"Төтенше жағдайлар кезінде медициналық көмек ұсыну ережесін, оның түрлері мен көлемін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 маусымдағы № 608 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 14 қарашадағы № 1226 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 26 қарашадағы № 796 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 26.11.2020 № 796 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Төтенше жағдайлар кезінде медициналық көмек ұсыну ережесін, оның түрлері мен көлемін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 маусымдағы № 608 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 39, 341-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде медициналық көмек ұсыну қағидаларын, оның түрлері мен көлемін бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексі 6-бабының 9) тармақшасына, 51-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде медициналық көмек ұсыну қағидалары, оның түрлері мен көлемі бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде медициналық көмек ұсыну ережесі, оның түрлері мен көлемі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 14 қарашадағы
№ 1226 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 17 маусымдағы
№ 608 қаулысымен
бекітілген

Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде
медициналық көмек ұсыну қағидалары, оның түрлері мен көлемі
1. Жалпы ережелер

      1. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде медициналық көмек ұсыну қағидалары, оның түрлері мен көлемі (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексіне, Қазақстан Республикасының "Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы" 1996 жылғы 5 шілдедегі, "Авариялық-құтқару қызметі және құтқарушылардың мәртебесі туралы" 1997 жылғы 27 наурыздағы және "Төтенше жағдайлар туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы заңдарына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидалар төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде медициналық көмек ұсыну тәртібін, оның түрлері мен көлемін айқындайды.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) апаттар медицинасы қызметі – зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету жолымен әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық салдарының алдын алуға және оларды жоюға және төтенше жағдайлар аймағында, төтенше жағдай енгізілген аумақта санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды өткізу, төтенше жағдайларды жоюға қатысқандардың денсаулығын сақтау мен қалпына келтіруге арналған күштер мен құралдардың жиынтығы; медициналық-санитариялық жағдайды қадағалау және бақылау бөлімшелері (апаттар медицинасының кезекші – диспетчерлік пункттері), төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның шұғыл медициналық көмек қызметі, денсаулық сақтау жүйесінің шұғыл медициналық көмек ұйымдары, зардап шеккендерге консультациялық-диагностикалық, стационарлық көмек көрсетуге, қалпына келтіру мен медициналық оңалтуға арналған медициналық ұйымдар, қан қызметі, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары, Азаматтық қорғаныс медициналық қызметінің мекемелері мен құрамалары, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарын жоюға арналған өзге де күштер мен құралдар кіреді;

      2) апаттар медицинасының құрамалары – төтенше жағдайлар аймақтарында, төтенше жағдай енгізілген аумақта жұмыс істеуге арналған жасақтар, топтар, бригадалар және шұғыл медициналық көмек көрсету мен медициналық эвакуациялау үшін құрылатын басқа да бөлімшелер;

      3) төтенше жағдайлар кезінде халыққа шұғыл медициналық көмек – төтенше жағдайлар кезінде тікелей төтенше жағдай аймағында және/немесе оның төтенше жағдай режимі енгізілген шекараларында жүзеге асырылатын мақсаты бойынша эвакуациялауды ұштастыра отырып, емдеу-алдын алу іс-шараларының кешенін ұсыну нысаны;

      4) төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық салдары – төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде туындаған жағдайды сипаттайтын және халыққа медициналық көмектің мазмұнын, көлемі мен ұйымдастырылуын айқындайтын факторлар мен шарттардың жиынтығы. Оның негізгі элементтері: халықтың санитариялық шығындарының шамасы мен құрылымы, олардың қалыптасу заңдылықтары; зақымданғандардың (науқастардың) медициналық көмекке мұқтаждығы, төтенше жағдайлар аймағының (ауданының), төтенше жағдай режимі енгізілген аумақтың санитариялық-гигиеналық және санитариялық-эпидемиялық жай-күйі, медициналық-санитариялық қамтамасыз етуге арналған күштер мен құралдардың қажеттілігі және олардың болуы; медициналық күштер мен құралдардың жай-күйі; төтенше жағдайларды жою кезінде медициналық және авариялық-құтқару құрамаларының жұмыс жағдайы, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жағдайы және басқалар болып табылады;

      5) төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық көмектің түрі – медициналық көмек көрсететін тұлғалардың біліктілігімен өткізілетін орны және қолда бар медициналық жарақтардың болуымен айқындалатын емдеу–алдын алу іс-шараларының тізбесі;

      6) шұғыл медициналық көмектің көлемі – тіршілік көрсеткіштері бойынша төтенше жағдай аймағындағы, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақтағы жағдайдың шарттарына және медициналық эвакуациялау кезеңінің мүмкіндіктеріне байланысты медициналық көмек түрінің шеңберінде орындалатын толық немесе қысқартылған емдеу-алдын алу іс-шараларының жиынтығы.

2. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде
медициналық көмек ұсыну тәртібі

      4. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде халыққа медициналық көмек төтенше жағдайдың санатына, сондай-ақ олардың медициналық-санитариялық салдарының сипаты мен ауқымына байланысты ұсынылады.

      5. Объектілік төтенше жағдайлар кезінде зақымданғандарға (науқастарға) медициналық көмек көрсетуді күнделікті қызмет режимінде денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.

      6. Жергілікті, өңірлік және жаһандық төтенше жағдайлар туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай режимі енгізілген кезде апаттар медицинасы қызметінің күштері мен құралдары қолданысқа енгізіледі.

      7. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кездегі медициналық көмек тағайындалуы бойынша медициналық эвакуациялауды үйлестіре отырып, зақымданушыларды (науқастарды) зақымдану сипатына, ауырлық дәрежесіне қарай кезеңдік емдеу әдісімен ұсынылады.

      8. Бірінші кезеңде тікелей төтенше жағдай аймағында және/немесе оның шекараларында, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта шұғыл медициналық көмекті шұғыл медициналық көмек қызметінің, авариялық-құтқару бөлімшелерінің, апаттар медицинасының құрамалары мен Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың медициналық қызметі, сондай-ақ өзінің жұмысқа қабілеттілігін сақтап қалған аумақтық медициналық ұйымдардың күштері көрсетеді.

      9. Екінші кезеңде медициналық көмек төтенше жағдай аймағынан тыс жерде, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта орналасқан денсаулық сақтау ұйымдарында көрсетіледі.

      10. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде медициналық көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен денсаулық сақтау ұйымдарының, медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың, сондай-ақ көлік ұйымдарының персоналы мен материалдық-техникалық құралдары тартылуы және пайдаланылуы мүмкін.

      11. Денсаулық сақтау ұйымдарында шұғыл медициналық көмек іс-шараларын жүргізу үшін алдын ала ұдайы әзірліктегі апаттар медицинасының құрамалары құрылады және ұсталады. Апаттар медицинасының құрамаларын құру тәртібін және жұмыс ережесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      12. Төтенше жағдай аймағынан, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақтан зақымданғандарды (науқастарды) қабылдауды, одан әрі медициналық көмек көрсетуді, емдеу мен медициналық оңалтуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.

      13. Апаттар медицинасы саласындағы мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау ұйымдарын үйлестіруді және олардың өзара іс-қимылын төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

3. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кездегі
медициналық көмектің түрлері мен көлемі

      14. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде зақымданушыларға (науқастарға) медициналық көмек оны көрсету орнына, оны көрсететін тұлғалардың біліктілігіне және медициналық мүлікпен қамтамасыз етілуіне байланысты дәрігерге дейінгі, білікті және мамандандырылған медициналық көмек түрінде ұсынылады.

      15. Төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық көмектің көлемі, төтенше жағдай режимін енгізу төтенше жағдай аймағында қалыптасқан медициналық-санитариялық және дағдарысты жағдайға байланысты белгіленген медициналық көмек түрлері шеңберінде көмектің көлемі тиімділігі мейлінше дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік іс-шаралардың негізінде медициналық айғақтар бойынша айқындалады.

      16. Тікелей төтенше жағдай аймағында және/немесе оның шекараларында, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта мынадай медициналық көмек көрсетіледі:

      1) дәрігерге дейінгі – орта медициналық білімі бар медицина қызметкерлері, парамедиктер, құтқарушылар, шұғыл қызметтің басқа да қызметкерлері, сондай-ақ өзіндік және өзара көмек көрсету тәртібінде өзге де тұлғалар;

      2) білікті – жедел медициналық көмек бөлімшелерінің, Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың апаттар медицинасы мен медициналық қызметтерінің құрамаларының күштері, далалық жылжымалы медициналық әскери бөлімдер мен бөлімшелер, сондай-ақ өздерінің жұмысқа қабілеттілігін сақтап қалған денсаулық сақтау ұйымдары;

      3) мамандандырылған – апаттар медицинасының мамандандырылған құрамалары, сондай-ақ көп бейінді денсаулық сақтау ұйымдары.