Ескерту. Қаулының тапқырыбы жаңа редакцияда жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | С. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 сәуірдегі № 301 қаулысымен бекітілген |
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 39-бабына, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 184-бабына, "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 46-10-бабына, "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 47-1-бабына, "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына, "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-1-бабына сәйкес әзірленді.
2-тарау. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының шығыстарын өтеу тәртібі
2. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу тиісті қаржы жылына көзделген республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
3. Алдын ала бару жөніндегі шығыстарды республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеу мынадай құжаттар:
1) кезеңдік және аралық алдын ала (оның ішінде біржолғы және тақырыптық) бару бойынша – Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) тиісті (бару мерзімдерін, баратын мекемелер мен ұйымдардың тізбесін, сондай-ақ барудың көрсетілген түрлерін жүргізуге уәкілетті топтар құрамын қамтитын) жоспарлар қоса берілген алдын ала барудың көрсетілген түрлерінің жоспарларын бекіту туралы хаттамалары;
2) арнайы бару бойынша – азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалаудың түрлерін қолдану туралы түскен хабарламалардың негізінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының тобын жіберу туралы шешімі;
3) осы Қағидалардың 5, 6-тармақтарында көрсетілген шығыстарды растайтын құжаттар;
4) осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес топ жетекшілері жіберетін ақшалай қаражаттың іс жүзіндегі шығыстары туралы есеп;
5) ұлттық алдын алу тетігінің тобына қатысушылардың алдын ала бару қорытындысы бойынша жазбаша есеп ұсынуын бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің растауы негізінде жүзеге асырылады.
4. Үйлестіру кеңесі хаттамасының көшірмесі тиісті жылғы 10 қаңтардан кешіктірілмей бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне жіберіледі.
5. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына мынадай шығыстарды өтейді:
1) ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының басқа мекемеге жолға шығуына байланысты, оның ішінде Үйлестіру кеңесінің жұмысына қатысуы жөніндегі шығыстар:
алдын ала баратын жерде болған әрбір күн үшін алдын алу тетiгiнің қатысушысына екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тәулікақы төленеді;
ұсынылған растау құжаттары (фискалдық чек, кассалық кіріс ордері, шот-фактура, шот, жүкқұжат, хабарлама, тұру үшін құжаттар дара кәсіпкерден ұсынылған жағдайда тұлғаның мүлікті жалға беруге құқығын растайтын құжаттар (жалдау шарты, патент, куәлік және қонақүй қызметтерін беруші ұсынатын басқа да растайтын құжаттар) қосымша ұсынылады, бұл ретте тұрғын үй-жайды бір тәулікке жалдау шығыстарының сомасы Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларында айлық есептік көрсеткіштің жеті еселенген мөлшерінен, облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен, аудан орталықтарында, аудандық маңызы бар қалаларда және Ақмола облысы Бурабай ауданының Бурабай кентінде айлық есептік көрсеткіштің төрт еселенген мөлшерінен, ауылдық округтерде айлық есептік көрсеткіштің екі еселенген мөлшерінен аспауға тиіс;
растайтын құжаттар болмаған кезде тұрғын үй-жай жалдау шығыстары тәулікақы нормасының 50 пайызы мөлшерінде өтеледі;
баратын жерге және тұрақты жұмыс орнына кері жол жүру бойынша – ұсынылған жол жүру құжаттарының негізінде теміржолмен жол жүргенде – купелі вагонның тарифі бойынша (төменде орналасқан жұмсақ дивандары бар, қалпын реттейтін отыруға арналған құрылғылы жұмсақ креслолары бар екі орындық купелі вагондарды (СВ), сондай-ақ "Турист" және "Бизнес" жүрдек пойыздар кластарын қоспағанда); су жолдары бойынша, тас жол мен топырақты жолдар бойынша – осы жерде қалыптасқан жол жүру құны бойынша;
баратын жерге және жұмыс (қызмет) орнына кері жол жүрген кезде жол жүру билеттері мен қонақ үйлердегі орынды брондау, сондай-ақ пойызбен жол жүрген кезде төсек-орын жабдықтарын пайдалану құны – осы шығыстарды растайтын құжаттар болған кезде;
баратын жерге және негізгі жұмыс (қызмет) орнына кері жол жүру құжаттары болмаған кезде шығыстар көлікпен (әуе көлігін қоспағанда) жүрудің ең төменгі құны бойынша өтеледі;
теміржол станциясы, кемежай, әуежай елді мекеннің шегінен тыс жерде орналасса, растайтын құжаттар болған кезде, оларға автокөлікпен (таксиден басқа) жол жүру бойынша;
ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының тұрақты тұратын жеріне күн сайын қайтуға мүмкіндігі болатын жерге алдын ала барған кезде шығыстар мынадай тәртіппен өтеледі:
егер ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы жұмыс күні аяқталғаннан кейін баратын жерде өз еркімен қалатын болса, онда тұрғын үй-жай жалдау туралы ақтайтын құжаттарды ұсынған кезде тәуліктік және көліктік шығыстар осы Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасында көзделген мөлшерде өтеледі;
егер ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы негізгі жұмыс (қызмет) орнына күн сайын қайтып келетін болса, онда тәулікақы төленбей, жол жүру құжаттары болған кезде көліктік шығыстар ғана өтеледі;
2) алдын ала бару қорытындысы бойынша жыл сайынғы шоғырландырылған баяндама үшін жиналған материалдарды өңдеуді, ұсыныстар мен ұсынымдар, ақпарат дайындауды қоса алғанда, бару қорытындысы бойынша есеп дайындауға байланысты:
ұлттық алдын алу тетігінің әрбір қатысушысына біржолғы мерзімдік және аралық, сондай-ақ арнайы алдын ала бару бойынша он айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі;
кезеңдік тақырыптық және аралық алдын ала бару бойынша ұлттық алдын алу тетігінің әрбір қатысушысына он екі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі шығыстар;
3) кеңсе тауарларын сатып алу, жиналған материалдардың көшірмелерін жасау, телефон байланысын, Интернет пен пошта қызметтерін пайдалану шығыстарын қамтитын, алдын ала баруды жүзеге асырған ұлттық алдын алу тетігінің әрбір қатысушысына екі айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшердегі жүкқұжат шығыстары;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инфекциялық аурулар туындаған, олардың әкеліну және таралу қаупі төнген кезде Қазақстан Республикасының (тиісті аумақтың) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің немесе оның орынбасарларының шешімімен енгізілген шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин кезеңінде медициналық және зертханалық тексеруге, жеке қорғану құралдарын (медициналық маскалар, бір рет қолданылатын қолғаптар, медициналық қорғаныш қалқаны, бір рет қолданылатын қорғаныш халаты немесе комбинезон) сатып алуға арналған, алдын ала баруды жүзеге асырған ұлттық алдын алу тетігінің әрбір қатысушысына бес айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшердегі шығыстар.
6. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының басқа мекемеге жолға шығуына байланысты шығыстар мынадай тәртіппен өтеледі:
1) алдын ала баратын жердегі (бұдан әрі – баратын жер) нақты болған уақыты ұлттық алдын алу тетігі тобының жетекшісі беретін алдын ала бару қатысушысының куәлігіндегі баратын жерге келген күні және баратын жерден кеткен күні туралы белгілер бойынша айқындалады. Егер ұлттық алдын ала барудың қатысушысы әртүрлі елді мекендерде алдын ала баруды жүзеге асыратын болса, келген күні мен кеткен күні туралы белгілер олардың әрқайсысында жасалады. Тиісті белгілер баратын мекемелер мен ұйымдардың кадр қызметтерінде қойылады;
2) алдын ала барғаннан кейін басқа мекемеге жолға шығатын және негізгі жұмыс орнына (қызметіне) келетін ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларын тіркеуді ұлттық алдын алу тетігі тобының жетекшісі арнайы журналда жүргізеді;
3) алдын ала бару үшін жіберілетін ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының негізгі жұмыс (қызмет) орнынан пойыздың, автобустың немесе басқа көлік құралының жөнелтілетін күні баратын жерге жолға шыққан күн, ал көрсетілген көліктің ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының негізгі жұмыс (қызмет) орнына келген күні – келген күн болып есептеледі. Көлік құралы 24 сағаттың соңына дейін жөнелтілген кезде ағымдағы тәулік, одан кеш 0 сағаттан бастап – кейінгі тәулік жолға шыққан күн болып есептеледі;
4) егер жөнелту станциясы елді мекеннің шегінен тысқары орналасса, онда басқа мекемеге жолға шыққан күн көлік жөнелген жерге жол жүру үшін қажетті уақыт ескеріліп, жоғарыда көрсетілген тәсілмен есептеледі.
Пойыз, автобус немесе басқа көлік құралы уақтылы келмеген немесе жөнелтілмеген жағдайда тасымалдаушы жолаушының өтініші бойынша оған пойыздың, автобустың немесе басқа көлік құралының кешігуі туралы куәландыратын құжатты береді;
5) басқа мекенге жолға шыққан күнін және негізгі жұмыс (қызмет) орнына келген күнін қамтитын алдын ала бару уақыты ішінде ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының негізгі жұмыс (қызмет) орны сақталады және Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 124-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес жалақы төленеді.
7. Ұлттық алдын алу тетігі тобының жетекшісі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтелуге жататын шығыстар туралы ақпаратты көздейтін ақшалай қаражаттың нақты шығыстары туралы есепті бюджеттік бағдарлама әкімшісінің мекенжайына ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 5-і күнінен кешіктірмей тапсырыс хатпен жібереді.
Топ жетекшісі ақшалай қаражаттың нақты шығыстары туралы есепке осы Қағидалардың 5, 6-тармақтарында көрсетілген шығыстарды растайтын құжаттарды қоса береді.
8. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі ай сайын, ұлттық алдын алу тетігінің тобына қатысушылардың алдын ала бару қорытындысы бойынша жазбаша есеп ұсынғаны расталған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының шығыстарын өтеуді ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысына тиесілі соманы оның ағымдағы банк шотына немесе ұлттық алдын алу тетігі тобының жетекшісі ұсынған және тиісті банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым растаған өзге шотына аудару арқылы жүргізеді.
Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу қағидаларына қосымша |
Нысан
______ жылғы_________ айында ұлттық алдын алу тетігіне (ҰАТ) қатысушылар тобының алдын ала бару бойынша ақшалай қаражатының іс жүзіндегі шығыстары туралы есеп
Р/с № | Орналасқан жерінің толық мекенжайы көрсетілген мекеменің немесе ұйымның атауы | ҰАТ тобына қатысушылардың Т.А.Ә (бар болса) | Алдын ала бару мерзімі | Алдын ала бару түрі | Алдын ала бару нәтижелері бойынша топтың есебін дайындауға байланысты шығыстар | Топқа қатысушының жолға шығуына байланысты шығыстар | Үстеме шығыстар | Тұру үшін | Тәулік ақы | Жиыны |
ҰАТ тобының жетекшісі ________________________________________________
(Т.А.Ә. (бар болса), қолы, күні және жылы)