"Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Шаруашылық басқармасы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қайта ұйымдастыру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 1598 Қаулысы.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 11-бабының 4) тармақшасына және 134-бабының 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Шаруашылық басқармасы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта құру жолымен "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Шаруашылық басқармасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып (бұдан әрі - кәсіпорын) қайта ұйымдастырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган болып белгіленсін.

      2-1. Кәсіпорын дипломатиялық қызмет органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету және оларға сервистік қызмет көрсету жөніндегі функциялар жүктелген заңды тұлға болып белгіленсін.

      Ескерту. Қаулы 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 20.10.2017 № 660 қаулысымен.

      3. Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні дипломатиялық қызмет органдарына жүктелген функцияларды іске асыруға жәрдемдесетін саладағы қызметтерді жүзеге асыру:

      1) қызметтік ғимараттарды пайдалану және жөндеу, бағдарламалық-ақпараттық және көліктік қызмет көрсету, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерін және Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері басшыларының резиденцияларын жабдықтау функцияларын орындау;

      2) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті консулдық іс-қимылдарды жүзеге асыру кезінде материалдық-техникалық қамтамасыз ету және техникалық құжаттамаларды ресімдеу;

      3) Дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің, өзге де мемлекеттік органдардың және шет мемлекеттердің ресми өкілдіктерінің және халықаралық ұйымдардың қабылдауларына және басқа да протоколдық іс-шараларына қызмет көрсету болып белгіленсін.

      4. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорынның жарғысын бекітуге енгізсін;

      2) әділет органдарында кәсіпорынның мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) күші жойылды - ҚР Үкіметінің 05.08.2013 № 796 қаулысымен;

      2) күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 683 қаулысымен.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 05.08.2013 № 796; 28.08.2015 № 683 қаулыларымен.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов