Төтенше жағдай кезінде байланыс операторларының байланыс желілері мен құралдарын беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1489 қаулысы

      «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 14-1-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Төтенше жағдай кезінде байланыс операторларының байланыс желілері мен құралдарын беру қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1489 қаулысымен    
бекітілген        

Төтенше жағдай кезінде байланыс операторларының байланыс
желілері мен құралдарын беру
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Төтенше жағдай кезінде байланыс операторларының байланыс желілері мен құралдарын беру қағидалары «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 14-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және төтенше жағдай кезінде байланыс желілері мен құралдарын пайдалану кезінде байланыс операторларының байланыс желілері мен құралдарын беру тәртібін айқындайды.
      2. Төтенше жағдайлар кезінде Қазақстан Республикасының Президенті құратын мемлекеттік органдарға және арнайы мемлекеттік басқару органдарына үкіметтік байланысты, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, әскери басқару органдарының, Мемлекеттік күзет қызметінің және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның байланыс желілері мен құралдарын қоспағанда, байланыс желілері мен құралдарын басым пайдалану, сондай-ақ тоқтата тұру мүмкіндігі беріледі.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.04.2015 № 173 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Төтенше жағдай кезінде байланыс операторларының байланыс
желілері мен құралдарын беру тәртібі

      3. Байланыс желілері мен құралдарын басым пайдалану төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі кезек күттірмейтін шараларды қабылдау, төтенше жағдай кезінде мемлекеттік басқару, ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және құқықтық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерді қамтамасыз ету мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
      4. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге қатысатын және мемлекеттік органдар мен арнайы мемлекеттік басқару органдарына байланыс желілерін, құралдарын және көрсетілетін қызметтерін беру түрлерін, санын және мерзімін мемлекеттік органдардың және арнайы мемлекеттік басқару органдарының басшылары айқындайды.
      Бұл ретте, байланыс операторлары, байланыс желілері мен құралдарының иелері техникалық мүмкіндік болған жағдайда, осы мемлекеттік органдарға және арнайы мемлекеттік басқару органдарына шеткі (терминалдық) жабдықтарды қоса алғанда, алдын ала шарттар жасаспай, өтінімдердің келіп түсу шамасына қарай кезектілік тәртібімен өзге тұтынушылардың алдында байланыс арналарын, байланыс желілерін, байланыс құралдарын, байланыс қызметтерін басымдықпен пайдалануға ұсынады.
      5. Байланыс құралдарын беру және кері қайтару байланыс операторларының және мемлекеттік органдар мен арнайы мемлекеттік басқару органдарының уәкілетті өкілдері қол қоятын қабылдау-беру актісі бойынша жүзеге асырылады.
      6. Байланыс операторлары, байланыс желілері мен құралдарының иелері төтенше жағдай кезінде адам өмірінің теңізде, құрлықта, ауада, ғарыш кеңістігіндегі қауіпсіздігіне, Қазақстан Республикасында қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті сақтау саласындағы шұғыл шараларды өткізуге қатысты барлық хабарламаларға, сондай-ақ төтенше жағдайлар туралы хабарламаларға абсолютті басымдық береді.
      7. Байланыс операторлары, байланыс желілері мен құралдарының иелері Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» 2004 жылғы 5 шілдедегі және «Жедел-iздестiру қызметi туралы» 1994 жылғы 15 қыркүйектегі заңдарына сәйкес жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға төтенше жағдай кезінде барлық байланыс желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің ұйымдық және техникалық мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді, көрсетілген іс-шараларды жүргізу нысандары мен әдістерінің жария етілуіне жол бермеу жөніндегі іс-шараларды қабылдауды қамтамасыз етіледі.
      8. Байланыс операторларының байланыс желілері мен құралдарын пайдалану кезінде олардың шеккен шығындары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеледi.