Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Даму Банкі арасындағы Білім мен тәжірибе алмасудың бірлескен бағдарламасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Асқарбекұлы Досаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Даму Банкі арасындағы Білім мен тәжірибе алмасудың бірлескен бағдарламасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға өкiлеттiк берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 маусымдағы
№ 605 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Даму Банкі
арасындағы Білім мен тәжірибе алмасудың бірлескен бағдарламасы
бойынша өзара түсіністік туралы
меморандум
Білім және көрсетілетін қызметтер инновациялық өнімдерінің, сондай-ақ табыс деңгейі орташа елдер тізіміне кіретін Қазақстан үшін дамудың озық тәжірибесімен алмасудың құндылығын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Даму Банкі (бұдан әрі – АДБ) Білім және тәжірибе алмасу бағдарламасы (бұдан әрі – БТАБ) бойынша бірлескен ынтымақтастықта өзара түсіністікке қол жеткізді.
Осы меморандум Үкімет пен АДБ (бұдан әрі Тараптар деп аталады) арасындағы БТАБ, оның мақсаттары, ауқымы, ынтымақтастық бағыттары және уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша өзара түсіністікті айқындайды. БТАБ Қазақстан үшін АДБ-ның елдік әріптестік стратегиясының ажырамас бөлігі болып табылатын болады.
1-бап. Мақсаттары және ауқымы
1.1. БТАБ мақсаты Қазақстан мен АДБ арасында білім саласындағы әріптестікті озық білім, озық тәжірибе алмасуға назар аудара отырып тереңдету мен күшейту және инновацияларға ықпал ету және ел экономикасының тиімділігін арттыру мақсатында әлеуетін нығайту болып табылады.
1.2. БТАБ негізгі төрт тақырыптық бағытты қамтитын болады: (i) жан-жақты өсу және экономиканы әртараптандыру; (ii) институционалдық және саяси даму; (iii) өңірлік ынтымақтастық және интеграция, және (iv) бәсекеге қабілеттілік пен тиімділікті арттыру.
2-бап. Бірлескен қызметтің бағыттары
2.1. БТАБ макро және салалық деңгейдегі мәселелерді қамтитын болады, елдің әлеуетін дамытуға жәрдемдесу бойынша ғылыми зерттеулерді, білім және озық практикамен алмасу саласындағы шешімдерді іздестіруді ғана емес, сондай-ақ қажет болған жерде технологиялар трансферті үшін мүмкіндіктер іздестіруді қамтитын болады.
2.2. Осы Меморандумның 1.2-тармағында көрсетілген 4 тақырыптық бағыт шеңберінде БТАБ басымдықтарын айқындау және қызметін таңдау кезінде Тараптар АДБ құзыреттеріне сәйкес келетін макро, салалық немесе тақырыптық тұрғыдан басым деп санайтын салаларға ерекше назар аударылатын болады. БТАБ критерийлері: (i) сұранысқа бағдарлану және елдің стратегиялық басымдықтарына сәйкестілік; (ii) елдің дамуы үшін туындайтын проблемаларды/мүмкіндіктерді зерделеу; (iii) ұлттық даму бағдарламаларына үлес қосу; (iv) салалық және тақырыптық деңгейдегі проблемалардың шешімдерін іздестіру, сондай-ақ (v) елдегі АДБ миссиясының сәйкестігі және даму бойынша басқа да әріптестердің қызметін өзара толықтыруды қамтамасыз ету болып табылады.
2.3. Жыл сайынғы жұмыс жоспарына енгізілетін нақты іс-шараларды Тараптар әрбір қаржы жылының басында (1 қаңтар – 31 желтоқсан) талқылайтын және келісетін болады және олар Тараптар өзара жазбаша келіскен кезде өзгертілуі мүмкін.
2.4. БТАБ негізгі нәтижелері: (i) әлеуметтік-экономикалық зерттеулер және ұсынымдық есептер; (ii) саясат мәселелері жөніндегі ұсынымдық қорытындылар; (iii) экспресс-бағалау бойынша есептер; (iv) елді дамытуға қатысты орын алған мәселелер жөніндегі пікірталас нәтижелері бойынша қысқаша есептер; (v) жетекші мамандарды тарта отырып, семинарлар нәтижелері бойынша қысқаша есептер; (vi) тағылымдамаларға қолдау көрсету бойынша есептер; (vii) таңдап алынған оқу турлары бойынша есептер түрінде ұсынылатын болады.
2.5. БТАБ-тың күтілетін тиімділігі Үкіметке неғұрлым әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті және инклюзивті экономикаға қол жеткізуге жәрдемдесу болады.
3-бап. Іске асыру тетіктері
Әкімшілендіру және жауапкершілік
3.1. Құрамына тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері мен АДБ қызметшілері кіретін БТАБ үйлестіруші комитеті (бұдан әрі – БҮК) БТАБ-ны жалпы әкімшілендіруге және үйлестіруге жауапты болады. БҮК-тің тең төрағалары Үкімет тарапынан Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі (бұдан әрі – ЭБЖМ) және АДБ тарапынан Орталық және Батыс Азия департаменті (бұдан әрі – ОБАД) болады. ЭБЖМ немесе ОБАД атауы немесе осы Меморандумды іске асыру бойынша функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бір-біріне тиісті жазбаша хабарламалар жібереді.
3.2. БҮК-тің негізгі функциялары БТАБ-ны басқару, үйлестіру және оның іске асырылуын мониторингілеу, оның ішінде: (i) жыл сайынғы жұмыс жоспарларын дайындау және жаңарту; (ii) мазмұнын және нәтижелерінің сапасын бағалау; (iii) зерттеулер нәтижелерінің ашылу дәрежесін және пайдаланылу сипатын айқындау; (iv) тиісті кездесулерді ұйымдастыру, (v) БТАБ нәтижелерін сақтау және тарату болып табылады. Қазақстандағы АДБ өкілдігі ЭБЖМ-мен тығыз ынтымақтастықта БҮК хатшылығы ретінде әрекет етеді және оның жұмысына ықпал ететін болады.
Іс-шараларды жүзеге асыру
3.3. БҮК жылына кемінде бір рет жиналатын болады. Қаржы жылы басталғанға дейін БҮК осы бағдарлама шеңберінде ынтымақтастық үшін ықтимал бағыттарды қарау, қаржыландыру үшін басымдықтарды және ықтимал іс-шаралар тізбесін айқындау және осы тізбені жыл сайынғы жұмыс жоспарына қосу мақсатында оны мақұлдау үшін жиналатын болады.
3.4. Басым іс-шаралар айқындалғаннан кейін сарапшылар (жеке немесе заңды тұлғалар) үшін техникалық тапсырма жасалатын болады. Сарапшыларды іріктеу және тарту жергілікті қамтуды ескере отырып, АДБ саясаты мен қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
3.5. БҮК хатшылығы бағдарлама қызметін жүзеге асыруға, кездесулер өткізуге, ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға және логистикалық мәселелерді шешуге жәрдемдесу мақсатында АДБ-мен, сарапшылармен және тиісті мемлекеттік органдармен жұмысты үйлестіретін болады. Үкімет 1995 жылғы 5 қазандағы Үкімет пен АДБ арасындағы техникалық көмек туралы негіздемелік келісімге сәйкес БТАБ қызметі шеңберінде тартылған халықаралық консультанттардың елге келуін, онда болуын және одан кетуін ұйымдастыруға жәрдемдесетін болады.
3.6. Үкімет үшін білімді шоғырландырып жинақтау үшін келісімділікті және өзара толықтыруды қамтамасыз ету мақсатында БҮК хатшылығы ұқсас зерттеулер жүргізетін өзге әріптестермен тығыз ынтымақтасатын болады.
3.7. Егер Үкімет немесе АДБ қандай да бір келісілген қызметтің толық немесе ішінара жүзеге асырылуы мүмкін болмайды деп санайтын болса, Тараптар соңғы шешім қабылданғанға дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей бір-біріне жазбаша хабарлама жіберетін болады. Шарттық талаптар негізінде консультанттар тартылған ағымдағы қызмет үшін Тараптар аталған консультанттарды осындай шарттармен осыған ұқсас міндеттер үшін тартуды қарастырады. Кез келген бөлінген қаражат әрбір Тарап үшін жүктемесіз алынатын болады.
Нәтижелерді пайдалану және құпиялылық
3.8. БТАБ қызметінің қорытынды нәтижелері БҮК тең төрағаларына қорытынды есеп түрінде ресми ұсынылатын болады. Бұдан әрі БҮК мазмұны мен сапасын бағалауды жүргізеді және қорытынды есептер ақпаратының ашылу деңгейін айқындайды. БТАБ шеңберінде әзірленген ұсынымдарды пайдалану Үкіметтің қалауы бойынша жүзеге асырылатын болады.
3.9. Тараптар БТАБ нәтижелерін Тараптар арасында келісілген көлемде және зияткерлік меншік құқығына қатыстыларын қоса алғанда, Тараптардың қолданыстағы заңдарына, саясаты мен рәсімдеріне сәйкес жариялаудың маңыздылығын мойындайды.
Ресурстарды бөлу және бірлесіп қаржыландыру
3.10. 2013 - 2015 жылдары БТАБ шеңберіндегі іс-шараларды Тараптар тең үлестерде бірлесіп қаржыландыратын болады. 2013 жылы Тараптар жалпы 500 000 АҚШ долл. көлемінде қаражат береді, 2014 - 2015 жылдары БТАБ-ны жалпы қаржыландыру жыл сайын 1 млн. АҚШ долл. дейін ұлғайтылады. Игерілмеген қаражат жоспарланған бюджетке қосымша ретінде келесі жылға жіберілетін болады.
Кезең |
Жалпы бюджет |
АДБ |
Үкімет |
2013: 1-кезең |
500 000 |
250 000 |
250 000 |
2014: 2-кезең |
1 000 000 |
500 000 |
500 000 |
2015: 3-кезең |
1 000 000 |
500 000 |
500 000 |
Барлығы |
2 500 000 |
1 250 000 |
1 250 000 |
3.11. Үкімет өз қаражатының үлесін тиісті қаржы жылына арналған жыл сайынғы жұмыс жоспарында көрсетілген төлем кестесіне сәйкес АДБ-ның арнайы шотына аударатын болады.
3.12. АДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілдігі ЭБЖМ-ге Тараптармен келісілген талаптарға сәйкес әрбір қаржы жылында қаражаттың пайдаланылуы және көрсетілген қызметтер туралы тоқсан сайынғы және жылдық есептерді ұсынатын болады. Көрсетілген есептер әрбір есепті кезең аяқталғаннан кейін екі айдың ішінде ұсынылады.
3.13. Тоқсан сайынғы және жылдық есептер бойынша бенефициарлар тарапынан ескертулер болған жағдайда, АДБ-ның Қазақстандағы өкілдігі ескертулерді алғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде ЭБЖМ-ге пысықталған есептерді ұсынады.
4-бап. Мониторинг және бағалау
4.1. Тараптар бірлескен жобалардың және осы Меморандум шеңберінде жүргізілген іс-шаралардың нәтижелеріне, сондай-ақ БТАБ-ның келісілген нәтижелеріне қол жеткізу тиімділігіне мониторинг және бағалау жүргізетін болады.
4.2. БҮК іс-шаралар мониторингін БТАБ шеңберінде БҮК хатшылығы арқылы жүзеге асыратын болады. БҮК Хатшылығы туындайтын мәселелерді уақтылы қарау мақсатында бағдарламаның іс-шараларына қатысатын барлық мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтасатын болады. БТАБ тең төрағаларының жыл сайынғы консультациялары: (i) Меморандумның іске асырылу барысын қарау; (ii) БТАБ-ның ағымдағы бірлескен қызметіне шолу жасау және ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктерді анықтау; (iii) Меморандумға кез-келген түзетулерді немесе толықтыруларды қарау, (iv) жалпы басымдықтарды белгілеу және келесі жылға арналған тиісті жұмыс жоспарын әзірлеу үшін негізгі тетік болады.
4.3. БТАБ қызметін бағалаудың бастамашылары БҮК тең төрағалары болады. Бағалау бағдарлама шеңберіндегі қызмет аяқталғаннан кейін 2 айдан соң жүргізілетін болады. БҮК хатшылығы бағалау бойынша есепті тиісті министрліктер мен агенттіктер ұсынған статистикалық немесе өзге ақпаратты пайдалана отырып дайындайды.
5-бап. Әртүрлі
5.1. Осы Меморандум Тараптардың белгіленген мақсаттарға қол жеткізуі үшін өзара адал ынтымақтастықта болу ниетін баяндайды, бірақ Тараптардың бір де біріне заңдық міндеттемелер жүктемейді.
5.2. Осы Меморандум шеңберіндегі кез-келген хабарлама немесе өзге хабарландыру жазбаша түрде жүзеге асырылатын болады және мән-жайларға қарай бір Тарап екінші Тарапқа пошта, факс немесе электрондық пошта бойынша төменде көрсетілген мекенжай немесе Тараптардың әрқайсысы бұдан әрі жазбаша түрде жібере алатын басқа мекенжай бойынша жеткізілетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министріне
Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі:
010000 Қазақстан, Орынбор к-сі, 8 «Министрліктер үйі»
Телефон: + 7 (7172) 74-38-01, факс: + 7 (7172) 74-38-24
Азия Даму Банкі:
Бас директорға
Орталық және Батыс Азия департаменті
Азия Даму Банкі
6 ADB Avenue, Mandaluyong City
1550 Метро Манила, Филиппин
Телефон: +6 32 632-5369, Факс: +63 2 632-6318
5.3. Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады. Осы Меморандумға қатысты Тараптар арасында қандай да бір келіспеушіліктер болған жағдайда, Тараптар дауды бейбіт түрде шешу үшін тиісті шаралар қабылдайды.
Осымен Тараптар өзінің уәкілетті өкілі арқылы осы Меморандумға қол қойды. 2013 жылы «___» ________ ___________ қаласында екі түпнұсқа данада ағылшын тілінде жасалған.
Қазақстан Республикасының |
Азия Даму Банкі |
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Меморандумның ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.