Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізудің кейбір мәселелері туралы келісімге қол қою туралы және Қазақстан Республикасы Yкіметінiң кейбір шешiмдерінiң күшi жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 3 қарашадағы № 1282 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізудің кейбір мәселелері туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Нематұлы Келімбетовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізудің кейбір мәселелері туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.10.01 № 1252 Қаулысымен.
      3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Электр беру желілері бойынша және құбыржол көлігімен тауарларды өткізу тәртібі туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 19 мамырдағы № 432 қаулысы;
      2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 19 мамырдағы № 423 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 16 маусымдағы № 594 қаулысы.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Жоба  

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 3 қарашадағы
№ 1282 қаулысымен 
бекітілген     

Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды
электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен
өткізудің кейбір мәселелері туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын ЕурАЗЭҚ шеңберіндегі Кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      тауарларды электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізу тәртібін белгілеу мақсатында,
      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және Кеден одағын қалыптастыру туралы шарттың және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарттың ережелерін негізге ала отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған принциптері мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті: 

1-бап 

      Осы Келісім кедендік бақылауда тұрған тауарларды электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен Кеден одағының кедендік аумағына (бұдан әрі – Кеден одағының кедендік аумағы) әкелу, осы аумақтан әкету және Кеден одағының кедендік аумағы бойынша өткізу тәртібін, оның ішінде құбыржол көлігін пайдалана отырып аралас тасымалдауларды жүзеге асыру кезіндегі оларды кедендік декларациялау ерекшеліктерін айқындайды. 

2-бап 

      1. Осы Келісімде мынадай негізгі терминдер мен олардың анықтамалары пайдаланылады:
      «орталық кеден органдары» - Беларусь Республикасынан - Беларусь Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті, Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті – Ресей Федерациясынан - Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметі;
      «аралас тасымалдау» - тауарларды кейіннен көліктің өзге түрлеріне қайта тиеумен тауарларды құбыржол көлігімен тасымалдау, сондай-ақ кейіннен құбыржол көлігіне қайта тиеумен тауарларды құбыржол көлігінен өзге көлікпен тасымалдау.
      2. Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де терминдер Кеден одағының Кеден кодексінде айқындалған мәндерде пайдаланылады. 

3-бап 

      Орталық кеден органдары электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен, оның ішінде аралас тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде тауарларды кедендік декларациялауды біріздендіру бойынша шараларды қабылдайды. 

4-бап 

      1. Табиғи газды құбыржол көлігімен өткізу кезінде кедендік операциялар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын 1-қосымшада айқындалған тәртіпке сәйкес жасалады.
      2. Мұнайды (мұнай өнімдерін) құбыржол көлігімен өткізу кезінде кедендік операциялар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын 2-қосымшада айқындалған тәртіпке сәйкес жасалады.
      3. Электр энергиясын өткізу кезінде кедендік операциялар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын 3-қосымшада айқындалған тәртіпке сәйкес жасалады.
      4. Осы бапта аталмаған тауарларды құбыржол көлігімен өткізу кезіндегі кедендік операциялар Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес жасалады.
      5. Құбыржол көлігімен өткізу кезінде кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған Кеден одағының тауарлары әкету орнынан Кеден одағына мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы әкелу орнына дейін Кеден одағы тауарының мәртебесін сақтайды. 

5-бап

      1. Электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларға қатысты кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсатында:
      1) тасымалдаушы тауарды электр беру желілері арқылы өткізген кезде жеткізудің күнтізбелік айынан кейінгі айдың 5 (бесі) күніне дейін, ал тауарларды құбыржол көлігімен өткізген кезде 15 (он бесі) күніне дейін қызметінің өңірінде электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптары тұрған, оның ішінде тауарларды Кеден одағының кедендік аумағы шегінде құбыржол көлігінен бөлек өзге көлік түріне қайта тиеу орындарындағы кеден органдарына тауарларды өткізу туралы актілерді ұсынуға міндетті;
      2) қызметінің өңірінде электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптары тұрған кеден органдары тауарды өткізу туралы актіні алған күнінен кейінгі күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде осы актілерге тауарды Кеден одағының кедендік аумағы шегінен тыс әкетуді, тауарды Кеден одағының кедендік аумағына әкелуді немесе тауарды Кеден одағының кедендік аумағында беруді растайтын белгі қояды және мұндай актілерді тасымалдаушыға қайтарады.
      2. Электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптары орнатылған жерлерде кедендік бақылауды аумағында осындай тауарларды есепке алу аспаптары бар Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органдары жүзеге асырады.
      Кеден органдарының уәкілетті лауазымды адамдары Кеден одағына мүше басқа мемлекеттердің аумағында тұрған электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптары орнатылған жерлерде аумағында осындай есепке алу аспаптары бар Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органдарының лауазымды адамдарымен бірлескен кедендік бақылауды жүзеге асыруға қатысуға құқылы.
      Кеден одағына мүше басқа мемлекеттердің аумақтарындағы электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу құралдары орнатылған жерлерде кеден органдарының уәкілетті лауазымды адамдарының кедендік бақылауды өткізуі аумағында осындай құралдар бар Кеден одағына мүше мемлекеттің орталық кеден органын алдын ала 10 (он) жұмыс күні бұрын) жазбаша хабардар ете отырып жүзеге асырылады.
      Кеден одағына мүше мемлекеттердің бірінің кеден органдарының уәкілетті лауазымды адамдарын Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында тұрған электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу құралдары орнатылған жерлерге жіберу осы Келісімнің 8-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген Электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен, оның ішінде құбыржол көлігін пайдаланумен аралас тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде өткізілетін тауарлар туралы ақпарат алмасудың технологиясымен айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
      Кедендік бақылауды өткізу нәтижесі бойынша Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалған нысан бойынша акт жасалады.
      3. Электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу құралдары орнатылған объектінің иесі не ол уәкілеттік берген тұлға кеден органының лауазымды адамына осы баптың 2-тармағына сәйкес кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін Кеден одағының кедендік аумағындағы электр беру желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу құралдарына рұқсатты қамтамасыз етеді. 

6-бап

      1. Электр желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу құралдарының көрсеткіштеріндегі ақпаратты өзгерту және санкцияланбаған рұқсатты болдырмау мақсатында осындай тауарларды есепке алу құралдары орнатылған Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында орналасқан объектінің иесі не ол уәкілеттік берген тұлға осындай мемлекеттің кеден органдарының бірдейлендіру (сәйкестендіру) құралдарын салу (алу) мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
      2. Электр желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу құралдары орнатылған объектінің иесі осы Келісім күшіне енген күнінен бастап бір ай ішінде қызмет ету аймағында тауарларды есепке алу құралдарын орнату орындары тұрған кеден органына өткізілетін тауарларды есепке алу (өлшеу) тәртібі туралы ақпарат беруге міндетті.
      Бұдан әрі электр беру желiлерi арқылы және құбыржол көлiгiмен өткiзiлетiн тауарларды есепке алу құралдары орнатылған объектiнiң иесi не ол уәкiлеттiк берген тұлға мұндай тауарларды есепке алу құралдары орналасқан қызмет өңіріндегі кеден органының сұрау салуы бойынша немесе есепке алудың қолданылатын тәсілі және (немесе) тәртібі өзгерген жағдайда осы тармақта көрсетілген мәліметтерді ұсынуға міндетті.
      Мәліметтер сұрау салу алынған немесе есепке алудың қолданылатын тәсілі және (немесе) тәртібі өзгерген күнінен кейінгі күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде ұсынылуға тиіс.
      3. Бiрдейлендiру құралдарын салуды (алуды) аумағында электр желiлерi арқылы және құбыржол көлiгiмен өткiзiлетiн тауарларды есепке алу құралдары тұрған Кеден одағына мүше мемлекеттiң кеден органдары электр желiлерi арқылы және құбыржол көлiгiмен өткiзiлетiн тауарларды есепке алу құралдары тұрған объектi иесiнiң қатысуымен жүзеге асырады.
      Бiрдейлендiру құралдарын салу (алу) нәтижелерi бойынша аумағында тауарларды есепке алу құралдары орналасқан Кеден одағына мүше мемлекеттiң заңнамасында белгiленген нысан бойынша актi жасалады.
      4. Салынған бірдейлендіру құралдарын қайта құруға және (немесе) тұтастығын бұзуға байланысты жабдықты ағымдағы не күрделі жөндеу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілген жағдайда электр желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу құралдары орнатылған объектінің иесі не ол уәкілеттік берген тұлға осындай жұмыстарды жүргізу басталғанға дейін кемінде 3 (үш) тәулік бұрын осы жұмыстарды жүргізу күні мен ұзақтығын көрсете отырып, бұл туралы кеден органын хабардар етеді.
      Тауарлардың саны мен сапасын өлшеу жүйесінің қалыпты жұмысын бұзудың нақты қаупі болған жағдайда не авариялық және өрт қаупі туындаған жағдайларда электр желілері арқылы және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу құралы орнатылған объектінің иесі не ол уәкілеттік берген тұлға салынған бірдейлендіру құралдарының тұтастығын бұзуға әкеп соққан себептер туралы кейіннен жазбаша мәлімдей отырып, қолда бар байланыс арналары бойынша тауарлардың саны мен сапасын өлшеу жүйесінің қалыпты жұмысының бұзылу қаупін не авариялық немесе өрт қаупі туындаған жағдайдың алдын алу немесе оны жою жөнінде жұмыстар жүргізу туралы кеден органдарын хабардар етеді. 

7-бап 

      1. Осы Келiсiм күшiне енген күнінен бастап бiр ай мерзiмде орталық кеден органдары:
      1) әкелу, әкету, жөнелту және межелi орындар болып табылатын Кеден одағына мүше мемлекеттiң заңнамасына сәйкес бекiтiлген Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағында тұрған;
      2) Кеден одағына мүше болып табылмайтын шекаралас мемлекеттердiң аумақтарында, Кеден одағына мүше мемлекеттiң және шекаралас мемлекеттiң олардың жұмысы мен кеден органдарының лауазымды адамдарына рұқсат беру тәртiбiн айқындайтын халықаралық шарттарында айқындалған жерлерде тұрған электр желiлерi арқылы және құбыржол көлiгiмен өткiзiлетiн тауарларды есепке алу құралдары орнатылған жерлер туралы мәлiмет алмасуды қамтамасыз етедi.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтерде мынадай ақпарат қамтылуға тиiс:
      1) электр желiлерi арқылы өткiзiлетiн тауарларды есепке алу құралдары орнатылған жерлер туралы:
      есепке алу құралы орнатылған жердiң атауы;
      электр беру желісінің номиналды кернеуі;
      орналасқан жерi;
      өткiзу бағыты;
      энергия жүйесiнiң атауы;
      электр беру желiсiнiң атауы;
      тасымалдаушы;
      2) құбыржол көлiгiмен өткiзiлетiн тауарларды есепке алу құралдары орнатылған жерлер туралы:
      өткiзiлетiн тауардың атауы;
      есепке алу құралы орнатылған жердiң атауы;
      орналастырылған жерi;
      өткiзу бағыты;
      тасымалдаушы.
      3. Орталық кеден органдары мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мәлiметтердiң барлық өзгерiстерi туралы бiр бiрiн хабардар етедi.
      4. Электр желiлерi арқылы және құбыржол көлiгiмен Кеден одағының кедендiк шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарларды есепке алу құралдары сынған жағдайда кедендiк декларациялау мен кедендiк бақылау мақсаттары үшiн тасымалдаушының тауарлардың нақты саны туралы мәліметтері пайдаланылады. 

8-бап 

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру үшiн, оның iшiнде электр желiлерi арқылы және құбыржол көлiгiмен өткiзiлетiн тауарларды Кеден одағының кедендік аумағынан әкету фактiсін растау үшiн орталық кеден органдары Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары арасында ақпарат алмасуды орталық кеден органдары қабылдаған Электр желiлерi арқылы және құбыржол көлiгiмен өткiзiлетiн тауарлар туралы, соның iшiнде құбыржол көлiгiн пайдаланумен аралас тасымалдауларды жүзеге асыру кезiндегi ақпарат алмасу технологиясына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген Технологияда ақпарат алмасу мерзiмi, осындай ақпарат алмасуды жүзеге асыратын кеден органдары, ақпарат алмасудың тетігі мен нысаны, электр желiлерi арқылы және құбыржол көлiгiмен өткiзiлген (өткiзiлетiн) тауарлар, Кеден одағына мүше мемлекеттiң аумағы арқылы (аумағына) өткiзу жоспарланған тауарлар туралы мәлiметтер және осы Келiсiмдi iске асыру үшін қажеттi өзге мәлiметтер айқындалуға тиiс. 

9-бап

      1. Осы Келiсiмдi түсiндiруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар бірінші кезекте келiссөздер мен консультациялар өткiзу жолымен шешiледi.
      2. Егер дау тараптарының бірі даудың екінші тарапына жолдаған оларды өткізу туралы ресми жазбаша өтініші күнінен бастап алты ай ішінде келіссөздер мен консультациялар жолымен дау тараптары дауды реттемесе, дау тараптарының кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшiн бере алады.
      3. Кеден одағының комиссиясы даулар Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін берілгенге дейін Тараптарға оларды реттеуге жәлдем көрсетеді. 

10-бап

      1. Осы Келiсiмге жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн.
      2. Орталық кеден органы өзгерген жағдайда Тарап дипломатиялық арналар арқылы депозитарийге Тараптың орталық кеден органының жаңа атауы және деректемелерi туралы хабарлама жолдайды.
      Депозитарий аталған хабарламаны алған күннен бастап 2 (екi) апта iшiнде Тараптарды болған өзгерiстер туралы хабардар етедi.

11-бап

      Осы Келісім ратификациялауға жатады және 2011 жылғы «___»________ Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартқа толықтырулар енгізу туралы хаттама күшіне енген күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді, бірақ Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бұрын емес.
      2010 жылғы «__»___________ ___________ қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды. Осы Келiсiмнiң түпнұсқа данасы осы Келiсiмнiң депозитарийі болып табылатын және Тараптардың әрқайсысына оның куәландырылған көшiрмесiн жолдайтын Кеден одағының комиссиясында сақталады

       Беларусь                   Қазақстан                 Ресей
   Республикасының             Республикасының         Федерациясының
    Үкіметі үшін                Үкіметі үшін            Үкіметі үшін

Кеден одағының кедендік шекарасы
арқылы тауарларды электр беру
желілері арқылы және құбыржол
көлігімен өткізудің кейбір 
мәселелері туралы келісімге
1-қосымша          

Табиғи газды құбыржол көлігімен өткізу кезінде
кедендік операцияларды жасау тәртібі

      1. Табиғи газды өткізу туралы акт – Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен өткізілетін және (немесе) кедендік бақылаудағы табиғи газға қатысты жасалатын, есепке алу құралдарының көрсеткіштері негізінде ресімделетін және мынадай мәліметтері:
      актінің нөмірі мен жасалған күні;
      есепке алу құралы орнатылған жердің атауы;
      көрсеткіштерді алу уақыты мен күні (кезеңі);
      өткізілген табиғи газдың мөлшері бар құжат.
      2. Табиғи газды іс жүзінде жеткізу туралы акт – Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен өткізілетін табиғи газға қатысты жасалатын, өлшеуді жүргізу табиғи газды тасымалдау технологиясымен негізделген жерлерде орналасқан және (немесе) негізінде осындай өткізу жүзеге асырылатын сыртқы сауда шартының (сыртқы сауда шарттарының) талаптарымен айқындалған есепке алу құралдары көрсеткіштерінің негізінде ресімделетін, мынадай мәліметтері:
      актінің нөмірі мен жасалған күні;
      сыртқы сауда шартының нөмірі мен жасалған күні;
      жеткізу кезеңі;
      өткізілген табиғи газдың мөлшері;
      экспорттаушының (импорттаушының) атауы бар құжат.
      3. Егер табиғи газды өткізу туралы актіде, табиғи газды іс жүзінде жеткізу туралы актіде осы Қосымшада көрсетілген мәліметтер болмаған жағдайда, жетіспейтін мәліметтер осы актілермен бір уақытта жеке құжаттар түрінде ұсынылуы мүмкін.
      Егер әкелу, әкету, жөнелту, межелі орындарында табиғи газды тасымалдаушыдан басқа тасымалдаушыға немесе алушыға немесе табиғи газды жөнелтушіден тасымалдаушыға немесе табиғи газды алушыға беру-қабылдау жүзеге асырылса, табиғи газды өткізу туралы акт ретінде беру-қабылдау (қабылдау-беру) актісін пайдалануға болады.
      4. Құбыржол көлігімен өткізілетін газды кедендік декларациялау кезінде табиғи газды кедендік декларациялау үшін қажетті алдын ала (бағдарлы) мәліметтері бар кедендік декларацияны беруге жол беріледі.
      Алдын ала (бағдарлы) мәліметтері бар кедендік декларацияны беру аумағында кедендік декларация берілген Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленетін мерзімдерде және тәртіппен жүзеге асырылады.
      5. Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес тасымалдаушы жөнелту орнынан, сондай-ақ әкету орнынан шығарылған табиғи газды жеткізуді жүзеге асыратын уақыт кезеңі шектелуі мүмкін.
      6. Аумағында алдын ала (бағдарлы) мәліметтері бар кедендік декларация берілген Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген мерзімдерде және тәртіппен декларант іс жүзінде өткізілген табиғи газ туралы нақты мәліметтері бар кедендік декларацияны беруге міндетті.
      Табиғи газға қатысты көрсетілген кедендік декларацияны берген кезде декларант табиғи газды іс жүзінде жеткізу туралы актіні ұсынуға міндетті.
      7. Декларацияланатын табиғи газ туралы алдын ала (бағдарлы) мәліметтері бар кедендік декларацияны пайдалану кедендік бақылауды жүзеге асыруға кедергі болмауға тиіс, сондай-ақ декларантты Кеден одағының кеден заңнамасымен, сондай-ақ Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен белгіленген талаптар мен шарттарды сақтаудан босатпайды.
      8. Кеден одағына мүше мемлекеттердің бірінің аумағында тіркелген тасымалдаушы шекаралас Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағы арқылы табиғи газды өткізуге арналған шарт (шарттар) жасасқан жағдайда, мұндай тасымалдаушы есептіден кейінгі айдың 20 (жиырмасыншы) күніне дейін тасымалдаушы тіркелген Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті кеден органына көрсетілген шартқа (шарттарға) сәйкес ресімделген осындай мемлекеттің аумағы арқылы табиғи газды өткізу туралы актілерді ұсынады.
      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген актілерде есепті ай ішінде өткізілген табиғи газдың саны мен шығарылған елі туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

Кеден одағының кедендік шекарасы
арқылы тауарларды электр беру
желілері арқылы және құбыржол
көлігімен өткізудің кейбір 
мәселелері туралы келісімге
2-қосымша          

Мұнайды (мұнай өнімдерін) құбыржол көлігімен өткізу
кезінде кедендік операцияларды жасау тәртібі

      1. Мұнайды (мұнай өнімдерін) өткізу туралы акт – Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін және (немесе) кедендік бақылауда тұрған мұнайға немесе мұнай өнімдеріне қатысты жасалатын, тасымалдаушы құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу құралдары көрсеткіштерінің негізінде ресімдейтін, мынадай мәліметтері:
      актінің нөмірі мен жасалған күні;
      есепке алу құралының атауы мен оның тіркеу нөмірі;
      есепке алу құралдары орнатылған жердің атауы;
      көрсеткіштердің алынған уақыты мен күні (кезеңі);
      мұнайды (мұнай өнімдерін) өндіруші;
      мұнайды (мұнай өнімдерін) алушы (алушылар), ал мұндай тұлғалар туралы мәліметтер болмаған жағдайда – межелі пункт;
      мұнайды (мұнай өнімдерін) жөнелтуші;
      кедендік декларацияның тіркеу нөмірі;
      техникалық регламенттерге және өңірлік немесе ұлттық стандарттарға сәйкес мұнайдың (мұнай өнімдерінің) физика-химиялық сипаттамалары;
      өткізілген мұнайдың (мұнай өнімдерінің) саны бар құжат.
      2. Егер мұнайды (мұнай өнімдерін) өткізу туралы актіде осы Қосымшада көрсетілген мәліметтер болмаған жағдайда, жетіспейтін мәліметтер осы актілермен бір уақытта жеке құжаттар түрінде ұсынылуы мүмкін.
      Егер әкелу, әкету, жөнелту, межелі немесе жеткізу орындарында мұнайды (мұнай өнімдерін) тасымалдаушыдан басқа тасымалдаушыға немесе мұнайды (мұнай өнімдерін) алушыға немесе мұнайды (мұнай өнімдерін) жөнелтушіден мұнайды (мұнай өнімдерін) тасымалдаушыға немесе алушыға беру-қабылдау жүзеге асырылса, тауарды өткізу туралы акт ретінде мұнайды (мұнай өнімдерін) беру-қабылдау (қабылдау-беру) актісін пайдалануға болады.
      3. Құбыржол көлігімен өткізілетін мұнайды (мұнай өнімдерін) кедендік декларациялау кезінде, оның ішінде аралас тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде мұнайды (мұнай өнімдерін) кедендік декларациялау үшін қажетті алдын ала (бағдарлы) мәліметтері бар кедендік декларацияны беруге жол беріледі.
      Алдын ала (бағдарлы) мәліметтері бар кедендік декларацияны беру аумағында кедендік декларация берілген Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленетін мерзімдерде және тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Аумағында алдын ала (бағдарлы) мәліметтері бар кедендік декларация берілген Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген мерзімдерде және тәртіппен декларант іс жүзінде құбыр жол көлігімен өткізілген мұнай (мұнай өнімдері) туралы нақты мәліметтері бар кедендік декларацияны беруге міндетті.
      5. Құбыржол көлігімен іс жүзінде өткізілген мұнай (мұнай өнімдері) туралы нақты мәліметтері бар кедендік декларацияны ұсыну кезінде декларант оларды Кеден одағының кедендік шекарасынан тыс әкетуді, Кеден одағының кедендік аумағына әкелуді немесе Кеден одағының кедендік аумағы арқылы өткізуді растайтын құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу құралдары орналасқан Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органының белгілері бар, мына жерлерде:
      1) мұнайды (мұнай өнімдерін) әкету кезінде жөнелту орнында және әкету орнында;
      2) мұнайды (мұнай өнімдерін) Кеден одағының кедендік аумағы арқылы өткізу кезінде жөнелту орнында және межелі орында;
      3) мұнайды (мұнай өнімдерін) әкелу кезінде әкелу орнында және межелі орнында;
      4) Кеден одағының тауарлары деген мәртебесі бар мұнайды (мұнай өнімдерін) Кеден одағына мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағы арқылы өткізу кезінде әкету орнында және әкелу орнында жасалған өткізу актілерін ұсынуға міндетті.
      6. Кеден одағының кедендік аумағынан мұнайды (мұнай өнімдерін) әкету және құбыржол көлігімен іс жүзінде өткізілген мұнай (мұнай өнімдері) туралы нақты мәліметтері бар кедендік декларацияны беру кезінде декларант жеткізу орнында жасалған, мұнайды (мұнай өнімдерін) өткізу туралы актіні (актілерді) ұсынуға міндетті.
      7. Тасымалдаушы декларанттың немесе жүкті жөнелтушінің жазбаша өтініші бойынша оған Келісімнің 5-бабының 1-тармағында көзделген Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органының белгілері бар, әкелу орнында, әкету орнында, жөнелту орнында немесе межелі орнында ресімделген, мұнайды (мұнай өнімдерін) декларациялау мақсаттары үшін қажетті мұнайды (мұнай өнімдерін) өткізу туралы актілерді ұсынуға міндетті.
      8. Мұнайды (мұнай өнімдерін) өткізу туралы актілерде бар мәліметтердің дұрыстығы үшін жауапкершілікті аумағында көрсетілген актілер жасалған Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тасымалдаушы көтереді.
      9. Декларацияланатын мұнай (мұнай өнімдері) туралы алдын ала (бағдарлы) мәліметтері бар кедендік декларацияны пайдалану кедендік бақылауды жүзеге асыруға кедергі болмауға тиіс, сондай-ақ декларантты Кеден одағының кеден заңнамасымен, сондай-ақ Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен белгіленген талаптар мен шарттарды сақтаудан босатпайды.
      10. Кеден одағының кедендік аумағы арқылы құбыржол көлігімен өткізілетін мұнайды (мұнай өнімдерін) мұндай беру мұнайды (мұнай өнімдерін) өткізу үшін қажет болған жағдайда бір тасымалдаушыдан басқа тасымалдаушыға беруге жол беріледі.
      Мұндай беруді кедендік мақсаттар үшін мұнайды (мұнай өнімдерін) беру-қабылдау актісі (қабылдау-беру), мұнайды (мұнай өнімдерін) өткізу туралы акті немесе өзге тиісті құжат растайтын құжат болып табылады.
      11. Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес тасымалдаушы жөнелту орнынан, сондай-ақ оның ішінде әкету орнынан шығарылған мұнайды (мұнай өнімдерін) жеткізуді жүзеге асыратын уақыт кезеңі шектелуі мүмкін.

Кеден одағының кедендік шекарасы
арқылы тауарларды электр беру
желілері арқылы және құбыржол
көлігімен өткізудің кейбір 
мәселелері туралы келісімге
3-қосымша         

Электр энергиясын өткізу кезінде кедендік операцияларды
жасаудың тәртібі

      1. Электр энергиясын өткізу туралы акт – Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы электр беру желілері арқылы өткізілетін электр энергиясына қатысты жасалатын, есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде тасымалдаушы ресімдейтін және мынадай мәліметтері:
      актінің нөмірі мен жасалған күні;
      есепке алу аспабының (аспаптарының) атауы және оның тіркеу нөмірі (олардың тіркеу нөмірлері);
      есепке алу аспабы (аспаптары) орнатылған орынның (орындардың) атауы;
      өткізу жүргізілетін мемлекетаралық электр беру желілерінің атауы;
      көрсеткіштер алынған уақыт және күн (кезең);
      есепке алу аспабында тіркелген өткізілген электр энергиясының мөлшері бар құжат.
      2. Сыртқы сауда шарты бойынша электр энергиясын іс жүзінде жеткізу туралы акт (қабылдау-беру актісі) – Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін электр энергиясына қатысты ресімделген келісімшарт тараптары электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде ресімдейтін, мынадай мәліметтері:
      актінің нөмірі мен жасалған күні;
      сыртқы сауда шартының нөмірі мен жасалған күні;
      жеткізу кезеңі;
      өткізілген электр энергиясының мөлшері;
      электр энергиясы шығарылған ел;
      электр энергиясын экспорттаушының (импорттаушының) атауы;
      электр энергиясының межелі елі бар құжат.
      3. Егер электр энергиясын өткізу туралы актіде, электр энергиясын іс жүзінде жеткізу туралы актіде (қабылдау-беру актісінде) осы Қосымшада көрсетілген мәліметтер болмаған жағдайда, жетіспейтін мәліметтер осы актілермен бір мезгілде жеке құжаттар түрінде ұсынылуы мүмкін.
      4. Энергия жүйелерінің қосарлас жұмыс істеуімен шартталған электр энергиясының жоспардан тыс (технологиялық) ағымын кедендік декларациялаудың ерекшеліктері Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен айқындалады.
      5. Кеден одағының тауары мәртебесі бар электр энергиясын электр беру желілері арқылы Кеден одағына мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы әкету орнынан әкелу орнына дейін өткізу кезінде аумағынан осындай тауарларды өткізу басталған Кеден одағына мүше мемлекеттің жөнелтушісі (жөнелтушілері) немесе тасымалдаушысы (тасымалдаушылары) және аумағында осындай тауарларды өткізу аяқталған Кеден одағына мүше мемлекеттің алушысы (алушылары) немесе тасымалдаушысы (тасымалдаушылары) тауарлар өткізілген айдан кейінгі айдың соңғы күніне дейін аумағында жөнелтуші (жөнелтушілер), алушы (алушылар) немесе тасымалдаушы (тасымалдаушылар) тіркелген Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті кеден органына өтініш ұсынуға міндетті, онда мынадай мәліметтер болуға тиіс:
      электр беру желілері арқылы өткізілген электр энергиясын жөнелтуші және алушы;
      электр энергиясын жеткізуге арналған сыртқы сауда шартының нөмірі және жасалған күн, ал егер жеткізу Кеден одағына мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы, электр энергиясын жеткізуге арналған сыртқы сауда шартының шеңберінен тыс жүзеге асырылса, – электр энергиясын өткізуге арналған шарттың нөмір және жасалған күні;
      жеткізу кезеңі;
      өткізілген электр энергиясының мөлшері;
      электр энергиясы шығарылған ел;
      есепке алу аспаптары орнатылған орынның атауы.
      6. Кеден одағының тауары мәртебесі бар электр энергиясын электр беру желілері арқылы Кеден одағына мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы әкету орнынан әкелу орнына дейін өткізу кезінде электр энергиясы Кеден одағының тауары мәртебесін сақтайды.
      7. Электр беру желілері арқылы өткізілетін электр энергиясы кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыруға жатпайды.