Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2014 жылға арналған республикалық бюджеттен денсаулық сақтауға берілетін нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 26 ақпандағы № 156 қаулысы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

      "2014 – 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2013 жылғы 3 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабын және "2014 – 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 12 желтоқсандағы № 1329 қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2014 жылға арналған республикалық бюджеттен денсаулық сақтауға берілетін нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен ағымдағы нысаналы трансферттердің бекітілген сомаларын облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне аударуды қамтамасыз етсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.12.2014 № 1359 қаулысымен.

      3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:

      1) нысаналы ағымдағы трансферттердің бөлінген сомаларын уақтылы және мақсатты пайдалануды;

      2) есепті айдан кейінгі айдың 15-күніне дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне 004 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың стипендияларының мөлшерін ұлғайтуға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер", 010 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге және кеңейтуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер", 022 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейде медициналық денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер" бюджеттік бағдарламалары бойынша және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрілігіне "019 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне халықтың иммундық профилактикасын қамтамасыз етуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер" бюджеттік бағдарламасы бойынша берілетін ағымдағы нысаналы трансферттердің бөлінген сомаларының пайдаланылуы туралы есептер беруді қамтамасыз етсін.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.05.2014 № 478; 04.07.2014 № 770, 19.12.2014 № 1359 қаулыларымен.

      4. Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 26 ақпандағы
№ 156 қаулысымен
бекітілген

Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары
бюджеттерінің 2014 жылға арналған республикалық бюджеттен
денсаулық сақтауға берілетін нысаналы ағымдағы трансферттерді
пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2014 жылға арналған республикалық бюджеттен денсаулық сақтауға берілетін нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "2014 – 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына және "2014 – 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 12 желтоқсандағы № 1329 қаулысына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті (бұдан әрі – ЖНЫК) – уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен индикаторлардың негізінде қол жеткізілген түпкілікті нәтижелер үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) көрсететін денсаулық сақтау субъектісінің қызметкерлерін ынталандыруға бағытталған кешенді жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті;

      2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, медициналық қызметтер көрсету сапасын бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      2-1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган – тұтынушылардың құқықтарын қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы басқаруды және реттеуді, тұтынушыларға өткізілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтер бойынша техникалық регламенттермен және нормативтік құжаттармен белгіленген талаптардың сақталуын, сондай-ақ тағам өнімдерін өткізу сатысында оның қауіпсіздігі саласын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның ведомствосы – өз құзыреті шегінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша қызмет берушіні таңдау және оларға шығындарын өтеуді, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу мен дамыту мониторингін жүзеге асыру саласында реттеу және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.05.2014 № 478 қаулысымен.

      3. Қағидалар облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің республикалық бюджеттен денсаулық сақтауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді мынадай республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша пайдалану тәртібін айқындайды:

      004 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың стипендияларының мөлшерін ұлғайтуға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер";

      010 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге және кеңейтуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер";

      019 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне халықтың иммундық профилактикасын қамтамасыз етуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер";

      022 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейде медициналық денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер".

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.12.2014 № 1359 қаулысымен.

      4. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (бұдан әрі – ТМККК) қамтамасыз етуге және кеңейтуге берілетін нысаналы ағымдағы трансферттер:

      1) скринингілік зерттеулер жүргізуге:

      балалар мен ересектердің нысаналы топтары арасында "В" және "С" гепатиттерін анықтауға;

      әйелдер арасында жатыр мойны обырын анықтауға;

      ересек тұрғындар арасында колоректалдық обырды екі кезеңдік әдіспен анықтауға;

      Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Астана мен Алматы қалаларының ерлері арасында қуықасты безі обырын анықтауға;

      Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары арасында өңеш обырын және асқазан обырын анықтауға;

      Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары арасында бауыр обырын анықтауға;

      2) ТМККК шеңберінде бекітілген халыққа амбулаториялық-емханалық көмек (бұдан әрі – АЕК) көрсетуге, сондай-ақ МСАК көрсететін қалалық маңызы бар денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне қол жеткізген түпкілікті нәтижелері үшін ЖНЫК ақы төлеу шығыстарына;

      3) ТМККК шеңберінде онкологиялық науқастарға медициналық көмек көрсетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған ұйыммен жасалған шарт бойынша қаржы лизингі шартында сатып алынған медициналық техника үшін лизингілік төлемдерді өтеу шығыстарына;

      4) ТМККК шеңберінде аудандық маңызы бар және ауылдың денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық көмек көрсетуіне (шығындарын өтеу республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жоғары мамандандырылған медициналық көмекті және гемодиализ қызметтерін қоспағанда), сондай-ақ ЖНЫК төлеуге, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған ұйыммен жасалған шартына сәйкес қаржы лизингі шартында сатып алынған медициналық техника үшін лизингілік төлемдерді өтеу шығыстарына;

      5) амбулаториялық-емханалық ұйымдарда онкологиялық, маммологиялық кабинеттерді, онкологиялық диспансерлерде (бөлімшелерде) амбулаториялық химиотерапия кабинеттерін, консультациялық-диагностикалық емханаларда (орталықтарда), көп бейінді ауруханалардың бөлімшелерінде проктологиялық кабинет ашуға;

      6) онкологиялық диспансерлерде әлеуметтік қызметкерлер мен психологтарды енгізуге;

      7) жасөспірім қыздарды жатыр мойны обырына қарсы вакцинациялауға арналған вакциналарды, диабетке қарсы препараттарды, туберкулезге қарсы препараттарды, гематологиялық науқастарға арналған химиялық препараттарды, гемофилиямен ауыратын науқастарға қан ұйыту факторларын, жіті миокард инфаркты бар науқастар үшін тромболитикалық препараттарды, "В" және "С" вирустық гепатиттерімен ауыратын балаларды және ересектерді емдеуге арналған дәрілік заттарды, АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеуге және байланыста болғаннан кейінгі адамдардың профилактикасына арналған ретровирусқа қарсы препараттарды, миастениямен ауыратын науқастарды емдеуге арналған препараттарды, реналдық анемиясы бар бүйрек функциясының созылмалы жетіспеушілігімен ауыратын науқастарды емдеуге арналған препараттарды, муковисцидозбен, мукополисахаридозбен, Гоше ауруымен ауыратын балаларды емдеуге арналған препараттарды, бытыраңқы берішпен ауыратын науқастарға арналған препараттарды, амбулаториялық деңгейде онкологиялық науқастарға арналған дәрілік заттарды (таргенттік препараттар), жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігі, аритмия, пневмония, өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы, асқазан мен ұлтабардың ойық жарасы аурулары бойынша өтеу коэффициентін 0,5-тен 1,0-ге дейін жеткізе отырып, халықтың жекелеген санаттарына дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға;

      8) халықтың иммундық-профилактикасын қамтамасыз етуге арналған вакциналар мен басқа да иммундық-биологиялық препараттарды сатып алуға пайдаланылады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.05.2014 № 478 қаулысымен.

2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін
қамтамасыз етуге және кеңейтуге республикалық бюджеттен
берілетін нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану
тәртібі

      5. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 қазандағы № 1358 қаулысымен бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі қызметтер берушіні таңдау және оның шығындарын өтеу қағидаларына сәйкес ТМККК көрсету бойынша, оның ішінде: онкологиялық науқастарға медициналық көмек көрсетуге; аудандық маңызы бар және ауылдың денсаулық сақтау субьектілерінің халыққа медициналық көмек көрсетуіне; бекітілген халыққа АЕК көрсетуге; скринингілік зерттеулер жүргізуге: балалар мен ересектердің нысаналы топтарының арасында "В" және "С" гепатиттерін, жатыр мойнының обырын, колоректалды обырды екі кезеңдік әдіс бойынша, қуықасты безінің обырын, өңеш обырын, асқазан обырын, бауыр обырын анықтауға медициналық көрсетілетін қызметті берушіні таңдау рәсімін жүзеге асырады.

      6. Медицина қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу тәртібін көрсетілетін медициналық көмектің көлеміне, сапасына және ЖНЫК қаражаты есебінен салалық жүйеге қарай денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындайды.

      7. Тарифтерді және ЖНЫК қалыптастыру уәкілетті органмен 2009 жылғы 26 қарашадағы № 801 бұйрығымен бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тарифтерді қалыптастыру және шығындарды жоспарлау әдістемесіне сәйкес айқындалады.

      8. Аудандық маңызы бар және ауылдың денсаулық сақтау субьектілерінің ТМККК шеңберінде онкологиялық науқастарға, халыққа медициналық көмек көрсеткені үшін, бекітілген халыққа АЕК көрсеткені үшін ақы төлеу уәкілетті орган бекіткен тәртіппен жүзеге асырылады.

      9. Халықтың МСАК көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне бекітілуді еркін таңдауын және ауыл мен аудан деңгейінде желінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары АЕК көрсетуге арналған қаражатты уәкілетті органның келісімі бойынша бөлінген қаражат шегінде ауыл, аудан және қала деңгейлеріндегі денсаулық сақтау субъектілері арасында қайта бөлуді жүзеге асыра алады.

      10. Уәкілетті орган және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ТМККК қамтамасыз ету және кеңейту жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде нысаналы ағымдағы трансферттердің тиімді пайдаланылуын үйлестіруді және мониторингтеуді жүзеге асырады.

      Аудандық маңызы бар және ауылдың денсаулық сақтау субьектілері пациентті стационарлық көмек нысанында мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық және облыстық денсаулық сақтау субъектілеріне жоспарлы емдеуге жатқызуға негізсіз жолдаған жағдайда, уәкілетті орган аудандық маңызы бар және ауылдың денсаулық сақтау субьектілерінің медициналық көмек көрсетуіне бөлінген қаражат көлеміне өзгерістер енгізеді.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.05.2014 № 478 қаулысымен.

      11. Онкологиялық диспансерлердің онкологиялық науқастарға, аудандық маңызы бар және ауылдың денсаулық сақтау субьектілерінің халыққа медициналық көмек көрсетуге, бекітілген халыққа ТМККК шеңберінде АЕК көрсетуге, ЖНЫК төлеуге арналған нысаналы ағымдағы трансферттердің енгізілуін және пайдалануын үйлестіру мен мониторингілеуді уәкілетті органның ведомствосы жүзеге асырады.

      12. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері ТМККК қамтамасыз ету және кеңейту жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде:

      1) осы Қағидаларға 4-тармағы 1) тармақшасында көрсетілген скринингілік зерттеулерді жүргізуді;

      2) онкологиялық науқастарға толық көлемде медициналық көмек көрсетуді және уәкілетті орган белгілеген тәртіппен онкологиялық науқастың онкологиялық диспансерді еркін таңдау құқығын іске асыруды есепке ала отырып ақы төлеуді;

      3) аудандық маңызы бар және ауылдың денсаулық сақтау субъектілерінің толық көлемде медициналық қызмет көрсетуді және уәкілетті орган белгілеген тәртіппен денсаулық сақтау субъектілерінің арасында өзара есеп айырысуды ескере отырып ақы төлеуді;

      4) ТМККК шеңберінде бекітілген халыққа толық көлемде амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуді және уәкілетті орган белгілеген тәртіппен денсаулық сақтау субъектілерінің арасында өзара есеп айырысуды ескере отырып ақы төлеуді;

      5) "Тіркелген халық тіркелімі" порталында (бұдан әрі – "ТХТ" порталы) өңір халқы бойынша деректердің тұтастай алғанда, оның ішінде бюджетті қалыптастыру үшін дұрыстығы мен дәйектілігін және олардың уәкілетті орган белгілеген тәртіппен өзектендіруді;

      6) МСАК көрсететін денсаулық сақтау субъектілері қызметінің түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізгені үшін денсаулық сақтау субъектілерінің алғашқы медициналық санитариялық көмек көрсететін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ЖНЫК ақы төлеуді;

      7) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қаржы лизингі шартында сатып алынған медициналық техника үшін лизингілік төлемдерге ақы төлеуді;

      8) амбулаториялық-емханалық ұйымдарда онкологиялық, маммологиялық кабинеттерді, онкологиялық диспансерлерде (бөлімшелерде) амбулаториялық химиотерапия кабинеттерін, консультациялық-диагностикалық емханаларда (орталықтарда), көп бейінді аурухана бөлімшелерінде проктологиялық кабинет ашуды;

      9) онкологиялық диспансерлерде әлеуметтік қызметкерлер мен психологтарды енгізуді қамтамасыз етеді.

3. Дәрiлiк заттарды, вакциналарды және басқа да
иммундық-биологиялық препараттарды сатып алуға республикалық
бюджеттен берілетін нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану
тәртібі

      13. Вакциналарды және басқа да иммундық-биологиялық препараттарды, диабетке қарсы препараттарды, туберкулезге қарсы препараттарды, гематологиялық науқастарға арналған химиялық препараттарды, гемофилиямен ауыратын ересек науқастарға қан ұйыту факторларын, жіті миокард инфаркты бар науқастар үшін тромболитикалық препараттарды, "В" және "С" вирустық гепатиттерімен ауыратын балалар мен ересектерді емдеуге арналған дәрілік заттарды; АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеуге және байланыстан болғаннан кейінгі профилактикасына арналған ретровирусқа қарсы препараттарды, миастениямен ауыратын науқастарды, реналдық анемиясы бар бүйрек функциясының созылмалы жетіспеушілігімен ауыратын науқастарды емдеуге арналған препараттарды, муковисцидозбен, мукополисахаридозбен, Гоше ауруымен ауыратын балаларды емдеуге арналған препараттарды, бытыраңқы берішпен ауыратын науқастарға арналған препараттарды, амбулаториялық деңгейде онкологиялық науқастарға арналған дәрілік заттарды (таргенттік препараттар) сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу және олармен қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай дистрибьютор болып табылады.

      Осы Қағидалардың 13-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген дәрiлiк заттарды, вакциналарды және басқа да иммундық-биологиялық препараттарды сатып алу Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысымен бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді ұйымдастыру және өткізу ережесіне (бұдан әрі – Ұйымдастыру және өткізу ережесі) сәйкес жүзеге асырылады.

      Жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігі, аритмия, пневмония, өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы, асқазан мен ұлтабардың ойық жарасы аурулары бойынша бойынша халықтың жекелеген санаттарына өтеу коэффициентін 0,5-тен 1,0-ге дейін жеткізе отырып, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.

      14. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:

      1) амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдарды қамтамасыз етілетін науқастардың электрондық тіркелімдерін қалыптастыруды;

      2) республикалық бюджеттен берілетін нысаналы ағымдағы трансферттердің есебінен сатып алынатын дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың пайдаланылуына мониторинг жүргізуді;

      3) Уәкілетті орган бекіткен дәрілік заттардың тізбесіне сәйкес жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігі, аритмия, пневмония, өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы, асқазанның және ұлтабардың ойық жарасы аурулары бойынша тұрғындардың жекелеген санаттары үшін дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлу ағымдағы нысаналы трансферттердің есебінен республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатқа тең мөлшерде қамтамасыз етіледі;

      4) халыққа инфекциялық ауруларға қарсы вакцинацияны жүргізуді қамтамасыз етеді.

4. Жергілікті деңгейде денсаулық сақтау субъектілерін
материалдық-техникалық жарақтандыруға республикалық бюджеттен
берілетін нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану тәртібі

      15. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейде денсаулық сақтау субъектілерін материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін нысаналы ағымдағы трансферттер медициналық техниканы, медициналық емес жабдықтарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға пайдалынылады.

      16. Уәкілетті орган бекіткен медициналық мақсаттағы бұйымдардың, медициналық техниканың және медициналық емес жабдықтардың стандарттары шеңберінде уәкілетті орган облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарымен жергілікті деңгейдегі денсаулық сақтау субъектілеріне арналған медициналық техниканың, медициналық емес жабдықтардың, сондай-ақ медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесін келіседі.

      17. Медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған заңды тұлға Ұйымдастыру және өткізу ережесіне сәйкес жүзеге асырады, медициналық техниканы, медициналық емес жабдықтарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыруды облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.

      Медициналық техниканы, медициналық емес жабдықтарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу тізбесін уәкілетті орган айқындайды.

4-1. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру
тапсырысы негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен
кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың стипендия
мөлшерін ұлғайтуға республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану

      Ескерту. Қағида 4-1-тараумен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 04.07.2014 № 770 қаулысымен.

      17-1. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер "Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және мөлшерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде медициналық колледждерде білім алушылардың стипендияларының мөлшерін 10 %-ға ұлғайту үшін пайдалынылады.

5. Нысаналы ағымдағы трансферттер бойынша қаражатты пайдалану,
есептілік

      18. Уәкілетті орган және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімнің, тиісті бюджеттік бағдарламалардың төлемдері бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларының негізінде нысаналы ағымдағы трансферттерді аударуды жүргізеді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.05.2014 № 478 қаулысымен.

      19. Ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану кезінде үнемдеу пайда болған жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары 004 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың стипендияларының мөлшерін ұлғайтуға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер", 010 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге және кеңейтуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер", 022 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейде медициналық денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер" бюджеттік бағдарламалары бойынша үнемделген соманы уәкілетті органмен келісім бойынша және "019 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне халықтың иммундық профилактикасын қамтамасыз етуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер" бюджеттік бағдарламасы бойынша соманы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісім бойынша ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімде айқындалған нәтижелер көрсеткіштерін жақсарту үшін пайдалануға құқылы.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.12.2014 № 1359 қаулысымен.

      20. Қандай да бір облыс және Астана мен Алматы қалалары бөлінген қаражатты, оның ішінде облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу нәтижелері бойынша толық игермеген жағдайда, 004 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың стипендияларының мөлшерін ұлғайтуға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер", 010 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге және кеңейтуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер", 022 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейде медициналық денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер" бюджеттік бағдарламалары бойынша уәкілетті орган және 019 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне халықтың иммундық профилактикасын қамтамасыз етуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер" бюджеттік бағдарламасы бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган нысаналы трансферттердің сомаларын облыстардың, Астана және Алматы қалаларының арасында қайта бөлу туралы ұсыныстарды заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.12.2014 № 1359 қаулысымен.

      21. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары жартыжылдықтың және жылдың қорытындылары бойынша уәкілетті органға 004 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың стипендияларының мөлшерін ұлғайтуға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер", 010 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге және кеңейтуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер", 022 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейде медициналық денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер" бюджеттік бағдарламалары бойынша уәкілетті органға және 019 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне халықтың иммундық профилактикасын қамтамасыз етуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер" бюджеттік бағдарламасы бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органға нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдерге сәйкес бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелер туралы есеп береді.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.12.2014 № 1359 қаулысымен.

      22. Уәкілетті орган және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде есеп береді.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.05.2014 № 478 қаулысымен.