Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 19.09.2014 № 995 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 мамырдағы № 438 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 17, 191-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі туралы ережеде:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Агенттіктің заңды мекенжайы: почталық индексі 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі 8, Министрліктер үйі.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Агенттіктің қызметі аясындағы негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) ғарыш қызметі саласында мемлекеттік саясаттың қалыптасуын іске асыруды қамтамасыз ету;
2) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді және салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;
3) Қазақстан Республикасының ғарыш саласын қалыптастыру және дамыту;
4) ғарыштық технологиялар мен қызметтер нарығын қалыптастыру үшін жағдай жасау;
5) Қазақстан Республикасында ғарыш қызметінің заңнамалық және шарттық-құқықтық базасын құру;
6) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
7) ғарыш қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
8) өз құзыреті шегінде "Байқоңыр" кешенін Ресей Федерациясының жалға алуы жөніндегі жұмыстарды үйлестіру.";
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Агенттік қолданыстағы заңнамаға және өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамытудың жай-күйі мен болжамына және ғарыш кеңістігін зерттеу мен пайдалануда әлемдік үрдістерге талдау жүргізеді;
2) ғарыш қызметін дамытудың басым бағыттары, сондай-ақ ғарыш қызметі саласында мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
3) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуді қоса алғанда, ғарыш қызметі саласындағы жобаларды және бағдарламаларды іске асыруды қамтамасыз етеді;
4) ғарыштық орналастыру және қашықтықтан зондтауды бақылау құралдарын (ғарыш мониторингін) пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйiн бақылау жүйесінің жұмыс істеуін ұйымдастырады;
5) өз құзыреті шегінде ғарыш қызметі саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және қабылдайды;
6) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен халықаралық шарттар жасасады;
7) ғарыш қызметін қазақстандық қатысушылар жүзеге асырған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағынан, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш объектілерін ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау тәртібін әзірлейді;
8) ғарышкерлікке кандидаттарды іріктеу және ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер мәртебесін беру тәртібін әзірлейді;
9) ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге қызметтiк мiндеттерiн атқару кезінде алған жарақатының, мертігуінің, ауруының салдарынан мүгедектік белгіленген кезде, сондай-ақ ол қызметтік міндеттерін атқаруға байланысты қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда бiржолғы өтемақы төлеу тәртібін әзірлейді;
10) ғарыш кеңістігін пайдалану саласында лицензиялауды жүзеге асырады;
11) ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметке қойылатын біліктілік талаптарын әзірлейді;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде ғарыш қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
13) ғарыш қызметінің қатысушылары қызметіне мониторинг жүргізеді;
14) мемлекеттің қатысуымен ғарыш қызметі саласында жұмыс істейтін ұйымдардың басқару органдарында мемлекет мүдделерін білдіруді өз құзыреті шегінде ұйымдастырады;
15) ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптаманы жүзеге асырады;
16) ғарыш объектiлерiн және оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеу тәртiбiн әзірлейді;
17) ғарыш объектілерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеуіді жүзеге асырады және ғарыш объектілерінің тіркелімін жүргізеді;
18) ғарыш кеңістігіне ұшырылатын Қазақстан Республикасының ғарыш объектілерінің таңбалануын айқындайды;
19) ғарышкерлерді даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi, сондай-ақ ғарыш қызметі саласындағы мамандарды қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi қызметтi ұйымдастыру мен үйлестiрудi жүзеге асырады;
20) Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
21) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес ғарыш қызметі саласындағы техникалық регламенттер мен мемлекеттік стандарттар әзірлеуді ұйымдастырады;
22) Қазақстан Республикасы үшiн жасалатын ғарыш техникасы өндiрiсiне арналған мемлекеттiк тапсырмалардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiтуге ұсынады;
23) жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ғарыш аппараттары транспондерлерін ұсыну тәртібін әзірлейді;
24) Жердi қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі ұлттық операторының ғарыш түсірілімдерін жоспарлау, Жерді қашықтықтан зондтау деректерін алу, өңдеу және тарату тәртiбiн әзірлейді;
25) дәлдiгi жоғары спутниктiк навигация жүйесi ұлттық операторының спутниктiк навигациялық қызметтердi ұйымдастыру және ұсыну тәртiбiн әзірлейді;
26) Қазақстан Республикасының Үкіметіне ғарыш жүйелерінің ұлттық операторларын, сондай-ақ олардың міндеттері мен функцияларын айқындау үшін заңды тұлғалардың тізбесін ұсынады;
27) Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңiстiгiнде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) қағидаларын, Қазақстан Республикасының аумағында ғарыш зымыран кешендерiн құру және пайдалану (қолдану) қағидаларын әзірлейді;
28) пайдаланудан шығарылған ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату тәртібін әзірлейді;
29) ғарыш қызметі саласындағы аяқталған жобалар бойынша нәтижелерді қабылдау тәртібін белгілейді;
30) ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде өз құзыреті шегінде іздестіру, авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға, сондай-ақ аварияларды тексеруге қатысады;
31) ғарыш қызметі саласындағы аяқталған жобалар бойынша нәтижелерді қабылдауды ұйымдастырады және жүргізеді;
32) ғарыш қызметі саласында заңнама талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
33) лицензиаттың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған лицензиялық бақылауды жүзеге асырады;
34) ғарыш қызметі саласындағы және "Байқоңыр" кешені жөніндегі халықаралық шарттар талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
35) ғарыш қызметiнің мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асырады және халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерде Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiредi;
36) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының "Байқоңыр" кешені бойынша халықаралық шарттарды орындау жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
37) жалға алу жағдайында "Байқоңыр" кешенінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша Ресей Федерациясымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
38) Ресей Федерациясы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан жүзеге асыратын ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша жыл сайынғы қорытынды дайындауды және оны іске асыру мониторингін ұйымдастырады;
39) "Байқоңыр" кешенінің ұйымдастыру және өзге де шаруашылық мәселелерін белгіленген тәртіппен шешуді қамтамасыз етеді;
40) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының қарамағындағы "Байқоңыр" кешенінің объектілеріне жеке тұлғалардың кіруін қамтамасыз етеді;
41) "Байқоңыр" кешенінің жалға берілетін объектілері мен мүлкінің сақталу және пайдалану жағдайларын бақылауды жүзеге асыруға қатысады.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi К.Мәсімов