"Ақпараттық-талдау орталығы" акционерлік қоғамын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 қыркүйектегі № 1063 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Ақпараттық-талдау орталығы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қоғам) құрылсын.

      2. Қоғам қызметінің негізгі мәні білім беруді дамыту мәселелері бойынша зерттеулерді орындау және өзекті жобаларды іске асыру, білім беру саясатын жетілдіру бойынша ұсынымдар дайындау болып анықталсын.

      3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен 2011 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен 75600000 (жетпіс бес миллион алты жүз мың) теңге мөлшерінде Қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Қоғамның жарғысын бекітуді және оның Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне Қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын берсін;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар бекітілсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 15 қыркүйектегі
№ 1063 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-135-жолмен толықтырылсын:

      "21-135. "Ақпараттық-талдау орталығы" АҚ.

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерi мен мемлекеттік үлестерiне иелiк ету және пайдалану жөнiндегi құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулыға қосымшада:

      "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 222-33-8-жолмен толықтырылсын:

      "222-33-8. "Ақпараттық-талдау орталығы" АҚ";

      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 19.08.2022 № 581 қаулысымен.
      4. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 683 қаулысымен.