"Қазконтент" акционерлік қоғамы акцияларының пакетін жеке меншіктен республикалық меншікке сыйға тарту шарты бойынша қабылдауды келісу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 14 наурыздағы № 333 Қаулысы

      "Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. "Зерде" ұлттық инфокоммуникациялық холдингі" акционерлік қоғамының "Қазконтент" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) акцияларының пакетін республикалық меншікке сыйға тарту шарты бойынша беру туралы ұсынысын қабылдауға келісім берілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы қаулының 1-тармағынан туындайтын қажетті іс-шараларды жүзеге асырсын;
      2) Қоғам акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқығын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне беруді қамтамасыз етсін.
      3. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар бекітілсін.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 14 наурыздағы
№ 333 қаулысымен  
бекітілген       

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін, толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
      "Астана қаласы" деген бөлім:
      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-145-жолмен толықтырылсын:
      "21-145. "Қазконтент" АҚ".
      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
      көрсетілген қаулының қосымшасында:
      "Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі" деген бөлім:
      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 304-2-жолмен толықтырылсын:
      "304-2. "Қазконтент" АҚ".
      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 683 қаулысымен.