"Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы" атағын беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 11 сәуірдегі № 446 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 5 маусымдағы № 417 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 05.06.2015 № 417 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасының Патент заңы» 1999 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын беру қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 11 сәуірдегі
№ 446 қаулысымен 
бекітілген     

«Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын
беру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Патент заңы» туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын беру тәртібін регламенттейді.
      2. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын (бұдан әрі – атақ) беру маңызды моральдық ынталандырудың бірі, азаматтардың жемісті еңбегін, олардың қабілеттері мен дарындылығын қоғамның мойындағанын білдіру болып табылады және азаматтардың инновациялық белсенділігін арттыруды, олардың Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік дамуына жұмсаған күш-жігерін көтермелеуге арналады.

2. Атақты беру тәртібі

      3. Атақ әр жылдың екінші тоқсанында өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғау саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) өткізетін конкурстың нәтижелері бойынша неғұрлым маңызды және кеңінен пайдаланылатын өнертабыстардың авторлары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі.
      4. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен құрамына уәкілетті және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ғалымдар және патенттік сенім білдірілген өкілдер кіретін Атақ беру жөніндегі ұсынымдарды қарайтын конкурстық комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрылады.
      5. Комиссияның отырыстары комиссия мүшелерiнiң жалпы санының жартысынан астамы қатысқан жағдайда заңды деп есептеледi.
      Комиссия қатысушы комиссия мүшелерiнің көпшiлiк даусымен шешiм қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді.
      6. Атақ беру туралы ұсынымдар (бұдан әрі – ұсынымдар) білдіруге:
      1) уәкілетті орган;
      2) мемлекеттік органдар;
      3) ғылыми ұйымдар немесе қоғамдық бірлестіктер бастамашы болады.
      7. Ұсынымдар уәкілетті органға жыл сайын бірінші сәуірге дейін беріледі.
      8. Ұсынымдарға мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың немесе қоғамдық бірлестіктердің бірінші басшылары (немесе оның мiндетiн атқарушы адам) қол қояды, онда кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), ұсынуға дейінгі соңғы үш жылдағы оның ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелері бойынша атақ беруге ұсынудың негіздері көрсетіледі.
      Ұсынымға:
      1) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      2) өнертабысты қорғау құжатының көшірмесі;
      3) неғұрлым маңызды және кеңінен пайдаланылатын өнертабыс туралы пікірлер, рецензиялар және басқа да материалдар қоса беріледі.
      9. Уәкілетті орган келіп түскен ұсынымдарды жыл сайын оныншы сәуірге дейін олар бойынша шешімдер қабылдау үшін комиссияның қарауына жібереді.
      10. Комиссия ұсынымдарды қарау барысында ұсынылған өнертабысқа қойылатын мынадай критерийлерді назарға алады:
      1) әлеуметтік және экономикалық маңыздылығы;
      2) перспективалылығы;
      3) бәсекеге қабілеттілігі;
      4) экологиялық қауіпсіздігі.
      11. Комиссия берілген ұсынымдарды келіп түскен сәттен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және:
      1) атақ беру туралы Әділет министріне ұсыным енгізу туралы;
      2) егер ұсынылған материалдар осы өнертабыстың маңыздылығы мен кеңінен пайдалану фактісін растамаса, ұсынымды қабылдамау туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
      12. Қазақстан Республикасының Әділет министрі комиссия шешім қабылдаған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде атақ беру туралы бұйрық шығарады.
      13. Қазақстан Республикасының Әділет министрі немесе оның тапсырмасы бойынша басқа да лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышына дипломды және «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» естелік лентасын салтанатты жағдайда тапсырады.