тартуға мүмкіндік береді.

«Шығыс Қазақстан – Алтай маржаны» кластері

      Өңір Шығыс Қазақстан облысының солтүстік және шығыс бөліктерін қамтиды. Кластердің құрамында: 13 мұражай, 322 кітапхана, 2 театр, 5 концерт ұйымы, 6 кинотеатр, клуб үлгісіндегі 307 мекеме, 3 мәдениет және демалыс саябағы, хайуанаттар бағы бар. Өскемен мен Семей қалаларында бірегей тарихи-мәдени объектілер мен сәулет ескерткіштері, сондай-ақ «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы бар, мұнда «Алтай – түркі халықтарының алтын бесігі» түркітілдес халықтардың дәстүрлі халықаралық фестивалі өткізіледі. Алтайдың табиғи ландшафтының этнотуризмді дамыту үшін зор келешегі бар. Өңірде көптеген қорғандар бар, ІІI-II ғасырлардан қалған патша көмбелері табылған.
      Шығыс Қазақстанда 2020 жылға дейінгі бірқатар мәдени жобаларды іске асыру саланың инфрақұрылымын күшейтіп, өңірдегі мәдениет саласын дамытудың жаңа перспективаларын ашады.
      Өскеменде қазірдің өзінде-ақ қалыптасып кеткен «MUSEUMстан» форматындағы халықаралық мұражай фестивалін өткізу дәстүрі жалғастырылатын болады.
      Ұлы ақын Абайдың отаны Семейде абайтанушылар мен жас әдебиетшілердің халықаралық симпозиумдары өткізілетін болады.
      Катон-Қарағайда «Бал алқабы» атты ауқымды этномәдени фестивальдің өткізілуі халық кәсіпшілігі мен қолөнерін қайта жандандыруға, өңірдің төл мәдениетін дамытуға өзінің нақты үлесін қосуға қабілеті бар шығармашылық ұжымдар мен жекелеген орындаушыларды, музыканттарды, суретшілерді, декоративтік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдауға бағытталатын болады.

«Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек Жолын жаңғырту» кластері

      Кластер 28 мұражайды, 8 театрды, 431 кітапхананы, клуб үлгісіндегі 268 мекемені, 5 кинотеатрды, 39 мәдениет және демалыс саябақтарын, 2 циркті, хайуанаттар бағын, бір концерт ұйымын қамтиды. Тарихи-мәдени объектілердің қатарына мыналар кіреді: ежелгі Түркістан мен «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ескерткіштері, ортағасырлық Отырар қалашығы мен Отырар даласының археологиялық объектілері (ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген), Сауран археологиялық кешені, Ақыртас сарай кешені, палеолитикалық учаскелері мен геоморфологиясы бар Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы, ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген Арпа-Өзен петроглифтері, Қорқыт Ата мемориалдық кешені және тағы да басқалар.
      Осы объектілердің барлығының зор әлеуеті бар және олардың трансшекаралық деңгейде орнығуы әбден мүмкін. «Әзірет-Сұлтан» мемориалдық кешені мен оның маржаны – Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бүкіл әлем мұсылмандары сыйынатын діни орталыққа айналу перспективасы бар. Келешекте Шымкентте, Отырар қаласының маңайында Қазақстанның мәдениеті мен өнерін зерттеу бойынша Әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық ғылыми форум өткізу мәселесі қарастырылатын болады.

«Батыс Қазақстан – Каспий қақпалары» кластері

      Кластердің мәдени инфрақұрылымында 4 театр, 6 мұражай, 405 кітапхана, клуб үлгісіндегі 278 мекеме, 3 концерт ұйымы, 9 кинотеатр,  7 ойын-сауық және демалыс саябақтары бар. Мұнда мынадай тарихи-мәдени объектілер орналасқан: Бекет-Ата, Шопан-Ата және Қараман-Ата жерасты мешіттері; Омар және Тұр кесенелері; Маңғышлақ түбегіндегі қорымдар; Шерқала тауы, «Бөкей Ордасы» ескерткіштер кешені және тағы басқалар.
      Бұл бірегей өңірді әртүрлі форматтағы әйгілі мәдени іс-шараларды өткізетін орынға айналдыруға болады. 2020 жылға дейін әртүрлі форматтағы имиджік іс-шаралар сериясын өткізу мәселесі қарастырылатын болады: отандық батырлар Исатай мен Махамбетке арналған фольклорлық фестиваль, «Көрісу» қонақжайлық күні, Дина Нүрпейісова атындағы халықаралық композиторлар мен дәстүрлі әндерді орындаушылар конкурсы және басқалар. Каспий күнін халықаралық атап өту жаңа серпінге ие болуы мүмкін. Ақтаудағы «Каспий айналасындағы мыңжылдықтар» атты қазіргі заманғы ән фестивалі Каспий маңындағы елдер халқының еуразиялық ән конкурсы ретінде орын алуы мүмкін. «Адай жылқысының күні» форматындағы этномәдени іс-шаралар өңірдің мәдени төл тұрмысын білдіретін бренд бола алады.
      Бейбарыс сұлтанның отаны – Атырау қазақтардың атақты әскери шайқастарын тарихи реконструкциялау жүргізілетін орынға айналады.
      Мәдениет және демалыс объектілерін, жаңа, кеңінен танылатын сахна алаңдарын дамыту, имидждік іс-шаралар (шетелде Қазақстан мәдениеті маусымдары, «Наурызды» жаңа форматта мерекелеу, халықаралық фестивальдар мен конкурстар) өткізу мүмкіндігі, кино, анимация, көркем сурет, дизайн саласындағы мәдени имидждік өнімдерді тарату, қолөнер шеберліктері мен халықтың қолданбалы өнерін дамыту – осының барлығы қазіргі заманғы шығармашылық және мәдени-туристік кластерлерді дамытуда, шығармашылық белсенділікті ынталандыратын, жас дарындар мен шығармашылық индустриялардың дамуын қолдайтын маңызды әлеуметтік жобаларды іске асырудың маңызды құрамдас бөліктеріне айналмақ.
      2030 жылға қарай Қазақстан инфрақұрылымы дамыған және әлемдік деңгейдегі тиімді кластерлері бар мәдениет пен демалыстың халықаралық орталықтарының біріне айналуға тиіс.

5. Іске асыру кезеңі мен күтілетін нәтижелер, нысаналы
индикаторлар

      Мәдени саясаттың берілген қағидаттары мен тәсілдерін іске асыру мынадай кезеңдерді көздейді:
      1-кезең – 2015 – 2019 жылдар;
      2-кезең – 2020 – 2030 жылдар.
      Бірінші кезең құқықтық шаралардың қазіргілерін бейімдеу және жаңаларын жасау бойынша нақты қадамдарды, сондай-ақ саланы, негізгі кластерлерді дамытудың институционалдық тетіктерін көздейді, олардың көпшілігі 2015 – 2016 жылдары іске асырылуға тиіс.
      Мәдениет саласын жаңғырту процесін дәл мониторингтеу және оның шикізаттық емес экономикадағы орнын айқындау мақсатында ЭЫДҰ мен IMD халықаралық рейтингтерінің шеңберінде саланың даму серпінін бағалауға бағытталған әлеуметтанушылық зерттеулер сериясын жүргізу жалғасатын болады.
      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін кеңінен қолдану негізінде 2020 жылға қарай өнердің жекелеген түрлері мен мәдениет ұйымдары экономикалық тұрғыдан табысты (рентабельді) деңгейге шығарылатын болады.
      Негізгі институционалдық өзгерістердің қатарында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңес пен салалар бойынша көркемдік кеңестер құру бар.
      Бірінші кезеңде:
      1) тиісті құқықтық база дайындалады;
      2) Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңес құрылады;
      3) 2015 – 2016 оқу жылы «Мюзикл әртісі» мамандығы бойынша кәсіпқой актерлердің алғашқы түлектері шығарылады;
      4) өнер саласында бірыңғай білім беру кеңістігі құрылады;
      5) ғылым мен зерттеу қызметі белсенді дамытылады; еліміздің мұражайлары тарих ғылымын, археология мен өнертануды дамытудың тірек орталығына айналады;
      6) салалық көркемдік кеңестер құрылады;
      7) жетекші халықаралық ұйымдардың (ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ, ИСЕСКО және басқалар) жобаларына ықпалдасу күшейтіледі;
      8) бизнеспен әріптестікті дамыту шеңберінде:
      әлемдік деңгейдегі демалыс ойын-сауық орталықтарын құрудың және ұлттық мәдени брендтерді қалыптастырудың салалық кешенді бизнес-жоспары әзірленеді;
      дарынды ауыл жастарын қолдаудың және ілгерілетудің жол картасы әзірленеді;
      мәдени туризмнің трансұлттық маршруттарын дамыту бойынша стартап жобасы әзірленеді;
      9) 2020 жылға дейін еліміздің барлық кітапхана қорын кешенді цифрлауды аяқтау жөніндегі салалық іс-қимыл жоспары іске асырылды;
      10) бірыңғай репертуар, кадр саясатын қалыптастырудың және гастрольдік қызметті ұйымдастырудың нақты тетіктері пысықталады;
      11) ауқымды республикалық және халықаралық имидждік іс-шаралар сериясы іске асырылады;
      12) ауылдар мен моноқалалар үшін мәдениет саласындағы менеджерлер қажеттігінің жүйелі мониторингі қамтамасыз етіледі;
      13) ЭКСПО – 2017 көрмесінің мәдени бағдарламаларын кешенді дайындау және іске асыру қамтамасыз етіледі.

      Бірінші кезеңнің түйінді индикаторлары:
      1) 2020 жылға қарай ұлттық кітапхана қорын цифрлау 100 %-ға жететін болады;
      2) кітапханаларға келу саны 2 есе ұлғаяды;
      3) мұражайларға келу саны 3 есе ұлғаяды;
      4) театрларға келу саны 2 есе ұлғаяды;
      5) халықтың мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің сапасымен қанағаттануы кемінде 70 %-ды құрайды.
      Екінші кезең саланы одан әрі институционалдық және инфрақұрылымдық қайта құруға, шығармашылық ресурстардың әлеуетін нығайтуға, саланы кластерлік дамыту және креативті өнеркәсіп аймағын құру саласындағы жұмыстарды орындауға бағдарланған. Бірінші кезеңде қаланған ұлттық брендтерді қалыптастыру негіздері жаппай ілгерілетіледі және еліміз бен шет елдер ауқымында кеңінен таралады.
      2030 жылы Қазақстан:
      1) әлемдік мәдениет пен өнерді дамыту орталықтарының біріне;
      2) дамыған инфрақұрылымы бар әлемдік ойын-сауық және демалыс орталықтарының біріне;
      3) тарих ғылымын, археология мен өнертануды дамытудың халықаралық орталықтарының біріне;
      4) кәсіптік шеберлікті арттыратын және шығармашылық өсуге болатын халықаралық жетекші мектепке;
      5) халықаралық жетекші ұйымдардың аса ірі өңірлік орталығына айналады;
      6) Астанада «Silk Road» мәдени даму Еуразиялық министрлер жөніндегі кеңесін құру мүмкіндігі пысықталады.
      Мынадай бағыттар бойынша жұмыс жалғасады:
      7) қазіргі заманғы өнердің жаңа бағыттарын қолдау, жастардың қосалқы мәдениетімен өзара іс-қимыл жасасу;
      8) киноны, анимацияны, бейнелеу өнерін, театрды, музыка өнерін, әдебиетті және тағы басқаларды қоса алғанда, барлық салаларда әлеуметтік бағдарланған, рухани-адамгершілік және отансүйгіштік бағыттағы мәдени өнімдер өндірісінің кешенді жоспарын іске асыру;
      9) мәдениеттің экспорттық әлеуеті бар брендтік өнімін құру;
      10) еліміздің тарихи-мәдени ландшафтының туристік логистикасын, ішкі және сырттан келетін туристер легіне қызмет көрсететін трансұлттық бағыттарды кеңейту;
      11) мәдени туризмді және басқаларын дамытудың аса маңызды «темірқазық» жобалары ретінде еліміздің айтулы мәдени кешендерін толық қайта жаңғырту және реконструкциялау.
      Екінші кезеңнің түйінді индикаторлары:
      1) ұлттық кітапхананың қорына келіп түскен жаңа кітаптарды 100 % деңгейде цифрлау қамтамасыз етілетін болады;
      2) кітапханаларға келу саны 20 %-ға дерлік ұлғаяды;
      3) мұражайларға келу саны 2 есе ұлғаяды;
      4) театрларға келу саны 3 есе ұлғаяды;
      5) халықтың мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің сапасымен қанағаттануы кемінде 70-75 %-ды құрайды.
      Елдің бірыңғай мәдени кеңістігін құру бойынша іс-қимылдың жаңа ауқымы мен жүйелі шаралар жалпыұлттық идеяның негізінде мәдени өрістің шекаралары мен форматын едәуір кеңейтіп, ұрпақтардың рухани сабақтастығы мен өз ойын білдіруді қамтамасыз етеді: шығармашыл капитал, мәдени кластерлер мен бизнес, бәсекеге қабілетті ментальділік. Осының нәтижесінде мәдениет мекемелері көрсететін қызметтерді бөлудегі аумақтық теңгерімсіздік жойылады, ал креативті индустриялар секторы мәдениетке өзінің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
      Жалпы, елдің бірыңғай мәдени кеңістігі экономиканың нақты секторындағы өнердің барлық бағыттарының орнықты дамуын қамтамасыз етеді: 2030 жылға қарай мәдениет секторы ІЖӨ көлеміндегі, мәдениетте жұмыспен қамтылған халықтың көлемінде, мәдени өнімнің экспорттық әлеуетінде әлемнің дамыған елдерінің орташа көрсеткішіне ұмтылады.
      Қазақстан бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына мәдениет пен өнердегі дамудың жоғары деңгейімен кіреді.

6. Қазақстан Республикасының мәдени саясат тұжырымдамасын іске
асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Тұжырымдаманың бірінші кезеңінде төменде санамаланған міндеттерді іске асыру:
      1) отандық мәдениетті әлемдік мәдени кеңістікке ықпалдастыру, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын елімізде және шет елдерде кеңінен ілгерілету, меншікті ұлттық брендтерді қалыптастыру;
      2) бәсекеге қабілетті мәдени ортаны және заманауи мәдени кластерлерді қарқынды дамыту үшін жағдай жасау;
      3) тарихи-мәдени мұраны одан әрі сақтау және танымал ету;
      4) өнердің барлық түрлері, жанрлары мен бағыттары – кино, анимация, әдебиет, көркем сурет және басқалары арқылы таратылатын қазіргі заманның үздік бейнелерін, атаулы тарихи оқиғалар мен артефактілерді, мәдени мұра мен дәстүрді білдіретін жарқын көркем бейнелер жасау;
      5) ішкі және сырттан келетін мәдени туризмді дамыту үшін елдің тарихи-мәдени ландшафтын кеңінен пайдалану – мынадай нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу арқылы көзделеді:
      «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы»
1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
      «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы;
      «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы.
      Тұтастай алғанда, Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері мына нормативтік құқықтық актілер арқылы іске асырылатын болады:
      1) «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
      2) «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
      3) «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
      4) Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі жалпыұлттық тұжырымдамасы және Қазақстанды әлеуметтік жаңғыртудың 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған жалпыұлттық жоспары;
      5) Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;
      6) Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы;
      7) Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы;
      8) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау және дамыту тұжырымдамасы;
      9) «Ақпаратты Қазақстан 2020» мемлекеттік бағдарламасы;
      10) мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары.
      Көрсетілетін мәдениет қызметтерінің стандарттары мен қолжетімділік кепілдіктері көзделетін «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, сондай-ақ меценаттықты ынталандыру және мәдениет пен өнер саласындағы жекеше секторды тарту тетіктері көрініс табатын «Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әзірлену сатысында.