Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 07.04.2021 № 213 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 24 желтоқсандағы № 1270 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 47, 582-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | С. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 19 маусымдағы № 635 қаулысына қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 24 желтоқсандағы № 1270 қаулысымен бекітілген |
Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау ережесі (бұдан әрі – Ереже) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін белгілейді.
2. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау білім беру ұйымдары көрсететін білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асыру мақсатында өткізіледі.
3. Ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысандарына қарамастан: мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың; бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің; арнайы және мамандандырылған білім берудің; балаларға арналған қосымша білім берудің; спорт бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымша білім берудің; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің; жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің (медициналық және фармацевтикалық білім беруді қоспағанда) оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды білім беру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды білім беру немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) өз құзыреті шегінде жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.
Аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдары мен білім беретін оқу бағдарламаларының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдары аккредиттеу мерзіміне, бірақ 5 жылдан аспайтын мерзімге аккредиттелген білім беретін оқу бағдарламалары (мамандықтар) бойынша мемлекеттік аттестаттау рәсімінен босатылады.
5. Мемлекеттік аттестаттау мынадай негізгі кезеңдерден тұрады:
1) уәкілетті органның білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау кестелерін күнтізбелік жылға бекітуі;
2) тиісті уәкілетті органның білім беру ұйымының өзін-өзі бағалау материалдарын (білім беру сапасын ішкі бағалау) талдауды жүзеге асыруы, аттестаттау комиссиясын қалыптастыру, мемлекеттік аттестаттауды өткізу, мемлекеттік аттестаттаудың қорытындылары туралы тұжырым жасау;
3) уәкілетті органның білім беру ұйымын аттестаттау немесе аттестаттамау туралы шешім қабылдауы.
6. Білім беру ұйымдарының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын орындауын бақылау мақсатында мемлекеттік аттестаттау тұтастай білім беру ұйымы бойынша жүзеге асырылады.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік аттестаттау мамандықтар бөлінісінде де жүзеге асырылады.
7. Білім беру ұйымын, сондай-ақ мамандықтар бөлінісінде мемлекеттік аттестаттауды жүргізу кезіндегі негізгі бағыттар мен зерделеу объектілері:
1) жалпы сипаттама;
2) кадрлар құрамы, оның ішінде білім беру ұйымының басшыларына, педагог қызметкерлеріне және оларға теңестірілген адамдарға қойылатын біліктілік талаптарының сақталуы;
3) білім алушылардың контингенті;
4) оқу-әдістемелік жұмыс және педагогикалық жүктеме;
5) оқу-тәрбие жұмысы;
6) оқу-материалдық активтер;
7) оқу және ғылыми зертханалар;
8) ақпараттық ресурстар мен кітапхана қоры;
9) білім алушылардың білім сапасын бағалау;
10) ғылыми-зерттеу жұмысы не ғылыми қызмет;
11) кәсіптік практика болып табылады.
8. Мемлекеттік аттестаттауды жүргізу кезінде ақпарат жинаудың негізгі әдістері:
1) білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын және әлеуметтік қамтамасыз ету объектілерін шолып қарау;
2) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар талаптарының сақталуын тексеру мақсатында білім беру ұйымдарының құжаттамасын зерделеу;
3) оқу процесінің көрсеткіштерін талдау;
4) оқу жетістіктерін бағалаудың, білім алушыларды қорытынды аттестаттаудың нәтижелерін талдау;
5) білім алушыларды, педагогтар мен оларға теңестірілген адамдарды, қызметкерлерді және білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ата-аналарын сауалнамадан өткізу;
6) оқу сабақтарына қатысу;
7) білім алушылармен, оқытушылармен және қызметкерлермен, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ата-аналарымен әңгімелесу;
8) білім алушылардың білім сапасын кешенді тестілеу және білім кесінділерін бақылаудың басқа да түрлерін өткізу арқылы бағалау болып табылады.
9. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауға арналған шығыстар бюджеттік қаражат есебінен жүзеге асырылады.
10. Мемлекеттік аттестаттауды өткізу кезінде біртұтас тәсіл мен ашықтықты қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды және олардың өзін-өзі бағалауды ұйымдастыру мен өткізудің бағдарламалары және әдістемелік ұсынымдарын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді, олардың мәтіні тиісті уәкілетті органның ресми сайтында орналастырылады.
2. Мемлекеттік аттестаттауды өткізу тәртібі
11. Мемлекеттік аттестаттау кестелерін уәкілетті орган жыл сайын, бірінші шілдеге дейін бекітеді. Өткізу мерзімі туралы ақпарат білім беру ұйымдарына мемлекеттік аттестаттау басталғанға дейін үш ай бұрын жазбаша түрде жеткізіледі.
12. Мына:
1) білім беру ұйымдарының төтенше жағдайлардың зардаптарын жою қажеттілігіне байланысты дәлелді жазбаша өтініштерін;
2) білім беру ұйымын қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, бекітілген мемлекеттік аттестаттау кестелеріне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
Заңды тұлғаның атауының өзгертілуі білім беру ұйымын мемлекеттік аттестаттау мерзімін өзгерту үшін негіздеме болмайды.
13. Білім беру ұйымдары мемлекеттік аттестаттау басталғанға дейін бір ай мерзімнен кешіктірмей уәкілетті органға осы Ереженің 7-тармағында көрсетілген зерделеу объектілерінің әрқайсысы бойынша өзін-өзі бағалау материалдарын ұсынады.
14. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды аттестаттау комиссиясы жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде өткізеді.
15. Аттестаттау комиссиясының құрамына:
1) тиісті уәкілетті органның;
2) егер мемлекеттік аттестаттау мемлекеттік білім беру ұйымдарында өткізілген жағдайда, қарамағында білім беру ұйымдары бар мемлекеттік органдардың;
3) мемлекеттік аттестатталуға тиіс білім беру ұйымы қызметінің бейіні бойынша білікті мамандар болып табылатын білім беру ұйымдары мен олардың бірлестіктерінің (қауымдастықтарының);
4) білім беру саласындағы уәкілетті органның тестілеу мәселелері жөніндегі ұйымының;
5) бейінді бағыттар бойынша кәсіпорындардың, мекемелердің немесе ұйымдардың өкілдері кіреді.
16. Уәкілетті органның лауазымды адамының бұйрығымен аттестаттау комиссиясының құрамы және оның төрағасы – уәкілетті органның қызметкері бекітіледі.
Аттестаттау комиссиясының төрағасы (бұдан әрі – төраға) аттестаттау комиссиясы мүшелерінің арасында білім беру ұйымы қызметінің бағыттарын зерделеу жөніндегі нақты тапсырмаларды бөледі. Төраға ғылыми немесе педагогикалық кеңестің кезектен тыс кеңейтілген отырысында аттестаттау комиссиясының мүшелерін таныстырады.
17. Аттестаттау комиссиясының жұмысы туралы хабарлау және тиісті жазбаша хабарландыруларды дайындау білім беру ұйымының басшысына жүктеледі.
18. Аттестаттау комиссиясы өзінің қызметінде білім беру ұйымдарының қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
19. Аттестаттау комиссиясының мүшелері төрағаға мемлекеттік аттестаттау мәселелерін зерделеу барысы туралы ақпарат береді және зерделеу объектілері бойынша, сондай-ақ мамандықтар бойынша анықтамаларды тапсырады.
20. Білім алушылардың білім сапасының мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарына сәйкестігін айқындау үшін аттестаттау комиссиясы 4, 9, 11-сыныптарда және бітіруші курстарда білім алушылардың білімін, дағдысын және іскерлігін бақылауды өткізеді. Бұл ретте кешенді тестілеу технологиясы немесе білім алушылардың білімі мен іскерлігін бақылаудың өзге де түрлері (бақылау жұмысы, эссе, жобалық тапсырмалар, шығармашылық тапсырмалар, шығармалар) пайдаланылады.
Білім беру ұйымында бітіруші сыныптар мен курстар болмаған жағдайда, білімді, дағдыны және іскерлікті бақылау жоғарғы сыныптар мен курстардағы білім алушылармен өткізіледі.
Орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының бітіруші курстарында (олар болмаған жағдайда – жоғары курстарында) білім алушылардың білімі мен іскерлігін тексеру үшін мамандықтардың оқу-әдістемелік секциялары базалық және бейінді циклдерге кіретін пәндердің тізбесін уәкілетті органның тестілеу мәселелері жөніндегі ұйымына ұсынады. Аталған пәндердің тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
21. Тестілеу және білім мен іскерлікті бақылаудың өзге де түрлері білімі бақылануға тиіс білім алушылар контингентінің тізімдік құрамының кемінде 95 %-ы (бітірушілерінің жалпы саны 10 немесе одан да аз білім беру ұйымдарында – кемінде 80 %-ы) қатысқан жағдайда өткізіледі.
22. Тестілеуге келген техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының білім алушысында өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты, сондай-ақ сынақ кітапшасы болуы тиіс.
23. Кешенді тестілеу кезіндегі бағалау шәкілі (пайыздық қатынаста) мынадай тәртіппен айқындалады:
"өте жақсы" – 90-100 %;
"жақсы" – 75-89 %;
"қанағаттанарлық" – 50-74 %;
"қанағаттанғысыз" – дұрыс жауаптар емтихан материалдарындағы сұрақтар санының 50 %-ынан аз.
24. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алушылармен өткен бақылау жұмыстарын, эссені, жобалық тапсырмаларды, шығармашылық тапсырмаларды, шығармаларды тексеруді және төрт балдық жүйемен бағалауды төраға бекітетін бірлескен комиссия (бұдан әрі – бірлескен комиссия) жүзеге асырады.
Бірлескен комиссияның құрамына:
1) төраға;
2) аттестаттау комиссиясының мүшесі;
3) аттестатталатын білім беру ұйымының бір өкілі кіреді.
25. Мектепке дейінгі ұйымдарда кешенді тестілеудің орнына қызметкерлер мен тәрбиеленушілердің ата-аналарын сауалнамадан өткізу жүргізіледі.
Арнайы және мамандандырылған білім беру ұйымдарында, қосымша білім беру ұйымдарында білімді бақылаудың бақылау жұмысы, тыңдау, байқау, спорттық өлшеулер сияқты нысандары қолданылады.
26. Кешенді тестілеудің және білім алушылар мен тәрбиеленушілердің білімдерін, дағдысы мен іскерліктерін бақылаудың басқа да нысандарының, қызметкерлер мен ата-аналарға сауалнама жүргізудің нәтижелерін талдауды аттестаттау комиссиясы жүзеге асырады.
27. Сауалнама және басқа да сұраулар түрлерін жүргізу кезінде аттестаттау комиссиясы студенттік, жастар және қоғамдық ұйымдарды тартады.
28. Төраға мемлекеттік аттестаттауды өткізу кезіндегі зерделеу объектілерінің барлығы бойынша бақылау нәтижелерін жинақтайды және аттестаттау комиссиясының қорытындысын (бұдан әрі – қорытынды) дайындайды.
Қорытынды осы Ереженің 7-тармағында келтірілген мемлекеттік аттестаттау кезіндегі зерделеу объектілері жөніндегі мәліметтерден құралады, сондай-ақ мынадай бөлімдерді қамтиды: шығармашылық қызмет (өнер саласындағы білім беру ұйымдары үшін); мамандықтарды (кәсіптерді) аттестаттау; сауалнама нәтижесі; кемшіліктер мен ескертулер (бұдан әрі – бұзушылықтар); тұжырымдар мен ұсыныстар.
29. Қорытындының екі данасына төраға мен аттестаттау комиссиясының барлық мүшелері қол қояды.
Қорытындының көрсетілген даналарына танысқаны және даналардың біреуін алғаны туралы белгімен білім беру ұйымының басшысы қол қояды және білім беру ұйымының мөрімен расталады.
Білім беру ұйымының басшысы қорытындының даналарына қол қоюдан бас тартқан жағдайда Төраға мен аттестаттау комиссияның мүшелері тиісті акті жасайды және қорытындының бір данасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім беру ұйымына енгізіледі.
30. Қорытындыға мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) білім беру ұйымы қызметінің негізгі көрсеткіштері;
2) білім беру ұйымының құрылымы;
3) білім беру ұйымының контингенті, оның ішінде оқыту нысандары және мамандықтары (кәсіптері) бойынша оқитын білім алушылар туралы мәліметтер;
4) білім беру ұйымының профессор-оқытушы, педагогикалық және қызмет көрсететін құрамының сандық және сапалық сипаттамасы;
5) білім мен іскерлікті бақылау нәтижелері;
6) мамандықтар (дайындау бағыттары) бөлінісінде аттестаттау нәтижелері туралы анықтамалар.
31. Мемлекеттік аттестаттаудың соңғы күні төраға ғылыми немесе педагогикалық кеңесте қорытынды туралы хабарлайды.
Білім беру ұйымының басшылығы аттестаттау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда, қорытынды ресми жария етілгеннен кейін күнтізбелік үш күн ішінде жазбаша негіздемемен уәкілетті органға жүгінеді. Көрсетілген өтінішті уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
32. Қорытындының негізінде уәкілетті орган күнтізбелік он күн ішінде білім беру ұйымын аттестаттау немесе аттестаттамау туралы шешім қабылдайды. Шешім тиісті уәкілетті органның лауазымды адамының бұйрығымен ресімделеді.
33. Егер білім беру қызметі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттардың талаптарына толық сәйкес болса, оның ішінде аттестаттау комиссиясы білім алушылардың білімі мен іскерлігін бағалаудың нәтижелері бойынша білім алушылардың кемінде 70 %-ы дұрыс жауап бергендігін айқындаса, білім беру ұйымы "аттестатталсын" деген шешім қабылданады.
34. "Аттестатталмасын" деген шешім (мектепке дейінгі ұйымдарды қоспағанда) лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру арқылы білім беру ұйымын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкеліп соғады.
Білім беру ұйымы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру мерзімі өткен соң уәкілетті орган білім беру ұйымын мемлекеттік аттестаттау барысында анықталған бұзушылықтардың жойылғандығын айқындау жөнінде комиссия құрады.
Бұзушылықтар жойылған жағдайда, уәкілетті органның бұйрығымен лицензияның қолданысы қайта жандандырылады.
35. Лицензияның қолданысын тоқтата тұру мерзімі ішінде бұзушылықтар жойылмаған жағдайда, білім беру ұйымын лицензиядан айыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
36. Мектепке дейінгі ұйымның қызметінде анықталған бұзушылықтар жойылмаған жағдайда, көрсетілген ұйымның келешектегі қызметі туралы шешім сот тәртібімен қабылданады.
37. Білім беру ұйымын аттестаттау немесе аттестаттамау туралы шешім туралы ақпарат тиісті уәкілетті органның ресми сайтына орналастырылады.
38. Халықаралық білім беру ұйымдарын, шетелдік білім беру ұйымдарының филиалдарын мемлекеттік аттестаттау, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.