Мемлекеттік энергетикалық тізілімді калыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 ақпандағы № 143 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 қыркүйектегі № 774 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 11.09.2015 № 774 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» 2012 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн еткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               С. Ахметов

Қазақстан Республикасы       
Үкіметінің           
2013 жылғы 18 ақпандағы    
№ 143 қаулысымен       
бекітілген          

Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» 2012 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 6-тармақшасына сәйкес әзірленді және Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) Мемлекеттік энергетикалық тізілім (бұдан әрі - МЭТ) - Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері туралы ақпараттың жүйеленген жиынтығы;
      2) Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторы (бұдан әрі - МЭТ операторы) - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыратын ұйым;.
      3) Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері (бұдан әрі - МЭТ субъектілері) - энергетикалық ресурстарды жылына шартты отынның бір мың бес жүз және одан көп тоннаға барабар көлемінде тұтынатын дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеуді серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер және ұлттық компаниялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен аффилиирленген еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар;
      4) энергетикалық аудит (энергия аудиті) - энергия үнемдеудің мүмкіндігі мен әлеуетін бағалау және қорытынды дайындау мақсатында энергетикалық ресурстардың пайдаланылуы туралы деректерді жинау, өңдеу және талдау;
      5) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

2. Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібі

      3. МЭТ-ті қалыптастыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары жыл сайын он бесінші қарашаға дейінгі мерзімде МЭТ субъектілері туралы ақпаратты МЭТ операторына жібереді.
      4. МЭТ операторы:
      1) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған ақпарат негізінде жыл сайын он бесінші желтоқсанға дейінгі мерзімде МЭТ субъектілерінің тізбесін бекітеді және өзінің интернет-ресурсында жариялайды;
      2) тізбе бекітілген күнінен бастап он бес жұмыс күн ішінде тізбеге алғаш және қайта кірген МЭТ субъектілеріне тізбеге енуі туралы хабарламаны жібереді.
      5. МЭТ субъектілері жыл сайын бірінші наурызға дейінгі мерзімде МЭТ операторына мына ақпаратты ұсынады:
      1) МЭТ субъектілерінің атауы, мекенжайы және олардың қызметінің негізгі түрлері;
      2) күнтізбелік бір жыл ішінде заттай және ақшалай көріністегі энергетикалық ресурстарды және суды өндіру, шығару, тұтыну, беру және жоғалту көлемдері;
      3) энергия аудиті қорытындысы бойынша МЭТ субъектісі әзірлейтін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары, сондай-ақ осы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілетін толықтырулар және (немесе) өзгерістер;
      4) есепті кезең ішінде энергия аудиті қорытындысы бойынша МЭТ субъектісі әзірлейтін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу нәтижелері;
      5) өнім бірлігіне шаққанда нақты энергия тұтыну және (немесе) ғимараттар, құрылыстар, құрылымдар ауданының бірлігіне шаққанда жылытуға кеткен энергетикалық ресурстар шығыны;
      6) энергия аудиті бойынша қорытындының көшірмесі;
      7) энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптарымен жарақтандырылуы туралы.
      6. Мемлекеттік мекемелер МЭТ операторына осы Қағидалардың 5-тармағының 1), 2), 5) және 7) тармақшаларына сәйкес ақпаратты ұсынады.
      7. Осы Қағидалардың 5-тармағының 3)4) және 6) тармақшаларында көрсетілген ақпарат Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнамасына сәйкес өткізілген энергия аудитінің қорытындысы бойынша ұсынылады.
      8. Осы Қағидалардың 5 және 6-тармақтарында көрсетілген ақпарат мемлекеттік немесе орыс тілдерінде қағаз және электронды жеткізгіштерде ұсынылады.
      9. МЭТ операторы отызыншы наурызға дейінгі мерзімде МЭТ субъектілері ұсынған ақпараттың толықтығын тексереді.
      10. Ұсынылған ақпараттың толық емес екені анықталған жағдайда МЭТ операторы осы Қағидалардың 9-тармағында белгіленген мерзімде МЭТ
субъектісінен жетіспейтін ақпаратты сұратады.
      МЭТ субъектісі жетіспейтін ақпаратты МЭТ операторынан сұратуды алған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді.
      11. МЭТ операторы жыл сайын отызыншы сәуірге дейінгі мерзімде уәкілетті органға ақпаратты ұсынудан бас тартатын немесе дәйексіз ақпаратты ұсынатын МЭТ субъектілері туралы ақпаратты береді.
      12. МЭТ субъектілері ұсынған ақпараттың негізінде жыл сайын он бесінші тамызға дейінгі мерзімде МЭТ операторы МЭТ субъектілері жүзеге асыратын энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларының тиімділігіне бағалау мен талдау жүргізеді, МЭТ қалыптастырады және ақпаратты уәкілетті органға ұсынады.
      13. МЭТ субъектілерінің осы Қағидалардың 5 және 6-тармақтарына сәйкес ұсынған ақпаратында сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, МЭТ операторы ақпаратты энергия аудиті және (немесе) энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын заңды тұлғалардан, сондай-ақ МЭТ субъектілерінен сұратады.
      МЭТ субъектілері және энергия аудиті және (немесе) энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын заңды тұлғалар МЭТ операторына ақпаратты тиісті сұратуды алған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді.