Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 06.03.2013 № 223 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
«Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 қарашадағы № 1160 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 45, 535-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 10 сәуірдегі
№ 440 қаулысымен
бекітілген
Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеу және өткізу
(оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызмет түріне қойылатын
біліктілік талаптары
1. Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын (бұдан әрі – АКҚҚ) әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызмет қызметтің мынадай кіші түрлерін:
1) АКҚҚ-ны әзірлеуді;
2) АКҚҚ-ны өткізуді (оның ішінде өзге де беру) қамтиды.
2. Осы біліктілік талаптарының әрекеті Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын қорғауға байланысты қызметке қолданылмайды.
3. АККҚ-ны әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары:
1) жоғары техникалық білімі бар маманның;
2) мәлімделген қызмет түрін жүзеге асыру үшін жеке меншігінде немесе өзге заңды негіздегі арнайы бөлінген үй-жайдың болуын қамтиды.
Бұл ретте үй-жай күзет және өрт сигналдары жүйелерімен оларды тәулік бойы күзет пультіне қоса отырып жабдықталуы тиіс.
4. АКҚҚ-ны әзірлеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін мынадай қосымша біліктілік талаптары белгіленеді:
1) АКҚҚ-ны және олардың құжаттамаларын сақтау үшін арнайы бөлінген үй-жайда кемінде бір мөрленетін темір шкафтың болуы;
2) біліктілік сынақтың нәтижелері бойынша жүзеге асырылатын мәлімделген тұлғалардың білім деңгейін бағалауды.
АКҚҚ саласындағы біліктілік сынақтарын тапсыру үшін сұрақтар тізбесін лицензиар белгілейді.