"Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 қыркүйектегі № 983 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 449 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 7 маусымдағы № 341 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 07.06.2017 № 341 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 қыркүйектегі № 983 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 39, 400-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) көрсетілген қаулымен бекітілген адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның құрамы осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      2) көрсетілген қаулымен бекітілген Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия туралы ережеде:

      1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Комиссия адам саудасына қарсы іс-қимыл және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелері жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу үшін құрылады.";

      3, 4, 5, 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) адамдарды заңсыз әкету, әкелу және сату және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету саласындағы қазіргі ахуалды талдау;

      2) мыналар:

      адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелері;

      адам саудасының жағдайы және осы құбылыстың қауіптілігі туралы, көрсетілген салада қалыптасқан құқық қорғау шаралары мен көмекке жүгіну мүмкіндігі туралы халықты хабардар ету;

      адам саудасының алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ адам саудасының құрбандарын қорғау және оларға көмек көрсету саласында қабылданған халықаралық-құқықтық құжаттарға сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру;

      адам саудасына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға және оларға көмек көрсетуге бағытталған жұмыстың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу болып табылады.

      4. Комиссия өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардан өз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті материалдар мен ақпаратты сұратуға;

      2) адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өздері жүргізген жұмысы туралы есептерін тыңдауға және олардың қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге.

      3) тәуелсіз сарапшыларды, мамандарды және ғалымдарды тартуға;

      4) адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасауға;

      5) заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелері бойынша тиісті бағдарламалар мен жоспарларды әзірлеу жөнінде ұсыныстар әзірлеуге құқылы.

      5. Комиссияға басшылық етуді оның төрағалары болып табылатын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі екі жылдық кезеңділікпен ротация негізінде жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі ротация негізінде Комиссия төрағаларының орынбасарлары болып табылады.

      Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары атқарады.

      6. Комиссияның лауазымдық құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Комиссия мүшелері отырыстарда алмастыру құқығынсыз қатысады. Комиссия отырыстарына шақырылған тұлғалар қатыса алады";

      9, 10-тармақтар алынып тасталсын;

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Екі жылдық кезеңділікпен ротация негізінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Комиссияның жұмыс органы комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса комиссия мүшелеріне жіберілуі тиіс.";

      13-тармақ алынып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 14, 15, 16-тармақтармен толықтырылсын:

      "14. Комиссияның отырысы өткізілгеннен кейін Комиссияның хатшысы хаттама ресімдейді.

      15. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген Комиссияның есеп-хатына қоса берілуі тиіс.

      Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.

      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.

      Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.

      16. Дауыс беру парақтарымен қоса, Комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 4 мамырдағы
№ 449 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2003 жылғы 26 қыркүйектегі
№ 983 қаулысымен
бекiтiлген

Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес
мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, төраға

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, төраға

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция комитетінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, хатшы

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары, хатшы

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Мәдениет вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі директорының орынбасары (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының басшысы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер бойынша қадағалау алқасының судьясы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы "Сырбар" сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары (келісім бойынша)

      Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астана қаласындағы орталығының жобалар бойынша аға қызметкері (келісім бойынша)

      Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астана қаласындағы орталығының құқықтық мәселелер бойынша ұлттық үйлестіруші (келісім бойынша)

      Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астана қаласындағы орталығының адам өлшемдері бойынша бөлімінің аға ассистенті (келісім бойынша)

      "Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы (келісім бойынша)

      "Феминистік лига" қоғамдық бірлестігінің директоры (келісім бойынша)

      "Сана Сезім" әйелдер бастамаларының "Құқықтық орталығы" қоғамдық бірлестігінің президенті (келісім бойынша)

      Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстан Республикасындағы бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі (келісім бойынша)

      Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстан Республикасындағы бағдарламаларының ассистенті (келісім бойынша)

      "Әйелдерді қолдау орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Әйелдер мен балаларға арналған әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы" қоғамдық бірлестігінің директоры (келісім бойынша)