Еуразиялық экономикалық қоғамдастықта білім, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы туралы келісімге қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 11 ақпандағы № 114 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықта білім, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Еуразиялық экономикалық қоғамдастықта білім, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2013 жылғы 11 ақпандағы
№ 114 қаулысымен  
мақұлданған    

Жоба

Еуразиялық экономикалық қоғамдастықта білім, ғылыми дәрежелер
мен ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану және олардың
баламалылығы туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрі – ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердің Үкіметтері
      1996 жылғы 29 наурыздағы экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтарына оқу орындарына түсуге тең құқық беру туралы 1998 жылғы 24 қарашадағы келісімді,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартты,
      2009 жылғы 11 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің білім саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді
      және 2010 жылғы 21 мамырдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің білім беру ұйымдарын/мекемелерін (білім беру бағдарламаларын) аттестаттау және/немесе аккредиттеу саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
      Тараптардың ортақ білім беру кеңістігі мен ортақ еңбек нарығын құруға ұмтылуын ескере отырып,
      білім және ғылым саласындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдетуде жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
      білім, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы нормаларын белгілеуге ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті.

1-бап

      Осы Келісім:
      - мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжаттарға, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің білім беру мекемелері/білім беру ұйымдары берген мемлекеттік білім туралы құжаттар деңгейінде танылатын білім туралы құжаттарға;
      - ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары берген ғылыми дәрежелер және ғылыми атақтар туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарға қолданылады.

2-бап

      Тараптар Беларусь Республикасында берілген жалпы базалық білім туралы куәлікті, Қазақстан Республикасында берілген негізгі мектепті бітіргені және негізгі орта білім туралы куәліктерді, Қырғыз Республикасында берілген негізгі мектептік білім және негізгі жалпы білім туралы куәліктерді, Ресей Федерациясында берілген негізгі жалпы білім туралы аттестатты, Тәжікстан Республикасында берілген аяқталмаған орта білім және жалпы негізгі білім туралы куәліктерді Тараптар мемлекеттерінің білім беру мекемелерінде/білім беру ұйымдарында білімдерін жалғастырған кезде баламалы (сәйкес) деп таниды.

3-бап

      Тараптар Беларусь Республикасында берілген жалпы орта білім туралы аттестатты және кәсіптік-техникалық білім туралы дипломды, Қазақстан Республикасында берілген орта білім және жалпы орта білім туралы аттестаттарды, Қырғыз Республикасында берілген орта білім және жалпы орта білім туралы аттестаттарды, Ресей Федерациясында берілген жалпы орта (толық) білім туралы аттестатты және бастауыш кәсіптік білім (жалпы орта (толық) білім алумен) туралы дипломды, Тәжікстан Республикасында берілген орта білім туралы аттестатты, жалпы орта білім туралы куәлікті және бастауыш кәсіптік білім туралы дипломды Тараптар мемлекеттерінің білім беру мекемелерінде/білім беру ұйымдарында білімдерін жалғастырған кезде баламалы (сәйкес) деп таниды.

4-бап

      Тараптар Беларусь Республикасында берілген кәсіптік-техникалық білім туралы дипломды, Қазақстан Республикасында берілген техникалық және кәсіптік білім туралы және бастауыш кәсіптік білім туралы дипломдарды және жұмыс біліктілігі туралы куәлікті, Қырғыз Республикасында берілген кәсіптік дайындық туралы аттестатты және сертификатты, бастауыш кәсіптік білім туралы дипломды және сертификатты, Ресей Федерациясында берілген бастауыш кәсіптік білім туралы дипломды, Тәжікстан Республикасында берілген орта арнаулы білім туралы кіші маман дипломын, бастауыш кәсіптік білім туралы куәлікті және дипломды осы құжаттарда көрсетілген мамандыққа (кәсіпке) және/немесе біліктіліктерге сәйкес Тараптар мемлекеттерінде кәсіптік қызметпен айналысу үшін таниды.

5-бап

      Тараптар Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасында берілген орта арнаулы білім туралы дипломдарды, Қазақстан Республикасында, Қырғыз Республикасында, Ресей Федерациясында және Тәжікстан Республикасында берілген орта кәсіптік білім туралы дипломдарды, Қазақстан Республикасында берілген техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім туралы дипломдарды және Тәжікстан Республикасында берілген (жоғары білім базасында) кіші маман дипломын осы құжаттарда көрсетілген мамандыққа (кәсіпке) және/немесе біліктілікке сәйкес Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысында білімін жалғастырған кезде және кәсіби қызметпен айналысу үшін баламалы (сәйкес) деп таниды.

6-бап

      Қырғыз Республикасында және Ресей Федерациясында берілген толық емес жоғары білім туралы дипломдар, Тәжікстан Республикасында берілген толық емес жоғары білім туралы куәлік және Тараптар мемлекеттеріндегі жоғары оқу орындары берген академиялық анықтамалар олардың иелеріне Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысында тиісті деңгейде (тиісті дәрежеде) жоғары (жоғары кәсіптік) білімін жалғастыруға құқық беретін құжаттар ретінде танылады.

7-бап

      Тараптар мемлекеттерінде берілген бакалавр дипломдарын және Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасында, Қырғыз Республикасында және Тәжікстан Республикасында берілген күндізгі оқу нысаны бойынша кемінде 4 жыл нормативті оқыту мерзімімен біліктілігі берілетін жоғары білім туралы дипломдарды Тараптар осы құжаттарда көрсетілген даярлық бағытына (мамандыққа) және/немесе біліктілікке сәйкес Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысында білімін жалғастырған кезде және кәсіби қызметпен айналысу үшін баламалы (сәйкес) деп таниды.

8-бап

      Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасында, Қырғыз Республикасында және Тәжікстан Республикасында берілген күндізгі оқыту нысаны бойынша кемінде 5 жыл (оның ішінде дәрігер-маманды даярлауға - кемінде 6 жыл, «Стоматология» мамандығы бойынша дәрігер даярлауға - кемінде 5 жыл) нормативті оқыту мерзімімен біліктілік берілетін жоғары білім туралы дипломдарды және Ресей Федерациясында берілген маман дипломын Тараптар осы құжаттарда көрсетілген даярлық бағытына (мамандыққа) және/немесе біліктілікке сәйкес Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысында білімін жалғастырған кезде және кәсіби қызметпен айналысу үшін баламалы (сәйкес) деп таниды.
      Осы бапта көрсетілген дипломдар Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысында магистратурада білімді жалғастыруға құқық беретін құжаттар ретінде танылады.
      Осы бапта көрсетілген Қазақстан Республикасында, Қырғыз Республикасында, Тәжікстан Республикасында және Ресей Федерациясында берілген дипломдар олардың иелеріне Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысында интернатурада, ординатурада (клиникалық ординатурада), резидентурада және аспирантурада (адъюнктурада) білімін жалғастыруға құқық беретін құжаттар ретінде танылады.

9-бап

      Тараптар мемлекеттерінде берілген магистр дипломдарын Тараптар осы құжаттарда көрсетілген даярлық бағытына (мамандыққа) және/немесе біліктілікке сәйкес Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысында білімді жалғастырған кезде және кәсіби қызметпен айналысу үшін баламалы (сәйкес) деп таниды.

10-бап

      Тараптар мемлекеттерінде берілген ғылым кандидаты және ғылым докторы дипломдарын, доцент және профессор аттестаттарын, Қазақстан Республикасында берілген философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор дипломдарын, қауымдастырылған профессор (доцент) аттестаттарын әрбір Тарап өз мемлекетінің заңнамасында көзделген тәртіппен таниды.

11-бап

      Тараптар мемлекеттерінде ұлттық заңнамада белгіленген деңгейдегі (дәрежедегі) оқуды аяқтамаған адамдарға берілген белгіленген үлгідегі анықтамалар олардың иесіне Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысында тиісті білім деңгейінде (дәрежесінде) оқуын жалғастыруға құқық беретін құжаттар ретінде танылады.

12-бап

      Осы Келісімде көзделген білім, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттардың танылуы мен баламалылығы олардың иелерін тану мен баламалылығын (сәйкестігін) белгілеу сұратылған мемлекеттің заңнамасына сәйкес білім беру мекемелеріне/білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау кезінде немесе кәсіби қызметпен айналысу үшін қойылатын талаптарды орындау міндетінен босатпайды.

13-бап

      Осы Келісімге қатысты білім туралы құжаттардың баламалылығын (сәйкестігін) тану/тану және белгілеу рәсімі олардың Келісімнің 1-9 және 11-баптарында көрсетілген құжаттарға сәйкестігін айқындауды және ұлттық заңнамада көзделген жағдайда тиісті куәлік беруді қамтиды.

14-бап

      Әрбір Тарап мемлекеттерінің білім және ғылым салаларында басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттiк билік органдары әртүрлi деңгейдегі/дәрежедегі білім мазмұнына қойылатын негiзгi талаптардың, сондай-ақ ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар iзденушiлерiне қойылатын талаптардың салыстырмалылығын қамтамасыз етедi, мамандар мен ғылыми қызметкерлерді дайындау бағыттары мен мамандықтарының ұлттық номенклатураларын (тізбелерін), сондай-ақ өз мемлекетiнiң аумағында докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі кеңестер қалыптастыруға қойылатын талаптарды әзірлеу кезінде өзара консультациялар өткізеді.

15-бап

      Тараптар бiр-бiрiне бiлiм, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттарды ресiмдеу және беру қағидаларын реттейтiн нормативтiк құқықтық актілерді, көрсетілген құжаттардың үлгілері мен сипаттамаларын ұсынады, сондай-ақ қажет болған жағдайларда тиiстi ресми түсiнiктемелердi жібереді.

16-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

17-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты даулар келіссөздер мен консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.
      Егер дау тараптары даудың бір тарапы даудың екінші тарапына жіберген келіссөздер мен консультацияларды өткізу туралы ресми жазбаша өтініш түскен күнінен бастап алты ай ішінде келіссөздер және консультациялар арқылы дауды реттей алмаса, оны шешу тәсіліне қатысты даудың тараптары арасында өзге уағдаластық болмағанда, дау тарапының кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың сотына қарау үшін жібере алады.

18-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30-шы күні күшіне енеді.

19-бап

      Күшіне енген күнінен бастап осы Келісім оған ЕурАзЭҚ мүшелігіне қабылданған басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
      Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап күшіне енеді.

20-бап

      Тараптардың әрқайсысы депозитарийді жазбаша түрде хабардар ете отырып, осы Келісімнен шыға алады.
      Осы Келісім осындай Тарапқа қатысты өзінің қолданысын депозитарий тиісті хабарламаны алған күнінен бастап алты ай өткен соң тоқтатады.

21-бап

      Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап Тараптар арасында:
      - 1998 жылға 24 қарашадағы Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы білім, ғылыми дәрежелер мен атақтар туралы құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы туралы келісімнің;
      - 2005 жылғы 27 қыркүйектегі Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердегі ғылыми дәрежелер туралы құжаттардың өзара танылуы мен баламалылығын белгілеу тетігі туралы келісімнің қолданысы тоқтатылады.
      Көрсетілген келісімдер қолданысының тоқтатылуы олардың ережелеріне сәйкес қабылданған шешімдердің қолданысына әсер етпейді.

      2013 жылғы «__» ________ _______________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінде сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның расталған көшірмесін Тараптарға жібереді.

      Беларусь Республикасының
      Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының
      Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының
      Үкіметі үшін

      Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін

      Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін