"Қолжетімді тұрғын үй - 2020" бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 маусымдағы № 821 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 қыркүйектегі № 1022 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы № 728 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.06.2014 № 728 (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 маусымдағы № 821 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасында:
      «Бағдарламаны іске асыру кезеңдері» деген 5-бөлімде:
      «ҚТҚЖБ желісі бойынша тұрғын үй» деген кіші бөлімде:
      «Халықтың барлық санаттары үшін тұрғын үй» деген 1-кіші бөлімде:
      төртінші бөлікте:
      4-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) тұрғын үй қарыздары, жиналған тұрғын үй құрылыс жинақтары мен меншікті қаражат есебінен кейін сатып ала отырып, тұрғын үйді жалдау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Жалдаудың ең ұзақ мерзімі тұрғын үй пайдалануға берілген күннен бастап 8 жылдан артық болмауға тиіс.»;
      он төртінші бөліктегі екінші сөйлем мынадай редакцияда жазылсын:
      «Тұрғын үйді сатып алу салымшылардың жиналған тұрғын үй құрылыс жинақтарының, меншікті қаражаттың және «ҚТҚЖБ» АҚ беретін тұрғын үй қарыздарының есебінен жүргізіледі.»;
      он жетінші бөлікте:
      5-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) жиналған тұрғын үй құрылыс жинақтары, меншікті қаражат және ҚТҚЖБ қарыздары есебінен тұрғын үй сатып алушылардың пулдарына қатысушылар;»;
      5-тармақтың екінші бөлігіндегі екінші сөйлем мынадай редакцияда жазылсын:
      «ҚТҚЖБ қарыздары, меншікті қаражат және жиналған жинақ сомаларының арақатынасы ҚТҚЖБ басқару органы белгілейтін тұрғын үйді сатып алу тәртібімен айқындалады.»;
      «Жас отбасыларға арналған тұрғын үйлер» деген кіші бөлімде:
      үшінші бөлікте:
      2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «ЖАО мен ҚТҚЖБ келіскен жобаны таңдағаннан кейін әрбір құрылыс объектісі бойынша тұрғын үй салу және сату жөніндегі ЖАО мен ҚТҚЖБ ынтымақтастығы туралы шартқа қол қойылады.»;
      оныншы бөліктегі екінші сөйлем мынадай редакцияда жазылсын:
      «Тұрғын үйді сатып алу салымшылардың жиналған тұрғын үй құрылыс жинақтарының, меншікті қаражаттың және «ҚТҚЖБ» АҚ беретін тұрғын үй қарыздарының есебінен жүргізіледі.»;
      он үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «ЖАО-ның Бағдарламаға қатысушыларды іріктеуі және тұрғын үйді беру кезектілігінің тәртібін ЖАО белгілейді. Бұл ретте өтініштерді қабылдау және Бағдарламаның қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін өтініштерді қараудың, балл санаудың, тұрғын үйді салу мен берудің барлық кезеңдері туралы қолжетімділікті, ашықтықты және хабардар етуді ескере отырып, ЖАО бекітеді және қамтамасыз етеді.»;
      он төртінші бөлікте:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) толық емес отбасыны қоспағанда, өтініш берген сәтте кемінде 2 жыл тіркелген некеде болуы;»;
      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «4) Бағдарламаның шеңберінде тұрғын үй құрылысы жүзеге асырылатын елді мекенде Бағдарламаға қатысушының кемінде 2 жыл тіркеуде болуы;»;
      он бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Бағдарламаға қатысу үшін өтініштерді қабылдау жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға бергенге дейін кемінде 6 ай бұрын басталады. Құжаттарды қабылдауды аяқтау мерзімін және орнын жергілікті атқарушы орган белгілейді және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.»;
      «ҚИК» ИҰ» АҚ-тың тұрғын үйі» деген кіші бөлімде:
      екінші бөлікте:
      2-тармақтың бірінші бөлігінде:
      1) тармақша мына редакцияда жазылсын:
      «1) «ҚИК» ИҰ» АҚ-тың меншігіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы салынған және абаттандырылған, сондай-ақ қайтадан қолдану үшін жобалау-сметалық құжаттамасы бар жалға берілетін тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін береді;»;
      3-тармақта:
      бірінші бөліктің бірінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Бағдарламаның шеңберінде қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында «ҚИК» ИҰ» АҚ қолданыстағы құрылымдық бөлімшенің базасында төлемдерді автоматтандыру және жүйелендіру жөніндегі компанияны (бұдан әрі – еншілес ұйым) құрады, оған әлеуетті жалға алушылармен жұмыс, жалдау және коммуналдық (пайдалану) шарттарын жасау, жалдау, коммуналдық (пайдалану) төлемдерін және ипотека бойынша ағымдағы операцияларға қызмет көрсетуге байланысты төлемдерді жүйелендіру, сондай-ақ ақша ағымдарының толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету бойынша функциялар берілетін болады.»;
      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Шығынсыз қызметті қамтамасыз ету үшін еншілес ұйым заңды тұлғалардың, оның ішінде қаржы ұйымдарының төлемдерін автоматтандыру және жүйелендіру, сондай-ақ жеке тұлғалардан коммуналдық және пайдалану қызметтері бойынша төлемдерді қабылдау және өңдеу бойынша қызметтерді көрсетуге құқылы.»;
      мынадай мазмұндағы бесінші және алтыншы бөліктермен толықтырылсын:
      «ҚИК» ИҰ» АҚ және (немесе) оған тәуелді ұйым Бағдарламаны іске асыру мақсатында жеке инвесторлармен бірлесіп, Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін тұрғын үйдің құрылысына (құрылысы аяқталмаған құрылысты қоса қаржыландыруға) қатыса алады.
      «ҚИК» ИҰ» АҚ және/немесе оның еншілес/тәуелді ұйымдары объектілерді жобалау кезінде жапсарлас салынған коммерциялық алаңдар мен қосымша қабаттарды көздей алады. Бұл ретте тұрғын бөлікке және коммерциялық алаңдарға мемлекеттік сараптаманың жеке қорытындыларын алады, конкурстың шарттарында коммерциялық алаңдар немесе қосымша қабаттар бөлігінде жобалауға арналған шығындарды мердігерлік ұйымның өтеуін, тұрғын және коммерциялық аудандарды пайдалануға жеке енгізуді көздейді. Коммерциялық алаңдар мен қосымша қабаттардың құрылысын қаржыландыруды мердігер/инвестор дербес жүргізеді.»;
      бесінші бөлікте:
      1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) Астана және Алматы қалаларындағы жайлылығы 4-сыныпты үйлер 120 мың теңге шегінде, Атырау, Өскемен және Ақтау қалаларында – 110 мың теңге, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында – 96 мың теңге, қалған өңірлерде – 92 мың теңге (инженерлік желілердің құнын есептемегенде) болады;
      2) Астана және Алматы қалаларындағы жайлылығы 3-сыныпты үйлер – 140 мың теңге шегінде, Атырау, Өскемен және Ақтау қалаларында – 124 мың теңге, қалған өңірлерде – 102 мың теңге (инженерлік желілердің құнын есептемегенде) болады;»;
      «Жоғары сейсмикалық аудандар үшін жалға берілетін тұрғын үйдің бір шаршы метрін салу құнына түзету коэффициенттері рұқсат етіледі, ол «Сейсмикалық аудандардағы құрылыс» 2.03-30-2006 ҚР ҚНжЕ сәйкес анықталады.» деген жетінші бөлік алынып тасталсын;
      тоғызыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «2015 жылдан бастап жалға берілетін тұрғын үйдің 1 шаршы метрін салу құны жылдар бойынша инфляцияның коэффициентіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін.»;
      «Авариялық тұрғын үйді бұзу жөніндегі пилоттық жобалар шеңберіндегі тұрғын үй» деген кіші бөлімде:
      «1. Астана қаласы бойынша.» деген тармақта:
      «Авариялық тұрғын үйді бұзу және азаматтарды көшіру тетігін іске асыру» деген тарауда:
      бірінші бөлік мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «6-1) авариялық тұрғын үйлерде тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне реквизицияланатын мүліктің құнын өтеуді ұйымдастырады. Авариялық тұрғын үйде орналасқан тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі келіскен жағдайда реквизицияланатын мүлік үшін өтемақы Бағдарламаның осы бағыты бойынша салынып жатқан объектілердегі тұрғын емес үй-жайлардың алаңы бойынша барабар көлемде тұрғын емес үй-жайлар беру арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.»;
      бесінші және алтыншы бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
      «Тұрғын үйдің жалпы алаңының 1 шаршы метрін салу құны 142 500 теңгені құрайды, 2015 жылдан бастап тұрғын үйдің жалпы алаңының 1 шаршы метрін салу құны жылдар бойынша инфляция коэффициентіне сәйкес қайта қаралатын болады.
      Тұрғын үйдің жалпы алаңының 1 шаршы метрін сату құны 192 400 теңгеден төмен емес көзделетін болады, бұл ретте сату бағасы салынып жатқан тұрғын үйдің жайлылық деңгейіне және сатылатын сәтте жылжымайтын мүлік нарығының қалыптасқан конъюктурасына байланысты болады.»;
      «Пилоттық жобаны іске асыру тиімділігі» деген тарауда:
      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «5) тұрғындарға бұзылған тұрғын үйдің орнына алаңы бойынша барабар көлемде, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем емес жаңа пәтерлер беру. Тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне Бағдарламаның осы бағыты бойынша салынып жатқан объектілердегі алаңы бойынша барабар көлемде офистік үй-жайлар беру;»;
      «Серіктес қалаларда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар салу» деген кіші бөлімде:
      алтыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Gate City» аумағында тұрғын үй құрылысына шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін салуды қаржыландыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. 2020 жылға дейінгі кезеңде бюджеттік қаражатқа қажеттілік 120 млрд. теңгені құрайды. Осы қаражат инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға, ондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу үшін жерді сатып алуға бағытталатын болады. Қалған серіктес қалалардың инженерлік коммуникацияларын салуға арналған шығындар айтарлықтай аз екенін ескерген жөн, себебі негізгі жабдықтау көздері (сумен, жылумен және энергиямен қамтамасыз ету, сондай-ақ тазарту құрылыстары) бірінші қалада шоғырланатын болады.».
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов