Жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарау кезінде қолданылатын техникалық құралдарға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 маусымдағы № 742 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 тамыздағы № 571 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 18.08.2022 № 571 қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.07.2014 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңы 24-1-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарау кезінде қолданылатын техникалық құралдарға қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2014 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 30 маусымдағы
№ 742 қаулысымен
бекітілген

Жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін
адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі
мен багажын тексеріп қарау кезінде қолданылатын техникалық
құралдарға қойылатын талаптар
1. Жалпы ережелер

      1. Жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарау кезінде қолданылатын техникалық құралдарға қойылатын талаптар (бұдан әрі – талаптар) "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңы 24-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Осы талаптар жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарау кезінде қолданылатын техникалық құралдардың техникалық және функционалдық сипаттамаларын айқындайды.

      3. Көлік инфрақұрылымының барлық объектілерінде Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және метрология, сондай-ақ радиациялық қауіпсіздік бөлігінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін техникалық құралдар орнатылады.

      4. Әуежайда жолаушыларды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын ұшу алдында тексеріп қарау кезінде қолданылатын техникалық құралдарға қойылатын талаптар "Әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қарап тексеруді ұйымдастыруы жөніндегі сертификаттау талаптарын және қарап тексеру кезінде қолданылатын техникалық құралдарға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 829 қаулысында белгіленеді.

      5. Көлік инфрақұрылымы объектілерінде жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарау кезінде мынадай техникалық құралдар қолданылады:

      1) стационарлық металл тапқыштар (металл детекторлар);

      2) портативтік (қол) аспаптар;

      3) рентген-телевизиялық қондырғылар;

      4) жарылғыш, есірткі және қауіпті химиялық заттарды табуға арналған аппаратура қолданылады.

2. Стационарлық металл тапқыштарға (металл детекторларына)
қойылатын талаптар

      6. Стационарлық металл тапқыштар (металл детекторлар) адамның денесінде және оның киімінде суық және атыс қаруын, құрамында металы бар жарылғыш құрылғыларды (гранаталарды), алып өтуге тыйым салынған, құрамында металы бар әртүрлі өндіріс өнімдерінің түрлерін табуға арналған және арка немесе баған үлгісіндегі стационарлық құрылғылар түрінде орындалуы тиіс.

      Стационарлық металл тапқыштар (металл детекторлар):

      1) іздеу объектілерін табу ықтималдығы жоғарғы;

      2) күзетілетін объектіге алып өтуге рұқсат етілген металл заттарға қатысты селективті;

      3) қоршаған ортаға (оның ішінде құрамында металл бар заттарға) барынша бейімделуге қабілетті;

      4) электр-магниттік сәулеленудің сыртқы көздерінен болатын бөгеуілдерден қорғалуы жоғары;

      5) бақыланатын кеңістіктің бүкіл аумағында анықтауға біркелкі сезгіш;

      6) металды түрлі массаларын табуға оңай икемделуге қабілетті;

      7) имплантталатын электр кардиостимуляторы мен магнитті ақпарат жеткізгіштерге әсер етудің рұқсат етілген деңгейіне ие болуы;

      8) пайдаланылатын жерде диагностика мен жөндеу жүргізуге мүмкіндігі;

      9) қажет болған кезде тәулік бойғы режимде жұмыс істеуді қамтамасыз ететін болуы тиіс.

      7. Стационарлық металл тапқыштар (металл детекторлар) олардың қалыпты және қауіпсіз пайдаланылуын, жарамды жай-күйін қолдау және жөндеу үшін жеткілікті болатын, пайдалану жөніндегі басшылықтан және бұйымның диагностика әдістері бар толық техникалық сипаттамасынан тұратын құжаттамамен жиынтықталады.

3. Портативтік (қол) аспаптарға қойылатын талаптар

      8. Портативтік (қол) аспаптар:

      1) қара және түсті металдар мен олардың қорытпаларын табуды және қажет болған жағдайда тануды қамтамасыз етуі;

      2) металды түрлі массаларын анықтауға қайта баптауды қамтамасыз етуі;

      3) стационарлық металл тапқыштармен жұмыс істеген кезде бірге қолдану мүмкіндігінің болуы;

      4) пайдаланылатын жерде диагностика мен жөндеу жүргізуге мүмкіндік беруі;

      5) дербес қоректендіру көзінен кемінде 10 сағат үздіксіз жұмыс істеу ұзақтығын қамтамасыз етуі тиіс.

      9. Портативтік (қол) аспаптардың имплантталатын электр кардиостимуляторлары мен магнитті ақпарат жеткізгіштерге әсер етудің рұқсат етілген деңгейі болуы тиіс.

4. Рентген-телевизиялық қондырғыларға қойылатын талаптар

      10. Рентген-телевизиялық қондырғылар металл және бейметалл атыс қаруын, оның бөлшектерін, барлық калибрдегі оқ-дәрілерді, гранаталар мен жарықшақтық/жарылыстық әрекеті бар қарулардың барлық түрлерін, пышақтарды, жуан таяқтарды, семсерлерді, әскери және коммерциялық мақсаттағы жарылғыш заттарды, детонаторлар мен сағаттық механизмдерді, электрлік және электрондық бұйымдарды, электр энергиясы көздерін тануға арналған.

      11. Рентген-телевизиялық қондырғылар конвейерінің орналасуы төмен болуы тиіс (еден деңгейінен биіктігі 300 мм).

      12. Рентген-телевизиялық қондырғылардың:

      1) мынадай базалық мүмкіндіктері: объектілерді атомдық саны мен тығыздығына қарай алты түс бойынша кескінге бөлу, кескінді 9 учаскесі бойынша ұлғайту, атомдық санын өлшеу, кескін мұрағаты, түрлі-түсті және ақ-қара кескін, үздіксіз қарау, кескінді біртіндеп бірнеше есеге ұлғайту, конвейер таспасының қуатты жетегі, сапалы кескін, басып шығарғышты қосу мүмкіндігі;

      2) рентгендік сәулеленудің әсерінен қорғауды қамтамасыз ететін конструкциясы;

      3) кинофотоматериалдарды, электрондық жеткізгіштерді рентген-телевизиялық қондырғылардың жұмыс аймағы арқылы он мәрте өткізген кезде олардың тұтастығын бұзуға мүмкіндік бермейтін рентгендік сәулелену деңгейі;

      4) рентгендік сәулелену қосылуының жарық сигнализациясы, қорғағыш экрандардың тұтастығы бұзылған кезде рентгендік сәулеленудің ажыратылуын және пайдалану жүктемесі асып кеткен және жарамсыз болған жағдайда, электр тоғы берілуінің тоқтатылуын қамтамасыз ететін бұғаттаулары болуы;

      5) пайдалану жерінде диагностика мен жөндеу жүргізуге мүмкіндік беруі тиіс.

      13. Рентген-телевизиялық қондырғылардың имплантталатын электр кардиостимуляторлары мен магнитті ақпарат жеткізгіштерге әсер етудің рұқсат етілген деңгейі болуы тиіс.

      14. Рентген-телевизиялық қондырғылар олардың қалыпты және қауіпсіз пайдаланылуын, жарамды жай-күйін қолдау және жөндеу үшін жеткілікті болатын, пайдалану жөніндегі басшылықтан және диагностика әдістері бар бұйымның толық техникалық сипаттамасынан тұратын құжаттамамен жиынтықталады.

5. Жарылғыш, есірткі және қауіпті химиялық заттарды табуға
арналған аппаратураға қойылатын талаптар

      15. Жарылғыш, есірткі және қауіпті химиялық заттарды табуға арналған аппаратура күдікті ауа сынамаларының компоненттік және құрылымдық талдауын жүргізу жолымен олардың немесе олардың іздерінің болуын айқындау үшін қолданылуы тиіс.

      16. Аппаратура:

      1) талдаудың заманауи физикалық-химиялық әдістерін пайдалануға негізделген заттарды сәйкестендіруді;

      2) тротил, гексоген және т.б. үлгідегі штатты жарылғыш заттарды сенімді тіркеуге мүмкіндік беретін сезгіштікті;

      3) заттардың бетіндегі жарылғыш заттардың іздерін экспресс-анықтауды (жарылғыш заттардың іздерін талдағыштар);

      4) желілік қоректену блогынан, сол сияқты дербес көзден де жұмыс істеуді;

      5) оператордан тәуелсіз жұмыс істейтін дыбыс және жарық сигнализациясы жүйесін;

      6) пайдаланылатын жерде диагностика мен жөндеу жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс.

      17. Жарылғыш, есірткі және қауіпті химиялық заттарды табуға арналған аппаратураның имплантталатын электр кардиостимуляторлары мен магнитті ақпарат жеткізгіштерге әсер етудің рұқсат етілген деңгейі болуы тиіс.

      18. Жарылғыш, есірткі және қауіпті химиялық заттарды табуға арналған аппаратура олардың қалыпты және қауіпсіз пайдаланылуын қолдау үшін жеткілікті болатын, пайдалану жөніндегі басшылықтан және диагностика әдістері бар бұйымның толық техникалық суреттемесінен тұратын құжаттамамен жиынтықталады.