Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтарды және Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 маусымдағы № 744 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 671 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 671 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 155 бұйрығы қараңыз.

      «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы Заңының 7-бабының 26-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтарды және Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аудандарды белгілеу қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2011 жылғы 30 маусымдағы
№ 744 қаулысымен   
бекітілген       

Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың
арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған
аймақтар мен Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери
құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы
тыйым салынған аудандарды белгілеу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы Заңының 7-бабының 26-1) тармақшасына сәйкес әзірленді, ол оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтау қауіпсіздігін, халықты және өндірістік, әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де мақсаттағы объектілерді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аудандарды белгілеу тәртібін айқындайды.
      2. Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқ-дәрілер арсеналдары, базалары мен қоймалары (бұдан әрі - сақтау объектілері) - әскери мақсаттағы объектілер, оларда артиллериялық, танк қару-жарағына 57 мм және одан жоғары калибрлі оқ-дәрілердің түрлері мен номенклатураларының 50-ден астам шартты вагоны, инженерлік оқ-дәрілер, сондай-ақ авиациялық зақымдау құралдары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс зымырандары ұсталады;
      2) шартты вагон - 20 тоннаға тең оқ-дәрілер көлемін білдіретін оқ-дәрілерді жеткізуді есепке алу және сақтау бірлігі;
      3) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқ-дәрілер арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақ (бұдан әрі - тыйым салынған аймақ) - сақтау объектілерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бөлінген сақтау объектілеріне тікелей шектесетін аумақ;
      4) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқ-дәрілер арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аудан (бұдан әрі - тыйым салынған аудан) - сақтау объектілерінің диверсияға қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бөлінген аумақ;
      5) қорғаныс қалқаны - сақтау объектісі аумағының сыртына орнатылатын қоршау топырақ үйіндісі, жасанды үйінді, қорғаныс құрылысы және олар тұтанған жағдайда жарылғыш заттардың зақымдау қабілетін төмендетуге, сондай-ақ объект шегінен тысқары тұрған әскери және басқа да мүлікті сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.

2. Тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандарды
белгілеу тәртібі

      3. Тыйым салынған аймақтың ені сақтау объектісінің сыртқы қоршауынан 400 метрді құрайды. Жабдықталған қорғаныс қалқаны бар болған кезде ені 2 есе азайтылады.
      4. Тыйым салынған аудан сақтау объектісінің сыртқы қоршауынан 3 шақ. арақашықтықта белгіленеді.
      5. Иелігінде сақтау объектісі тұрған мемлекеттік мекеменің басшысы (бұдан әрі - мекеме басшысы) иелігінде сақтау объектісі тұрған Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басқару органдарымен (бұдан әрі - басқару органдары) келісім бойынша екі данада тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандардың шекараларын белгілейтін жоспар-схеманың жобасын жасайды.
      6. Келісілген жоспар-схеманың жобасы жергілікті атқарушы органға (бұдан әрі - әкімдік) жолданады.
      7. Әкімдік алған күнінен бастап бір ай мерзімде жоспар-схеманы бекітеді және бір данасын мекеме басшысына және көшірмесін тиісті басқару органдарына жолдайды, сондай-ақ азаматтарды тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар шекараларын белгілеу және оған байланысты шектеулер туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етеді.
      8. Жоспар-схеманы бекіткеннен кейін мекеме басшысы жергілікті жерде тыйым салынған аймақтардың шекараларын жақсы көрінетін көрсеткіштермен және мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған жазбалармен белгілейді.
      9. Жергілікті жерде тыйым салынған ауданның шекарасы белгіленбейді.
      10. Тыйым салынған аймақ аумағында жеке тұлғалардың болуына, құрылысқа және диверсияға және өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардан басқа қандай да бір жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді.
      11. Тыйым салынған аудан аумағында атыс қаруының барлық түрлерінен оқ атуға, пиротехникалық құралдарды пайдалануға, сондай-ақ атыс тирлерін, стенділер мен атыс алаңдарын орнатуға жол берілмейді.
      12. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде халықты, өндірістік, әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де мақсаттағы объектілерді қорғауды және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында иелігінде сақтау объектілері тұрған басқару органдары тыйым салынған аймақтардағы және тыйым салынған аудандардағы сақтау объектілеріне Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тиісті бөлімшелерін хабардар ету және төтенше жағдайлардың салдарларын жою, халықты және мүлікті эвакуациялау жөніндегі бірлескен іс-қимылдар жоспарларын әзірлейді.
      Жоспар облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі департаментімен міндетті түрде келісуге жатады және оны иелігінде сақтау объектісі тұрған басқару органының басшысы бекітеді. Жоспарды іс жүзінде пысықтау, әдетте, көктем-жаз маусымы басталар алдында жылына бір реттен жиі емес жүргізіледі.
      13. Төтенше жағдай туындаған жағдайда мекеме басшысы әкімдікті және облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі департаментін хабардар етеді.
      14. Тыйым салынған аймақтың және тыйым салынған ауданның шекараларын белгілеу туралы мәселелерді қарау кезінде туындайтын даулар, сондай-ақ тыйым салынған аймақта немесе тыйым салынған ауданда тұрған құрылыстарды (ғимараттарды) бұзу (көшіру) және азаматтардың қоныс аударуы туралы мәселелер қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешіледі. Сақтау объектілерінің тыйым салынған аймағының немесе сақтау объектілерінің тыйым салынған ауданының құрамына қосуға белгіленген аумақта өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер немесе олардың пайдалануындағы ғимараттар, құрылыстар, сондай-ақ жер учаскелері орналасқан жағдайларда көрсетілген аймақтар мен аудандар шекараларын белгілеу туралы мәселені қарауға әкімдіктердің өкілдері, сондай-ақ осы проблеманы шешуге мүдделі министрліктер, ведомстволар, заңды және жеке тұлғалар тартылады.