"Астана қаласының бас жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 15 тамыздағы № 1064 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 шілдедегі № 884 Қаулысы

      Қазақстан Республикасындағы елордасын кешенді дамытуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Астана қаласының бас жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 15 тамыздағы № 1064 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
      1) 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Астана қаласының мәслихаты мақұлдаған қосымшаға сәйкес Астана қаласы бас жоспарының жобасы бекітілсін»;
      2) көрсетілген қаулыға қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының 
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің     
2011 жылғы 30 шілдедегі
№ 884 қаулысына   
қосымша   

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2001 жылғы 15 тамыздағы 
№ 1064 қаулысымен  
бекітілген  

Астана қаласының бас жоспары

1. Бас жоспардың мақсаты

      Астана қаласының бас жоспары (бұдан әрі – Бас жоспар) қаланың тіршілік-тынысының қолайлы ортасын құру және оны орнықты дамыту, экологиялық қауіпсіздікті, табиғат пен мәдени мұраларды сақтау мақсатында Астана қаласының қала құрылысын дамытуды жоспарлаудың негізгі құжаты болып табылады.
      Бас жоспар:
      қаланы егжей-тегжейлі жоспарлау және салу жобаларын;
      перспективалық және бірінші кезектегі бағдарламаларды;
      қаланың инженерлік және көліктік инфрақұрылымын дамыту схемасын;
      қала маңы кешенінің аумақтарын сақтауды, дамытуды және абаттандыруды;
      тұрғын үйлерді қайта жаңартуды және өндірістік аумақтарды қайта ұйымдастыруды;
      қоғамдық, іскерлік және мәдени орталықтарды дамытуды;
      туризм және демалыс объектілерін дамыту жоспарын;
      қала ортасын кешенді абаттандыруды және эстетикалық ұйымдастыруды;
      Астана қаласының әкімшілік аудандары мен басқа да аумақтық бірліктерінің аумақтарын дамытудың қала құрылысы жоспарларын әзірлеуді және іске асыруды әзірлеу үшін негіздеме болып табылады.
      Астана қаласын дамытудың бас жоспарының негізгі мақсаты – экологиялық қолайлы, қауіпсіз және әлеуметтік қолайлы тіршілік ортасын қалыптастыруға бағытталған қала құрылысы іс-шаралар кешенін жүргізу.
      Бас жоспардың негізгі сәулеттік-қала құрылысы идеясы Астана қаласының айшықты келбетін қала өмір үшін жайлы, Еуразия континентіндегі елдердің ынтымақтастық және өзара іс-қимыл орталықтарының бірі ретінде қалыптастырумен негізделген.
      Бас жоспарда есептік кезеңге Астана қаласы халқының саны ауданы 71014,0 га қала аумағында 1 220 мың адам немесе гектарына 17,2 адам деп анықталған. Бұл ретте көгалды құрылыстарды қоса алғанда, салынған аумақ 46,4 %-ды құрайды, ал құрылысы салынбаған аумақ – 53,6 %.

2. Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары

      2.1. Демография

      2030 жылға дейінгі перспективада демографиялық үдерістердің серпіні дәстүрлi, ертеден қалыптасқан қоғамдық даму факторларының және қоғам өмiрiндегi үдей түскен әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстер, демек жаңарулардың барысында қалыптасатын жаңа факторлардың бүкiл жиынтығының өзара іс-қимылымен анықталады.
      Астана қаласын демографиялық дамытудың сипаты халықтың табиғи және көшi-қон қозғалысымен айқындалады, олардың ауқымы мен бағыты әлеуметтiк-экономикалық қайта жаңарулардың нәтижелерiне:
      қаланың экономикалық әлеуетiнiң дамуына;
      тұрғын үй нарығының дамуына;
      жұмыспен қамтылуға және еңбекақы төлеу деңгейiне;
      мемлекеттiк және қалалық әлеуметтiк саясатқа және басқа да факторларға байланысты болады.
      Астана қаласы тұрғындарының перспективадағы болжамды саны қаланың – елдің жаңа елордасының әкімшілік мәртебесінің өзгеруіне, Қазақстан Республикасының одан әрі демографиялық дамуындағы оның геосаяси рөліне негізделеді. Елорданы Алматы қаласынан Астана қаласына көшіру еңбек нарығына оң әсер етті, ол өз кезегінде демографиялық жағдайдың барлық құрамдас бөліктеріне – туудың өсуіне, өлім-жітімнің азаюына, жас құрылымында оң өзгерістерге әсер етті.
      Халықтың перспективадағы санын болжаудың нұсқалары бірнеше әдісімен есептелді:
      демографиялық әдіс бойынша;
      халықтың табиғи қозғалысының негізінде;
      экстраполяция әдіс бойынша;
      аумақтың демографиялық ауқымдылығы негізінде;
      қала дамуының барлық кезеңіндегі қалыптасқан тұрақты өсу қарқынының негізінде.
      Астана қаласы халқының 2030 жылға дейiнгi кезеңдегi болжамды саны қаладағы, қала маңындағы және тұтастай Қазақстан Республикасы бойынша тұрақты әрі қарқынды демографиялық үрдiстермен айқындалады.
      Әралуан әдістермен алынған есептік кезеңге халық саны көрсеткіштерін салыстыру бұл көлем 963,0-1985,0 мың адам шегінде өзгеріп тұратынын көрсетеді.
      Астана халқының ең мүмкіндігі мол болжамды саны соңғы көрсеткіштері арасындағы аралықтың ортасында 1200,0-1300,0 мың адам болады. Бас жоспарды әзірлеуде 2030 жылы халық саны 1220,0 мың адам негіз етіле алынды. Қала дамуының кезеңдері бойынша болжамды саны: 2015 жылы – 855,0 мың адам, 2020 жылы – 991,0 мың адам.
      жұмыспен қамтылған халықтың есептік көрсеткіштері оның 2009 жылғы 347,2 мың адамға қарағанда 2030 жылға қарай 647,3 мың адамға дейін өсуін көздейді.
      Қаланың әлеуметтiк және қала құрылысы дамуының негiзгi мақсаты - бұл әлеуметтiк-психологиялық жағдай жасау және осы қаралып отырған аумақта тұрғындардың өмiр сүруiнiң жоғары орта деңгейiн қалыптастыру.

2.2. Тұрғын үй-азаматтық құрылыс

      Перспективада әлеуметтік мәселелердің барлық жиынтығының арасында басты орын тұрғын үй проблемасына беріледі, бұл тұрғын үйдің халықтың материалдық тұрмыс жағдайының маңызды элементі, әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі буыны ретіндегі объективті маңызымен айқындалады. Тұрғын үй жағдайы халықтың әл-ауқатын айқындамайды, бірақ елеулі түрде адамның басқа қажеттіліктері басымдықтарының құрылымы мен жүйесін құрады.
      Тұрғын үй құрылысы міндеттерін шешу үшін тұрғын үй саясаты әлеуметтік дамудың басым бағыттарының біріне айналуы керек.
      Тұрғын үй ортасын кешенді қалыптастырудың негізгі бағыттары тұрғын үймен орташа қамтылуды 2030 жылға қарай 1 адамға 30 шаршы метрге, сонымен қатар, барлық тұрғын үй қорын 37,2 млн. шаршы метрге дейін жеткізуді көздейді.
      Құрылыс:
      бос аумақтарда – 8,9 мың га;
      тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу және қазіргі құрылыстың арасын жиілету арқылы қайта жаңартылатын аумақтарда – 2,7 мың га жүзеге асырылады.
      Жеке тұрғын үй құрылысының үлесі барлық кезеңде тұрғын үй құрылысының жалпы көлемінің 19,4% құрайды.
      Астана қаласының тұрғын аумағын қайта жаңарту және дамытудың басым бағдарламалары:
      қаланың магистраль маңы аумақтары, орталық жоспарлау ауданы, қалалық қоғамдық тораптары және басқалары жоғары қарқынмен пайдаланылатын құрылымдық бөліктеріндегі тығыздылығы төмен қазіргі құрылыс аудандарын қайта жаңарту;
      аяқталмаған құрылыс объектілерін аяқтау және қалыптасқан құрылыстан тыс қаланың бос аумақтарында тұрғын үй кешендерін қалыптастыру;
      күрделі жөндеуді, қайта жоспарлауды, амортизацияланған қорды бұзуды және кешенді абаттандыра отырып, биік ғимараттардың (18 және одан да жоғары) жалпы алаңының 1,0 млн. шаршы метр көлемде жайлы тұрғын үйдің жаңа құрылысын жүргізуді қоса алғанда, жалпы құрылыс аудандарын (60-80 жылдары және одан кейінгі құрылыстар) кезең-кезеңімен қайта жаңғырту;
      сәулет-кеңістіктік аяқтау және осы аудандарда қоғамдық аймақтар мен орталықтар жүйесін қалыптастыру.
      Бас жоспарда 2030 жылға қарай қызмет көрсетудiң әлеуметтік-кепiлдi минимумының мекемелерімен қамтамасыз етiлудің нормативтік көрсеткіштеріне және қалалық маңызы бар объектілерді дамытудың нормативтiк көрсеткiштерiне қол жеткізу бағытында жаңа әлеуметтiк-экономикалық және қала құрылысы жағдайларын ескере отырып, әлеуметтiк саланы дамыту көзделіп отыр. Бұл ретте, қаланың қызмет көрсету қорының шамасын жалпы алаңы 23,8 млн. шаршы метрге дейін жеткізу арқылы жалпы алаңы 16,8 млн. шаршы метр жаңа қызмет көрсету объектілерін салу есебінен әлеуметтік саланы іске қосу көзделіп отыр.

2.3. Экономикалық қызмет

      Елорданы Астана қаласына көшіру қаланың экономикалық қызметінің құрылымын күрт өзгертті. Егер бұрын қаланың негізгі мамандандырылған салалары өнеркәсіп пен көлік болса, қазір елорда функциялары басты рөл атқарады:
      мемлекеттік басқару;
      ғылыми және білім беру кешені;
      республикалық маңызы бар мәдениет, денсаулық сақтау, спорт.
      Сонымен қатар, көлік-коммуникация кешені және негізінен қала халқының қажеттіліктеріне және шағын кәсіпкерлікке қызмет көрсететін өнеркәсіп үлкен маңызға ие.
      Бас жоспардың басты мақсатына қол жеткізу үшін дамытудың мынадай стратегиялық бағыттары анықталған:
      өнеркәсіп салаларын дамыту;
      көлік-логистикалық орталықты дамыту;
      шағын және орта бизнесті дамыту;
      қолданбалы ғылыми-білім беру және жоғары білім объектілерін дамыту;
      туризмді және спортты дамыту.
      Материалдық өндіріс саласының аяларын қайта құрылымдауды ғылымды қажетсінетін және ресурстар үнемдеу технологияларының пайдасына жүзеге асыру ұсынылады.
      Астана қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесін сақтап қалуы болжанады және ғылыми-техникалық, білім, мәдени, әлеуметтік, өндірістік және инфрақұрылымдық әлеуетін, республикалық және халықаралық маңызы бар нарықтық инфрақұрылым институттарының желісін қарқынды түрде дамыту ұсынылады.
      Одан әрі экономиканың мемлекеттік және жеке секторларын тиімді үйлестіру және олардың өзара іс-қимыл жасауы жоспарлануда.
      Бас жоспарда қаланы дамыту мүддесі үшін аумақтардың экологиялық қауіпсіздігін арттыру және олардың қала құрылысы әлеуетін барынша тиімді пайдалану мақсатында өндірістік аумақтарды қайта ұйымдастыру ұсынылып отыр.

2.4. Қаланың туристік инфрақұрылымы

      Қаланың экономикалық қызметінің жаңа саласы - қызмет көрсетудің жаңа саласы ретінде - Астана қаласының қайталанбас сәулеттік-қала құрылысы, тарихи-мәдени мұрасы мен табиғи ортасының әлеуетiн пайдалануы тиіс туризмге қызмет көрсету үшін рекреациялық инфрақұрылымды дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеп, туристік саланың ұйымдастыру- техникалық мәселелерін де және тарихи мұра мен табиғи әлеуетті сақтау, жаңғырту және қалпына келтiру мәселелерін де шешу қажет.
      Туризмнің кешенді инфрақұрылымын құру:
      туризмнің Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия өңірі аумағында «Ұлы Жібек жолының» солтүстік тармағының бір бөлігінің тораптық жүйесі ретінде Астана қаласының туристік кешенін дамыту;
      қаланың жаяу жүргіншілер маршруттарымен біріктірілген туристік аймақтар жүйесін қалыптастыру. Мұндай аймақтар шегінде көрсету және бару объектілерін шоғырландыру және туристерді орналастыру орындарымен және оларға қызмет көрсету және туристік мекемелердің демалысты қамтамасыз етуі, туристік аймақтарды көлік машруттарының жүйесімен біріктіру;
      туристік көрсету және бару объектілерін дамыту, оның iшiнде демалу және көңiл көтеру объектілерінің, спорттық-ойын-сауық және сауықтыру кешендерiнiң адамдарды қабылдау қабiлетiн ұлғайту, халықаралық туристiк орталық, конгрестер, көрмелер, жәрмеңкелер орталықтарын салу;
      қонақ үй желілерін, сауда-тұрмыстық және ақпараттық қызмет көрсету объектілері желілерін, туристiк бюролар мен көлiк агенттiктерiн дамыту;
      халықаралық әуежайда, темiр жол вокзалында туристерге көлiк қызметін көрсету жүйесiн дамыту, арнаулы автокөлiктер қызметін көрсету паркі мен кәсiпорындарды және автомобильдердi жалға берудi дамыту, туристiк аймақтарда автотұрақтардың көлемiн ұлғайту.

3. Қала құрылысын дамытудың мақсаттары

      Астана қаласының қала құрылысын дамытудың басты мақсаты – қаланы тұрақты дамыту және қаланың қазiргi және болашақ ұрпақ үшiн өмір сүрудің қолайлы ортасын қалыптастыру.
      Бас жоспарда осы мақсаттарға қол жеткiзу төмендегідей сипатталады:
      Еуразия континенті елдерінің экономикалық, саяси, рухани және мәдени ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылының өңірлік орталығын құру;
      аумақтарды қайта жаңарту және жайлы тұрғын орта қалыптастыру мәселелерін қоса алғанда, әлеуметтік, өндірістік және тұрғын-азаматтық мақсаттағы объектілер құрылысындағы жиынтылық;
      қаланың көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдардың сенiмдiлiгi, қауiпсiздiгi және қолжетімділігі;
      қала тіршілігінің экологиялық қауiпсiздiгi мен қала және қала маңының табиғи кешенінiң орнықтылығы;
      әлемнің ең әсем 30 қаласының қатарына енуге лайық, ХХІ ғасыр қаласы, Сарыарқаның аңызақ даласындағы оазис-қала ретінде Қазақстан Республикасының жаңа астанасын қалыптастыру;
      өзінің айқындығымен, жаңашылдығымен, ұлттық ұлылықтың қаймағы бұзылмаған келбеті мен жайлылығын сақтай отырып дамытылуымен, кеңістіктік бірлігімен, көркемдік даралығымен, үйлесімділігімен және қоршаған орта кеңістігінің сан алуандығымен ерекшеленетін Астана қаласының сәулеттік келбеті;
      өндірістік аумақтарды пайдаланудың тиімділігі;
      қалалық қоғамдық орталықтар жүйесінің дамуы мен қолжетімділігі.
      Аталған мақсаттарға қол жеткiзу Астана қаласының аумағын қайта ұйымдастыру мен абаттандыру, салынған құрылыстарды қайта жаңарту, адамдардың өмір сүру ортасының сапалық сипаттамаларын арттыру жолымен жүзеге асырылуы тиiс.

3.1. Экологиялық талаптар 

      Бас жоспардағы экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі қала құрылысының іс-шаралары кешенді сипатқа ие және аумақтарды экологиялық негізделген аймақтандыруды белгілеумен, инженерлік инфрақұрылымдарды қайта жаңартумен және дамытумен, көлік инфрақұрылымын оңтайландырумен, аумақтардың экологиялық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және санитарлық норманың талаптарына сай келуін қамтамасыз етумен байланысты:
      қаланың барлық өнеркәсіптік аймағын абаттандыра отырып және кәсіпорындарда табиғатты қорғаудың кешенді іс-шараларын жүргізіп, өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумақтарын жоспарлауды реттеу;
      атмосфераның өнеркәсіптік кәсіпорындардан ластану деңгейін төмендету жөніндегі іс-шаралар, технологиялық жабдықтарды жетілдіру;
      қаланың және қала маңы аймағының аумағындағы су ресурстарын қорғау жөніндегі іс-шаралар;
      жаңа көше-көліктік магистральдарын, көпірлер, көлік айырықтарын салу және қазіргілерін кеңейту, көше-жол желілерін қайта жаңарту және жөндеу. Қозғалысы үздіксіз жалпы қалалық магистральдық көшелерді «жасыл толқын» қағидаты бойынша жеделдетілген қозғалысымен ұлғайту қала көшелеріндегі көлік ағынын жеңілдетуге, кептелістердің болуын және қозғалтқыштың бос айналуын елеулі түрде азайтуға мүмкіндік береді, осының себебінен автомобильден шыққан газдар шоғырының атмосфераға таралуын төмендетеді;
      қоғамдық көліктерде электрлендірілген жүрдек көліктердің үлесін ұлғайту және балама көлік түрлерін: жеңіл-рельстік көлік, жүрдек автобустар жүйесін енгізу мүмкіндігі;
      жаңа саябақ аймақтарын, бақтар, желекжолдар мен гүлзарлар жасау арқылы табиғи көгалдандырылған аумақтар жүйесін сақтау және дамыту жөніндегі іс-шаралар жүргізу;
      тұрғын үй қорын санитарлық-қорғау аймақтарынан шығару көзделеді;
      лас технологиялы (бірінші және екінші қауіптілік санаты) өндірістік ғимараттарды селитебтік аймақтан өнеркәсіптік аймаққа немесе қала маңы аймағына шығару көзделеді;
      өндiрiстiк және тұрмыстық қатты қалдықтарды толығымен қайта өңдеу мен залалсыздандыру – қоқыс өңдейтін зауыт салу;
      қаланың және қала маңы аймағының табиғи кешені учаскесін – Есіл өзенінің арнасын сақтау үшін оның барлық жағалауы мен аралдық аймақтарын қоса алып, ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру ұсынылады. Жаңа қала құрылысы элементін – табиғи-рекреациялық кешен (бұдан әрі – ТРК) енгізу және қала құрылысы қызметінің ерекше режимі бар аумақ ретіндегі мәртебесін белгілеу. ТРК аумағының құрамына жалпыға ортақ пайдаланылатын барлық көгалдандырылған және бос аумақтар, бөгеттер мен инженерлік қорғаныстардың көгалдандырылған аумақтарын қоса алғанда, шағын өзендер мен табиғи көлдердің, Есіл өзенінің жағалау-қорғаныс жолақтарының және оның Ақбұлақ және Сарыбұлақ салаларының су қорғау аймақтарының аумақтары енуі тиіс. ТРК аумағының орнықтылығын қамтамасыз ету үшін табиғи ландшафттық негіз енгізу қажет;
      қала және қала маңы аймағының табиғи кешені аумағының негізінде Астана агломерациясының табиғи және ландшафтты-рекреациялық каркасын қалыптастыру ұсынылады.
      Қалыптасқан үрдістер мен Астана қаласындағы экологиялық және қала құрылысы жағдайының өзгеруін болжауды есепке алу және талдау негізінде елордадағы қоршаған орта жай-күйі туралы кешенді ақпаратты қорыту және көпшілікке ұсыну үшін «Астана қаласының тұрақты даму атласын (экологиялық аспект)» әзірлеу ұсынылады.

3.2. Аумақты қорғау және қаланың орнықты дамуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар

      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болдырмау, олардың салдарларын минимумға жеткізу және қаланың халқы мен аумақтарын зақымдаудың қазіргі заманғы құралдарын қолданудан қорғау мақсатында мынадай ұйымдастырушылық және инженерлік-техникалық іс-шараларды орындау көзделіп отыр:
      қаланы жел мен шаңды бораннан қорғау үшін қаланың айналасындағы аумақтарды көгалдандыру және оларды табиғи ормандармен қосу жұмыстарын жалғастыру;
      Нұра саласының Есілге құйылып, су алып кетуін және Астана қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде лай су деңгейінің көтерілуін болдырмау мақсатында Нұра бөгетін Ақмола шоқысы ауданында қайта жаңарту жүргізу және көтеру;
      төтенше жағдайлар кезінде елорданы ауыз сумен жабдықтаудың резервтік көзі ретінде пайдалану үшін Астана қаласының айналасындағы жер асты суларының қорын қосымша іздестіру және қайта бекіту жұмыстарын ұйымдастыру, жүргізу. Осы мәселені «Астана қаласын сумен жабдықтауды және су бөлуді дамыту» техникалық-экономикалық негіздемесін түзету сатысында қарау қажет;
      өз өндірісінде әсері күшті улы заттар, атап айтқанда қауіпсіз технологияға хлор мен аммиак пайдаланатын «Мясомолрыбпромторг» акционерлік қоғамында, «Жанар-FALKOM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, «Астана су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнында, «Молзавод «Столичный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде технологиялық үдерістерді ауыстыру;
      жолаушылар темір жол ағынымен қиылысуын болдырмау үшін айналма темір жол мен жүк терминалын сала отырып, темір жол жүк тасымалын қаланың өнеркәсіптік аймағының орталық бөлігіне шығару;
      қаланың селетебті аймағында орналасқан газ толтыру станциясының біреуін қаланың өнеркәсіптік аймағына шығару;
      басқару, хабарлау және байланыс жүйесін тұрақты дайындықта ұстауды ұйымдастыру, дамыту және қолдау;
      азаматтық қорғаныс күштерін тұрақты дайындықта тұруға дайындау және қолдау;
      атқарушы органдар, ұйымдар қызметкерлері мен халықты даярлау және үйрету;
      қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін объектілердің және тізбе бойынша режимдік ұйымдардың орнықты жұмыс істеуін арттыру бойынша кешенді іс-шаралар жүргізу;
      азаматтық қорғаныстың қорғаныстық құрылыстарының қажетті қоры мен басқа да мүліктерін жинақтау және тұрақты дайындыққа қолдау;
      азық-түлік, су көздері, азық-түлік шикізаттарын, жануарлар мен өсімдіктерді радиоактивті, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) уланудан қорғау;
      жоғарыда аталған іс-шаралардың кешенді шешу үшін «Азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шаралары» жобасын әзірлеу және белгіленген тәртіппен бекіту;
      құрылыста сертификатталған жанбайтын құрылыс материалдарын қолдану және қазіргі заманғы өртке қарсы техникамен жабдықталған заманауи өрт депосын салу.

3.3. Тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен регенерациялау талаптары 

      Астана қаласының қала құрылысын дамытудың негiзгi бағыттары қаладағы тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен регенерациялаудың мынадай талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиiс:
      қалалық және табиғи ландшафттың тарихи келбетiн, көшелердiң, алаңдардың, орамдардың тарихи желілерін, қала салу ансамбльдерiнiң тарихи жүйесiн, қалалық кеңiстiктi сырттай қабылдаудың басты идеяларын, түйiндерiн және танымдық аймақтарын, жылжымайтын мәдениет ескерткiштерiн, құрылыс салудың және абаттандырудың тарихи сипатын қоса алғанда, қаланың бүкiл тарихи табиғи-ландшафтық, жоспарлау, композициялық, археологиялық және орта негiзiн, жер бедерiн қала құрылысы және сәулет құралдары арқылы сақтауды, анықтауды және баса көңiл бөлудi;
      жылжымайтын мәдениет ескерткiштерiнiң аумақтары және оларды қорғау аймақтары үшiн олардың шекараларын және аталған аумақтар мен аймақтар шегiнде қала құрылысы қызметiн реттейтiн режимдердi айқындайтын құқықтық қала құрылысы регламенттерiн белгiлеу және сақтау;
      тарихи-табиғи ландшафттарды қорғау аймақтары үшiн аталған аймақтар шегін айқындайтын құқықтық қала құрылысы регламенттерi мен мұндай ландшафттарды қорғауды және шолып тамашалаудың оңтайлы жағдайын қамтамасыз ететiн осы шекаралар шегiнде қала құрылысын реттеу режимдерiн белгiлеу мен сақтау;
      жылжымайтын мәдениет ескерткiштерiн жаңарту мен қалпына келтiру, жылжымайтын мәдениет ескерткiштерiн анықтау, есепке қою, паспорттандыру жөнiндегi жұмыс көлемiн ұлғайту.
      Бас жоспарда тарихи және археологиялық ескерткіштер, мынадай: «Бозоқ» тарихи-археологиялық кешені, «Мыңжылдық аллеясы» қала құрылысы ансамблі, ландшафтты-туристік орталық, «Этнографиялық ауыл» демалыс орталығы мәдени-танымдық орталықтар құру негізінде тарихи-мәдени қорды одан әрі сақтау жөніндегі іс-шараларды жүргізу ұсынылады. ГП-2.1 сызбасында Астана қаласының сәулет, тарих және мәдениет ескерткіштерінің тірек жоспары келтірілген.  

3.4. Табиғи кешен аумақтарын сақтау мен дамытудың негiзгi бағыттары

      Астана қаласының табиғи кешені басым түрде табиғат қорғау, рекреациялық, сауықтыру және ландшафт қалыптастыратын функцияларын атқаратын, және қаланың табиғи-ландшафттық негізін қалыптастыратын өсiмдiк және (немесе) су объекті объектілері басым аумақтардың жиынтығын білдіреді. Табиғи кешен аумақтарына мыналар жатады:
      табиғи аумақтар – елорданың жасыл белдеуінің орманды және орман-парктің алаптар, Есіл өзенінің және оның салалары Ақбұлақ, Сарыбұлақ бұлақтарының құрылыс салынбаған табиғи алқабы;
      көгалдандырылған аумақтар - саябақтар, бақтар, желекжолдар және гүлзарлар, бақ-саябақ өнерiнiң және ландшафттық сәулет ескерткiштерi, сондай-ақ тұрғын үйлер құрылыстарының, қоғамдық, өндiрiстiк және коммуналдық мақсаттағы объектілердің көгалдандырылған аумақтары;
      резервтiк аумақтар - бүлiнген табиғи аумақтарды қалпына келтiру, жаңа көгалдандырылған аумақтарды ұйымдастыру үшiн резервте қалдырылған aумақтаp.
      Табиғи кешен аумақтарын сақтау мен дамытудың негiзгi бағыттары:
      Астана қаласының, қала маңы аймағының және елорда агломерациясының табиғи кешенiнiң тұтастығын сақтауды;
      әртүрлi иерархиялық деңгейдегi рекреациялық аймақтарды қалыптастыруды;
      табиғи кешеннiң нақты аумақтарын жобалауды және күтiп-ұстауды экологияландыруды;
      табиғи кешен аумақтарының алаңдарын 14,2 мың гектардан 25,5 мың гектарға дейiн ұлғайтуды көздейді.

3.5. Аумақты сәулет-жоспарлауды ұйымдастыру

      Бас жоспарда қаланың iшкi аумақтарын қарқынды пайдалану арқылы қаланы қала шегiнде одан әрi дамыту көзделіп отыр.
      Негізгі сегіз жоспарлау-құрылымдық осі (Қорғалжын, Павлодар, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Ерейментау, Қосшы) бойындағы бос аумақтарды игеру есебінен қала аумақтық дамытылады.
      Бас жоспарда жаңа тұрғын үй құрылысын көп қабатты және аз қабатты орындауда жүргізу көзделіп отыр. Көп қабатты құрылыс қаланың орталық бөлігінде, сондай-ақ ландшафтты-рекреациялық аймақтың «жасыл сыналарына» қарай қабаттар төмендетіліп, 8 құрылымдық ось бойында қалыптастырылады. Құрылымдық осьтердің бойында орталықтан шетке қарай биіктік ауыса отырып құрылыс сатыланады.
      Бұзылатын өнеркәсіп кәсіпорындары, коммуналдық-қойма объектілері («Целинсельмаш», газ аппаратурасы зауыттары аудандары), қаланың орталық бөлігіндегі көнерген және азқабатты тұрғын үй (Тілендиев – Сарыарқа даңғылдары – Шабал Бейсекова көшесі шекаралары, Асан қайғы көшесі бойы және «Шұбар» «Оңтүстік Шығыс» аз қабатты тұрғын үй шағын аудандары) орнына Бас жоспарда нақты қала құрылысы, жоспарлау және көлемдік-кеңістіктік бағдарды қамтамасыз ететін биік тұрғын үй салу көзделген.
      Аз қабатты құрылыс Ерейментау, Қарағанды, Майбалық, Қосшы, Қорғалжын және Қостанай бағытында орталықтан шетке қарай жоспарлау-құрылымдық осьтер бойында және Көкшетау, Павлодар бағытында К-1 айналма магистралінен қала шекарасына дейін, сондай-ақ басталған құрылысты аяқтауды қажет ететін аз қабатты усадьбалы құрылыс аудандарында дамытылады.
      Қаланың перспективалы жоспарлау құрылымын қалыптастыру негізі табиғи-экологиялық және көліктік негіз болып табылады. Табиғи-экологиялық негізді Есіл өзенінің алқабы, оның салалары: Ақбұлақ, Сарыбұлақ, қолданыстағы «Жасыл Аймақ» және «Астана орманы» екпелері, сондай-ақ орман пактері ретінде қызмет ететін «Бурабай», «Қарқаралы», «Қорғалжын», «Баян Ауыл», «Ерейментау» ұлттық табиғи парктердің жалғасы болып табылатын жеке флорасы бар сыналар және қолданыстағы қалалық парктер, скверлер, желекжолдар құрайды.
      Жасыл құрылымның барлық жүйесі орталық бөлікте негізгі қоғамдық-тұрғын үй құрылымдарын жалғайтын Айналма желекжолмен байланыстырылады.
      Қаланың урбандалған негізінің келесі элементі көлік магистральдар жүйесі болып табылады. Бас жоспарда жаңа меридиональды және кең магистральдар, айналма автомобиль жолдарын, көлiк құралдарына сервистiк қызмет көрсету желілерін құру, көлiк айрықтарын, өтпежолдар, эстакадаларын және т.б. салу жолымен қаланың көлiк құрылымын дамыту мен жетiлдiруді көзделіп отыр.
      Көше-жол желісін дамыту негізіне қоғамдық көлік үшін басымдығымен бір орталық көше және әртүрлі бағыттағы біржақты қозғалыс үшін екі бүйірдегі көше болатын сегіз жоспарлау-магистральдың бойында қалыптастырылған «үш параллель көше» бірыңғай жүйесін құру принципі алынған.
      Қала аумағында кешеніне бір шатыр астында автомобильдерге арналған көп деңгейлі паркинг және велосипед пункті бекеті кіретін, жеңіл рельсті жүрдек көлікке қоғамдық автобус маршруттарының бес отырғызу терминалы құрылады.
      Осы терминалдар арқылы өтетін көшелер елорда тұрғындары мен қонақтары жаппай баратын өзге де объектілермен бірге жеңіл рельсті жүрдек көліктің өту желісін құрайды.
      Көліктік инфрақұрылым қолданыстағы көше-жол желісі ескеріліп орындалған.
      Үздіксіз қозғалыстағы кіші айналма магистраль қаланың орталық бөлігін шеңберлей келе, жалпы қалалық және аудандық маңызы бар магистральдық көшелердің қиылысындағы айырықтар мен эстакадалар арқылы барлық алты жоспарлау ауданын байланыстырады.
      Қала аумағын сыртқы транзитті ағындардан оқшаулауды К-1 айналма автожолы қамтамасыз етеді.
      Қаланы одан әрі өсіру қаланы дамытудың негізгі бағыттары бойынша қоғамдық орталықтар құрылымында полиорталықтықты көздейді. Бас жоспарда ірі көлік тораптарында жоспарлау аудандарының орталықтарын ұйымдастыру көзделеді. 

3.6. Қоғамдық аумақтарды дамытудың негізгі бағыттары

      Қызмет көрсету, мәдениет, демалыс, туризм, бiлiм, әкiмшiлiк саласында және iскерлiк саладағы функциялар мен жұмыс орындарының негiзгi массасын өзiне шоғырландырған қоғамдық аумақтар қала аумағының урбанизацияланған негізінің функционалдық және сәулет-кеңiстiктiк өзегiн құрайды.
      Қоғамдық аумақтарды дамытудың негізгі бағыттары:
      жалпықалалық қоғамдық орталықтар аумақтарының бiрыңғай жүйесiн дамытуды;
      iрi тұрғын алаптарға қызмет көрсетудiң жергілікті көпфункционалдық орталықтар желілерін дамытуды көздейді.
      Жалпықалалық қоғамдық орталықтар аумақтарының бiрыңғай жүйесiн дамыту:
      осы жүйенiң 1,25 мың гектардан 3,57 мың гектарға дейiн аумақтық өсуiн, қоғамдық құрылыстар қоры алаңының 3,4 есе - жалпы алаңның 7,06 млн. шаршы метрден 23,87 млн. шаршы метрге дейiн ұлғайтылуын;
      атқарушы және өкілді мемлекеттік органдардың, шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерiнiң объектілерін орналастырудың мамандандырылған аймақтарын қалыптастыруды;
      қаланың орталық аудандарының өкiлдiк, мәдени, демалыс функцияларын дамытуды;
      қаланың орталық бөлігінде және орталық өзегінің шетінде қоғамдық аумақтарды қарқынды дамыту, оларда iскерлiк, әкiмшiлiк және сауда салаларында жұмыс орындарының негiзгi массасын шоғырландыруды;
      көлiк тораптары және орталық өзегі мен шеткi аудандардың тарихи және табиғи парктерінің адамдар көп баратын аумақтары қалыптастыратын қаланың урбанизацияланған және тарихи негіздерінің байланысты аймақтарында рекреациялық, спорттық, демалу, және мәдени орталықтарды ұдайы дамытуды көздейді.
      Қаланың тұрғын үй алаптарында, шеткi аудандарында осы аудандардың тұрғындары үшін қолайлы, оның ішінде толыққанды әлеуметтік инфрақұрылым кешендерінің: сауда, бұқаралық сұранысы бар демалыс және бұқаралық кәсіптердің жұмыс орындарына қашықтықтан жаяу қол жеткізу мақсатында қызмет көрсетудің жергілікті көпфункционалдық орталықтар желісін дамыту көзделіп отыр.

3.7. Астана қаласының аумағын функционалдық және қала құрылысы аймақтарына бөлу

      Бас жоспарда қала аумағында төмендегідей функционалдық аумақтар бөлінген:
      тұрғын жоспарлау аудандарынан, қоғамдық орталық және жалпы пайдаланылатын жасыл екпелер аймақтарынан тұратын селитебті аймақ.
      Қаланың селитебті аймағы мыналарды қамтиды:
      шағын аудандар және тұрғын үй құрылысы орамдары;
      әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету объектілері, әкімшілік және азаматтық мақсаттағы өзге де ғимараттар орналасқан аумақтар;
      жасыл екпелер аумақтары;
      коммуналдық кәсіпорындар, инженерлік-көлік инфрақұрылым объектілері мен құрылыстары, тамақ өнеркәсібінің ұсақ кәсіпорындары орналасқан аумақтардың жергілікті дәл учаскелері және т.б.
      Өнеркәсіптік аймақ өнеркәсіптік аймақтарды және кәріздік тазарту құрылыстары мен ағынды сулар тұндырғышы бар коммуналдық аймақты қамтиды. Сонымен қатар, өнеркәсіптік аймақты жылу-электр энергиясын шығаратын, газ, су жеткізуші объектілер, темір жолдың жылжымалы құрамын жөндеу, радиаторларды, орталық жылу қазандықтарын, генераторларды, трансформаторларды, электр тарату және реттеу аппаратураларын, медициналық аппаратураны жөндеу, құрылыс материалдарын шығару, тамақ өнеркәсібі объектілері сияқты қаланың негізгі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары қалыптастырады.
      Санитарлық-қорғау аймақтары – өнеркәсіптік және селитебті аймақ арасындағы көгалдандырылған қорғау аумақтары.
      Бас жоспарда өндірістік объектілер және жоспарлау аудандарының тұрғын құрылыс аумақтары арасында санитарлық-қорғау аймақтарын ұйымдастыру көзделген, бұл ретте санитарлық-қорғау аймағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың зияндылық санаты нақты анықтала отырып қалыптастырылады.
      Рекреациялық аймақ қалалық ормандарды, орманды парктерді, орман қорғау аймақтарын, су айдындарын, ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлерді және селитебті аумақта орналастырылатын парктермен, бақтармен, гүлзарлармен және желекжолдармен бірге ашық кеңістік жүйесін қалыптастыратын өзге де алқаптарды қамтиды. Астана қаласының аумағын ландшафтты-рекреациялық ұйымдастыру елорда тұрғындары үшін жағымды табиғи және экологиялық жағдайларды қамтамасыз ететін қалалық ортаның барлық көгалдандырылған бөліктерін теңдестірілген түрде дамыту болып табылады.
      Арнайы мақсаттағы аймақ зираттарды, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі кәсіпорындарды, тазарту құрылыстарын және қаланың коммуналдық шаруашылығының өзге де ұқсас объектілерін орналастыруға арналған.
      Резервтік аумақтар – Астана қаласын перспективада дамыту аумақтары муниципалдық жерлер болып табылады және қаланың селитебті аймағын дамыту үшін пайдаланылады.
      Режимді аумақтардың аймақтары – әскери ведомстволардың арнайы аумақтары, әскери бөлімдер. Мұнда казармалар мен түзету мекемелерінің корпустарын қоса алғанда, тұрғын құрылысы да және коммуналдық, өнеркәсіптік және өзге де объектілер де орналастырылады.       Астана қаласының аумағын қала құрылысы аумақтарына бөлу аумақтардың функционалдық пайдаланылуына (функционалдық аймақтарға бөлу), құрылысқа (құрылыс аймақтарына бөлу), ландшафтты ұйымдастыруға (ландшафтты аймақтарға бөлу) және экологиялық қауіпсіздікке (экологиялық аймақтарға бөлу), қала аумағының 6 жоспарлау ауданына және/немесе 72 жоспарлау секторына және/немесе 789 жоспарлау орамына қойылатын міндетті талаптар белгілеуді білдіреді.
      Астана қаласын дамытудың бас жоспарында аумақты қала құрылысы аймақтарына бөлу «Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық елді мекендерді жоспарлау және салу» 3.01.01-2008-ге Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен ережелеріне және «Астана қаласын жоспарлау және салу» ҚР 3.01-01Ас-2007 Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес белгіленеді. Бас жоспар жоспарлау орамдарының аумақтары деңгейінде функционалдық пайдалануға (функционалдық мақсаты) қойылатын талаптарды белгілейді. Магистралдық көшелердің қызыл сызықтары ескерілген қаланың аумақтық бірліктерінің шекараларымен, табиғи кешен аумақтарының шекараларымен, өзге де шекаралармен шектелген Астана қаласы аумағының бір бөлігі жоспарлау орамы болып табылады. Астана қаласы шекаралары шегінде орташа ауданы 95 гектарды құрайтын шамамен 789 жоспарлау орамы бар.
      Жоспарлау секторының функционалдық мақсаты оның шекараларында тұрғын, қоғамдық, өндірістік, табиғи объектілер учаскелері аудандарының рұқсат етілген ара-қатынасын белгілейді.
      Жоспарлау орамдары аумақтарының белгіленген функционалдық мақсаты Астана қаласының қала құрылысын дамытудың мақсаттарына, талаптарына және негiзгi бағыттарына сәйкес қала құрылысы қызметiн жүзеге асыру барысында қала аумақтарын пайдалануды қамтамасыз етудiң заңды құралы болып табылады.
      Жоспарлау орамдары аумақтарының белгіленген функционалдық мақсаты жергiлiктi органдар үшiн қала құрылысы және жер учаскелерiн пайдалану саласында шешiмдер қабылдау кезінде мiндеттi болып табылады.
      Бас жоспар шеңберінде жоспарлау орамдары аумақтарының функционалдық мақсаты Астана қаласының аумағын функционалдық аймақтарға бөлудің бас схемасында белгіленеді.
      «Бас жоспар (негізгі сызба)» БЖ-5 сызбасында басым түрде иеліктен шығару және резервті аумақтар да келтірілген. ГП-6 сызбасында қала аумақтарын қала құрылысы аймақтарына бөлу сызбасы келтірілген.

4. Көліктік инфрақұрылымды дамыту

      Астана қаласының көліктік инфрақұрылымын 2030 жылға дейін дамыту тиісті сервистік қызметтер кешені бар, экономиканың барлық субъектілеріне және тұрғындарға қол жетімді және ең аз шығындармен жүктер мен жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз ететін тиімді көше-жол желісін құрудың құрамдас бөлігі болып табылады.
      Қаланың көліктік инфрақұрылымын дамытудың негізгі мақсаты оны үздіксіз және орнықты дамыту болып табылады.
      Осы бағыттағы қаланың бірінші кезектегі міндеті:
      қала көшелерінде нақты көлік жағдайын қадағалау үшін көлікті басқару орталығын құру;
      қаланың көліктік моделі негізінде көліктік инфрақұрылымды жетілдіру;
      жобалау және көлік проблемаларын оңтайлы шешу мақсатында қаланың көліктік моделінің жұмысын ұйымдастыру болып табылады.
      Қала және қала маңы аумағының қолайлы нормативтік қолжетімділігін қамтамасыз ету, көліктің экологиялық қауіпсіздігіне қол жеткізу қажеттілігіне сүйене отырып бас жоспарда мыналар көзделген:
      қала халқының қарқынды автомобильденуімен байланысты барлық мәселелерді кешенді шешу, атап айтқанда: көше-жол желілерін қарқынды дамыту, көпірлер мен жолайрықтар, ашық және жабық тұрақтар салу, жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру;
      қоғамдық көліктің бұқаралық түрлерінің тасымалдау үдерісінде басымдықты сақтай отырып, жеке және қоғамдық жолаушылар көлігінің өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ету;
      жүрдек жеңіл-рельсті көлікті енгізу;
      қалалық және қала маңындағы көлік жүйесін жетілдіру және кіріктіру;
      сыртқы көлік жүйесін дамыту деңгейін сапалы арттыру.
      Астана қаласының қалалық қоғамдық көліктің негізгі түрлері:
      қарапайым автобустар және такси;
      жүрдек жеңіл рельсті көлік.
      Темір жол вокзалынан бастап әуежайға дейін жеңіл рельсті көліктің бірінші желісінің ұзындығы 23,9 км және 14 станцияны құрайды. Жолаушылардың жол уақытын нормативтік қамтамасыз ету үшін қозғалыс аралығы 6,5 минут болуы тиіс, бұл ретте 23 құрам қажет.
      Екінші айналма желісінің ұзындығы 28,4 км және 16 станцияны құрайды. Құрам аралығы 3,2 минут, барлығы 29 құрам қажет. Қарбалас сәтте жолаушылар айналымы сағатына 5 628 жолаушыны құрайды.
      Жеңіл рельсті көліктің үшінші желісінің ұзындығы 5,5 км және
4 станцияны құрайды. Жеңіл рельсті көліктің бұл тармағы қаланың батыс бөлігін орталық әкімшілік аймақпен жалғастырады.
      Жеңіл рельсті көліктің төртінші желісінің ұзындығы 10,6 км және 8 станцияны құрайды.Бұл бағыт жеңіл рельсті көліктің орталық айналма желісімен қаланың шығыс бөлігін қамтиды.
      Жеңіл рельсті көліктің жалпы ұзындығы 68,4 км құрайды және
бұл ретте 42 станциядан тұрады.
      «Астана қаласының жол полициясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің деректеріне сәйкес 2010 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалада 206 302 автокөлік құралы тіркелген, оның 192 541 бірлігі жеңіл көлік немесе үш тұрғынға бір автокөлік құралынан және төрт тұрғынға бір жеңіл автомашинадан келеді.
      Автомобильдірудің жедел өсуімен байланысты проблемалар кешенін шешу үшін бас жоспарда:
      1. мыналар:
      қала көлігін реттеу;
      қоғамдық көліктің де және жол қозғалысының басқа қатысушыларының да кедергісіз қозғалуы;
      қоғамдық көліктің жылдамдығын және қауіпсіздігін арттыру;
      көлік инфрақұрылымын бір алаңда жоспарлау және шоғырландыру, оның ішінде автовокзалдарды, жүрдек ЖРК станцияларын, автомобильдерді сақтауға арналған паркингтерді, автобустарға және таксилерге арналған уақытша паркинтік автотұрақтарды және басқа да сервис түрлері үшін «үш параллельді көше» жүйесін құру көзделген.
      2. Жаңа және қайта жаңартылатын аудандарда магистральдық сондай-ақ жергілікті көшелерді салу және қайта жаңарту есебінен көше-жол желісінің ұзындығын және тығыздығын ұлғайту.
      3. Көпірлер, жолайрықтар, эстакадалар, жол тармақтарын, көшеден тыс жаяу жүргіншілер өткелдерін салу.
      4. Магистральдық көшелерде үздіксіз қозғалысты ұйымдастыру.
      5. Көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысын басқарудың, бақылаудың және реттеудің тиімді автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру.
      6. Велосипедтерді жалға беру пункттері мен олардың тұрағы болатын велосипед қозғалысын қоса алғанда, жаяу жүргіншілер қозғалысы жүйесін құру.
      7. Автомобильдерді сақтау үшін жаңа қоса салынған, жапсарлас салынған, жеке тұрған, жер асты және көпдеңгейлі паркингтерді салу.
      8. Жүрдек жеңіл рельсті көлікті іске қосу үшін жолдар мен инфрақұрылымдар салу.

5. Инженерлiк инфрақұрылымды дамыту

5.1. Сумен жабдықтау

      Бас жоспарда қаланы сумен жабдықтау жүйесiн дамытудың мынадай бағыттары көзделіп отыр:
      қолданыстағы сумен жабдықтау жүйесін оның өнімділігін шаруашылық-ауыз су, өртке қарсы және өндiрiстiк мұқтаждарға тәулiгiне 689 мың м 3 дейiн ұлғайту арқылы сақтау және дамыту;
      сумен жабдықтау, сорғы-сүзгі станцияларын және су құбыры желілерін қайта жаңарту мен жаңадан салу жүйесінің сенімділік деңгейін арттыру;
      қаланы сумен жабдықтау үшін қолданыстағы жерүсті көздерін сақтау және сумен қамтамасыз ету;
      сумен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету үшін қала үшін екінші су көзі ретінде сапалы жерасты ауыз суларын іздеу.

5.2. Су бұру 

      Бас жоспарда кәрiз жүйесiн дамыту бөлiгiнде:
      «Астана қаласында «Талдыкөл» ағынды су жинағышын қайта құнарландыра отырып жою» жобасын іске асыру;
      қолданыстағы тазалау құрылыстарын кеңейту, толық тазалау құрылыстарын салу және қайта тазаланған сарқынды суды Есіл өзеніне ағызу үшін коллекторлар салу есебінен кәрiз жүйесiнiң сенiмдi жұмыс iстеуiн оның жалпы қуатын тәулiгiне 417 м3 дейiн жеткiзу арқылы арттыру;
      жаңа магистральдық коллекторлар және кәрізді сорғы станцияларын салу, қолданыстағы желілер мен сорғы станцияларын қайта жаңарту;
      толық тазаланған сарқынды суларды техникалық мұқтаждарға пайдалану көзделіп отыр.

5.3. Жылумен жабдықтау

      Бас жоспарда Астана қаласын жылумен қамту жүйесiн дамытудың негiзгi бағыттары:
      2030 жылға қарай қала тұрғындарының саны 1220 мың адамға ұлғайған кезде қаланы жылу энергиясымен жүктелімінің артуын қамтамасыз ету;
      қазiргi заманғы технологиялар және жабдықтар базасында жылумен жабдықтаудың қалыптасқан жүйелерiн жетілдiру, техникалық қайта жарақтандыру және дамыту;
      орталықсыздандырылған жылумен жабдықтау аймағында жекелеген тұтынушыларды жылумен жабдықтау мұқтажы үшiн жылу мен электр энергиясының қазiргi заманғы, жоғары сапалы және дәстүрлi емес көздерiн енгiзу болып табылады.
      Жылумен жабдықтау жүйесiнде 2020 жылға дейін кезеңге:
      екі турбоагрегатпен, екі қазандық агрегатымен және бір су ысыту қазандығымен жабдықтап, 2-жылу электр орталығын кеңейту және қайта жаңарту. Қолданыстағы жылу қуаты сағатына 2 040 Гкал-ды құрайды. Отын ретінде Екібастұз кен орнының тасты көмірі пайдаланылады;
      төрт су ысыту қазандығы (1-кезек), үш турбоагрегатпен және үш қазандық агрегаты бар (2-кезек) 3- жылу электр орталығын салу. Қолданыстағы жылу қуаты сағатына 1 030 Гкал-ды құрайды. Отын ретінде Екібастұз кен орнының тасты көмірі пайдаланылады;
      моралдық тұрғыдан ескірген екі қазандық агрегатын жаңасына ауыстырып, 3-ЖЭО салынуына және пайдалануға берілуіне қарай ПТВП-100 су ысыту қазандықтарының одан әрі жұмыс істеуін тоқтату арқылы 1-ЖЭО қайта жаңарту. Қолданыстағы жылу қуаты сағатына 280 Гкал-ды құрайды. Отын ретінде Екібастұз кен орнының тасты көмірі пайдаланылады;
      2-ЖЭО (ЖТ-4) мен 3-ЖЭО-дан (ЖТ-5, ЖТ-6) жаңа ЖЭО салу, қазіргі заманғы технологияларды пайдаланып, арнасыз төсемді пайдалану арқылы қаланың қазіргі бөлігінде жаңа жылу магистральдарын салу қайта жаңарту;
      орталықтан жылумен жабдықтау аймағында орналасқан коммуналдық және жекелеген объектілердің дербес жылыту жүйелерін пайдаланудан шығару. Орталықсыздандырылған көздерден жылумен қамтылған объектілерді орталықтан жылумен қамтуға ауыстыру.
      Орталықсыздандырылған жылумен жабдықтау аймағында қазіргі заманғы, сапасы жоғары аудандық қазандықтар мен дербес жылыну жүйелерін салу, сондай-ақ жекелеген тұтынушылар үшін жылу мен электр энергиясының дәстүрлі емес көздерін енгізу көзделген.
      1-ЖЭО және 2-ЖЭО кеңейту, қайта жаңарту, 3-ЖЭО салу жөніндегі іс-шаралар осы жылу көздерінің жиынтық жылу қуатын сағатына 3 350 Гкал дейін жеткізуге және 2021 жылға дейін қаланың жылуға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
      Құрылыс қарқынын одан әрі ұлғайту және халық санының өсуі жылу жүктелімдерінің ұлғаюына әкеледі, ол қолданыстағы жылу көздерін қамтамасыз ете алмайды.
      Жылумен жабдықтау жүйесiнде 2030 жылға дейінгі кезеңге жылу және электр энергиясын алу үшін қолданыстағы көздерді кеңейту және дәстүрлі, дәстүрлі емес технологияларды пайдаланып, жаңа жылу көздерін салу көзделген. 

5.4. Электр энергиясымен жабдықтау

      Қаланы электр энергиясымен жабдықтау жүйесiн дамытудың негiзгi бағыттары:
      қаланың айналасында шеңбер жасау үшін «Батыс», «Достық», «Шығыс» - 220/110 кВ тіректі кіші станциялар арасында 220 кВ әуе желілерін салу;
      перспективаны ескерiп, қазіргі құрылыс аймағындағы электр желілері мен құрылыстарды қайта жаңарту мен техникалық жарақтандыру;
      әуе арқылы электр беру желілерін кабельді электр беру желілеріне және ашық үлгідегі ҚС 110/10 кВ қосалқы станцияларын жабық үлгідегі ҚС 110/10 кВ қосалқы станцияларына кезең-кезеңімен ауыстыру;
      жаңа құрылысты электр энергиясымен жабдықтау үшiн жабық үлгiдегi жаңа ҚС 110/10 кВ салу;
      индустриялық пакті электр энергиясымен жабдықтау үшiн жабық үлгiдегi жаңа ҚС 220/110 кВ салу болып табылады.
      Жобада іргелес аудандарға қуат беру үшін 500 кВ және 220 кВ сыртқы желілерді күшейту және «Шығыс» ҚС қосалқы станциясының маңында ҚС 500/220 кВ «Астана» жаңа қосалқы станциясын салу көзделген.

5.5. Газбен жабдықтау

      Бас жоспарда тұтынушылардың барлық санаттарын есептi мерзiмге сұйытылған көмірсутекті газбен қамтамасыз ету мәселелерi шешiлген. Газбен жабдықтау жүйесінің объектілері мен құрылыстарын орналастыру жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарын сақтай отырып, газды болжамды тұтынуды қамтамасыз ету үшін қалада екі газ толтыру станциясы бар.
      Осы уақытқа дейін Астана қаласына табиғи газ жеткізу мәселесі шешілген жоқ.
      Бас жоспарда табиғи газды қабылдау және тарату үшін негізгі құрылыстарды орналастыруға арналған резервті аумақтар көзделген.

6. Бас жоспарды іске асыру және оның мониторингi

      Астана қаласын дамытудың бас жоспарын iске асыруды және оның мониторингiн Астана қаласының жергілікті атқарушы органы қамтамасыз етедi.
      Бас жоспарды түзету әр 5 жылда жүргiзiлуі мүмкін және келесi есептiк кезеңге арналған бiрiншi кезектi қала құрылысының іс-шаралары бағдарламаларын қабылдаудан, қажеттiлiгiне қарай – Астана қаласының қала құрылысын дамытудың негiзгi бағыттары мен Астана қаласының аумағын қала құрылысы аймақтарына бөлудiң бас схемаларын түзетуден тұрады. 

7. Жобаның техникалық-экономикалық көрсеткіштері
 

Көрсеткiш Өлшем
бiрлiгi
2011 жыл 2015     жыл 2020 жыл 2030 жыл

1. Аумағы






1.1 Елдi мекен жерiнiң аумағы (қала межесiнiң шегiнде)

га

71014

71014

71014

71014

2. Халық






2.1 Бағынысты елді мекендер ескерілген халық саны

мың адам

770

855

991

1220

2.2 Селитебті аумақ шегіндегі халықтың тығыздығы

адам/га

85

42

43

44

2.3 Жұмыспен қамтылған халық саны

мың адам

370,1

441,4

517,8

647,3

3. Тұрғын үй құрылысы






3.1 Тұрғын үй қоры

жалпы алаңы мың мІ

15302,8

17850

23750

37200

4. Әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы мекемелер






4.1  Мектепке дейінгі балалар мекемелер, барлығы/1000 адамға

орын

20600/27

33350/39

53550/54

67500/55

4.2 Жалпы білім беретін мекемелер, барлығы/1000 адамға

оқушылар

81040/105

101300/118

128800/130

162800/133

4.3 Емханалар, барлығы/1000 адамға

бір ауысымда келушілер

10810/14

9530/11,1

13880/14,0

26000/21,3

4.4 Ауруханалар, барлығы/1000 адамға

кереует

8223/10,7

4990/5,8

7090/7,2

14640/12,0

4.5 Өрт депосы

депо/автомобиль-дер саны

11/61

23/176

27/200

35/266

5. Көлік және жолдар






5.2 Магистралдық көшелер мен жолдардың жалпы ұзындығы

км

852,2

1064,1

1489,1

2313,8

5.2.1 Айналма жолды қоса алғанда, қалалық маңызы бар бас көшелер

км

245,4

255,6

321,8

403,2

5.3 Автокөлiк саны, автокөлiктi иелену

к.қ./ 1000 адамға

305

303

414

600

автомобильдер саны    

к.қ

235 000

257500

410270

732000

6. Инженерлік жабдықтар 






6.1  Сумен жабдықтау






6.1.1 Жиынтықты тұтыну (ысырап пен ағып кетудi қоса алғанда)

тәулігіне мың м3 

534,98

553,7

647,9

688,8

Ауыз су

тәулігіне мың м3

416,71

443,5

513,0

553,9

Техникалық су

тәулігіне мың м3

118,27

110,23

134,93

134,93

6.1.2 1 адамға шаққанда тәулiгiне орташа су тұтыну

тәулігіне л

450

410

410

360

6.2  Кәріз






6.2.1 Ағынды судың жалпы келiп түсуi

тәулігіне мың м3 

336,52

345,72

390,58

416,89

6.3 Электрмен жабдықтау






6.3.1 Электр энергиясына жылдық сұраныс болжамы

сағатына/жылына млн.кВт

2716,3

4102,2

5300,8

7051,4

6.3.2 Жылына 1 адамға шаққанда, оның iшiнде коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждарға арналған орташа электр тұтыну

сағатына кВт.

2337

4824

5251

5875

6.4 Жылумен жабдықтау






6.4.1 Ең жоғары жылу жүктемесі

сағатына Гкал

1810

2460

3355

4500

6.5 Газбен жабдықтау






6.5.1 Табиғи газды тұтыну, барлығы

жылына м3

-

-

-

-

7. Қоршаған ортаға әсердi бағалау 






7.1 Атмосфера ластануының ең жоғары индексi (АЛИ) және соған сәйкес ластану деңгейi  

Жылына АЛИ 5 /мың тонна

4,67 / 56,5

5,43 / 77,5

6,23 / 83,7

6,99 / 90,0