"Кәсіпқор" холдингі" коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру және Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 шілдедегі № 777 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Кәсіпқор" холдингі" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) құрылсын.

      2. Қоғам қызметінің негізгі бағыттары:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жаңа инфрақұрылымын құру және қызметін қамтамасыз ету;

      2) кадрлар даярлау сапасын жақсарту үшін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне корпоративтік басқару тетіктерін енгізу;

      3) техникалық және кәсіптік білім беру саласына инновациялық технологияларды енгізу деп белгіленсін.

      3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне құрылатын акционерлік қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыру үшін 2011 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінен 75600000 (жетпіс бес миллион алты жүз мың) теңге бөлінсін.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Қоғам жарғысын бекітсін және оның Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне Қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын берсін;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Тұрмаханұлы Орынбаевтың, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың Қоғамның Директорлар кеңесінің құрамына сайлануын қамтамасыз етсін.

      6. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар бекітілсін.

      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 7 шілдедегі
№ 777 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-129-жолмен толықтырылсын:

      "21-129. "Кәсіпқор" холдингі" КЕАҚ".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулыға қосымшада:

      "Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 222-33-7-жолмен толықтырылсын:

      "222-33-7. "Кәсіпқор" холдингі" КЕАҚ".

      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 19.08.2022 № 581 қаулысымен.

      4. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 683 қаулысымен.

      5. "Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 сәуірдегі № 376 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесінде:

      "Ұлттық компаниялар" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 36-жолмен толықтырылсын:

      "36. "Кәсіпқор" холдингі" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".